"Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадрлық резервіне қосу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы № 11-1-2/53 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 11-1-2/397 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 қыркүйекте № 15732 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының 9-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы № 11-1-2/53 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13475 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 6 сәуірде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Кадрлар басқармасы:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет - ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы А.Б. Қарашевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі
Қ. Әбдірахманов

  Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрінің
2017 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 11-1-2/397 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрінің
2016 жылғы 16 ақпандағы
№ 11-1-2/53 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві (бұдан әрі – кадр резерві) – бұрын дипломатиялық қызмет персоналының лауазымдарында болған, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің органдарындағы (бұдан әрі – дипломатиялық қызмет органдары) бос лауазымдарға немесе уақытша бос лауазымдарға үміткер адамдардың жүйеленген тізімі;

      2) кадр резерв жөніндегі комиссия – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі – Министр) шешімімен құрылған, дипломатиялық қызмет персоналын кадр резервіне қосу мәселелерін қарайтын комиссия;

      2) өтініш беруші – осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша кадр резервке қосу туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш) берген адам;

      3) резервші – кадр резервіне қосылған адам.

2-тарау. Кадр резервіне қосу тәртібі

      3. Кадр резервіне дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмысы тоқтатылған дипломатиялық қызмет персоналы келесі талаптарға сәйкес болған кезде кіреді:

      1) дипломатиялық қызмет органдарында жұмыс өтілі 3 жылдан кем емес, оның ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс өтілі 1 жылдан кем емес болуы;

      2) Министрліктің мемлекеттік әкімшілік қызметінде соңғы жылдағы қызметінің бағасы "тиімді" немесе "өте жақсы" болуы.

      4. Кадр резервіне, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының не басқа елдердің жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерінде кәсіби дайындықты, өзекті халықаралық проблемалардың ғылыми әзірлемесін аяқтаған дипломатиялық қызмет персоналы кіреді.

      5. Кадр резервке "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік қызметке қабылданбайтын, сондай-ақ Заңның 15-2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне іссапарға жіберілген тұлғалар қосылмайды.

      6. Осы Қағидалардың 3 және 4-тармағында көрсетілген дипломатиялық қызмет персоналын кадр резервіне қосу үшін олар дипломатиялық қызмет органдарындағы лауазымынан босату туралы бұйрық қабылданғаннан соң немесе Қазақстан Республикасының не басқа елдердің жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерінде кәсіби даярлықтан өту, өзекті халықаралық проблемаларды ғылыми әзірлеуді аяқтағаннан кейін бір ай ішінде Министрліктің Персоналды басқару қызметіне (бұдан әрі – Персоналды басқару қызметі) өтініш береді.

      Өтініштің қабылдану уақыты Персоналды басқару қызметінің кадр резервіне ену туралы өтініштерді тіркеу журналында тіркеледі (еркін нысанда).

      7. Персоналды басқару қызметі кадр резерві жөніндегі Комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) қарауына келесі құжаттарды тапсырады:

      1) осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген өтініш берушілерге қатысты:

      өтініш;

      Министрліктегі мемлекеттік әкімшілік қызметінде соңғы жыл ішіндегі қызметін бағалау нәтижелері;

      қызметтік тізімдер.

      2) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген өтініш берушілерге қатысты:

      өтініш;

      Қазақстан Республикасының не басқа елдердің жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерінде кәсіби дайындықты, өзекті халықаралық проблемалардың ғылыми әзірлемесін аяқтағанын растайтын тиісті құжат.

      8. Комиссия Министрдің шешімі негізінде құрылады, оның құрамына Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің С-1 санатынан төмен емес лауазымдық тұлғалар кіргізіледі.

      Комиссия құрамы бес адамнан кем емес тақ санды мүшелерден, соның ішінде Министрліктің Жауапты хатшысы тұлғасындағы төрағадан тұрады. Комиссия құрамына Персоналды басқару қызметі қызметкерлерінің құрамынан Комиссия мүшесі болып саналмайтын хатшы кіреді.

      9. Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының үштен екісі қатыса заңды болып саналады.

      10. Комиссия отырысы тоқсанына бір реттен кем емес өткізіледі. Өтініштерді қарау мерзімі екі айдан аспауы қажет.

      Өтініш болмаған жағдайда Комиссия отырысы өткізілмейді.

      11. Комиссия өз отырысында өтініш берушілерге қатысты құжаттардың осы Қағидаларда көзделген кадр резервін қосу талаптарына сәйкестігін тексереді.

      12. Түскен өтініштерді қарастыру нәтижесі бойынша Комиссия келесідей шешімнің бірін қабылдайды:

      1) кадр резервіне қосуды ұсыну;

      2) белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен кадр резервіне қосудан бас тартуды ұсыну.

      Оған Комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қоятын Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді (еркін нысанда).

      13. Комиссия хаттамасы, сондай-ақ осы Қағидалардың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген басқа да құжаттар, Комиссия отырысынан 1 жұмыс күнінен кешіктірілмей шешім қабылдау үшін Министрдің қарауына жіберіледі.

      14. Министр Комиссия ұсынған құжаттарды қарастырудың нәтижесі бойынша 3 жұмыс күні ішінде келесідей шешімдердің бірімен бұйрық қабылдайды:

      1) кадр резервіне қосу;

      2) кадр резервіне қосудан бас тарту.

      15. Осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген өтініш берушіге қатысты Министр Персоналды басқару қызметі ұсынған өтініштер және қызметтік тізім негізінде кадр резервке қосу туралы бұйрық қабылдайды.

      16. Өтініш берушілер Министрдің шешімі туралы оны қабылданған күннен кейін 2 жұмыс күні ішінде Министрліктің сайтында кадр резервіне енгізілген адамдардың тізімін жариялау арқылы хабарланады.

      Кадр резервіне енгізуден бас тартылған өтініш берушілерге, кадр резервіне қосудан бас тарту туралы дәйектелген жауаптары бар хабарландыру өтініш берушілердің өтініште көрсетілген электрондық мекенжайларына Министрдің бұйрығы қабылданған күннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жолданады.

3-тарау. Кадр резервіне болу мерзімі және кадр резервінен шығару тәртібі

      17. Резервшінің кадр резервіне тұру мерзімі Министрдің кадр резервіне қосу туралы бұйрығы қабылданған күнінен бастап 5 жылды құрайды.

      18. Резервшінің кадр резервінен шығару 1 жұмыс күні ішінде:

      1) резервшінің кадр резервінен шығару туралы еркін нысанда өтініш беруінен;

      2) осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген мерзімнің аяқталуынан;

      3) дипломатиялық қызмет органдарына лауазымға тағайындау туралы бұйрықтың қабылдануынан кейін жүзеге асырылады.

      Кадр резервінен шығаруды Персоналды басқару қызметінің қызметкері жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
кадр резервіне қосу
қағидаларына қосымша
  Нысан

      Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі
______________________
______________________
(аты, жөні мен тегі)

Өтініш

      Мені Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - ҚР СІМ) кадр

      резервіне қосуыңызды сұраймын.

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы

      № 11-1-2/53 бұйрығымен бекітілген ҚР СІМ-нің кадр резервіне қосу қағидаларының негізгі

      талаптарымен таныстым.

      Мекенжайы, байланыс телефоны және электрондық мекенжайы:

      __________________________________________________________________________

      Негіздеме (керегін белгілеу):

      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарындағы лауазымынан

      босату ("__"_______20__ жылғы №___ бұйрық);

      2. Қазақстан Республикасының не басқа елдердің жоғары оқу орындарында, ғылыми

      мекемелерінде кәсіби даярлықтан өту, өзекті халықаралық проблемаларды ғылыми әзірлеуді

      аяқтау (оқуды аяқтау мерзімі:_____________).

      "___" __________ 20___ж.                                    ____________

                                                             Қол қою

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады