"Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 20 маусымдағы № 287 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 4 шілдеде № 17155 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10297 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2015 жылғы 12 наурыздағы № 47 (28525) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларында:

      11 -тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Білім алушыларды бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан басқасына, ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға төрт оқу пәнінен аспайтын академиялық айырмашылық болғанда жол беріледі.

      Кәмелетке толмаған білім алушының ата-анасы немесе заңды өкілдері тұрғылықты мекенжайын ауыстырған жағдайда, растау құжаттарын ұсынса, оны каникул кезеңінен басқа уақытта да ауыстыруға рұқсат беріледі.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқу шығындарын толық өтейтін, ақылы негізде білім алушылар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқу үшін бос орындарға мынадай тәртіппен ауысады:

      1) білім алушы білім беру ұйымы басшысының атына әрі қарай мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру туралы еркін нысанда өтініш береді;

      2) білім беру ұйымының басшысы аталған өтінішті қарап, оны педагогикалық кеңестің қарауына шығарады және педагогикалық кеңес шешімінің негізінде білім алушыны әрі қарай мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру туралы бұйрық шығарады.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Н.Ж. Оспанова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А. Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады