Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының нышанының сипаттамасы мен пайдаланылу қағидаларын, Танымдық туы мен танымдық белгісінің сипаттамасы мен қолданылу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 184 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 ақпанда № 16452 болып тіркелді.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 18-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 10-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының нышанының сипаттамасы мен пайдаланылу қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туы мен танымдық белгісінің сипаттамасы мен қолданылу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 14 ақпандағы
№ 184 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының нышанының сипаттамасы мен пайдаланылу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының нышанының сипаттамасы мен пайдаланылу қағидалары (бұдан әрі – Сипаттама мен Қағидасы) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 18-бабының 4-тармағына іске асыруға әзірленді және Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының нышанының сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Нышанның сипаттамасы

      2. Мемлекеттік кірістер органдарының нышаны алтын реңдегі көп қырлы жұлдызды білдіреді.

      3. Көп қырлы жұлдыздың ішінде қою көк түсті жартылай шеңбер орналасқан, шеңбер ішінде алтын түсті жазу орналасқан: төменінде – "Мемлекеттік кірістер комитеті".

      4. Шеңбер ішінде мәңгілік биіктікті, ұшудың еркіндігін және жоғарыға бағытталған қозғалысты білдіретін, ұшқан құс түріндегі ұлттық өрнек орналасқан.

      5. "Шаңырақ" – логотиптің ортасы болып табылады, со арқылы халықтың бірлігін және ұлттық құндылықтарды білдіреді.

      Сонымен қатар, "Бәйтерек" халықтың даналығын, бекемділігін және жетістігін білдіретін нышандарының бірі ретінде айқындауға болады.

      6. Нышанның графикалық бейнесі осы Сипаттама мен Қағидаға қосымшасында берілген.

3-тарау. Нышанды пайдалану тәртібі

      7. Нышанды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары қолданады және баспа және өзге де ақпараттық және білім беру өнімдерінің, сондай-ақ құжаттардың және Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының иелігіндегі көлік құралдарының өзге түрлерінде пайдаланылады.

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік кірістер органдары
нышанының сипаттамасы мен
пайдалану қағидаларына қосымша

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдары нышанының
графикалық бейнесі



  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 14 ақпандағы
№ 184 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туы мен
танымдық белгісінің сипаттамасы мен қолданылыну қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туы мен танымдық белгісінің сипаттамасы мен қолданылу қағидалары (бұдан әрі – Сипаттама мен Қағидасы) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 10-бабының 4-тармағын іске асыруға әзірленді және танымдық ту мен танымдық белгісінің сипаттамасы мен қолданылу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Танымдық ту мен танымдық белгінің сипаттамасы

      2. Мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туы - жоғары бөлігі көгілдір түсті, төменгі бөлігі жасыл түсті кездеме.

      Көгілдір түс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын білдіреді, жасыл түс – мемлекеттік шекаралардың жалпыға бірдей қабылданған халықаралық белгісі.

      Көгілдір және жасыл түстердің арақатынасы 50:50 теңдігін құрайды.

      Ортасында біздің планетаны білдіретін сегіз қырлы алтын жұлдызы бар, онда алтындалған жіңішке жиекті алтын шаңырақ орналасқан.

      Жұлдыздың ішінде алтын реңде жоғарғы жағында көгілдір түсті әріптермен "Кеден" және төменгі жағында "Customs" деп жазылған.

      Ту енінің оның ұзындығына қатынасы – 1:1,5.

      3. Мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туы және оның бейнесі мөлшерлеріне қарамастан, осы Сипаттама мен Қағидаға 1-қосымшада келтірілген оның түрлі – түсті және схемалық бейнелеріне дәлме-дәл сәйкес келеді.

      4. Мемлекеттік кірістер органдарының танымдық белгісі ішінде көгілдір реңдегі алтын шаңырақ бейнеленген сегіз қырлы алтын жұлдыз.

      Шаңырақтың үстінде алтын реңдегі жұлдыздың ішінде көгілдір түсті әріптермен "Кеден" деп және шаңырақтың астында "Customs" деп жазылған.

      5. Танымдық белгінің схемалық бейнесі осы Сипаттама мен Қағидаға 2-қосымшада келтірілген.

3-тарау. Танымдық ту мен танымдық белгіні қолдану тәртібі

      6. Танымдық ту мемлекеттік кірістер органдарының иелігіндегі өзен, теңіз кемелерінде және мемлекеттік кірістер органдарының мекемелерінде қолданылады.

      7. Танымдық белгі:

      кеден ісі саласындағы қызметті орындау шеңберінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының иелігіндегі көлік құралдарының барлық түрлеріне қолданылады және екі жағынан симметриялы орналастырылады;

      кеден ісі саласындағы функцияларды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың нысанды киімінде қолданылады.

      Мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының аға басшы құрамының нысанды киімінде орналасқан танымдық белгінің мөлшері 2,5:2,5 құрайды. Танымдық белгіні бейнелеу кезінде оның енінің ұзындығына сәйкестігі – 1:1.

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік кірістер
органдарының танымдық туы
мен танымдық белгісінің
сипаттамасы мен
қолданылу қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының танымдық туының
графикалық бейнесі



  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік кірістер органдарының
танымдық туы мен танымдық
белгісінің сипаттамасы мен
қолданылу қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының танымдық
белгісінің графикалық бейнесі



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады