БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 227 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10813 болып тіркелген, 2015 жылы 5 мамырда "Әділет" ақпараттық-ұқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидасында:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган Есепке алу қағидаларында айқындалған тәртіппен мүлік есепке қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мүлік жөніндегі деректерді тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Егер мүлік үлестік меншікте болған жағдайда, тізілімге тек жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік үлесі ғана енгізіледі.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Мүлікті одан әрі пайдалану, оның ішінде өткізу немесе беру үшін бағалау Есепке алу қағидаларында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мүлікті есепке қабылдағаннан кейін мүлікті бағалауды жүргізеді.
Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мүлікті бағалау туралы есептерді алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мүліктің құны жөніндегі деректерді тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Мүлікті одан әрі пайдалану туралы шешімді уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
Мүліктің мынадай түрлерін: бағалы қағаздарды, шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін, қара және түсті металдардың сынықтарын, шикі мұнайды, жануарларды, жануарлардан алынатын шикізаттарды, алкоголь өнімін, темекі және темекі өнімдерін, сондай-ақ жойылуға жататын немесе үлестік меншіктегі мүлікті қоспағанда, тізілімге енгізілетін мүлік оны сатуға дейін веб-портал арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға, оның ішінде әлеуметтік қызмет субъектілеріне олардың теңгеріміне беру үшін ұсынылуға жатады.
Мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынғанға дейін уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган тізілімге мынадай құжаттардың:
1) мүліктің құнын бағалау туралы есептің;
2) жекелеген файлдармен енгізілетін мүліктің әрбір түрі бойынша суреттердің, ал жылжымайтын мүлік пен көлік құралы үшін әртүрлі жағынан түсірілген кемінде бес суреттің электрондық көшірмелерін тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Үлес меншігіндегі мүлікті сатушы сауда-саттыққа шығару алдында нарықтық құны бойынша үлес меншігінің қалған қатысушыларына ұсынады.
Мұндай қатысушылар сатушы жазбаша ұсынысты жіберген күннен бастап бір ай ішінде жылжымайтын мүлікті, он жұмыс күні ішінде өзге мүлікті сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда мүліктің осы үлесі сауда-саттыққа шығарылады.";
7-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) өтініштерді қарау нәтижелері туралы комиссия шешімі әрбір өтініш бойынша дауыс беру арқылы өтініштерді ашу күнінде қабылданады және өтініштер берген барлық мемлекеттік заңды тұлғалардың электрондық почтасына автоматты хабарлаумен комиссия хатшысы ЭЦҚ пайдалана отырып, хаттамаға қол қою уақытынан бастап тізілімнің веб-порталында жарияланады.
Мүлікті алуға ниет білдірген мемлекеттік заңды тұлғалардан бірнеше өтінім болған жағдайда бірінші өтініш берген мемлекеттік заңды тұлға басымдыққа ие болады.
Егер өтінішті бірінші болып берген мемлекеттік заңды тұлға қажеттіліктері қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік артық болып қалса, онда уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган оны келесі өтініш берушілерге ұсынады;";
7-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда, он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган:
мүлікті мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне (мемлекеттік меншіктің бір түрінің шегінде) бекіту туралы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларында (бұдан әрі – № 616 қағидалар) белгіленген тәртіппен мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру туралы шешімді қабылдайды.
№ 616 қағидаларда көзделген уәкілетті органның мекенжайына облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиісті жергілікті атқарушы органының мекенжайына уәкілетті органның келісімі көрсетілген мерзімде ұсынылмаған кезде мүлік сауда-саттыққа шығарылады.
Қабылдаушы тарап мүлікті қабылдап алу-беру актісіне уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қол қояды;";
мынадай мазмұндағы 18-1 және 18-2-тармақтармен толықтырылсын:
"18-1. Алкоголь өнімін өткізу ол "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы кодексінің, "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі және "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы заңдарының талаптарына сәйкес келетін, сондай-ақ сапа және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкестігі туралы сараптама (зертханалық сынау, зерттеу) қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.
Мұнай өнімдерін өткізу немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне беру мен бекіту олар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы кодексінің, "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы және "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі заңдарының талаптарына сәйкес келетін, сондай-ақ сапа және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкестігі туралы сараптама (зертханалық сынау, зерттеу) қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.
Аталған мүліктің сараптамасы (зертханалық сынау, зерттеу) сотқа дейінгі іс жүргізу және сот талқылауы сатысында жүргізілмеген, сондай-ақ егер оны жүргізу бойынша шығындар бағалау құнынан аспайтын жағдайларда, уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган оны жүргізуді қамтамасыз етеді.
18-2. Республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүліктің сараптамасы (зертханалық сынау, зерттеу) бойынша жұмысты ұйымдастыруды уәкілетті орган жүргізеді.
Коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мүліктің сараптамасы (зертханалық сынау, зерттеу) бойынша жұмысты ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
Мүліктің сараптамасы (зертханалық сынау, зерттеу) бойынша қызметтерді жеткізушіні таңдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді. Аукцион мүліктің бастапқы бағасын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша басталады.
Аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбіден бастап жұма аралығында аукцион залында өтеді. Аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірілмей басталады.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары- Қаржы министрі |
А. Смаилов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі