Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2022 жылғы 18 қарашадағы № 330 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 21 қарашада № 30634 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы ереженің 9-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      министрдің міндетін атқарушы Н. Дауешов

  министрдің міндетін атқарушы
2022 жылғы 18 қарашадағы
№ 330 Бұйрығымен
бекітілген

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы осы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығымен бекітілген ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) туралы ереженің 9-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Комиссиялар Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері, функциялары және құқықтары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері келесі мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады:

      1) мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік стиль қалыптастыру;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану мәселелері, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік стильді қалыптастыру;

      4) мемлекеттің өзін-өзі сәйкестендіру процестерін зерделеу, мемлекеттік сәйкестендіру рәміздері мен геральдикалық белгілерді насихаттау және енгізу.

      4. Комиссияның функциялары:

      1) жергілікті атқарушы органдарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік стиль қалыптастыру проблемалары жөнінде зерттеулер жүргізу туралы ұсыныстар енгізеді;

      2) қоғам қызметінің әртүрлі салаларында ресми іс-шараларды жүргізу кезінде мемлекеттік рәміздерді, сондай-ақ әскери және басқа да атрибутиканы қолдану жөніндегі рәсімдік қағидаларын әзірлеуге қатысады;

      3) геральдикалық белгілердің жобаларын талқылауға қатысады және олар бойынша қорытындылар береді;

      4) мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен белгіленген тәртіппен өзара іс-қимыл жасайды;

      5) мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды, конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысады.

      5. Комиссияның құқықтары:

      1) мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияға мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      2) мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері жөнінде жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың жұмыс қорытындыларын зерделеуге, талдауға, жинақтауға;

      3) аудан әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялардың қызметін үйлестіруге және бақылауға, олардың қызметі туралы есептерін тыңдауға;

      4) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде жергілікті атқарушы органдардан, лауазымды адамдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат сұратуға;

      5) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдардың жауапты өкілдерін Комиссия отырыстарында тыңдауға құқылы.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияның құрамын Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері бекітеді.

      7. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады.

      Комиссия мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.

      8. Комиссияны төраға басқарады.

      9. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерінің құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      Жұмыс органы:

      1) Комиссияның қызметін ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді;

      2) ақпаратты жинауды, өңдеуді, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау практикасын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;

      3) Комиссияның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат жазысуды жүргізеді;

      4) Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және Комиссияның хаттамасын ресімдеуді жүзеге асырады;

      5) Комиссияның қызметін қамтамасыз етуге қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      10. Отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ олардың өтетін орны мен уақытын Комиссияның төрағасы айқындайды.

      11. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін отырысқа дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссияның әрбір мүшесінің назарына жеткізіледі.

      12. Комиссия отырыстарын қажеттігіне қарай, жылына кемінде екі рет шақырады.

      13. Егер Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысатын болса, Комиссия отырыстары заңды болып есептеледі.

      14. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

      Дауыстар тең болған кезде, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      15. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады және хаттамамен ресімделеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады