Алматы қаласында қоғамдық тамақтану объектілерінің жанынан жазғы алаңдарды орнату қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 1/80 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2023 жылғы 13 ақпанда № 1717 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабының 9-24) тармақшасына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Алматы қаласында қоғамдық тамақтану объектілерінің жанынан жазғы алаңдарды орнату қағидалары бекітілсін.

      2. "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулыны Алматы қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің кәсіпкерлік мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Е. Досаев

  Алматы қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 10 ақпандағы
№ 1/80 қаулысына
қосымша

Алматы қаласында қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жанынан жазғы
алаңдарды орнату қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жанынан жазғы алаңдарды орнату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабы 9-24) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Осы Қағидалар Алматы қаласының аумағында қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жанындағы жазғы алаңдардың жұмысын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:

      1) кәсіпкерлік субъектісі - бұл жеке кәсіпкерлер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері);

      2) сәулет істері жөніндегі уәкілетті орган – сәулет, қала құрылысы, құрылыс және урбанистика мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын Алматы қаласы жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі;

      3) қоғамдық тамақтану объектісі – тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, өткізу және тұтынуды ұйымдастыру бойынша объекті, оның ішінде оны тұтынуға арналған орындарды ұсынумен.

      Қоғамдық тамақтану обектілері келесі санаттарға бөлінеді:

      мейрамхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды қоса алғанда, дайындалуы күрделі астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;

      дәмхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;

      бар - тұтынушыларға тіске басар, десерт және кондитерлік тағамдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс обектісі;

      асхана - тұтынушылар дербес қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру объектісі.

      4) жазғы алаң - қоғамдық тамақтану объектісіне тікелей іргелес, тамақтануға және тұтынушылардың демалысына (немесе онсыз) қосымша қызмет көрсетуге арналған, жеңіл салынатын уақытша конструкциядан (терраса, дәліз, көшедегі сауда орындары) тұратын, күрделі құрылыс объектісі болып табылмайтын аумақты абаттандыру элементі;

      5) нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;

      6) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ;

      7) қасбеттердің сәулеттік элементтері – ғимараттың (құрылыстардың) сыртқы қабырғаларын безендіретін бөлшектер;

      8) бірыңғай сәулеттік стиль - құрылыста пайдаланылатын, аумақтың белгілі бір құрылыс ауданына, оның ішінде жеке құрылысқа тән бірыңғай белгілердің жиынтығы. Негізгі параметрлер сыртқы келбеті, сәулеттік стилі, түсті шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары болып табылады. Жеке құрылыс ауданы үшін негізгі параметрлер сыртқы келбеті, сәулеттік стилі, түсті шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары, қоршаулар, шатырдың типі және учаске аумағында шаруашылық-тұрмыстық құрылыстардың орналасуы болып табылады;

      9) аумақты абаттандыру элементтері – абаттандырудың құрамдас бөліктері ретінде пайдаланылатын сәндік, техникалық, жоспарлау, конструктивтік шешімдер, ландшафт элементтері, жабдықтар мен ресімдеудің әртүрлі түрлері, шағын сәулет нысандары, күрделі емес стационарлық құрылыстар, сыртқы жарнама және ақпарат, сондай-ақ қалалық орта субъектілерін ұйымдастыру жүйесі;

      10) сәулеттік келбет – бұл тұтас эстетикалық сәулет, жайлы, қол жетімді және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған қалалық кеңістік элементтерінің міндетті көрнекі құрамдас бөлігін: ғимараттар мен құрылымдардың қасбеттерін, көркейтуді, маңдайшаларды, көрсеткіштерді, шағын сәулеттік нысандар мен қала инфрақұрылымының басқа да элементтерін реттейтін ұсынымдар жиынтығы.

2-тарау. Жазғы алаңды орнату және бөлшектеу тәртібі

      3. Алматы қаласының аумағында қоғамдық тамақтану объектілерінің жанынан жазғы алаңдарды орнату Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу, өрт қауіпсіздігі, Қазақстан Республикасының тұрғын үй және жер заңнамасы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

      4. Қоғамдық тамақтандыру объектісі жанынан жазғы алаңды орнатуды жоспарлайтын мүдделі кәсіпкерлік субъектілері жазғы алаңның нобайлық жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12684 болып тіркелген) Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес оны сәулет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісуі тиіс.

      5. Жазғы алаңның нобайлық жобасына конструктивтік өзгерістер енгізілген жағдайда кәсіпкерлік субъектісі енгізілетін өзгерістерді сәулет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісуі қажет.

      6. Жазғы алаңды жердің үстіңгі қабаттарына, шөп (көгал) жапқан жерлерге орнату технологиялық төсем ұйымдастырылған жағдайда жол беріледі.

      7. Жазғы алаңды қоғамдық тамақтандыру объектісінің жанында орнату қоғамдық тамақтандыру объектісіне тікелей қолжетімділігі (шығуы) болған кезде жол беріледі.

      8. Жазғы алаңдарды көше шекараларынан, даңғыл жолдардан, айналма жолдардан, жол бойларынан, алаңдардан, жаяужолдардан, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарынан тыс жерлерде орнату қажет.

      9. Үйлер, құрылыстар, ғимараттар, террассалар қасбеттерінің сәулеттік элементтері өзгермеген жағдайда, қоғамдық тамақтандыру объектілері жанындағы жазғы алаңдар объектіге іргелес аумақта орнатылады.

      10. Жазғы алаңды:

      1) метрополитеннің техникалық құрылыстарынан, станциялардың вестибюльдерінен және метрополитеннің жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерінен, қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинайтын орындардан, аула дәретханаларынан, қазылған шұңқырлардан 25 метрлік аймақта орнатуға жол берілмейді;

      2) метрополитеннің туннельді желдету қондырғыларының жердегі желдеткіш дүңгіршектерінен 25 метрлік аймақта жазғы алаңдарды орнатуға осындай арнайы техника құрылыстарынан 5 метр радиуста кедергісіз өтуді қамтамасыз ету шартымен жол беріледі;

      3) ғимараттардың қақпаларында, гүлзарларда, алаңдарда (балалар, демалыс, спорттық, қалалық көлік тұрақтары);

      4) қалалық жерүсті жолаушылар көлігінің аялдама орындарында, сондай-ақ отырғызу алаңдарының шекарасынан 20 метрге жақын жерде;

      5) жерасты, жер үсті және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінен 5 метрге жақын жерде;

      6) тұрғын үйлердің және оларға жапсарластырылып салынған жайлардың пайдаланылмай тұрған шатырларында;

      7) ағаштардың, бұталардың айналасында немесе олардың үстінде салынған құрылғыларды (жабдықтарды) пайдаланатын және тікелей жазғы алаңның ішіне ағаштардың ұшар бастарын, бұталарын толық немесе ішінара бекітілуіне әкеліп соғатын жерлерде;

      8) тұрғын емес ғимараттардың бірінші қабаттарынан жоғары орналасқан және жеке кіреберісі жоқ қоғамдық тамақтандыру объектілері жанындағы жер учаскелерінде;

      9) темір жол өтпелері мен автомобиль эстакадаларының, көпірлердің астында;

      10) егер жазғы алаңды орнату өрт, авариялық-құтқару техникасының еркін кіруіне немесе инженерлік инфрақұрылым объектілеріне (энергиямен жабдықтау және жарықтандыру объектілері, құдықтар, крандар, гидранттар және т.б.) кіруге кедергі келтірген жағдайда орнатуға рұқсат етілмейді.

      11. Жазғы алаңдарды жайластыру халықтың жүріп-тұруы шектелген топтары үшін оның қолжетімділігін (пандустарды, сүйеніш құрылғыларын, арнайы тактилдік және дыбыстық маркировкаларды пайдалану жолымен) қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, жүзеге асырылады.

      12. Жазғы алаңды бөлшектегеннен кейін кәсіпкерлік субъектісі Алматы қаласының бірыңғай сәулеттік стилі тұжырымдамасына, сыртқы сәулет-көркемдік келбетіне, қоршаған құрылыстың сәулет-қала құрылысы шешіміне сәйкес абаттандырудың зардап шеккен элементтерін қалпына келтіруді жүзеге асырады.

      13. Осы Қағидалармен реттелмеген стационарлық емес сауда объектілерін орнату тәртібі бойынша өзге де мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен регламенттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады