"Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 928 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы № 601-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 қарашада № 25294 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 928 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18080 болып тіркелді) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Біліктілік курстарын өткізу мерзімі мыналардан кем болмауы тиіс:

      1) бір апта (қырық академиялық сағат) – өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша;

      2) екі апта (сексен академиялық сағат) – өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында кадрларды қайта даярлау бойынша.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Оқытудың қорытындысы бойынша білімді бақылауды біліктілік курсындағы оқыту бағдарламасының пәндеріне сәйкес, құрамына кем дегенде бес жыл жұмыс өтілімі бар өлшем бірлігін қамтамасыз ету және метрология саласындағы мамандар, сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар кіретін ұйымның емтихан комиссиялары жүзеге асырады.

      Білімді бағалау тестілеу түрінде жүзеге асырылады.

      Білімді бақылау тестілеудің жалпы сұрақ санынан кемінде елу пайыз мөлшерінде дұрыс жауап жинаған кезде оң нәтижелі болып бағаланады.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Білімді бақылау нәтижелері теріс болған жағдайда тыңдаушыға оқу курсын тыңдағаны туралы анықтама беріледі.

      Білімді қайта бақылау тестілеу тапсырған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң жүргізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады