Байланыс формасы

Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 226 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қазанда № 17629 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарт бекітілсін.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 226 қаулысымен
бекітілген

Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарт

      № ___________                                     20__ жылғы " " _________

      Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын

      _________________________________________________________

      ________________________________________________________,

      (заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жері)

      бұдан әрі "Қатысушы" деп аталады, Жарғы негізінде іс-әрекет жасайтын

      бірінші басшысы ___________________________________________________

      ________________________________________________ арқылы бір жағынан

                  (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)

      және "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" республикалық мемлекеттік мекемесі, бұдан әрі "Ұлттық Банк" деп аталады, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) негiзiнде iс-әрекет жасайтын Төрағасы (Төрағаның орынбасары) __________________________________________________, арқылы екінші жағынан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталады, Заңның 51-5-бабының 2-тармағына сәйкес, Ұлттық Банк Басқармасының 20__жылғы "__" __________ шешімі негізінде төмендегілер туралы осы Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасады:

1. Шарттың мәні

      1. Шарттың мәні Қатысушының _________________________________

      __________________________________________________________________________

      жүзеге асыруы болып табылады (Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыратын (ұсынатын) қызметтің (көрсетілетін қызметтің, өнімнің) түрлерін сипаттау).

      2. Шарттың мақсаты үшін ерекше реттеу режимі деп қаржы саласындағы қызметті, қаржы ресурстарына шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметті жүзеге асыру түсініледі.

      3. Қатысушы Шарттың 1-тармағында көрсетілген қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) ерекше реттеу режимі шеңберінде Ұлттық Банкке ұсынылатын және Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын бизнес-жоспарға сәйкес, Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады.

      4. Тұтунышылардың саны _________________________ аспайды.

      5. Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде қабылдайтын міндеттемелердің көлемі ____________________________ теңгеден аспайды.

      6. Шарттың қолданылу кезеңінде Қатысушының ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыратын қызметіне (көрсетілетін қызметіне, өніміне) мынадай нормалар қолданылмайды:

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________.

      ("Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі, "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2005 жылғы 13 маусымдағы, "Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңдарының және Ұлттық Банктің көрсетілген заңдарға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары көрсетіледі).

2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      7. Ұлттық Банк:

      1) Қатысушыдан Шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде және уақтылы орындауды талап етуге;

      2) Қатысушыдан Қатысушының Шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындау мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды алуға;

      3) Заңның 51-5-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда Шартты біржақты тәртіппен бұзуға;

      4) Шарттың қолданылу мерзімін Қатысушының Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатының негізінде ұзартуға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      8. Қатысушы:

      1) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта белгіленген талаптармен жүзеге асыруға;

      2) Ұлттық Банкке Шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішпен және (немесе) оның қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатпен Шарттың 22-тармағында көрсетілген мерзімде жүгінуге құқылы.

      9. Ұлттық Банк:

      1) Қатысушының Шарт бойынша міндеттемелерін орындау және Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасының талаптарын орындау мониторингін жүзеге асыруға;

      2) Қатысушының Шартта көзделген міндеттемелерін орындамауы анықталған жағдайда Қатысушыға анықталған бұзушылықтарды Заңның 51-5-бабы 6-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзімде жою қажеттілігі туарлы жазбаша хабарлама жіберуге;

      3) Қатысушының Шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішін және (немесе) оның қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатын қарауға және Шарттың 22-тармағында көрсетілген мерзімде қарау нәтижелерін жіберуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Шартта көзделген міндеттерді адал және тиісті түрде орындауға міндетті.

      10. Қатысушы:

      1) қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асырғанға (ұсынғанға) дейін мынадай:

      ерекше реттеу режимі шеңберінде Қатысушы жүзеге асырылатын (ұсынылатын) қызмет (көрсетілетін қызмет, өнім) туралы;

      Қатысушының ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызметіне (көрсетілетін қызметіне, өніміне) байланысты ықтимал тәуекелдер туралы;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) талаптары, қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) талаптары, құны (мөлшерлемелері, тарифтері), тұтынушымен қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) туралы шарт (бұдан әрі – тұтынушымен жасасқан шарт) жасау үшін Қатысушының ішкі қағидаларында айқындалған құжаттардың тізбесі туралы;

      Қатысушының орналасқан жері, пошта және электрондық мекенжайлары, интернет-ресурсы және байланыс телефондары туралы ақпаратты тұтынушыға жіберуге;

      2) қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) ерекше реттеу режимін енгізу мақсатына сәйкес Заңның 51-4-бабының 2-тармағына, Шарттың талаптарына және Ұлттық Банкке ұсынылатын бизнес-жоспарға сәйкес жүзеге асыруға (ұсынуға);

      3) өзінің тұтынушылары алдындағы міндеттемелерді тұтынушылармен жасасқан шарттарда белгіленген тәртіппен орындауға;

      4) Ұлттық Банктің сұратуы бойынша ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын (ұсынылатын) қызмет (көрсетілетін қызмет, өнім) туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;

      5) ай сайын, айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық Банкке мынадай:

      тұтынушылармен жасасқан шарттардың саны (жеке және заңды тұлғалар бойынша);

      тұтынушылармен шарттар бойынша қабылданған міндеттемелердің көлемі;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) кезінде анықталған кемшіліктер (бар болса);

      тұтынушылардың тарапынан болған шағымдардың сипаты (бар болса);

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) кезінде анықталған тәуекелдер туралы мәліметтер қамтылатын, жүзеге асырылатын (ұсынылатын) қызметтің (көрсетілетін қызметтердің, өнімдердің) аралық нәтижелері туралы ақпаратты беруге;

      6) Ұлттық Банктің Шартта белгіленген міндеттемелердің орындалмауы туралы жазбаша хабарламасын алған жағдайда бұзушылықтарды және (немесе) себептерін, содай-ақ оларды жасауға себепші болған жағдайларды Ұлттық Банкпен келісім бойынша Заңның 51-5-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен жоюға;

      7) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) барысында алынған мәліметтер мен ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етуге;

      8) Қатысушының жарғылық капиталының үлесін жаңа меншік иесіне берген (иелігінен айырған) жағдайда, Ұлттық Банкке жоспарланып отырған мәміле туралы оны жасағанға дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын хабарлауға;

      9) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық Банкке ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) қорытындылары туралы, мынадай мәліметтер қамтылған ақпаратты беруге:

      Қатысушы қызметінің (көрсетілетін қызметінің, өнімінің) сипаты;

      тартылған тұтынушылардың саны, операциялардың көлемі, қабылданған міндеттемелер;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) кезінде анықталған тәуекелдер, тәуекелдердің тұтынушыларға және Қатысушының негізгі қызметіне әсер етуі туралы;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) үшін қажетті өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізу жөніндегі ұсыныстар;

      10) Шарттың 14-тармағында көрсетілген жағдайларда өз тұтынушыларына 5 (бес) жұмыс күні ішінде Шарттың қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлауға;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында және Шартта көзделген міндеттерді адал және тиісті түрде орындауға міндетті.

3. Тараптардың жауапкершілігі

      11. Шарттың талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта көзделген жауапкершілікті атқарады.

      12. Қатысушы Шарт бойынша қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) кезінде және салдарынан туындаған барлық тәуекел үшін жауапкершілік атқарады.

4. Шартты өзгерту, толықтыру, тоқтату және бұзу талаптары

      13. Шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша енгізіледі және Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымша келісім түрінде ресімделеді.

      14. Шартты қолдану:

      1) енгізілген мерзімінің аяқталуына байланысты ерекше реттеу режимін қолдану тоқтатылған кезде, не оның күшін жойған кезде;

      2) Шарттың мерзімі аяқталған немесе мерзімінен бұрын бұзылған кезде;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе Шартта көзделген өзге жағдайларда тоқтатылады.

      15. Тараптардың келісімі бойынша Шартты қолдануды мерзімінен бұрын тоқтауға жол беріледі.

5. Дауларды шешу тәртібі

      16. Шарт бойынша міндеттемелерін орындау барысында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды соттан тыс тәртіппен реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.

      17. Тараптардың Шарт бойынша реттелмеген дауларын және келіспеушіліктерін Қазақстан Республикасының соттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.

      18. Тараптар туындаған даулар және келіспеушіліктер толық шешілгенге дейін Шартта белгіленген міндеттемелерін орындаудан босатылмайды.

6. Шарттың қолданылу мерзімі

      19. Шарт 20__ " "________ 20__ " "________ аралығындағы мерзімге жасалады.

      20. Шарттың қолданылу мерзімі Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен енгізілген ерекше реттеу режимінің мерзімінен аспайды.

      21. Шарттың қолданылу мерзімі Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылады және Заңның 51-4-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      22. Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхат Ұлттық Банкке Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей беріледі және ол Ұлттық Банкке түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) ішінде қаралады.

      23. Шарт оған Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

7. Қорытынды ережелер

      24. Тараптардың Шартта келісілмеген құқықтық қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      25. Орналасқан жері және (немесе) нақты мекенжайы өзгерген кезде Қатысушы өзгерген күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Ұлттық Банкке жазбаша хабарлама беруге міндетті.

      26. Шарт қазақ және орыс тілдерінде, заң күші бірдей 2 (екі) дана етіп жасалды, олардың 1 (бір) данасы Ұлттық Банкте, 1 (бір) данасы Қатысушыда болады.

      27. Шартқа Тараптардың уәкілетті өкілдері 20__ "___" _______ қол қойды.

8. Тараптардың деректемелері және қолдары

"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі"
республикалық мемлекеттік мекемесі
__________________________________
__________________________________
__________________________________
__________________________________
(орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі,
банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру
коды, бенефициар коды)
_____________________________
(қолы)
Мөр орны

Қатысушы
_____________________________
_____________________________
_____________________________
_____________________________
(Қатысушының атауы, орналасқан жері
және нақты мекенжайы, телефондары,
факсы, E-mail, бизнес-сәйкестендіру
нөмірі, банктік сәйкестендіру коды, жеке
сәйкестендіру коды, бенефициар коды)
______________________________
(қолы)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады