Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 532 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 маусымда № 32971 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 1) тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетіне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 3-тармағының 11) тармақшасын және 5-тармағының үшінші бөлігін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 532 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 26-бабының 1) тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын (бұдан әрі - жеке басты куәландыратын құжат) ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) азаматтығы жоқ адамның куәлігі - өзінің қандай да бір мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемесі жоқ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;

      2) жеке басты куәландыратын құжат - жеке басты сәйкестендіру мақсатында оның иесінің жеке басын және құқықтық мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін, жеке тұлғаның дербес деректері туралы тіркелген ақпараты бар, материалдық жеткізгіште не Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларда электрондық нысанда берілетін белгіленген үлгідегі құжат;

      3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі - азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат;

      4) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты - Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат;

      5) қайтып оралуға арналған куәлік - иесінің жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасына бір реттік келу құқығын растайтын құжат;

      6) туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгені туралы айғақтайтын құжат;

      7) уәкілетті мемлекеттік орган - өз құзыреті шегінде жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асыратын ішкі істер органдары;

      8) шетелдік паспорт - Қазақстан Республикасы шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын және олардың құқықтық мәртебесін растайтын құжат ретінде танитын құжат;

      9) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат – Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктің жеке басын куәландыратын және оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғандығын растайтын құжат;

      10) формуляр – нөмірі және штрих коды бар қатаң есептіліктегі типографиялық бланк болып табылады, ол Қазақстан Республикасының құжаттандырылған халқының ақпараттық деректер базасына (бұдан әрі – деректер базасы) енгізіледі және кейіннен жеке тұлғаны берілген құжаттармен сәйкестендіру мақсатында пайдаланылады;

      11) жол жүру құжаты – Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығу үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға берілетін құжат.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгері енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін жеке басты куәландыратын құжаттар мемлекеттің меншігі болып табылады және мынадай деректерді:

      1) тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда);

      2) туған күнін, айын, жылын және жерін;

      3) жынысын;

      4) қай ұлтқа жататынын - осы Қағидалардың 2-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарда иесінің қалауы бойынша;

      5) азаматтығын;

      6) фотосуретін;

      7) құжатты берген органның атауын;

      8) құжаттың берілген күнін, айын, жылын, нөмірін, қолданылу мерзімін;

      9) құжаттар иесінің қолын;

      10) жеке сәйкестендіру нөмірін;

      11) он алты жасқа толған және одан асқан, сондай-ақ "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жағдайларда он екі жастан бастап он алты жасқа дейінгі құжат иесінің қол саусақтарының іздерін қамтиды.

      4. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган құжаттандырылатын адамның тұрақты тіркелген жері, сондай-ақ нақты болатын жері бойынша паспорт және (немесе) жеке куәлік жоғалған, мерзімінің өтуіне, неке қию (бұзу) бойынша тегін өзгертуіне, одан әрі пайдалануға жарамсыздығына, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты ауыстырылған, Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасының азаматы паспортын алған, кәмелеттік жасқа толмаған балалар туу туралы куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін алған жағдайларда береді.

      Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу себебіне қарамастан, құжатталатын (он төрт жасқа толған) адамдардың тұрақты тіркелгенін растауды уәкілетті орган ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін құжаттандырылатын адам тұрақты тіркелген жердегі уәкілетті мемлекеттік орган береді.

      Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға өтінім берілген күннен бастап он жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді.

      Жол жүру құжатын құжаттандырылатын адам есепке алынған жердегі уәкілетті мемлекеттік орган құжатты алуға өтінім берілген күннен бастап он жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және ол иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етіледі.

      Цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылатын және уәкілетті органға ұсынылатын жеке басты куәландыратын құжаттар қағаз жеткізгіштегі құжаттарға тең.

      5. Жеке тұлғаның қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар ресімдеген күннен бастап:

      1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – үш жұмыс күніне дейін;

      2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында - үш жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында бес жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандарында және қалаларында - жеті жұмыс күніне дейін;

      3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында, облыс орталықтарында, облыстардың аудандарында және қалаларында - жеті жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.

      Жеке басты куәландыратын құжатты жеделдетілген түрде бергені үшін төлем "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатын және азаматтығы жоқ адамның куәлігін жеделдетілген тәртіппен беру үшін бағалар прейскурантын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 143 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16576 болып тіркелген) сәйкес монополияға қарсы органның келісімі бойынша ішкі істер органдары бекітетін бағалар прейскурантына сәйкес банк мекемелері және кассалық операцияларды жүзеге асыратын өзге де ұйымдар арқылы жүргізіледі.

      "Халықты құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" (бұдан әрі - ХҚТ ТП) ақпараттық жүйесі арқылы жеке басты куәландыратын құжатты ресімдеген кезде уәкілетті органның қызметкері Қазақстан Республикасының азаматтарын олардың келісімімен, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті түрде "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуден өткізеді.

      Жеке басты куәландыратын құжатты ХҚТ ТП арқылы ресімдеген кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген түрде дайындағаны үшін төлем туралы ақпарат банк мекемелерінен уәкілетті мемлекеттік органның шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына автоматтандырылған режимде келіп түседі. Формуляр бланкісінде ресімдеу кезінде жеке басты куәландыратын құжатты жеделдетілген түрде бергені үшін төлем төлеу туралы құжатты жеке тұлға уәкілетті мемлекеттік органға ұсынады.

      Жеке басты куәландыратын құжатты дайындау үшін уәкілетті органның қызметкері формуляр толтырады. Формулярдың нысанын және оны ресімдеу, толтыру, есепке алу, сақтау, тапсыру, жұмсау, жою тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу және беру тәртібі

1-параграф. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресімдеу және беру тәртібі

      6. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресімдеу үшін өтініш иесі уәкілетті органға:

      1) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты ұсынады;

      2) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;

      3) мынадай құжаттардың біреуін:

      туу туралы куәлікті (16 жасқа дейін паспорт алған кезде);

      Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (паспортты ауыстырған кезде);

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін (16 жасқа толуына байланысты паспортты алғаш алған кезде);

      ішкі істер органдары беретін белгіленген нысандағы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаны туралы анықтаманы (Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануына байланысты паспорт алған кезде);

      Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері беретін қайта оралуға арналған куәлікті (шетелде уақытша болатындар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын жоғалтқан кезде) жеке ұсынады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      7. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын уәкілетті мемлекеттік орган ХҚТ ТП пайдалана отырып, сондай-ақ бланкілердің формулярларында ресімдейді.

      8. Қазақстан Республикасының мына азаматтарына:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратындарға;

      2) шет мемлекеттердің аумағында орналасқан оқу орындарында білім алатындарға;

      3) шет мемлекеттерде еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге;

      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған жағдайда кәмелетке толмағандарға;

      5) көрсетілген адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне;

      6) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын шетелдіктің отбасы мүшелері болып табылатындарға;

      7) шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналымен бірге тұратын дипломатиялық қызмет персоналының туыстарына;

      8) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (қарттар) және организм функциялары бұзылып, тұрмыс-тіршілігін шектейтіндей тұрақты денсаулығы нашарлаған адамдарға, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақын туыстарын күтуді жүзеге асыратын адамдарға;

      9) шет мемлекеттің аумағында ұсталғандарға немесе күзетпен ұсталатындарға, қамауға алынатындарға, сондай-ақ пенитенциарлық мекемелерде жазасын өтеушілерге Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері арқылы ресімделеді.

      9. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын толтырған кезде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және басқа да деректер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды беру үшін негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.

      9. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының кодексінде, "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен, Қазақстан Республикасы Президентінің "Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы" 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығымен көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын толтыру кезінде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, туған жері және ұлты оларды беруге негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.

      10. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты қазақ тілінде немесе иесінің қалауы бойынша орыс тілінде, сондай-ақ ағылшын тілінде толтырылады.

      11. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының азаматтарына жасына қарамастан, олардың қалауы бойынша беріледі және Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландырады.

      12. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты қолданылу мерзімі он жылға беріледі.

2-параграф. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ресімдеу және беру тәртібі

      13. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ресімдеу үшін өтініш иесі уәкілетті органға:

      1) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда Салық кодексінің 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты ұсынады;

      2) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;

      3) мынадай құжаттардың біреуін:

      туу туралы куәлікті (16 жасқа толуына байланысты жеке куәлік алған кезде);

      Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (жеке куәлікті алғаш алған кезде, жеке куәлікті жоғалтқан кезде, Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қайта оралған кезде);

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін (жеке куәлікті ауыстырған кезде);

      1974 жылғы үлгідегі паспортты (бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) (Қазақстан Республикасының азаматтығын растаған кезде жеке куәлікті алғаш алу үшін);

      азаматтығы жоқ адамның куәлігін (Қазақстан Республикасының азаматтығын мойындаған кезде);

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген нысандағы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаны туралы анықтаманы (Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануына байланысты жеке куәлік алған кезде) жеке ұсынады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      14. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәліктерін уәкілетті мемлекеттік орган ХҚТ ТП пайдалана отырып, сондай-ақ бланкілердің формулярларында ресімдейді.

      15. Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлік он алты жастан бастап ресімделеді.

      16. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының кодексінде, "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен, Қазақстан Республикасы Президентінің "Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы" 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығымен көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін толтыру кезінде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, туған жері және ұлты оларды беруге негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.

      17. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі қолданылу мерзімі он жылға беріледі.

3-параграф. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты ресімдеу және беру тәртібі

      18. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты ресімдеу үшін шетелдіктер уәкілетті мемлекеттік органға мынадай құжаттарды:

      1) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда Салық кодексінің 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты ұсынады;

      2) көлемі 3,5х4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;

      3) жарамды шетелдік паспортты жеке ұсынуы қажет.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      19. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты толтырған кезде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және басқа да деректер оларды беру үшін негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.

      20. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге он алты жастан бастап қолданылу мерзімі он жылға, бірақ олар азаматы болып табылатын ел паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі.

4-параграф. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін ресімдеу және беру тәртібі

      21. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін ресімдеу үшін уәкілетті мемлекеттік органға мынадай құжаттар:

      1) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда Салық кодексінің 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты;

      2) көлемі 3,5х4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) үш фотосуретті;

      3) мынадай құжаттардың біреуі:

      қолданылу мерзімі өтіп кеткен шетелдік паспорт;

      азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

      1974 жылғы үлгідегі паспорт (бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы);

      әскери билет;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаны туралы анықтама;

      Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққаны және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша азаматтығын өзгерткені, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес азаматтығын өзгерткені туралы анықтама;

      туу туралы куәлік (он алты жасқа дейінгі адамдарға ресімдеген кезде);

      Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері беретін қайта оралуға арналған куәлік (шетелде уақытша болатындар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын жоғалтқан кезде) ұсынылады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      22. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін толтырған кезде тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), туған күні, туған жері және ұлты оны беру үшін негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.

      23. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, он алты жасқа толған азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.

      24. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде иесінің жеке басын растау үшін қолданылу мерзімі бес жылға беріледі. Шетелге ата-аналарынсыз, қамқоршыларынсыз, қорғаншыларынсыз шыққан кезде азаматтығы жоқ адамның куәлігі он алты жасқа дейінгі адамдарға беріледі.

5-параграф. Жол жүру құжатын ресімдеу және беру тәртібі

      25. Жол жүру құжатын ресімдеу үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (балалары және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар үшін олардың заңды өкілдері (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) өкілдікке өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсына отырып) өздері уәкілетті мемлекеттік органға мынадай құжаттардың бірін:

      туу туралы куәлікті (16 жасқа толмаған босқындар жол жүру құжатын алған кезде);

      азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

      шетелдік паспорт;

      өтінімді берген күнге кемінде 3 ай босқын мәртебесінің әрекет ету мерзімімен босқын куәлігін ұсынады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      26. Жол жүру құжатын уәкілетті мемлекеттік орган "Шетелдіктерді құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" ақпараттық жүйесін пайдалана отырып ресімдейді.

      27. Жол жүру құжаты:

      1) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүріп-тұруы үшін босқын мәртебесі берілген адамға;

      2) алып тасталды - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      28. Жол жүру құжаты қазақ және ағылшын тілдерінде толтырылады.

      29. Жол жүру құжатының жарамдылық мерзімі босқын куәлігінің қолданылу мерзімінен аспауы тиіс.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

3-тарау. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібі

      30. Жеке басты куәландыратын құжаттар, "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен көзделген жағдайлардан басқа, жарамсыз болып табылады, тапсыруға және ауыстыруға жатады:

      1) онда осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 5), 6), 7), 8) және 10) тармақшаларында көрсетілген деректер болмаған;

      2) олардың қолданылу мерзімі өткен;

      3) осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 5), 6), 7), 8) және 10) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру не құжатты қорғау дәрежесі мүмкін болмаған;

      4) құжат жоғалғанда, өтініш иесі уәкілетті мемлекеттік органға өтініш берген күннен бастап;

      5) иесінің құқықтық мәртебесі сәйкес келмеген;

      6) жынысын өзгерткен жағдайларда жарамсыз болып табылады және ауыстыруға жатады.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      30-1. Жеке басты куәландыратын құжаттар, егер төтенше жағдай енгізілген жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды ұзартуды немесе ауыстыруды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайларда, олардың қолданылу мерзіміне, иесінің мәртебесі өзгергеніне және өзге де елеулі мән-жайларға қарамастан, төтенше жағдай кезеңі ішінде, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жарамды болып есептеледі.

      Ескерту. Қағидалар 30-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      30-2. Осы Қағидалардың 30-1-тармағында көзделген норма төтенше жағдай режимі қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылуы аяқталған жеке басты куәландыратын құжаттарға қолданылмайды.

      Ескерту. Қағидалар 30-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 01.08.2024 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      31. Қазақстан Республикасының азаматтары жеке басты куәландыратын құжаттарды жоғалтқан, олар одан әрі пайдалануға жарамсыз болған, жеке тұлғаны сәйкестендірумен байланысты өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған, осы Қағидалардың 30-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда, сондай-ақ анықтамалық деректерінің ауысуына, өзгеруіне, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты жаңа құжаттар алу үшін - тұрақты тіркелген жері бойынша, сондай-ақ жеке басты куәландыратын құжаттары жоғалған, олар одан әрі пайдалануға жарамсыз болған, неке қию (бұзуы) бойынша тегін өзгерткен, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алумен, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі негізінде Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен (немесе) жеке куәлігін алуына байланысты жағдайларда нақты болатын жері бойынша уәкілетті мемлекеттік органға өтініш білдіреді.

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жеке басты куәландыратын құжаттарды жоғалтқан, олар одан әрі пайдалануға жарамсыз болған, жеке тұлғаны сәйкестендірумен байланысты өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған, осы Қағидалардың 30-тармағының 1), 2), 3), 4) 5), 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда, сондай-ақ анықтамалық деректерін ауыстыруына, өзгертуіне байланысты жаңа құжаттар алу үшін тұрақты тіркелген жері бойынша уәкілетті мемлекеттік органға өтініш білдіреді.

      Бүлінуіне, жеке басты сәйкестендірудің мүмкін болмауына байланысты одан әрі пайдалануға жарамсыз құжаттарды қоспағанда, жеке басты куәландыратын жаңа құжаттар алынғанға дейін бұрынғы құжаттар алып қойылмайды.

      32. Қолданылу мерзімінің өтуіне, одан әрі пайдалануға жарамсыз болуына, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ауыстыру үшін өтініш иесі мынадай құжаттарды:

      1) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда Салық кодексінің 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты ұсынады;

      2) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;

      3) ауыстыруға жататын жеке басты куәландыратын құжатты ұсынады.

      Жаңа Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін жеке басты куәландыратын құжаттардың қолданылу мерзімі өткенге дейін бір ай бұрын ресімдеуге жол беріледі.

      Уәкілетті органға тапсыруға жататын паспортта шет мемлекеттің қолданыстағы визасы болған кезде азаматтың өтініші бойынша паспорт алынбайды. Бұл ретте жарамсыз паспорт өтеуге (паспорттың бір жақ шетін тескішпен тесу арқылы) жатады және иесіне қажеттілігі өткенге дейін қайтарылады.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      33. Қолданылу мерзімінің өтіп кетуіне, одан әрі пайдалануға жарамсыз болуына байланысты шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін ауыстыру үшін өтініш иесі мынадай құжаттарды:

      1) мемлекеттік баж төленгені туралы құжатты;

      2) көлемі 3,5х4,5 сантиметр үш фотосуретті;

      3) ауыстыруға жататын жеке басты куәландыратын құжатты;

      4) жарамды шетелдік паспортты (шетелдіктер үшін) ұсынады.

      34. Қазақстан Республикасы азаматының паспортына, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігіне, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатқа, азаматтығы жоқ адамның куәлігіне жеке тұлғаны сәйкестендірумен байланысты, осы Қағидалардың 30-тармағының 1), 2), 3), 4) 5), 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ анықтамалық деректерін ауыстыруына, өзгертуіне байланысты өзгерістер енгізу үшін өтініш иесі:

      1) еркін нысандағы жазбаша өтінішті (неке қию (бұзу) бойынша тегін өзгертуге байланысты жүгінгендерден басқа);

      2) мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат (төлем екінші деңгейдегі банктердің кассаларында немесе олардың мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін). Мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар ақпараттық жүйеде оларға мәліметтер болмаған жағдайда Салық кодексінің 622-бабының 4) тармақшасында белгіленген жеңілдетілген санатты айқындайтын құжатты ұсынады;

      3) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;

      4) ауыстыруға жататын Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін;

      5) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (бар болса);

      6) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты (шетелдіктер үшін);

      7) жарамды шетелдік паспортты (шетелдіктер үшін);

      8) азаматтығы жоқ адамның куәлігін (азаматтығы жоқ адамдар үшін);

      9) өтініш білдірудің негізділігін растайтын құжатты ұсынады.

      "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығына сәйкес ұлты қазақ адамдар тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгерту туралы өтінішхатпен уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген кезде қалаған тегін, әкесінің атын мемлекеттік немесе орыс тілінде көрсете отырып, еркін нысанда өтініш береді.

      Тектерде тегі мен әкесінің атының түбір негіздерін сақтай отырып, қазақ тіліне тән емес аффикстер алынып тасталады, онымен бір мезгілде әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне тән емес аффикстердің орнына әкесінің есіміне адамның жынысына қарай "ұлы" немесе "қызы" деген жалғау жалғанады.

      Өтінішке мына құжаттардың бірі қосымша беріледі:

      1) туу туралы куәлік (жеке басты куәландыратын құжаттарды алғаш рет алған кезде);

      2) ауыстыруға жататын жеке куәлік, паспорт;

      3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген нысандағы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаны туралы анықтаманы (Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануына байланысты жеке куәлік алған кезде).

      Тектері мен әкесінің атының жазылуы қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес өзгертілген ұлты қазақ адамдар өтініш білдірген жағдайда, паспорттар мен жеке куәліктерді олардың бұрынғы тектері мен әкелерінің аттарын ұсынылған туу туралы куәліктерге сәйкес бұрынғыдай жаза отырып ресімдеуге болады.

      Ескерту. 34-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      35. Жоғалтуына байланысты Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ауыстыру үшін иесі уәкілетті мемлекеттік органға осы Қағидалардың 32-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген құжаттардан басқа жоғалтудың мән-жайларын көрсете отырып, жеке басты куәландыратын құжатты қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш ұсынады.

      36. Жоғалтуына байланысты шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін ауыстыру үшін иесі уәкілетті мемлекеттік органға осы Қағидалардың 33-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында (шетелдіктер үшін) көзделген құжаттардан басқа, жоғалтудың мән-жайларын көрсете отырып, жеке басты куәландыратын құжатты қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш ұсынады.

      37. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігін жоғалтқан кезде шетелде жүрген адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш білдіреді.

      38. Шетелге тұрақты тұруға шығатын Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты бар шетелдіктер жеке куәліктерін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттарды уәкілетті мемлекеттік органға тапсырады.

      39. Табылған жеке басты куәландыратын құжаттар уәкілетті мемлекеттік органға тапсырылады. Жоғалған жеке басты куәландыратын құжатты иесі қалпына келтірген, уәкілетті мемлекеттік органға келіп түскен күннен бастап бір жыл ішінде иесі оны талап етпеген жағдайда, табылған құжат Қағидалардың 44 және 45-тармақтарында көзделген тәртіппен жойылады.

      40. Қайтыс болған, сот қайтыс болды деп жариялаған адамдардың уәкілетті мемлекеттік органға тапсырылған жеке басын куәландыратын құжаттары Қағидалардың 44 және 45-тармақтарында көзделген тәртіппен жойылады.

      Уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары формулярларда иелерінің қайтыс болғаны туралы белгі қояды және ақпарат деректер базасына түзетулер енгізу үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметіне (бұдан әрі – ІІМ КҚҚК) жолданады.

      41. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке басты куәландыратын құжаттарды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды және одан айыруды ресімдеу барысында лауазымды адамдар алып қояды.

      Өзге органдар мен лауазымды адамдардың жеке басты куәландыратын құжаттарды алып қоюына тыйым салынады.

      42. Қазақстан Республикасы аумағында бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары алып қойылады және үкімдерді орындайтын мекемелерде сақталады. Жазаны өтеуден босатылған кезде жеке басты куәландыратын құжаттар иелеріне қайтарылады.

      43. Қағидалардың 30-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларына сәйкес жарамсыз құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жеке басты куәландыратын жарамсыз құжаттар бойынша кесіп өткен кезде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің алып қоюына жатады. Жарамсыз және ауыстырған кезде тапсырылған жеке басты куәландыратын құжаттар жойылуға жатады.

      44. Алып тасталды – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      45. Алып тасталды – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      46. Алып тасталды – ҚР Ішкі істер министрінің 20.02.2024 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады