1998 жылғы 30 шілдедегі № 254 "Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. "Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1999 жылғы 22 ақпандағы № 14 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 913 болып тіркелген) мынадай өзгерістер және толықтырулар енгізілсін:
Осы бұйрықпен бекітілген Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу жөніндегі нұсқаулықта:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер"
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Нұсқаулықта мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі – жылжымалы мүлік кепілі бойынша ақпаратқа қол жеткізудің, жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге электрондық нысанда өтініш жіберудің және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жасалатын өзге де әрекеттерінің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе;
2) жылжымалы мүлiк – көлiк құралдарын, айналымдағы тауарларды, бағалы қағаздарды, ақшаны, мүлiктiк құқықтарды, оның iшiнде болашақтағы өнiмге және өзге де мүлiкке құқықты қоса алғанда, жылжымайтын мүлiкке жатпайтын мүлік;
3) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу – жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне кепіл туралы шарттағы немесе кепiл талаптары қамтылған өзге де шарттағы мәлiметтердi енгiзу жөнiнде жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде туындайтын қатынастарға қатысушылар әрекеттерінің жиынтығын, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк берудi және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерінде белгiленген тәртiппен жасалатын өзге де әрекеттерін бiлдiретiн, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының жылжымалы мүлiк кепiлiн есепке алу рәсiмi;
4) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк – тiркеушi орган және (немесе) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өтiнiш берушіге беретiн және жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу фактiсiн растайтын құжат;
5) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмi (кепiл тiзiлiмi) – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын ақпаратты есепке алу және сақтау жүйесi;
6) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру бойынша қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру бойынша қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге арналған өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметтерді алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) кепілді электрондық тіркеу – жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі арқылы электрондық нысандағы өтініш негізінде жүзеге асырылатын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Объектілер және тіркеу орны"
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілі:
1) кепіл туралы шартты немесе кепіл туралы талаптар қамтылған өзге де шартты тараптарының бірінің талап етуі бойынша;
2) егер кепіл туралы шартта немесе кепіл туралы талап қамтылған өзге де шартты кепілдегі мүлікті кейіннен кепілге қоюға (қайта кепілге қоюға) тыйым салынған болса, тіркеледі.
Мiндеттi тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау жері бойынша жүзеге асырылады.";
4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Тіркеуге ұсынылатын құжаттардың тізбесі, олардың мазмұны және оларға қойылатын талаптар"
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу үшін өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады және Мемлекеттік корпорацияға мынадай құжаттарды:
1) осы Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы өтінішті;
2) жеке басын куәландыратын құжаттарды, ал адамның өкілі - оның өкілеттігін растайтын құжатты, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын қызметті алушыны сәйкестендіру үшін құжаттарды;
3) жылжымалы мүлік кепілін мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке алымды төлегенін растайтын құжатты ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 553-бабы) тапсырады.
Мүлік қайта кепілге қойылған жағдайда – алдындағы кепіл ұстаушылардың олардың хабардар екендігі және жылжымалы мүлікті қайта кепілге қоюға қарсы еместігі туралы хаттары, сондай-ақ түбіртек немесе төлем тапсырмасының көшірмесі болуға тиіс.
Мемлекеттік корпорацияға берген және кезде және "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы өтінішті жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі арқылы электрондық нысанда жіберген кезде, мәміле тараптары қол қойған өтініш кепіл шарты туралы мәліметтер, сондай-ақ осы Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес мәліметтер көрсетіле отырып, кепіл туралы шарт немесе кепіл шарты қамтылатын өзге де құжат ұсынылмастан, хабарлама нысанында беріледі.";
5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Тіркеу рәсімі мен мерзімдері"
10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген құжаттар қабылданғаннан кейін өтініш берушіге осы Нұсқаулықтың 3-қосымшасына сәйкес нысанда күні, уақыты (сағаты, минуты) және тізбесі мен нөмері көрсетілген құжаттарды алғанғанын растайтын қолхат береді.
Өтініш жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі арқылы электрондық нысанда жылжымалы мүлік кепілін электрондық тіркеуге жіберілген жағдайда, жылжымалы мүлік кепілін тіркегені үшін алымның төленгенін немесе алым төлеуден босатылғаны туралы растама жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей тіркеуші орган және (немесе) Мемлекеттік корпорация өтініштің негізінде жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне кепіл туралы мәліметтерді енгізеді, оның нәтижелері бойынша Мемлекеттік корпорацияның электрондық цифрлық қолтаңбасымен осы Нұсқаулықтың 8-9-қосымшаларына сәйкес куәландырылған, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәлік не туралы тіркеуден осы Нұсқаулықтың 10 - қосымшасына сәйкес бас тарту уәжді жауап электрондық нысанда беріледі.
11. Мемлекеттік корпорация қажетті құжаттарды алғаннан кейін өтiнiш берушiге табыс етiлген құжаттарды алғандығын растайтын, күнi, уақыты (сағаты, минуты) көрсетiлген қолхат береді және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 11 бабына сәйкес мәліметтерді хабарлайды.
12. Жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорация өтініштің негізінде жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне кепіл туралы мәліметтерді енгізеді, оның нәтижелері бойынша Мемлекеттік корпорацияның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәлік не туралы тіркеуден бас тарту уәжді жауап электрондық нысанда беріледі.";
6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен өтініш негізінде жылжымалы мүлік кепілін тіркеу";
15 және 16 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Толтырылған өтініш бланкісі Мемлекеттік корпорацияға берілген жағдайда, өтініш келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорация өтініштің негізінде жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне кепіл туралы мәліметтерді енгізеді, оның нәтижелері бойынша жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәлік не тіркеуден бас тарту туралы дәлелді жауап беріледі.
Мемлекеттік корпорация өтінішті алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушының ақпараттық жүйесіне және жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіліміне Мемлекеттік корпорацияның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған жылжымалы мүлік кепілін электрондық құжат нысанында тіркеу туралы куәлікті не электрондық құжат нысанында тіркеуден бас тарту туралы уәжді жауапты жібереді.
Жүргізілген тіркеу туралы ақпарат екінші деңгейдегі банктің және Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйелерінде сақталады және құжаттамалық растауды талап етпейді.
16. Кепіл беруші осы Нұсқаулықтың 15-тармағында белгіленген тәртіппен жылжымалы мүлік кепілін электрондық тіркеуден өткізуден бас тартқан жағдайда, кепіл беруші мен кепіл ұстаушының, жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге арналған, кепіл берушінің және кепіл ұстаушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған өтінішті осы Нұсқаулықтың 1-қосымшасына сәйкес нысандағы жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі арқылы электрондық нысанда жіберуге құқығы бар.
Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуге арналған өтiнiшке жылжымалы мүлiк кепiлi туралы шарт немесе кепiл талаптарын қамтитын өзге де шарт қоса берiлмейдi.
Мемлекеттiк корпорация өтiнiштi алғаннан кейiн бiр жұмыс күнi iшiнде кепiл ұстаушының ақпараттық жүйесiне және жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізіміне Мемлекеттiк корпорацияның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған осы Нұсқаулықтың 8, 9-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша электрондық құжат түрiнде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiктi не осы Нұсқаулықтың 10-қосымшасына сәйкес нысан бойынша мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден дәлелдi бас тарту туралы хабарламаны жiбередi.
Жүргiзiлген электрондық тiркеу туралы ақпарат кепіл ұстаушының, Мемлекеттiк корпорацияның ақпараттық жүйелерінде сақталады және құжаттамалық растауды талап етпейдi.";
7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"7-тарау. Жылжымалы мүлік кепілін тіркеуден бас тарту";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Жылжымалы мүлік кепілін тіркеуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш осы Заңның 9-бабының талаптарына сәйкес келмеген;
3) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiштi тиiстi тұлға жасамаған;
4) егер жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжат болмаған жағдайларда, кепiлдi тiркеуден бас тартады.";
8-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"8-тарау. Тіркелген кепілдің өзгерістерін, толықтыруларын және оның қолданысын тоқтатуды тіркеу тәртібі";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Өтiнiш берушi Мемлекеттік корпорацияға өтiнiш беру немесе жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімі арқылы электрондық нысанда өтініш жіберу арқылы тiркелген кепiлдiң өзгерiстер мен толықтыруларын (оның iшiнде, меншiк құқығының басқа адамға ауысуын, талап ету құқығын басқаға беруді) және қолданысын тоқтатуды тiркейдi.
Өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу тәртiбi заңнамада белгiленедi.".
2. Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін қазақ және орыс тілдеріндегі электронды түрде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
М. Бекетаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар министрінің
міндетін атқарушысы ______Н.Ө. Мауберлинова
2018 жылғы "___" ___________