РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 213-бабы 1-тармағының бесінші бөліміне сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөнінде операциялар жүргізу кезінде пайдаланатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы және даму министрінің 2018 жылғы 21 мамырдағы № 355 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17064 болып тіркелген, 2018 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөнінде операциялар жүргізу кезінде пайдаланатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Бағалау рәсімін жеңілдету және ТЖҚ сатып алуға қатысатын әлеуетті жеткізушілер ұсынған, әртүрлі валюталармен көрсетілген бағаларды салыстыру үшін қолданылатын валюта бағаларды бағалау және салыстыру күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша Қазақстан Республикасының валютасы – теңге болып табылады.
ТЖҚ сатып алу және ТЖҚ сатып алу бойынша құжаттамаларды ресімдеу мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. ТЖҚ сатып алу рәсімі мыналарды қамтиды:
1) ТЖҚ сатып алуды жоспарлау;
2) әлеуетті жеткізушіні таңдау;
3) ТЖҚ сатып алу туралы шартты жасасу.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. ТЖҚ сатып алудың жылдық бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушының бюджеті, ТЖҚ сатып алудың орта мерзімді бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушының бюджеттері және (немесе) жер қойнауын пайдаланушының қаржылық-шаруашылық қызметінің негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушының өзге құжаттарының негізінде әзірленеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөнінде операциялар жүргізу кезінде және жер қойнауын пайдаланушы мен мердігер арасында жасалған мердігерлік шартты орындау үшін сатып алынатын барлық ТЖҚ жылдық және орта мерзімді ТЖҚ сатып алудың бағдарламаларында көрсетіледі.
ТЖҚ сатып алудың жылдық және орта мерзімді бағдарламалары тізілімде (жүйеде) орналастыруға жатады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Қажеттілік болса, ТЖҚ сатып алудың жылдық және орта мерзімді бағдарламаларына өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізуге болады.
Осы Қағидалардың 122-тармағы 11) тармақшасында көзделген жағдайда ТЖҚ сатып алудың жылдық және орта мерзімді бағдарламаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу талап етілмейді.";
16-тармақтың 5) тармақшасы алынып тасталсын;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Ашық конкурс өткізілген кезде осы Қағидалардың бұзылуы анықталған жағдайда тапсырыс беруші ТЖҚ сатып алу туралы шарт жасалған сәтке дейін ашық конкурсты немесе бұзушылық жіберілген ашық конкурстың лотын өткізбейді, конкурстық құжаттаманы ретке келтіреді (қажет болса) және оны қайтадан өткізеді.
Тапсырыс беруші ашық конкурсты немесе ашық конкурстың лотын өткізбеу жөнінде қабылдаған шешімі туралы оны өткізбеудің себебін көрсете отырып, ашық конкурсқа қатысу үшін конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілерді тізілім (жүйе) арқылы хабардар етеді.
Әлеуетті жеткізуші ашық конкурсты немесе ашық конкурстың лотын өткізбеу туралы тапсырыс берушінің шешімімен келіспеген жағдайда, қатты пайдалы қазбалар саласындағы уәкілетті органға жүгіне алады.
Жер қойнауын пайдаланушының бекітілген ТЖҚ сатып алудың жылдық және (немесе) орта мерзімді бағдарламаларында көзделген ТЖҚ сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған жағдайда, тапсырыс беруші конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей тізілімде (жүйеде) ашық конкурсты немесе ашық конкурстың лотын өткізуден бас тартуы туралы хабарлама жасау арқылы ашық конкурсты немесе ашық конкурстың лотын өткізуден бас тартады.
Ашық конкурсты немесе ашық конкурстың лотын өткізуден бас тартылған жағдайда, ағымдағы қаржы жылы ішінде осы ТЖҚ сатып алу бойынша жаңа ашық конкурсты өткізуге жол берілмейді.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Конкурстық комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және конкурстық комиссияның мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Конкурстық комиссияның құрамында кемінде үш адам болуы тиіс. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды және конкурстық комиссияның шешім қабылдауы кезінде дауыс бермейді.
Ашық конкурс қорытындысын шығару сәтіне дейін конкурстық комиссия құрамын өзгертуге жол беріледі.";
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) ТЖҚ сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап әрбір лот бойынша тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың немесе қызметтерді көрсетудің мерзімі;";
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"11) конкурстық өтінімдерді ашу күні мен уақыты, конкурстық өтінімдерді қарау мерзімі;";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Конкурстық құжаттамада:
1) сатып алынатын жұмыстар, қызметтер нарығында және (немесе) белгілі бір салада жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарды ұсыну туралы талап белгілеуге жол беріледі:
Әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесіне талап жылдық көлемі құндық көріністе тиісті қаржы жылына белгіленген ҚҚС есепке алмағанда он төрт мың еселік айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК ) мөлшерінен асып түсетін жұмыстарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде тапсырыс берушімен белгіленеді.
Әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесі әлеуетті жеткізуші жұмыстарды орындаған, қызметтерді көрсеткен ұйымдардың ұсыныс хатының немесе оң пікірлерінің электрондық көшірмелерімен, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) қабылдануын-тапсырылуын растайтын тиісті актілердің электрондық көшірмелері қоса беріліп расталады. Бұл ретте соңғы 5 (бес) жылдан асатын жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету саласында тәжірибенің бар болуы жөнінде талап белгіленбейді.
Жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар жұмыс тәжірибесінің әрбір жылы үшін ұсынылады.
Тиісті қаржы жылына белгіленген он төрт мың еселік АЕК мөлшерінен асып түсетін сомаға жұмыстардың (қызметтердің) көлемін орындау бойынша ақпарат жұмыс тәжірибесінің бүкіл мерзімі үшін кемінде бір шарт бойынша ұсынылады;
2) сатып алынатын тауар өндірушісімен:
егер өндіруші осы тауарды бұрын шығармаған болса, бұрын шығарылған тауар сапасы немесе тауардың техникалық сипаттамасы туралы;
сатып алынатын тауарды тапсырыс берушіге уақтылы жеткізу үшін жеткілікті мерзім ішінде тауардың әлеуетті жеткізушіге жеткізілуінің кепілдігі туралы;
әлеуетті жеткізушіге конкурстық құжаттамада белгіленген көлем мен сапада тауар жеткізу кепілдігі туралы;
әлеуетті жеткізуші ұсынатын шығын материалдарын бұған дейін өндіруші жеткізген жабдықпен немесе көлік құралымен салыстырымдылығы, сондай-ақ, аталған шығын материалдары қолданылған жағдайда, бұған дейін жеткізілген жабдық немесе көлік құралы кепілдіктен алынбайтындығы туралы растаманы қамтитын хаттарды әлеуетті жеткізушінің тапсырыс берушіге ұсынуы туралы;
3) әлеуетті жеткізуші жұмыскерлерінің кәсіби біліктілігін растайтын дипломдардың, сертификаттардың, куәліктердің және басқа да құжаттардың бар болуы туралы;
4) әлеуетті жеткізушілердің әлеуетті жеткізушіде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аккредиттелген ұйыммен сертификатталған, мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес менеджмент жүйесінің (сертификатталған жүйелердің) бар болуын растайтын құжаттарды ұсынуы туралы;
5) ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасында сатып алынатын ТЖҚ бағасын қалыптастыру тәртібін тапсырыс берушінің оның нақты мағынасын ашумен көрсету туралы;
6) әлеуетті жеткізуші бұдан бұрын сатып алынған жабдық немесе көлік құралы моделінің қосалқы бөлшектерін (жиынтықтауыш құралдарын) сатып алған кезде оны өндірушінің ресми өкілі (дилер, дистрибьютор) екендігін растайтын құжатты ұсынуы туралы.";
35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"35. Ашық конкурсты өткізу туралы хабарландыру конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі өткенге дейін кемінде он жұмыс күні бұрын орналастырылады.
Ашық конкурсты қайтадан өткізу туралы хабарландыру конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі өткенге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын орналастырылады.
Осы Қағидалардың 25-тармағының 16) тармақшасында көзделген талаптарды қоспағанда, қайтадан ашық конкурс өткізу үшін өтпеген ашық конкурстың конкурстық құжаттамасының талаптарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Осы Қағидалардың 41-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген мәліметтерге өзгерістер енгізілген жағдайда әлеуетті жеткізуші осы ақпаратты тізілімде (жүйеде) жаңартады.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтініміне электрондық цифрлық қолтаңба қойылады және тізілімде (жүйеде) орналастырылады.
Конкурстық өтінім мен конкурстық өтінімге құжаттама әлеуетті жеткізушілермен мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады.
Құжаттардың конкурстық құжаттама тілдеріндегі түпнұсқалары болмаған жағдайда әлеуетті жеткізушілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нотариус куәландырған, осындай құжаттардың конкурстық құжаттама тілдеріндегі аудармаларының электрондық көшірмелерін ұсынады.
Аудармалар арасында қайшылық болған жағдайда, мемлекеттік тілде ұсынылған құжаттар артықшылыққа ие болады.
Бұрын шығарылған тауарға өндірушімен берілген нотариус куәландырған құжаттардың электрондық көшірмелерін мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынуға жол беріледі.
Әріптік, цифрлық және өзге де нышандармен сәйкестендіруге келмейтін ақпаратты қамтитын құжат әлеуетті жеткізуші ұсынбаған болып есептелінеді және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтіндер ретінде қабылданбауы тиіс.
Құжаттардың электрондық көшірмелері әлеуетті жеткізушіде түпнұсқалардың немесе осындай құжаттардың нотариус куәландырған көшірмелерінің қағаз нұсқада бар болуы шартымен ұсынылады.
Конкурстық құжаттамада және осы Қағидалардың 41-тармағында көзделмеген, әлеуетті жеткізушілермен Қағидалардың осы тармағын бұза отырып ұсынылған қосымша құжаттар конкурстық өтінімді қабылдамау үшін негіз болып табылмайды.";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) банктің немесе банк филиалының алдындағы әлеуетті жеткізушінің міндеттемелері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы әлеуетті жеткізушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының қол және мөр қойылған анықтамасының электрондық көшірмесі (егер әлеуетті жеткізуші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Анықтама конкурстық өтінімдер ашылатын күннің алдындағы бір айдан кейін беріледі;";
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) төлем мерзімі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес ұзартылған жағдайларды қоспағанда берешегінің жоқтығы туралы немесе конкурстық өтінімдерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірілмеген күндегі жағдай бойынша бір теңгеден кем берешегінің болуы туралы тиісті салық органы анықтамасының электрондық көшірмесі;";
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"4) әлеуетті жеткізушінің – Қазақстан Республикасы бейрезидентінің қызметі осы жеткізушінің банкрот деп танылуына байланысты тоқтатылмағандығы туралы осыған уәкілетті тұлғамен берілген құжаттың электрондық көшірмесі;";
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"5) ТЖҚ-ның функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары қамтылған техникалық ерекшеліктің, сондай-ақ ТЖҚ-ның осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері болуға тиіс.
Тауар сатып алынған жағдайда техникалық ерекшелікте жеткізуге ұсынылатын тауардың шығарушы елі, өндірушісі, модельдің атауы және техникалық сипаттамалары көрсетіледі.
Сатып алынатын тауарлардың қазақстандық өндірушілеріне конкурстық құжаттамада белгіленген тауар жеткізу мерзімінен артық, бірақ ТЖҚ сатып алу шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен артық емес мерзімді көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте, тауарды жеке партиямен жеткізген жағдайда тауардың бірінші партиясын жеткізу мерзімі осы тармақта көрсетілген мерзімнен аспауы тиіс;";
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"10) тапсырыс берушінің банк шотына кепілдікті ақшалай жарнаның енгізілуін растайтын төлем тапсырмасының электрондық көшірмесі немесе конкурстық өтінімді қамтамасыз ету ретінде ұсынылған, осы Қағидалардың 43-тармағына сәйкес енгізілген банк кепілдігі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда);";
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"12) конкурстық құжаттамада көзделген талаптарға сәйкес ҚҚС есепке алусыз әрбір лот бойынша бөлек тізілімде (жүйеде) электрондық нысанда ұсынылатын ашық конкурсқа әлеуетті қатысушының конкурстық баға ұсынысы болуға тиіс;";
мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
"13) егер әлеуетті жеткізуші жеке тұлға болып табылса Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте берілген жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі және (немесе) жеке немесе бизнес сәйкестендіру нөмірін көрсетумен жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелгені туралы құжаттың электрондық көшірмесі ұсынылады (егер әлеуетті жеткізуші жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылса).
Егер әлеуетті жеткізуші заңды тұлға болып табылса мынадай құжаттарды ұсынады:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте бекітілген жарғының электрондық көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу туралы өтініштің электрондық көшірмесі;
құрылтай шартының немесе құрылтайшы немесе құрылтайшы және құрылтайшылар құрамы туралы мәліметтерден тұратын заңды тұлғаны құру туралы шешімнің (жалғыз құрылтайшының шешімі) электрондық көшірмесі, конкурстық өтінімдерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірілмей берілген акциялар ұстаушылардың тізілімінен үзінді көшірме (акционерлік қоғамдар үшін), сондай-ақ құрылтайшылар, қатысушылар және әлеуетті жеткізушінің жарғылық капиталына жанама қатысатын басқа тұлғалар туралы мәліметтерден тұратын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте берілген өзге құжаттар;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте берілген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың электрондық көшірмесі;
Қазақстан Республикасының бейрезиденттері соған уәкілетті тұлғалармен берілген осы тармақшада көрсетілген ақпаратты, ұқсас ақпаратты қамтитын құжаттардың электрондық көшірмелері;";
мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
"14) әлеуетті жеткізуші жұмыскерлерінің кәсіби біліктілігін растайтын дипломдардың, сертификаттардың, куәліктердің және басқа да құжаттардың электрондық көшірмелері (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда);";
мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:
"15) тапсырыс берушінің ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасында сатып алынатын ТЖҚ толық көрсетумен ТЖҚ бағасын қалыптастыру тәртібін қолданудан бас тартуын немесе келісімін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда).
Әлеуетті жеткізушінің ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасында тапсырыс берушінің сатып алынатын ТЖҚ бағасын қалыптастыру тәртібін қолданудан бас тартуы осындай әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімін ашық конкурсқа қатысуға қабылдамау үшін негіз болып табылмайды;";
мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
"16) әлеуетті жеткізуші бұдан бұрын сатып алынған жабдық немесе көлік құралы моделінің қосалқы бөлшектерін (жиынтықтауыш құралдар) сатып алған кезде оны өндірушінің ресми өкілі (дилер, дистрибьютор) екендігін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда).";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Егер әлеуетті жеткізуші заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум) болып табылған жағдайда, оның қатысушыларымен конкурстық өтінім құрамында ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 41, 43-тармақтарының талаптарына сай болуы тиіс. Бұл ретте, консорциумның әр қатысушысы осы Қағидалардың 41-тармағының 2), 3), 4) және 13) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады, сондай-ақ, консорциумның әр қатысушысының бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсетумен, заңды тұлғалардың уақытша бірлестігіне (консорциум) енетін заңды тұлғалардың уәкілетті өкілдерімен қол қойылған және осы заңды тұлғалардың фирмалық мөрлерімен (бар болған жағдайда) бекітілген бірлескен шаруашылық қызметі туралы шарттың электрондық көшірмесі.";
49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"49. Әлеуетті жеткізуші ашық конкурстың бірнеше лотына қатысқан жағдайда осы Қағидалардың 41-тармағының 1), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 14), 15), 16) тармақшаларында көзделген құжаттар және конкурстық баға ұсынысы ашық конкурстың әр лоты үшін жеке ұсынылады.";
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"65. Конкурстық комиссия мынадай негіздер бойынша:
1) осы Қағидалардың 41 және (немесе) 42-тармақтарында, сондай-ақ әлеуетті жеткізушімен конкурстық өтінімді қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банктерінің банк кепілдігі түрінде енгізу тәсілін таңдау кезде осы Қағидалардың 43-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса немесе конкурстық құжаттаманың талаптарын бұзумен ұсынылса;
2) конкурстық өтінім файлды ашудағы қатемен ұсынылған ақпаратты қамтыса;
3) конкурстық өтінім осы Қағидалардың 39-тармағының нормаларын бұзумен ұсынылған немесе ресімделген құжаттарды қамтыса;
4) төлем мерзімі Салық кодексіне сәйкес ұзартылған жағдайларды қоспағанда, тиісті салық органының анықтамасында бір теңге және одан артық мөлшердегі берешек туралы мәліметтердің бар болуы;
5) банк немесе банк филиалының қолы және мөрі қойылған анықтаманың электрондық көшірмесінде әлеуетті жеткізуші міндеттемелерінің кемінде бір түрі бойынша осы анықтама берілген күн алдындағы үш айдан артық мерзімі өткен берешегінің болуы;
6) Қағидалардың 11-тармағында көзделген ашық конкурсқа қатысумен байланысты шектеулер болса.
Конкурстық комиссия банкроттық рәсімдердің өткізілуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органының интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды;
7) әлеуетті жеткізуші конкурстық құжаттаманың техникалық ерекшелігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынса;
8) әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген (0-ден 100-ге дейін) ұсынылатын ТЖҚ жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелер конкурстық құжаттамада көрсетілген жергілікті қамту бойынша талап етілетін көрсеткіштерден кем болса;
9) күмәнді ақпаратты ұсыну фактісі анықталса;
10) әлеуетті жеткізуші (консорциум қатысушылары) және (немесе) ол тартатын мердігер және (немесе) оның басшысы, құрылтайшылар (акционерлер) лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте енгізілсе конкурстық өтінімді қабылдамайды және әлеуетті жеткізушіні ашық конкурсқа қатысуға жібермейді.
Тапсырыс беруші мен мыналар:
1) осы конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілер, заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктерінің (консорциумдардың) қатысушылары;
2) қатысушысы, акционері немесе басшысы конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілерді, заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктерін (консорциумдарды) басқарумен, құрумен, жарғылық капиталына қатысумен байланысты конкурстық өтінімдер ұсынған заңды тұлғалар арасында бұрын жасалған ТЖҚ сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамау немесе тиісті түрде орындамау фактісін растайтын сот шешімі күшіне енген сәттен бастап жиырма төрт айдың ішінде олардың конкурстық өтінімдерін қабылдамауға жол беріледі.
Тапсырыс берушіде ресми көпшілікке қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған олардың меншік иелері осы ақпаратты заңды негізде орналастыруға уәкілетті, соған сәйкес әлеуетті жеткізуші (консорциум қатысушылары), оның құрылтайшылары, акционерлері немесе құрылтайшы қатысушылары немесе басқаруға және (немесе) әлеуетті жеткізушінің (консорциум қатысушылары) жарғылық капиталына жанама қатысатын өзге тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың заңды күшіне енген үкімі шыққан және (немесе) оларға қатысты Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық және өңірлік ұйымдар, сондай-ақ, Қазақстан Республикасымен заңды және (немесе) іс жүзінде мойындалған елдер тарапынан саяси және (немесе) экономикалық сипаттағы шектеу шаралары енгізілгенін растайтын ақпарат болған жағдайда, конкурстық өтінімді қабылдамауға жол беріледі,.
Конкурстық өтінімдерді осы тармақта көзделмеген негіздер бойынша қабылдамауға жол берілмейді.
Тапсырыс беруші конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасында әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімін қабылдамау үшін негіз болып табылған себептерді түсіндіре және құжаттарды көрсете отырып, осы тармақта көрсетілген конкурстық өтінімдерді қабылдамауға негіздерді көрсетеді.
Конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасына мынадай:
осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген негіз бойынша күмәнді ақпарат ұсынуының фактісін растайтын, әлеуетті жеткізуші ұсынған ақпарат авторының ресми хаттары;
осы тармақтың 10) тармақшасында көзделген негіз бойынша әлеуетті жеткізушіні (консорциум қатысушылары) және (немесе) ол тартатын мердігерді және (немесе) олардың басшысын, құрылтайшыларды (акционерлерді) лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізу фактін растайтын;
осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген негіз бойынша заңды тұлғалар арасында бұрын жасалған ТЖҚ сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамау немесе тиісті түрде орындамау фактісін растайтын заңды күшіне енген сот шешімі;
осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген негізде әлеуетті жеткізуші (консорциум қатысушылары), оның құрылтайшылары, акционерлері немесе құрылтайшы қатысушылары немесе басқаруға және (немесе) әлеуетті жеткізушінің (консорциум қатысушылары) жарғылық капиталына жанама қатысатын өзге тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың заңды күшіне енген үкімі және (немесе) оларға қатысты шектеу шаралары енгізілгенін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.";
81-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"81. Ашық конкурс өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) қайтадан ашық конкурс өткізу туралы. Бұл ретте, қайтадан ашық конкурс өткізу кезінде ТЖҚ сатып алу рәсімдері осы Қағидалардың 35-тармағының бірінші бөлімінде және 32, 33-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ашық конкурс өткізу рәсімдеріне сәйкес келеді. Сонымен бірге, қайтадан ашық конкурс өткізу саны шектелмейді;";
2) бір көзден алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу туралы.";
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"83. Тізілімнің (жүйенің) ашық бөлігінде қорытынды шығару хаттамасына қол қойылған және орналастырылған күннен кешіктірмей, тізілімде (жүйеде) автоматты түрде хабарлама жасалады, ол конкурстық құжаттамада көрсетілген тапсырыс берушінің мекенжайына жеңімпаз конкурстық құжаттама құрамында ұсынған құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариус куәландырған көшірмелерін, ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қоюға уәкілеттік берілген тұлғаға берілген сенімхаттың түпнұсқасын (егер ТЖҚ сатып алу туралы шартқа бірінші басшы қол қоймаған жағдайда) қоса беріп, қол қойылған ТЖҚ сатып алу туралы шартты жіберуіне арналған мерзіммен жеңімпаздың электрондық мекенжайына жіберіледі.";
84-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"84. Өткен ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) қорытындысы бойынша бір көзден алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу мына жағдайларда өткізіледі:
1) ашық конкурс, қайтадан ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурс (электрондық сауда-саттық):
әлеуетті жеткізушілер конкурстық өтінімдерді ұсынбағандықтан;
әлеуетті жеткізушілердің барлық конкурстық өтінімдері немесе барлық конкурстық баға ұсыныстары ашық конкурс, қайтадан ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) талаптарына сәйкес келмейтіндер ретінде қабылданбағандықтан, өтпеді деп танылса;
2) жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті жеткізуші және конкурстық баға ұсынысы ашық конкурс, қайтадан ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) (болған кезде) жеңімпазының конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізуші хабарландыруда белгіленген мерзімде ТЖҚ сатып алу туралы шартты ұсынбаса немесе ТЖҚ сатып алу туралы шарттың ережелері шарт жобасына және (немесе) конкурстық баға ұсынысы жеңімпаздың конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтініміне сәйкес келмесе;
3) ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қоса берілетін құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариус куәландырған көшірмелері ашық конкурсқа, қайтадан ашық конкурсқа, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатысу үшін ұсынылған құжаттардың электрондық көшірмелерімен салыстырып тексеру рәсімінен өтпесе немесе құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариус куәландырған көшірмелері ұсынылмаса;
4) жеңімпаз және конкурстық баға ұсынысы ашық конкурс, қайтадан ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) (болған кезде) жеңімпазының конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізуші ТЖҚ сатып алу туралы шарт жасасып, ТЖҚ сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу конкурстық құжаттамада көзделген жағдайда оларды енгізу туралы конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарды орындамаса.";
85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"85. ТЖҚ бір көзден алу тәсілімен сатып алу мына тізбе бойынша жүзеге асырылады:
1) жол сапарларында кідірмей қалпына келтіруді талап ететін сынықтар пайда болғанда, механизмдер, агрегаттар, шығын материалдары істен шыққан кезде;
2) өндіру кезеңінде Қазақстан Респбликасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды сатып алу;
3) төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және (немесе) жою, аварияларды жою үшін ТЖҚ сатып алу;
4) істен шығуы барлық өндірістік циклдің тоқтауына әкелетін жабдықтардың, механизмдердің, агрегаттардың, шығын материалдарының істен шығуы жағдайларында ТЖҚ сатып алу;
5) сатып алынатын ТЖҚ-ға қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын ТЖҚ сатып алу;
6) тапсырыс беруші жасалған оффтейк-шартты оның жасалған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей тізілімге енгізу шартымен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы №874 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде жасалған оффтейк-шарттардың шеңберінде шығарылған тауарларды сатып алу;
7) өндірістік қуаттары қалдықтарды олардың түзілу көзінен барынша аз тасымалдауды қамтамасыз ететін, шаруашылық қызмет процесінде әлеуетті жеткізушіде түзілетін қалдықтарды қайта өңдеу және (немесе) алып тастау және (немесе) орналастыру және (немесе) тасымалдау және (немесе) кәдеге жарату жұмыстарын сатып алу;
8) моноқалаларда тіркелген жалғыз қала қалыптастырушы кәсіпорын ретінде тапсырыс берушінің кәсіпорны болып табылатын қазақстандық ТЖҚ өндірушілерінен ТЖҚ сатып алу.
Тауарды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) орны моноқала немесе жер қойнауын пайдалану туралы лицензияда (келісімшартта) көрсетілген тапсырыс берушінің кен орны орналасқан моноқалаға жақын аудан шекарасындағы аумақ болып табылады;
9) қандай да бір жеткізушіден ТЖҚ-ны сатып алған тапсырыс берушінің қолда бар ТЖҚ-мен үйлесімділігін біріздендіру, стандарттау немесе қамтамасыз ету мақсатында дәл сол жеткізушіден ТЖҚ-ны сатып алудың қажеттілігі туындаса;
10) жер қойнауын пайдаланушылар үшін экономикалық орындылығы болған кезде қазақстанда шығарылған тауарлар;
11) жобалық жұмыстар мен көрсетілген қызметтер;
12) жабдықтың, көлік құралының белгілі бір моделіне қосалқы бөлшектерді (жиынтықтауыш құралдар) оларды өндірушілерден немесе ресми өкілдерден (дилер, дистрибьютор) сатып алу.";
86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"86. Осы Қағидалардың 84-тамағына сәйкес бір көзден алу тәсілімен ТЖҚ сатып алынған жағдайда, ТЖҚ сатып алудың шарттары өтпеген ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес болуы тиіс.";
88-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"88. Бір көзден алу тәсілімен біртекті болып табылмайтын ТЖҚ сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушіге қорытынды шығару хаттамасында мұндай ТЖҚ міндетті түрде лоттарға бөле отырып, көрсетілген тәсілмен бірыңғай ТЖҚ сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге жол беріледі.
Бір көзден алу тәсілімен біртекті ТЖҚ бірнеше түрін сатып алу бір лотпен жүзеге асырылады.
Осы Қағидалардың 85-тармағына сәйкес жабдықтың, көлік құралының белгілі бір моделіне қосалқы бөлшектерді (жиынтықтауыш құралдарды) бір лотпен сатып алуға жол беріледі.
Біртекті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жер қойнауын пайдалануға арналған бірнеше лицензияның (келісімшарттың) шеңберінде бір көзден алу тәсілімен сатып алуды тапсырыс беруші лицензиялар (келісімшарттар) бойынша сатып алынатын ТЖҚ көлемдерінің үлестірілуін міндетті түрде көрсете отырып жүзеге асырады.";
99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Конкурстық комиссия бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсты (электрондық сауда-саттық) мына жағдайларда өтпеген деп таниды:
1) ұсынылған конкурстық өтінімдердің немесе конкурстық баға ұсыныстарының болмауына байланысты;
2) әлеуетті жеткізушілердің барлық конкурстық өтінімдері немесе барлық конкурстық баға ұсыныстары бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) талаптарына сәйкес келмейтіндер ретінде қабылданбаған жағдайда.";
100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"100. Бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурсты (электрондық сауда-саттық) өткізу туралы. Бұл ретте, бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурсты (электрондық сауда-саттық) өткізу кезінде ТЖҚ сатып алу рәсімдері осы Қағидалардың 35-тармағының бірінші бөлімінде және 32, 33-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) өткізу рәсімдеріне сәйкес келеді. Сонымен бірге, бағаны төмендетуге қайтадан өткізілетін ашық конкурстар (электрондық сауда-саттық) саны шектелмейді;
2) бір көзден алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу туралы.";
102-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"102. Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша шешім конкурстық баға ұсыныстарын ұсынған соңғы күннен кешіктірмей тізілімнің (жүйенің) ашық бөлігінде тапсырыс берушінің тізілімде (жүйеде) ақпарат қалыптастыруға және орналастыруға уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тәсілімен ТЖҚ сатып алудың қорытындысын шығару хаттамасы түрінде қалыптастырылады және орналастырылады.
Тізілімнің (жүйенің) ашық бөлігінде қорытынды шығару хаттамасына қол қойылған және орналастырылған күннен кешіктірмей, тізілімде (жүйеде) автоматты түрде хабарлама жасалады, ол конкурстық құжаттамада көрсетілген тапсырыс берушінің мекенжайына жеңімпаз конкурстық құжаттама құрамында ұсынған құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариус куәландырған көшірмелерін, ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қоюға уәкілеттік берілген тұлғаға берілген сенімхаттың түпнұсқасын (егер шартқа бірінші басшы қол қоймаған жағдайда) қоса бере отырып, қол қойылған ТЖҚ сатып алу туралы шартты жіберуіне арналған мерзіммен жеңімпаздың электрондық мекенжайына жіберіледі.";
113-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"113. Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 3) тармақшаларында және 84-тармағында көрсетілген тәсілдермен ТЖҚ сатып алу кезінде ТЖҚ сатып алу туралы шарт конкурстық құжаттамадағы ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасына және жеңімпаздың конкурстық өтініміне сәйкес жасалады.
114-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"114. ТЖҚ сатып алу туралы шарт ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы ҚҚС төлеушісі болып табылмаған немесе жеткізілетін тауарға, орындалатын жұмысқа, көрсетілетін қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ҚҚС салынбаған жағдайларды қоспағанда, ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы ұсынған, оған ҚҚС есептелген бағаны қамтуға тиіс.";
115-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"115. Ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы осы Қағидалардың 82, 101-тармақтарында белгіленген тәртіппен, қорытынды шығару хаттамасына қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қояды және оны жеңімпаз конкурстық өтінім құрамында ұсынған құжаттардың түпнұсқаларын және нотариус куәландырған көшірмелерін, ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қоюға уәкілеттік берілген тұлғаға берілген сенімхаттың түпнұсқасын (шартқа бірінші басшы қол қоймаған жағдайда) қоса бере отырып, оны конкурстық құжаттамада көрсетілген тапсырыс берушінің мекенжайына жолдайды.
Әлеуетті жеткізуші ашық конкурсқа, қайтадан ашық конкурсқа, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатысу үшін ұсынылған құжаттардың электрондық көшірмелерімен салыстырып тексеру рәсімінен өту үшін конкурстық құжаттамада және осы Қағидалардың 41-тармағында көзделмеген қосымша құжаттарды ұсынбайды.
Салыстырып тексеру рәсімінен өту үшін түпнұсқа құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде конкурстық өтінім құрамында ұсынылған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін ұсынуға жол беріледі.
Тапсырыс беруші әлеуетті жеткізушімен салыстырып тексеру рәсімінен өту үшін ұсынылған құжаттарды қайтармайды.
Тапсырыс беруші ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазына шартты жасасудан (орындаудан) бас тартуды қамтитын, осындай бас тартуға негіз болған себептерді түсіндіре отырып, хабарлама жібереді, егер ашық конкурстың, қайтадан ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы болып танылған әлеуетті жеткізуші:
хабарламада белгіленген мерзімде ТЖҚ сатып алу туралы шартты ұсынбаса немесе ТЖҚ сатып алу туралы шарттың ережелері ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасының және (немесе) жеңімпаздың конкурстық өтінімінің талаптарына сәйкес келмесе;
ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қоса берілетін, ашық конкурсқа, қайтадан ашық конкурсқа, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатысу үшін ұсынылған құжаттардың электрондық көшірмелерімен салыстырып тексеру рәсімінен өтпеген құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариус куәландырған көшірмелерін ұсынса немесе құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариус куәландырған көшірмелері ұсынылмаса;
ТЖҚ сатып алу туралы шартты жасасып, конкурстық құжаттамада ТЖҚ сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді (егер шарттың орындалуын қамтамасыз ету конкурстық құжаттамада көзделген болса) енгізу туралы белгіленген талаптарды орындамаса).";
117-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"117. Ашық конкурс, қайтадан ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық), бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тәсілімен ТЖҚ сатып алу туралы шарт қорытынды шығару хаттамасында көрсетілген, бірақ қорытынды туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жасалады. Тараптардың келісімі бойынша осы тармақта көрсетілген мерзімді қысқартуға жол беріледі.
Егер ТЖҚ сатып алу бірнеше лот бойынша өткізілсе, ТЖҚ сатып алу туралы шарттардың жобаларын тапсырыс беруші әрбір лотқа жеке жасайды.
Әлеуетті жеткізуші бірнеше лот бойынша жеңімпаз болып танылған жағдайда, лоттарды жекелеген техникалық ерекшеліктерге лоттар бойынша міндетті түрде бөле отырып, ТЖҚ сатып алу туралы бірыңғай шарт жасауға жол беріледі (әрбір лотқа бөлек ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қосымшалар).";
119-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"119. ТЖҚ сатып алу туралы шарт:
1) жұмыстарды орындауға арналған шартты орындаған кезде осы Қағидаларды сақтау бойынша мердігердің міндеттемесін;
2) жұмыстарды орындауға арналған шартты орындаған кезде осы Қағидаларды сақтамағаны үшін мердігердің жауапкершілігін;
3) ТЖҚ сатып алудың қорытындыларын шығару хаттамасына сәйкес ТЖҚ жергілікті қамту бойынша жеткізушінің міндеттемесін;
4) ТЖҚ сатып алудың қорытындыларын шығару хаттамасына сәйкес ТЖҚ жергілікті қамту бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін жеткізушінің жауапкершілігін;
5) жеткізілген тауар (орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер) үшін төлем туралы талапты;
Бұл ретте, қазақстандық тауар өндірушілерге қазақстанда шығарылған тауар жеткізгені үшін төлем тауарларды қабылдау-тапсыру актілеріне қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей жүргізіледі;
6) тапсырыс берушінің тауарларды (көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды) қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюы туралы талапты немесе тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер қабылданбаса, шарт талаптарының бұзушылықтарын тапсырыс беруші актілерді алған мезеттен бастап он жұмыс күні ішінде жою туралы талап қою.
Сатып алынатын тауар қазақстанда шығарылған жағдайда ТЖҚ сатып алу туралы шарт тапсырыс берушінің осындай тауарларды қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюы туралы талаптан тұруы немесе тауар қабылданбаса, шарт талаптарының бұзушылықтарын тапсырыс беруші тауар-көлік жүкқұжатына (жүкқұжатқа) қол қойған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жою туралы талап қоюы тиіс.
Сонымен қатар, қазақстанда шығарылғандығын растайтын құжаттарды қоса берумен тауарларды қабылдау-тапсыру актілері тапсырыс берушіге тауар-көлік жүкқұжатына (жүкқұжатқа) тапсырыс беруші қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылады. Тапсырыс беруші тауар-көлік жүкқұжатына (жүкқұжатқа) қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тауарларды қабылдау-тапсыру актілері тапсырыс берушіге ұсынылмаған жағдайда қабылдау-тапсыру актілеріне тапсырыс берушіге нақты ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қол қойылады;
7) конкурстық құжаттамада көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді қамтиды.
121-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"121. ТЖҚ сатып алу туралы туралы шарт жобасына өзгерістер тараптардың өзара келісімі бойынша елеулі болып табылмайтын шарт талаптары, сондай-ақ әлеуетті жеткізуші жеңімпаз болып айқындалған күннен ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қойылған күнге дейінгі кезеңде ұлттық валюта (теңге) девальвацияға (ревальвацияға) ұшыраған жағдайда, ТЖҚ бағасының және сәйкесінше ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасы сомасының өзгеруі бөлігінде енгізіледі.
Егер әлеуетті жеткізуші жеңімпаз болып айқындалған күннен ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қойылған күнге дейінгі кезеңде теңгенің шетел валютасына қатысты ресми бағамы өзгерсе, тапсырыс беруші мен әлеуетті жеткізуші өзара келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ТЖҚ сатып алу туралы шартқа қол қойылған күнге белгілеген шетел валютасының теңгеге қатысты ағымдағы бағамы бойынша төлеуге жататын соманы мөлшерлей отырып қайта есептейді.
Бұл ретте жеткізуші растайтын құжаттарды қоса берумен, өндіріс шығыстарының толық калькуляциясын және (немесе) тауарлар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шығыстарының артуына немесе қысқаруына әсер ететін факторларды көрсете отырып, ТЖҚ сатып алу туралы шарт жобасының бағасын арттыру немесе азайту қажеттілігінің негіздемесін тапсырыс берушіге ұсынады.";
122-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"122. ТЖҚ сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерістер енгізу жеткізушіні таңдау үшін негіз болған, сапасы мен басқа талаптарының тұрақтылығы жағдайында тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады:
1) осы тауарды сатып алу туралы жасалған шартта көрсетілген тауар бірлігі үшін бағаның өзгермеуі шартымен сатып алынатын тауар көлеміндегі қажеттіліктің артуына байланысты, шарттың жалпы сомасының он пайызынан аспайтын мөлшерге шарт сомасын ұлғайту бөлігінде;
2) сатып алынатын жұмыстар, қызметтер көлеміндегі қажеттіліктің артуына байланысты, шарттың жалпы сомасының он пайызынан аспайтын мөлшерге шарт сомасын ұлғайту бөлігінде;
3) ТЖҚ сатып алу туралы шарт жасалған күннен кейін ұлттық валюта (теңге) девальвацияға (ревальвацияға) ұшыраған жағдайда тараптардың келісімі бойынша ТЖҚ сатып алу туралы шарттың бағасын өзгерту бөлігінде.
Егер ТЖҚ сатып алу туралы шарт бойынша төлем жүргізілген сәтте теңгенің шетел валютасына қатысты ресми бағамы өзгерсе, тапсырыс беруші мен жеткізуші өзара келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі төлем күніне белгілеген шетел валютасының теңгеге қатысты ағымдағы бағамы бойынша төлеуге жататын соманы мөлшерлей отырып қайта есептейді.
Бұл ретте жеткізуші растайтын құжаттарды қоса берумен, өндіріс шығыстарының толық калькуляциясын және (немесе) тауарлар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шығыстарының артуына немесе қысқаруына әсер ететін факторларды көрсете отырып, ТЖҚ сатып алу туралы шарттың бағасын арттыру немесе азайту қажеттілігінің негіздемесін тапсырыс берушіге ұсынады;
4) ТЖҚ сатып алу туралы шарт бағасы бойынша талаптарды қоспағанда елеулі болып табылмайтын талаптар бөлігінде;
5) тауар (тауарлар) уақтылы жеткізілмеген, жұмыс (жұмыстар) уақтылы орындалмаған, қызмет (қызметтер) уақтылы көрсетілмеген жағдайда, қолданыстағы валюталық реттеу туралы заңнаманың талаптарына негізделген Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын ТЖҚ жеткізушісімен жасасқан шарттың қолданылу мерзімін өзгерту бөлігінде;
6) сатып алынатын тауардың өндірісіне қажетті қазақстандық өндіруші шығарған тауарды жеткізу мерзімін арттыруға бөлігінде;
7) тауарды өндіру үшін қажетті шикізат және (немесе) толымдаушы бұйымдар бағасының айтарлықтай өзгеруінен туындаған тауар бағасының, сондай-ақ тауар бағасының белгіленуіне әсер ететін тарифтердің азаюы немесе артуы салдарынан, қазақстандық өндірушімен жасалған тауарды жеткізуге арналған шарт сомасын азайту немесе арттыру бөлігінде;
8) табиғи монополия субъектілерімен немесе мемлекеттік монополия субъектілерімен олардың қызметінің негізгі нысанасы бойынша;
9) лизингтік төлемдер, сыйақы жарнасы мөлшерінің өзгеруіне, шарт сомасының индекстелуіне байланысты қаржылық лизинг шартының сомасын өзгерту бөлігінде;
10) бір қаржылық жылдан артық мерзімге жасалған ТЖҚ сатып алу туралы шарт бағасын тиісті кезеңге белгіленген инфляция деңгейін ескере отырып, өзгерту бөлігінде;
11) ТЖҚ сатып алу туралы шарт бағасын қалыптастыру тәртібін қолданған жағдайда ТЖҚ сатып алу туралы шарт бағасын өзгерту бөлігінде;
12) сатып алынатын ТЖҚ көлемінде қажеттілікті, сондай-ақ тауар бірлігі, жұмыстар (қызметтер) орындау (көрсету) бағасын азайтуға байланысты шарт бағасын азайту бөлігінде.
Сатып алынатын ТЖҚ көлемінде қажеттілікті азайтуға байланысты шарт бағасын азайту бөлігінде ТЖҚ сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерістер енгізу кезінде ағымдағы қаржы жылында осындай ТЖҚ сатып алуға жол берілмейді.";
Осы Қағидаларға 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы Бұйрық қолданысқа енгізілгенге дейін басталған (жарияланған) қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға арналған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсімдері ТЖҚ сатып алу туралы хабарландыру жарияланған күні қолданыста болған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 17, 19, 35, 81, 84, 86, 100, 114. 115, 117-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
Р. Скляр |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөнінде операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын ТЖҚ тізбесі
Кодекстің 213-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларының нормаларын қолданбай мыналар сатып алынады:
1) еңбек шарттары бойынша жеке тұлғалар немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалар өтеулі қызмет көрсету шарттары бойынша көрсететін қызмет;
2) мүшелік жарналарды (салымдарды) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына;
3) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акциялардың пакеттері (қатысу үлестері);
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялардың негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын банк операцияларын жүргізумен байланысты, оның ішінде банктің үзінді көшірмелерін алумен байланысты қаржы қызметтері;
5) коммуналдық қызметтердің қызметі;
6) іссапар шығындарын өтеу;
7) өкілдік шығындармен байланысты ТЖҚ;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелердің қызметі;
9) соттардағы, төреліктердегі және аралық соттардағы дауларды шешумен байланысты алымдарды, басқа шығыстарды төлеу;
10) қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі қызмет;
11) мүлікті сенімгерлікпен басқару қызметі:
12) жылжымайтын мүлікті жалға алу қызметі;
13) табиғи монополия субъектілерінен реттелмелі ТЖҚ;
14) мемлекеттік монополия субъектісінен оның қызметінің негізгі мәні бойынша ТЖҚ;
15) медициналық қызметтер;
16) мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестіктермен құрылған және сатып алынатын ТЖҚ шығаратын ұйымдардан ТЖҚ;
17) көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдары, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу;
18) қағаздағы және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мерзімді баспасөз басылымдары, ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру жөніндегі қызмет, сондай-ақ интернет-ресурстарда, дыбыстандырылған кітаптарда шығарылған, әр түрлі магниттік жеткізгіштерде, рельефтік-нүктелік шрифтімен басылған кітаптарда орналастырылған ақпаратты ұсыну жөніндегі қызмет;
19) жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлерінің, олардың балаларының, зейнеткерлерінің, жер қойнауын пайдаланушының есебінде тұрғандардың демалысын, емделуін ұйымдастырумен байланысты қызмет (демалу, емделу орындарына дейін тасымалдауды және алып жүруді қоса);
20) рейтингтік агенттіктердің қызметі, қаржы қызметі;
21) мамандырылған кітапханалардың қызметі;
22) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатылатын мүлік (активтер);
23) Тізілім жұмысымен синхрондалған электрондық сатып алу жүйесін пайдалану қызметі;
24) азық-түлік және (немесе) тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі;
25) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды (келісімшартты) орындау кезінде тартылған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қызметкерлерді оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық (келісімшарттық) міндеттемелерін орындау, немесе Қазақстан Республикасының азаматтарын аса қажетті мамандықтар тізбесі бойынша оқыту үшін білім беру мекемелерінің қызметі;
26) дәрілік заттар;
27) нотариалдық қызметтер және жеке адвокаттардың қызметтері;
28) телефон және ұялы байланыс, интернетке қосылу қызметі;
29) уәкілетті орган құрған пайдалы қазбалар кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссиясының тізімінде тұратын тәуелсіз сарапшылардың жобалық құжаттаманы сараптау бойынша қызметі;
30) авторлық қадағалау қызметі;
31) жылдық көлемі құндық тұлғада тиісті қаржы жылына белгіленген бес жүз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ТЖҚ;
32) хат алысу және қағаз құжаттаманы ресімдеу үшін пайдаланылатын бұйымдар мен керек-жарақтарды қамтитын кеңсе тауарлары;
33) тапсырыс берушінің шаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы тауарлар (бөлмелерді тазалықта ұстау, кір жуу, тамақ дайындау және бөлмелерді шағын жөндеу);
34) бөтен жер учаскесін шектеулі түрде мақсатты пайдалану құқығы (сервитут).
35) теңгеруші нарықтағы электр энергиясы, электр энергиясын қоюшы компания қызметі;
36) Кодекстің 6-бабына сәйкес жер қойнауын пайдланушы операторды тартқан жағдайда, оның ақылы қызметтерін сатып алу;
37) осы Қағидаларға сәйкес қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының (мердігердің) атынан ТЖҚ сатып алуды жүзеге асыру бойынша жеке немесе заңды тұлғаның қызметі;
38) банктер немесе ұйымдар болып табылмайтын, Қазақстан Респуликасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялардың негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардан ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен қарыз алу;
39) жылдық бөлінген сомасы жүз мың еселік АЕК аспайтын мердігерлердің ТЖҚ;
40) мүлікті лизингке беру бойынша қызмет;
41) жер қойнауын пайдаланушыда тиісті тауардың сатып алынған бағасынан аспайтын бағадағы тауар.
Аббревиатуралардың толық жазылуы:
Кодекс – "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі;
ТЖҚ – тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер;
АЕК – айлық есептік көрсеткіш.