"Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 08 маусымдағы № 27 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 02 шілдеде № 5041 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ғ.М. Әміреевке жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "8" маусымдағы № 27
қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) индустриялық-инновациялық қызметті дамытуда мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Қызылорда облысы әкімдігі уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индексі 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: облыстың жалпы өңірлік өніміндегi шикізат құрайтын бөлігін импорт алмастыратын және экспортқа бағытталған түпкілікті өнiмге бiртiндеп ауыстыру негізінде экономика салаларын әртараптандыру жолымен өңірдің экономикалық өсуіне жету.
      15. Негізгі міндеттері:
      1) мемлекеттік саясатты іске асыру және өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына үйлестіруді жүзеге асыру;
      2) өнеркәсіп салалары және қазақстандық мазмұнды дамытуды үйлестіру және дамуы бойынша мониторинг жүргізу;
      3) жер қойнауын пайдалану саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;
      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өзге де міндеттерді атқарады.
      16. Функциялары:
      1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты тиісті аумақта қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
      2) өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қатысуымен өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау карталарын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулы жобасын әзірлейді;
      3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтеріне, индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік, консультациялық, практикалық және өзге де көмек көрсетуге құқылы;
      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ұйымдардың сатып алуындағы жергілікті қамту жөнінде ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асырады және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға береді;
      6) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат береді;
      7) негізгі қызметі инновацияларды дамытуға бағытталған заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысуға құқылы;
      8) келісімшарт жасасу кезінде өңір халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталумен байланысты мәселелерді шешу үшін жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздерге қатысады;
      9) тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту мен аумақтарды әлеуметтік дамыту, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі бөлігінде жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыруға қатысады;
      10) құрамында кең таралған пайдалы қазбалар бар, тендерге немесе аукционға шығаруға жататын жер қойнауы учаскелерінің тізбесін бекітеді;
      11) облыстың аумағында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесін қалыптастыруды жүзеге асырады, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін қалыптастыру мен жүргізу мақсатында құзыретті органға тоқсан сайын ұсынылады;
      12) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүргізуге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін конкурстарды дайындайды және ұйымдастырады;
      13) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссиялардың құрамын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулы жобасын әзірлейді;
      14) жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарттардың талаптары туралы келіссөздер жүргізеді және жер қойнауын пайдаланушымен бірлесе отырып, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге және барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жобалау құжаттарын дайындайды;
      15) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге және барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттарды жасасады, тіркейді және сақтайды;
      16) жер қойнауын пайдалану құқығын табыс етуге арналған рұқсаттарды береді, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге салу жөніндегі мәмілелерді тіркейді;
      17) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығына рұқсат береді;
      18) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге және барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттардың орындалуын және қолданысының тоқтатылуын қамтамасыз етеді;
      19) кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге және барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттардың қолданысын қайта бастау туралы шешімдер қабылдайды;
      20) кең таралған пайдалы қазбаларды барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану бойынша келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады;
      21) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;
      22) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      23) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      24) пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салуға, сондай-ақ, олар жатқан орындарда жерасты құрылыстарын орналастыруға рұқсат береді;
      25) облыстың халықаралық ынтымақтастығын ұйымдастыру;
      26) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 430 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
      мемлекеттi органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы;
      2) Басқарма:
      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;
      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін іске асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелерi өз құзыретiне жататын Басқарманың қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерiне заңнамада белгіленген тәртiппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) өз өкілеттігін ұйымдастыру және оның ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды;
      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      12) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      13) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      14) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      15) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты: жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00 - ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облысы әкімдігі арасындағы, Басқарма әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкi

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
      Басқарманың мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады