Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылық критерийлерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2023 жылғы 24 қарашадағы № 96 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 қарашада № 33688 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 862 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 434) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылық критерийлері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің міндетін атқарушы
С. Аблалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің міндетін
атқарушы
2023 жылғы 24 қарашадағы
№ 96 Бұйрығына
қосымша

Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылық критерийлері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылық критерийлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 862 "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кейбір мәселелері" қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 434) тармақшасына сәйкес әзірленді.

2-тарау. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылық критерийлері

      2. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылығы төмендей беретін деңгейлер бойынша мынадай критерийлерге сәйкес айқындалады:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына елдегі жағдай және Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы ауызша не жазбаша жолдаулары шеңберіндегі тапсырмаларында, Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен бекітілген стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда айқындалған жобалар;

      2) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалған жобалар;

      3) халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары;

      4) геометриялық (техникалық санатқа) және техникалық параметрлерге жауап бермейтін автомобиль жолдары;

      5) іргелес елді мекендерге қатысты баламасы жоқ автомобиль жолдары;

      6) теміржолдарға жақын жерден шыға алмайтын елді мекендерге іргелес автомобиль жолдары.

      3. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдылығы төмендей беретін деңгейлер бойынша мынадай критерийлерге сәйкес айқындалады:

      1) құрылыс және реконструкциялау жобаларын жоспарлау кезінде:

      елдегі жағдай және Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы ауызша немесе жазбаша жолдаулар шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларында, Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен бекітілген стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда айқындалған жобалар;

      Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалған жобалар;

      техникалық санаты іс жүзіндегі қозғалыс қарқындылығына сәйкес келмеген жағдайда, аудан орталықтарының Қазақстан Республикасының облыс орталықтарымен, аудан орталықтарының өзара және елді мекендерден тыс орналасқан туристік қызмет объектілерімен байланысын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары;

      тұрғындардың жалпы саны кемінде 15 000 адам болатын елді мекендерге іргелес автомобиль жолдары;

      бойында 100 адамнан асатын жұмысшы персоналы бар кемінде екі өндірістік (өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы) немесе астық қабылдау кәсіпорындары бар автомобиль жолдары;

      2) күрделі жөндеу жобаларын жоспарлау кезінде:

      аудан орталықтарының Қазақстан Республикасының облыс орталықтарымен, аудан орталықтарының өзара және елді мекендерден тыс орналасқан туристік қызмет объектілерімен байланысын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары;

      тұрғындардың жалпы саны кемінде 10 000 адам болатын елді мекендерге іргелес автомобиль жолдары;

      бойында 50 адамнан асатын жұмысшы персоналы бар өндірістік (өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы) немесе астық қабылдау кәсіпорындары бар автомобиль жолдары;

      жолдың жөндеуаралық қызмет ету мерзімі 15 жылдан асатын автомобиль жолдары;

      3) орташа жөндеу жобаларын жоспарлау кезінде:

      аудан орталықтарының Қазақстан Республикасының облыс орталықтарымен, аудан орталықтарының өзара және елді мекендерден тыс орналасқан туристік қызмет объектілерімен байланысын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары;

      тұрғындардың жалпы саны кемінде 5 000 адам болатын елді мекендерге іргелес автомобиль жолдары;

      жамылғысының төсемінің жөндеуаралық қызмет ету мерзімі 5 жылдан асатын автомобиль жолдары.

      4. Осы критерийлердің 3-тармағына сәйкес автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру басымдығы, мынандай критерийлердің жалпы меншікті үлесімен айқындалады:

      1) жолдардың жалпы ұзындығы;

      2) жергілікті бюджет шығыстары мен республикалық бюджеттен қаржыландырудың арақатынасы;

      3) орындалу сапасы;

      4) облыс халқының 10 000 адамына шаққанда автомобиль жолдарымен қамтамасыз етілуі;

      5) автомобиль көлігінің жүк айналымы мен жолаушылар айналымының көрсеткіштері;

      6) жақсы және қанағаттанарлық жай-күйдегі жолдардың ұзақтығы;

      7) мемлекеттік бюджетке кірістердің меншікті үлесі.

      5. Республикалық бюджеттен автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру басымдылығының критерийі Қазақстан Республикасы Президентінің немесе осы критерийлердің 3-тармағында көзделмеген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке тапсырмаларымен анықталған көліктік инфрақұрылымдардың жобаларын қаржыландыруға нысаналы ағымдағы трансферттерді жоспарлау кезінде қолданылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады