Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 140 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 31 шілдеде № 17250 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 27 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _______________ Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 18 шілде

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 маусымдағы
№ 140 қаулысымен
бекітілді

Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң) 5-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және КЖТҚҚ туралы заңның 3-бабы 1-тармағының 1) (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), 2) (тауар биржаларын қоспағанда), 3), 4), 5) және 11) тармақшаларында көрсетілген қаржы мониторингі субъектілеріне (бұдан әрі – қаржы мониторингі субъектілері) қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 216 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы мониторингі субъектісі клиенттермен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату туралы шешімді қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖТҚ) тәуекелі дәрежесінің бағасын клиенттердің типтері бойынша, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер (өнім) және (немесе) оны беру тәсілі тәуекелін ескере отырып, дербес қабылдайды.

      3. Қаржы мониторингі субъектілері мынадай талаптарға сәйкес келетін клиенттермен ғана іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілімен орнатады:

      1) сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға не заңды тұлғаға сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) не Қазақстан Республикасының бейрезиденті-жеке тұлға немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденті-заңды тұлға шет мемлекетте тіркелген нөмір берілген жеке не заңды тұлға;

      2) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген тұлға болып табылмайды;

      3) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын белгіленген тұлға немесе ұйым болып табылмайды;

      4) клиент КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына және ішкі бақылау қағидаларына сәйкес тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолдану талап етілетін тәуекел деңгейі берілген тұлға болып табылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.11.2018 № 301 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Қаржы мониторингі субъектілері бірмезгілде мынадай талаптарды сақтаған кезде клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатады:

      1) КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтерді Талаптардың 8-тармағына сәйкес тіркеу;

      2) жеке тұлға клиенттің дербес деректерін жинауға, өңдеуге, сақтауға және беруге, оның ішінде қажет болған кезде үшінші тұлғаларға беруге оның сәйкестендіру құралы арқылы расталған келісімінің болуы;

      3) жеке тұлға клиенттің (оның өкілінің) және бенефициар меншік иелерінің дербес деректерін жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді және қорғауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің болуы;

      4) қаржы мониторингі субъектісінде іскерлік қатынастардың мақсаты операцияларды КЖТҚ мақсатында жасау болып табылатыны туралы күдіктің болмауы.

2-тарау. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру үшін қажетті мәліметтерді тіркеу

      5. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді тіркеу іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатқанға дейін КЖТҚҚ туралы заңның 6-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнату үшін мыналар міндетті шарттар болып табылады:

      1) клиенттің қаржы мониторингі субъектісінің қашықтан қол жеткізу жүйесіне өзінің жеке не бизнес-сәйкестендіру нөмірін енгізуі;

      2) клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау;

      3) КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген клиент бойынша мәліметтерді тіркеу.

      7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау үшін мынадай тәсілдер қолданылады:

      1) жеке немесе заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы;

      2) немесе биометриялық сәйкестендіру құралдары;

      3) немесе егер жеке тұлғаны қаржы мониторингі субъектісі бұған дейін жеке қатыса отырып сәйкестендірген жағдайда, жеке тұлғаны сәйкестендіру және аутентификаттау кезінде қаржы мониторингі субъектісі ақпарат алмасу туралы келісім жасаған екінші деңгейдегі банк немесе Ұлттық пошта операторы шығарған төлем карточкасының деректемелері (төлем карточкасының нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем карточкалары жүйесінің атауы);

      4) немесе мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып тексеру арқылы жеке тұлғаның жеке басын растау;

      5) немесе әріптердің, цифрлардың немесе таңбалардың комбинациясын білдіретін бірегей сәйкестендіруші немесе клиентті сәйкестендіру үшін қаржы мониторингі субъектісі белгілеген және онымен келісілген өзге сәйкестендіруші.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілдерінің біреуін немесе жиынтығында бірнешеуін қолдануға жол беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілі мына жағдайлардың бірінде:

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілдерінің жиынтығында біреуімен немесе бірнешеуімен;

      өмірді сақтандыру шарттарын, аннуитеттік сақтандыру шарттарын және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттарын қоспағанда, сақтандыру ұйымдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасқан кезде;

      КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабының 6-тармағына сәйкес клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдаған кезде пайдаланылады.

      Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілін таңдауды қаржы мониторингі субъектісі жүзеге асырады.


      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Клиентті сәйкестендіруді растайтын және КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтерді тіркеу:

      1) клиенттің оның Талаптардың 7-тармағында көрсетілген сәйкестендірудің расталған тәсілдерімен сәйкестендіру деректерін;

      2) не қаржы мониторингі субъектісінің Талаптардың 7-тармағында көрсетілген тәсілдермен клиентті аутентификациялау рәсімдерін кейін өткізуі арқылы жүзеге асырылады.

3-тарау. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру

      9. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына және ішкі бақылау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеруді қолжетімді дереккөздерінен алынған деректермен салыстыру арқылы жүргізген кезде қолжетімді дереккөздерінен алынған мәліметтер бар дерекқорлардан алынған ақпарат, үзінді-көшірмелер де растайтын құжаттардың көшірмелері болып табылады.

4-тарау. Іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілімен орнатудан бас тарту, қашықтықтан орнату тәсілімен орнатылған іскерлік қатынастарды бұзу

      11. Қаржы мониторингi субъектiсі:

      1) клиент Талаптардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген;

      2) клиент Талаптардың 4-тармағының 2) тармақшасында және 6-тармағында көрсетілген шарттарды орындамаған жағдайда;

      3) қаржы мониторингi субъектiсінде клиенттің КЖТҚ мақсатында операция жүргізуі туралы күдік болған кезде;

      4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде, КЖТҚҚ туралы заңда, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де негіздер бойынша іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатудан және (немесе) операцияларды жүргізуден бас тартады.

      Қаржы мониторингi субъектiсі клиентке іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатудан бас тартқан кезде клиентті іскерлік қатынастарды келу тәртібімен орнату мүмкіндігі туралы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады