"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі № 307/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 9 қыркүйекте № 29478 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) мынадай өзгертулер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларында:

      1, 2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе (бұдан әрі – АЖ) – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсететін персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      3) ақпараттандыру объектілерін ықпалдастыру – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

      4) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ақпараттандыру және "электрондық үкімет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) ашық деректерді ұсыну жөніндегі сервис – ақпараттандыру объектілері арасында бір жақты тәртіппен деректерді беру тәсілі;

      6) веб-сервистердің қауіпсіздігі (WebServiceSecurity) (бұдан әрі – WSSecurity) – SOAP веб-сервистері арасында хабар алмасу кезінде қауіпсіздік функцияларын қолдану стандарты. Таратылған жүйелер (REST) үшін бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасының стилін қолданған кезде сервис қауіпсіздігі HTTPs қауіпсіздік шаралары және пайдаланушыларды аутентификациялау арқылы қамтамасыз етіледі;

      7) дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік бақылау сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен және уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;

      8) Деффи-Хеллман хаттамасы – тыңдаудан қорғалмаған байланыс арнасында бірнеше жария және жеке кілттердің жұбын пайдалана отырып екі және одан да көп тараптарға алдын ала келісілген ортақ құпия кілтпен алмасуға мүмкіндік беретін криптографиялық хаттама;

      9) жария Peer IP-мекен – ақпараттандыру объектісінің бастамашысы және/немесе иесі жағында VPN туннельді терминациялайтын және Интернет желісінде пайдаланылатын құрылғының бірегей IP-мекенжайы;

      10) интеграциялық сервис – ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәсілі;

      11) интеграциялық сервистің бастамашысы – интеграциялық сервисті ұсынуға сұрау салуға бастамашылық жасайтын ақпараттандыру объектісінің иесі;

      12) интеграциялық сервистің иесі (бұдан әрі – сервис иесі) – интеграциялық сервисті ұсынатын "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісінің меншік иесі немесе иесі;

      13) кеңейтілетін таңба тілі (eXtensible Markup Language) (бұдан әрі – XML) – құрылымдық және машинамен оқылатын форматта деректерді сақтау және беру үшін пайдаланылатын кеңейтілетін таңба тілі;

      14) клиент-коннектор – ақпараттандыру объектісінің бастамашысына ЭҮШ, ЭҮСШ, форматтарын қолдаумен ЭҮШ, ЭҮСШ-те орналастырылған интеграциялық сервиске қосылу нүктесін генерациялау мүмкіндігін беретін бағдарламалық қамтамасыз ету;

      15) көліктік қолтаңба – WSSECURITY ерекшелігін қолдана отырып, АЖ ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде берілетін хабарламалардың тұтастығы мен авторлығын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба;

      16) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растайтын заңды тұлға;

      17) қол жеткізу ашық құқығы бар API (OpenAPI) – ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін электрондық ақпараттық ресурс иесінің келісімін немесе рұқсатын талап етпейтін, интернет желісіне еркін қол жеткізуге қойылған API;

      18) логирлеу журналы – жүйенің жұмысын мониторингілеу және іркіліс туындаған жағдайда себептерді анықтау үшін пайдаланылатын жұмысы туралы ақпаратты қамтитын файлдар;

      19) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің ақпараттық қауіпсіздігінің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, жергілікті (интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;

      20) объектілерге қол жеткізудің қарапайым хаттамасы (SimpleObjectAccessProtocol) – АЖ интеграциясы кезінде хабарламаларды жіберу үшін XML-ге негізделген хаттама;

      21) сервис-коннектор – ақпараттандыру объектісінің иесіне ЭҮШ-ке интеграциялық сервистерді құруға және орналастыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету;

      22) сервистер тізілімі – сервисті сипаттай отырып, "электрондық үкімет" шлюзінде және "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзінде тіркелген сервистер тізбесі;

      23) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері – мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар, мемлекеттік органдарды бағдарламалық қамтамасыз ету, мемлекеттік органның интернет-ресурсы, "электрондық үкіметтің" инфрақұрылым объектілері, оның ішінде сервистік бағдарламалық өнім, бағдарламалық қамтамасыз ету және өзге де тұлғалардың ақпараттық жүйелері;

      24) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне бекітілген "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;

      25) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, "электрондық үкіметтің" архитектурасын және "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген заңды тұлға;

      26) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзі (бұдан әрі – ЭҮСШ) – мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасында тұрған ақпараттық жүйелердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс тұрған ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған "электрондық үкімет" шлюзінің кіші жүйесі;

      27) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) – электрондық нысанда көрсетілетін ақылы қызметтер көрсету шеңберінде төлемдер жүргізу туралы ақпаратты беру процесін автоматтандыратын АЖ;

      28) "электрондық үкімет" шлюзі (бұдан әрі – ЭҮШ) – "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін "электрондық үкіметтің" өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялауға арналған АЖ;

      29) электрондық хабарлама (бұдан әрі - хабарлама) – ақпараттандыру объектілері арасында ақпарат алмасуға арналған XML, JSON форматындағы электрондық құжат;

      30) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының тұрақтылығын растайтын электрондық цифрлық таңбалардың жиынтығы;

      31) Application programming interface (бұдан әрі – API) – қосымшаларды бағдарламалау интерфейсі, ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл үшін сервис ұсынатын дайын бағдарламалар жиынтығы;

      32) AH (AuthenticationHeader) инкапсуляциясы – VPN туннеліндегі көрші түйіндерді аутентификациялауға және шифрлаусыз берілетін деректердің бүтіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аутентификациялық тақырып инкапсуляциясы. IP тақырыбының хаттама өрісіндегі мәні 51 портына UDP тең;

      33) Hyper Text Transfer Protocol (бұдан әрі – HTTP) — деректерді берудің қолданбалы деңгейінің ХАТТАМАСЫ бастапқыда — еркін деректерді беру үшін пайдаланылатын "HTML" форматындағы гипермәтіндік құжаттар түрінде;

      34) IP (Internet Protocol) – цифрлық түрде ұсынылған деректерді берудің желілік моделі;

      35) Java Script Object Notation (бұдан әрі – JSON) – JavaScript негізделген деректермен алмасудың мәтіндік форматы;

      36) Representational State Transfer (бұдан әрі – REST) — желіде бөлінген қосымша компоненттерінің өзара іс-қимылы үшін бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасының стилі. REST-HTTP, URL, JSON және XML сияқты стандарттарды пайдаланатын бөлінген жүйелерді жобалау немесе сервистердің өзара әрекеттесуі кезінде ескерілетін келісілген шектеулер жиынтығы;

      37) SSL-сертификат (Secure Sockets Layer) – аутентификация рәсімін қамтамасыз ету үшін интернет-ресурсты немесе АЖ пайдалануға арналған тіркеу куәлігі;

      38) TCP (Transmission Control Protocol) – деректерді беруді басқаруға арналған Интернет деректерін берудің негізгі хаттамаларының бірі;

      39) UDP (User Datagram Protocol) – пайдаланушы датаграммаларының хаттамасы, TCP/IP негізгі элементтерінің бірі, Интернет үшін желілік хаттамалар жиынтығы;

      40) URL (Uniform Resource Locator) – ресурстың бірыңғай локаторы (орналасқан жерін анықтаушы), ақпараттандыру объектісі сервисінің мекенжайын көрсетеді;

      41) Virtual Private Network (бұдан әрі – VPN) – екі тораптың ақпаратпен алмасуға арналған виртуалды жеке желі.

      3. ЭҮШ, ЭҮСШ арқылы интеграцияға:

      1) куәландырушы орталықтар ұсынатын сервистер;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын және "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қызметтік ақпаратты құрайтын мәліметтерді қамтитын ақпараттандыру объектілері;

      3) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында орналастырылған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі бойынша талдамалық ақпарат беру мақсаттары үшін деректердің бірыңғай кеңістігін қалыптастыруға арналған ақпараттандыру объектілері;

      4) ашық деректердің, ашық бюджеттердің және ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталдарын қоса алғанда, XML, JSON форматтарын және HTTP және HTTPS хаттамаларын пайдалана отырып, rest архитектуралық стилі арқылы OpenAPI, API арқылы ашық деректерді ұсыну жөніндегі сервистер жатпайды.

      4. Мемлекеттік емес АЖ өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген ЭҮСШ арқылы ғана мемлекеттік органның АЖ-бен интеграцияланады.

      Интеграция кезінде сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес АЖ ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен жұмыстар шартының болуы ескеріледі.

      Мемлекеттік органның АЖ-ды мемлекеттік органның интеграциялық сервисіне қосу осы Қағидалардың 2-тарауының 4-параграфына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органның АЖ-ды мемлекеттік органның интеграциялық сервисіне қосу осы Қағидалардың 2-тарауының 4-параграфына сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 4-параграфпен толықтырылсын:

      "4-параграф. Мемлекеттік органдардың АЖ үшін мемлекеттік органның интеграциялық сервисіне қосылу тәртібі.

      45-1. Интеграциялық сервистің бастамашысы "электрондық үкімет" веб-порталында авторизацияланады және сервистер тізілімінде қажетті сервисті іздеуді жүргізеді.

      45-2. Интеграциялық сервистің бастамашысы сервиске қосылуға/интеграциялауға арналған өтінімге бастамашылық жасайды, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес жолдарды толтырады, интеграциялау шарттарын қабылдайды. Интеграциялық сервиске қосылу сервиспен өзара іс-қимылға қойылатын талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады.

      45-3. Интеграциялық сервистің бастамашысы мемлекеттік органның интеграциялық сервисіне қосылуға өтінім берген кезде:

      сервис иесі "электрондық үкімет" веб-порталының жеке кабинетіне және электрондық поштаға өтінімнің танысуға келіп түскені туралы хабарлама алады;

      оператор "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтінімді қарау қажеттігі туралы хабарлама алады, 3 (үш) жұмыс күні ішінде сервиске (интеграцияға) қосылуға арналған өтінімді келісуді және толтырудың толықтығы мен дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады. Өтінімді тексеру нәтижесі теріс болған кезде оператор себебін көрсете отырып, өтінімді пысықтауға жібереді.

      45-4. Интеграциялық сервистің бастамашысы 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінімді пысықтауды жүзеге асырады және оны оператордың қарауына қайта жібереді, сервис иесіне танысуға келіп түседі.

      45-5. Сервиске (интеграцияға) қосылуға өтінімді толтырудың толықтығы мен дұрыстығын тексерудің оң нәтижесі болған кезде оператор интеграциялық сервистің бастамашысына интеграцияға тестілеу жүргізу үшін ЭҮШ, ЭҮШ тесттік ортасына қолжетімділікті 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынады.

      45-6. Интеграциялық сервисті әзірлеушілермен бірлесіп сервис иесі, интеграциялық сервистің бастамашысы және Оператор тарапынан интеграциялық сервисті тестілеу 3 (үш) айдан аспайтын мерзімде, сондай-ақ осы Қағидалардың 38-45-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

      45-7. Сервисте дербес деректер және құпия ақпарат болған кезде интеграциялау Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 8 шiлдедегi № 236/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28786 болып тіркелген) бекітілген дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік бақылау сервисімен интеграциялау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.";

      60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық өзара іс-қимылы барысында ЭЦҚ қолдану кезінде "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алу қажет.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады