"Электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 239 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 31 қазандағы № 405/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 7 қарашада № 30426 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 239 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12880 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің цифрлық трансформация департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2022 жылғы 31 қазандағы
№ 405/НҚ бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және
коммуникациялар министрінің
2018 жылғы 31 мамырдағы
№ 239 бұйрығымен
бекітілген

"Электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптар

      1. Осы "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Талаптарда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) "электрондық үкіметтің" архитектурасы – тиісті салалар (аялар) бөлінісінде мемлекеттік басқарудың міндеттерін, функцияларын қоса алғанда, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің цифрлық нысандағы сипаттамасы;

      2) "электрондық үкiметтiң" сервистік интеграторы – "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға;

      3) реинжиниринг – ұйым қызметінің тиімділігін, сапасын және нәтижелілігін арттыру мақсатында ағымдағы жұмыс процесін қайта өзгерту;

      4) деректерді басқару – деректерді айқындауға, құруға, жинауға, жинақтауға, сақтауға, таратуға, жоюға, қолдауға, сондай-ақ олардың талдауын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты процесс.

      3. "Электрондық үкiметтiң" архитектурасын "электрондық үкімет" сервистік интеграторы дамытуды қамтамасыз етеді.

      4. "Электрондық үкімет" архитектурасын дамыту оны ағымдағы жай - күйден жоспарлы нысаналы жай-күйге - цифрлық мемлекетке біртіндеп көшірудің тұрақты серпінді процесі болып табылады.

      5. "Электрондық үкімет" архитектурасының жоспарлы нысаналы жай-күйі мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген басымдықтар негізге алына отырып айқындалады.

      6. "Электрондық үкімет" архитектурасын дамытудың алғышарттары:

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері;

      мемлекеттік органдардың цифрлық трансформация стратегияларының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу;

      бизнес-процестерді реинжинирингтің мақсатты нұсқасына қол жеткізу;

      деректерді басқару;

      "электрондық үкімет" архитектурасын іске асыру мониторингінің нәтижелері.

      7. "Электрондық үкімет" архитектурасын дамыту келесі түйінді талаптар негізінде жүзеге асырылады:

      цифрлық нысанда көрсетілген мемлекеттік органдардың қызметі мен құрлымы;

      ақпараттандыру саласындағы проблемаларды шешудің бірігей тәсілі (мемлекет азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандырады);

      мемлекеттік қызметтердің барлық жерде және белсенді болуы;

      деректерді цифрлық экожүйенің негізгі элементі ретінде пайдалану;

      ашық бағдарламалық кодтарға көшу (ақпараттандыру объектісін құруға және пайдалануға арналған шығындар мен оның жұмыс істеуінен алынған экономикалық тиімділік арасындағы ұтымды арақатынас);

      мемлекеттік қызметшілер озық технологиялар интеграторы ретінде;

      мемлекеттік органдар қызметінің айқындығы мен ашықтығы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады