Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу қағидалары мен ерекшеліктерін, сондай-ақ Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптарды, Сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 190 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 21 қыркүйекте № 17399 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 25 мамырдағы № 59 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 25.05.2020 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 6 т. қараңыз.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу қағидалары мен ерекшеліктері;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптар;

      3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен қағидалары бекітілсін.

      2. "Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 134 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6540 болып тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 506-512 (26355) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2018 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 190 қаулысына
1-қосымша

Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу қағидалары мен ерекшеліктері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу қағидалары мен ерекшеліктері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі (бұдан әрі – Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу тәртібі мен ерекшеліктерін айқындайды.

      Қағидалар:

      "өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар, сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шарттарын жасасуды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына;

      "өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар және бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия бар, сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шарттарын жасасуды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына;

      бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына қолданылады.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдық құн факторы – сақтанушының аннуитет есептелген күндегі жасынан жыл ішіндегі сақтандыру төлемдерін алу жасына дейінгі өмір сүруі және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын кірістіліктің тиімді пайыздық ставкасы сомасының кері шамасына тең болатын, тиісті дәрежедегі дисконттық фактор көрсеткіштері туындыларының сомасы, және 1;

      2) инвестицияларға қатысу шарты – сақтандыру ұйымы мен сақтанушының арасында жасалатын және сақтанушының сақтандыру сыйлықақысы тәуекел және жинақтаушы бөліктерден тұратын инвестицияларға қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шарты;

      3) инвестициялық декларация – инвестициялау объектілерінің тізбесін, қордың (сыртқы қордың) активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегиясын, талаптары мен шектеулерін, қордың (сыртқы қордың) активтерін хеджирлеу мен әртараптандыру талаптарын анықтайтын құжат;

      4) инвестициялық портфельді басқарушы – инвестициялық портфельді басқару үшін бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және сақтандыру ұйымы болып табылмайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      5) инвестициялық портфельді басқарушы құрған инвестициялық қор (бұдан әрі – сыртқы қор) – Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңға сәйкес сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушы құрған, жабық инвестициялық пай қоры болып табылмайтын жабық инвестициялық пай қоры;

      6) инвестициялық сақтандыру шоты – Қағидалардың талаптарына сәйкес ашылған сақтанушының барлық қосалқы шоттарын қамтитын, сақтандыру ұйымы операцияларының талдамалық есепке алу жүйесіндегі сақтанушының шартты шоты;

      7) инвестициялық тәуекел – инвестицияларға қатысу шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігін инвестициялаумен байланысты тәуекел;

      8) пай – меншік иесінің қордағы (сыртқы қордағы) үлесін, қордың (сыртқы қордың) активтерін іске асырудан алынған ақшаны және (немесе) оның қолданылуы тоқтатылған кезде, Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңда белгіленген жағдайда басқа да мүліктерді алу құқығын, сондай-ақ Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңда айқындалған инвестициялық пай қорлары қызметінің ерекшеліктерімен байланысты өзге құқықтарды растайтын құжаттамасыз шығарылым нысанындағы атаулы эмиссиялық бағалы қағаз;

      9) пайдаға қатысу шарты – сақтандыру ұйымы мен сақтанушының арасында жасалатын және сақтанушының сақтандыру ұйымының пайдасына қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шарты, ол бойынша төлем аяқталған қаржы жылының қорытындысы бойынша есептеледі;

      10) сақтандыру жағдайы – басталған кезде сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шартында сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін оқиға;

      11) сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігі – инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының және инвестицияларға қатысу шарттары бойынша инвестициялаудан алынған кірістердің (шеккен залалдардың) бір бөлігі;

      12) сақтандыру сыйлықақысының тәуекел бөлігі – сақтанушының қайтыс болу тәуекелін, сақтандыру ұйымының әкімшілік шығыстарын жабатын сақтандыру сыйлықақысының бөлігі;

      13) сақтандыру төлемi – сақтандыру ұйымының сақтанушыға (пайда алушыға) сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде төлейтiн ақша сомасы;

      14) сақтандыру ұйымының инвестициялық қоры (бұдан әрі - қор) – Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңға сәйкес жабық инвестициялық пай қоры болып табылмайтын және бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы (бұдан әрі – инвестициялық портфельді басқару бойынша лицензия) бар сақтандыру ұйымы сақтанушылардың активтері есебінен құрған инвестициялық пай қоры;

      15) сақтанушылардың активтерін басқару шарты – инвестициялық портфельді басқару шарты, оған сәйкес сақтандыру ұйымы инвестициялық портфельді басқарушыға сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігін инвестициялық басқаруына беретін, ал инвестициялық портфельді басқарушы аталған активтерді сақтандырушы таңдаған сыртқы қордың пайларына инвестициялауға міндеттенетін шарт;

      16) сақтанушының активтері – сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігі есебінен сақтандыру ұйымы қалыптастырған ақша сомасы;

      17) сақтанушының өтініші – сақтанушының атынан сақтандыру ұйымының инвестицияларға қатысу шартының ажырамас бөлігі болып табылатын Қағидаларда көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыруына сақтанушының келісімі;

      18) сақтанушының қосалқы шоты (бұдан әрі – қосалқы шот) – қорлар (сыртқы қорлар) бөлігінде сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының шеңберінде сақтандыру ұйымы жүргізетін және онда тиісті қор (сыртқы қор) бойынша пайлар санының барлық жүргізілетін өзгерістері, сондай-ақ инвестицияларға қатысу шартында көзделген мәліметтер көрсетілетін талдамалық есепке алу тіркелімі;

      19) ішкі тәртіп – сақтандыру ұйымының сақтанушының қорларға қатысу талаптары мен тәртібін, сондай-ақ қорларды қалыптастыру тәртібін реттейтін құжаты.

2-тарау. Инвестицияларға қатысу шарты

      3. Инвестицияларға қатысу шарты сақтандыру ұйымы мен сақтанушының арасында ерікті нысанда жасалады.

      Сақтанушының активтерін инвестициялаумен байланысты инвестициялық тәуекелдерді сақтанушы көтереді.

      Инвестицияларға қатысу шартын жасаған кезде сақтандыру ұйымы инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының және инвестициялаудан алынған кірістердің (шеккен залалдардың) есебінен қалыптасқан активтерді дербес басқарады немесе оларды сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруына береді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы тартылған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы сақтанушының активтерін сақтанушы таңдаған сыртқы қорға (сыртқы қорларға) сақтанушының активтерін басқару шартының ажырамас бөлігі болып табылатын инвестицияларға қатысу шартының талаптарында көзделген мерзімде орналастырады.

      Сақтандыру ұйымы және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушы (ол тартылған жағдайда) иеленген пайлар олардың активтерінің есебінен сатып алынған бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің (номиналды ұстау) жүйесінде сақтанушылардың жеке шоттарына есепке жазылуы тиіс.

      4. Сақтандыру ұйымы қорлардың (сыртқы қорлардың) пайларын сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотына есепке жазу және есептен шығару операцияларын, сондай-ақ өзге де операцияларды (сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігін сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотына есепке жазу, сақтанушының активтері есебінен жүзеге асырылатын операциялар, қордың (сыртқы қордың) пайларын ішінара құнын төлеп алу сияқты) тек қана инвестицияларға қатысу шарты және сақтанушының өтініші негізінде жүргізеді.

      5. Сақтандыру ұйымы инвестицияларға қатысу шартын жасасқанға дейін сақтанушыға танысу үшін:

      1) Қағидалардың көшірмесін;

      2) қор (сыртқы қор) қағидаларының көшірмесін;

      3) ішкі тәртіптің көшірмесін;

      4) инвестициялық портфельді басқарушының атауын (ол тартылған жағдайда);

      5) қордың (сыртқы қордың) атауы мен түрін;

      6) инвестициялық декларацияның көшірмесін, оның негізінде қорлар (сыртқы қорлар) құрылады;

      7) қор (сыртқы қор) пайының ағымдағы құны туралы ақпаратты;

      8) сақтандыру ұйымының және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының сыйақы мөлшері туралы ақпаратты ұсынады.

      6. Инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар сақтандыру ұйымы сақтанушылардың активтерін инвестициялау мақсатында бір немесе бірнеше қор құрады.

      7. Оларға сақтанушылардың активтері инвестицияланатын сыртқы қорларды инвестициялық портфельді басқарушы өздігінен немесе сақтандыру ұйымымен келісім бойынша құрады.

      Сақтандыру ұйымымен келісім бойынша оның пайларына сақтанушылардың активтерін инвестициялау көзделетін сыртқы қорды құрған кезде, қор қағидаларының жобасы аталған сақтандыру ұйымымен келісілуі тиіс.

      Сақтандыру ұйымымен келісім бойынша жасалатын сыртқы қордың инвестициялық декларациясын инвестициялық портфельді басқарушы әзірлейді және ол сақтандыру ұйымының директорлар кеңесімен келісілуі тиіс, сондай-ақ инвестицияларға қатысу шартының ажырамас бөлігі болып табылады.

      8. Қордың және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушы сақтандыру ұйымымен келісу бойынша құратын сыртқы қордың инвестициялық декларациясы әрбір қор (сыртқы қор) үшін әзірленеді және онда Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңның 39-бабының 1-тармағында көзделген мәліметтер қамтылады.

      9. Инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымымен инвестицияларға қатысу шартын жасасу кезінде сақтанушы ол инвестициялауға қатысатын қорды немесе сыртқы қорды, оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушының сақтандыру ұйымымен келісімі бойынша құрылған қорды таңдайды.

      Сақтанушы бір мезгілде бір немесе бірнеше қорға немесе сыртқы қорға қатысады.

      Сақтандыру ұйымы және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушы (егер ол тартылған болса) сақтанушының активтерін инвестицияларға қатысу шартының талаптарында көзделген тәртіп бойынша және мерзімде сақтанушы таңдаған қорға және (немесе) сыртқы қорға орналастырады.

      10. Сақтанушы инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы жоқ сақтандыру ұйымымен инвестицияларға қатысу шартын жасасу кезінде сыртқы қорды, оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушы сақтандыру ұйымымен келісім бойынша құрған қорды таңдайды.

      Сақтанушы бір мезгілде бір немесе бірнеше сыртқы қорға қатысады.

      Инвестициялық портфельді басқарушы сақтанушының активтерін инвестицияларға қатысу шартының талаптарында көзделген мерзімде сақтанушы таңдаған сыртқы қорға орналастырады.

      11. Сақтандыру ұйымы сақтанушылардың активтерін инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруына беруі сақтанушылардың активтерін басқару шартының негізінде жүзеге асырылады.

      12. Сақтанушылардың активтерін қордың немесе сыртқы қордың пайларына инвестициялау сақтанушылардың атынан жүзеге асырылады.

      13. Сақтанушы инвестицияларға қатысу шарты бойынша төлеген сақтандыру сыйлықақыларының жинақтаушы бөлігі сақтанушының инвестициялық шотында есепке алынады.

      Сақтандыру сыйлықақысының тәуекел бөлігінің мөлшері, инвестицияларға қатысу шарты бойынша сақтандыру жарналарының мөлшері инвестицияларға қатысу шартында анықталады.

      14. Инвестицияларға қатысу шартының қолданылуы тоқтатылған жағдайда, сақтандыру ұйымы сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотын (және осы шотпен байланысты барлық қосалқы шоттарды) жабады және төленетін соманы қалыптастырады.

      15. Инвестицияларға қатысу шартының қолданылуы сақтандыру жағдайының басталуына байланысты тоқтатылған жағдайда, сақтандыру төлемінің көлемі инвестицияларға қатысу шартында көзделген шоттың сальдосына тең сомада белгіленеді.

      Сақтандыру төлемі пайдаға қатысу шартында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

      16. Инвестицияларға қатысу шарты бойынша сақтандыру төлемдерінің мөлшері төмендегідей анықталады:

      1) қайтыс болған жағдайда – сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру сомасына және сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының өтеу құнына тең болады;

      2) сақтандыру кезеңінің соңына дейін өмір сүрген немесе аннуитеттік төлемдердің басталу күніне дейін өмір сүрген жағдайда – сақтандыру төлемінің мөлшері сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының өтеу құнына тең болады;

      3) кейіннен аннуитеттік сақтандыру кезінде өмір сүрген жағдайда – тұрақты сақтандыру төлемдері сақтанушының тиісті жасында ағымдағы құнның кері бағасына көбейтілген сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының өтеу құнына тең мөлшерде белгіленеді;

      4) инвестицияларға қатысу шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда – сақтандыру төлемінің мөлшері инвестицияларға қатысу шартының мерзімінен бұрын бұзылуына байланысты шығасыларды шегере отырып, сақтандыру төлемін жүзеге асырған күндегі сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының өтеу құнының мөлшеріне тең болады.

      Шығасылардың мөлшері инвестицияларға қатысу шарты бойынша белгіленеді.

      17. Инвестицияларға қатысу шарты бұзылған күні сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының барлық қосалқы шоттарында бірде бір пай тіркелмеген болса, онда сақтандыру ұйымы сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотын, сақтанушының инвестициялық сақтандыру шотының өтеу құнын қалыптастырусыз жабады. Бұл жағдайда сақтанушыға төленетін соманың мөлшері инвестицияларға қатысу шартының талаптары бойынша анықталады.

3-тарау. Пайдаға қатысу шарты

      18. Пайдаға қатысу шарты сақтандыру ұйымы мен сақтанушы арасында ерікті түрде жасалады.

      19. Сақтандыру ұйымы пайдаға қатысу шартын жасасқанға дейін сақтанушыға танысу үшін:

      1) Қағидалардың көшірмесін;

      2) сақтандыру ұйымының пайданы бөлу талаптарын, тәртібін және мерзімін;

      3) сақтандыру ұйымының сыйақы мөлшері туралы мәліметті ұсынады.

      20. Сақтанушылар арасында бөлінетін сақтандыру ұйымының пайда мөлшері туралы шешім сақтандыру ұйымының директорлар кеңесімен қабылданады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 190 қаулысына
2-қосымша

Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптар

      1. Осы Сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және сақтандыру ұйымы мен сақтанушының арасында жасалатын және сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу талаптары көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Сақтанушының инвестицияларға қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шартында Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 826-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) сақтандыру сыйлықақысының тәуекел және жинақтаушы бөліктерінің (сақтандыру жарналарының) мөлшерлері;

      2) сақтандыру ұйымының және инвестициялық портфельді басқарушының (ол тартылған жағдайда) сыйақы алу мөлшері және тәртібі;

      3) сақтандыру ұйымының сақтанушылардың активтерін басқару талаптары мен тәртібі;

      4) инвестициялық портфельді басқарушының (ол тартылған жағдайда) инвестициялық басқаруына сақтанушылардың активтерін беру талаптары мен тәртібі;

      5) сақтанушының активтерін инвестициялау тәртібі мен объектілері;

      6) сақтанушының активтері инвестицияланатын қорлардың және (немесе) сыртқы қорлардың атауы мен түрлері;

      7) сақтандыру ұйымы мен сақтанушының құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

      8) қордың (сыртқы қордың) қызметін тоқтату талаптары мен тәртібі.

      3. Сақтанушының сақтандырушының пайдасына қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шартында Азаматтық кодекстің 826-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) сақтандыру ұйымының пайданы бөлу талаптары, тәртібі және мерзімі;

      2) сақтандыру ұйымы мен сақтанушының құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

      3) сақтандыру ұйымының сыйақы алу мөлшері және тәртібі.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 190 қаулысына
3-қосымша

Сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен қағидалары

      1. Осы Сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен қағидалары (бұдан әрі – Тәртіп) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен тәртібін белгілейді.

      2. Сақтандыру ұйымының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беруі сақтанушылардың активтерін басқару шартының негізінде жүзеге асырылады.

      3. Сақтанушылардың активтерін басқару шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігін сақтандыру ұйымы оларды басқа инвесторлардың ақшасымен сыртқы қорға біріктіру және осы сыртқы қордың қағидаларына сәйкес кейіннен оларды инвестициялау мақсатында инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға береді.

      4. Инвестициялық портфельді басқарушы сақтанушының атынан сыртқы қордың (қорлардың) пайларын сатып алуды жүзеге асырады.

      Инвестициялық портфельді басқарушы сатып алған пайлар активтер есебінен сатып алынған бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің (номиналды ұстау) жүйесінде сақтанушылардың жеке шоттарына есепке жазылуы тиіс.

      5. Инвестициялық портфельді басқарушы сақтандыру ұйымына:

      1) инвестициялау объектілерінің тізбесі;

      2) инвестициялау объектісіне орналастырылған ақша мөлшері;

      3) әрбір инвестициялау объектісі бойынша алынған инвестициялық кіріс мөлшері;

      4) сыртқы қорлар бойынша қалыптастырылған есептелген инвестициялық кіріс туралы ақпаратты күнделікті ұсыну жөніндегі талапты сақтанушылардың активтерін басқару шартына енгізуді қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады