1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттаманы бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі N 448-ІІ Заңы

      Ереванда 2001 жылғы 25 мамырда жасалған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттама бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсiздік туралы
шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiк
жүйесінің күштерi мен құралдарын қалыптастыру
және олардың жұмыс iстеу тәртiбi туралы
ХАТТАМА

(2003 жылғы 24 шілдеде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартқа (бұдан әрi - Шарт) қатысушы мемлекеттер,
      Шарттың, Ұжымдық қауiпсiздiк тұжырымдамасының ережелерiн, Шартқа қатысушы мемлекеттердiң коалициялық стратегиясының негiзгi ережелерiн және оны дамытуға қабылданған басқа да құжаттарды басшылыққа ала отырып,
      Шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң (бұдан әрi - ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi) күштерi мен құралдарын қалыптастыру жөнiндегi әрі қарайғы iс-жүзiндегi шараларды қабылдау қажеттiлiгiне сүйене отырып,
      ұжымдық қауiпсiздiк жүйесін қалыптастырудың аймақтық қағидатын және әскери қауiпсiздiк саласында жасалған екi жақты келiсімдердi ескере отырып,
      халықаралық құқықтың көпшiлiк қабылдаған қағидаттарын сақтай отырып және сенiм мен қауiпсiздiктi нығайту шаралары жөнiндегі өздерiнiң халықаралық мiндеттемелерiн растай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi күштерi мен құралдарының құрамында мынадай коалициялық (аймақтық) әскер (күштер) топтары мен оларды басқару органдары қалыптасады:
      - ұжымдық қауiпсiздiктiң Шығыс еуропалық аймағының әскер топтары (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы Одақтас мемлекеттерiнiң шеңберiнде қалыптасады);
      - ұжымдық қауiпсiздiктiң Кавказ аймағының әскер топтары (Армения мен Ресей арасындағы екi жақты келiсiмдердiң негiзiнде қалыптасады);
      - ұжымдық қауiпсiздiктiң Орталық Азия аймағының әскер топтары (Шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы екi жақты және аймақтық келiсiмдер негiзiнде қалыптасады);
      - ұжымдық қауiпсiздiк аймақтарындағы (аудандарындағы) бiрiккен жүйелер топтары (ӘШҚ, барлау, байланыс, басқару және т.б.);
      - коалициялық (аймақтық) әскер (күштер) топтарын және бiрiккен жүйелердi (бұдан әрi - әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтары) қалыптастыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiруге арналған ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiн әскери басқарудың мемлекетаралық органы.

2-бап

      Әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарына болуы ықтимал басқыншылықты (қарулы шабуылды) жою және тойтарыс бepу, Шартқа қатысушы мемлекеттердiң егемендiгi мен аумақтық тұтастығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешу жүктеледi.
      Тараптардың бiрiне басқыншылық актiсi жасалған жағдайда бiр немесе бiрнеше Тараптың өтінiшi бойынша ұжымдық қауiпсiздiктiң бiр аймағының (ауданының) аймақтық әскер (күштер) топтарының құралымдары Шарттың 4 және 6-баптарының ережелерiне сәйкес ұжымдық қауiпсiздiктiң басқа аймағындағы (ауданындағы) басқыншылыққа (қарулы шабуылға) тойтарыс беруге қатысуы мүмкiн.
      Тараптар ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде тең жауапкершiлiк пен мүмкiндiктерге жағдай жасау мақсатында өздерiнiң ұлттық заңнамаларын жақындату процесiн жылдамдату ниетiн растайды.

3-бап

      Әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамын ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiстi аймағының (ауданының) мемлекеттерi айқындайды.
      Әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамына бөлiнетiн бiрлестiктердiң, құрамалар мен әскери бөлiмдердiң тiзбелерiн ұжымдық қауiпсiздiк аймағының (ауданының) мемлекет басшылары бекітедi.
      Қалыптасып отырған әскери-стратегиялық жағдайға байланысты әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамына бөлiнетiн бiрлестіктердiң, құрамалар мен әскери бөлiмдердiң тізбесi ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiстi аймағы (ауданы) мемлекеттерiнiң күштерi мен құралдары есебiнен нақтылануы және толықтырылуы мүмкiн.
      Аймақтық әскер топтарына қызмет көрсететiн Тараптардың соттарын, прокуратура және қауiпсiздiк органдарын жасақтау және қызмет тәртiбi бiр Тараптың әскери құралымдарының басқа Тарап аумағында уақытша болуымен байланысты юрисдикция және құқықтық көмек мәселелерi жөнiндегi жекелеген келiсiмдермен реттеледi.

4-бап

      Бейбiт уақытта әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамына бөлiнген қарулы күштер мен басқа да әскерлердiң бiрлестiктерi, құрамалары, әскери бөлiмдерi егер аймақ мемлекеттерi басқаша шешiм қабылдамаса, өз аумағында олардың әскери басқару органдарының бағынысында болады. Әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының қажеттi жауынгерлiк әзiрлiгiн қолдау мақсатында бiрыңғай келiсiлген жоспарлар бойынша осы әскери құралымдардың жедел (жауынгерлiк) даярлығы өткiзiледi.
      Әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарын өрiстету алдын ала әзiрленген жоспарларға сәйкес әскери қақтығыстың басталуына тiкелей ықпал ететiн ахуалдың бiрте-бiрте немесе шұғыл шиеленiсуi кезеңінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Бiр немесе бiрнеше Тараптың өтiнiшi бойынша әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарын өрiстету мен қолдануға шешiм ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдануға ұжымдық шешiм қабылдау және iске асыру тәртiбi туралы ережеге сәйкес қабылданады.
      Әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарын жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне келтiру, ұлттық бөлiктердi аймақтық қолбасшылыққа қайта бағындыру, әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарын өрiстету мен қолдану тәртiбi ұжымдық қауiпсiздiк аймағы мемлекеттерiнiң қорғаныс министрлерi бекiткен жекелеген Ережелермен айқындалады.
      Әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарын жауынгерлiк қолдану, олардың түрлi деңгейлердегi өзара iс-қимылы, сондай-ақ жан-жақты қамтамасыз ету Коалициялық (аймақтық) әскер (күштер) топтарының операцияларын дайындау және жүргiзу негiздерiне және аймақтық әскер және бiрiккен жүйелер топтарын дайындау мен қолдану тәртiбiн айқындайтын басқа да құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      Тараптар әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамына бөлiнген өздерiнiң әскерлерiн (күштерiн) техникалық және тылмен қамтамасыз етудi дербес жүзеге асырады, көпшiлiк қабылдаған тәртiпке сәйкес келiсiлген нормаға дейiн материалдық құралдар қорларын жасайды және толықтырады. Техникалық және тылмен қамтамасыз етудiң басқаша тәртiбi Тараптардың келiсiмi бойынша әрбiр нақты жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.

7-бап

      Әскерлер мен бiрiккен жүйелердiң аймақтық топтарының құрамына бөлiнген әскерлердi тiкелей басқару, оларды жедел қамтамасыз ету үшiн әрбiр аймақта ұжымдық негiзде аймақтық әскер топтарының қолбасшылығы құрылады.
      Осы қолбасшылықтардың қызметiн қалыптастыру, қаржыландыру және ұйымдастыру тәртiбiн ұжымдық қауiпсiздiк аймақтарының мемлекеттерi айқындайды.

8-бап

      Бейбiт уақытта әрбiр аймақтық әскер топтарының қолбасшылығы Тараптардың келiсiмi бойынша олардың бас (негiзгi) штабтарының бiрiнiң базасында ұжымдық қауiпсiздiк аймағы мемлекеттерiнiң қарулы күштерi өкiлдерiнен тұрақты жедел топ үлгiсiнде қысқартылған құрамда жұмыс iстеуi мүмкiн. Қатерлi кезеңде немесе командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу уақытында оны қалыптастыру, қызметiн ұйымдастыру және штаттық құрамға дейiн өрiстету тәртiбiн ұжымдық қауiпсiздiк аймақтарының мемлекеттерi айқындайды.

9-бап

      Ұжымдық қауіпсiздіктің жалпы жүйесi шеңберiнде әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының өзара iс-қимылын үйлестiру, сондай-ақ ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастырумен және жұмыс iстеуiмен байланысты мәселелердi шешу, аймақтық әскер топтарының қорғаныс министрлiктерiмен және қолбасшылықтарымен бiрлесiп ұжымдық қауiпсiздiк мүддесiнде жедел және жауынгерлiк даярлықтың бiрлескен iс-шараларын дайындау және өткiзу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу үшiн ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiн әскери басқарудың мемлекеттiк органы құрылады.

10-бап

      Әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының құрамына бөлiнген басқару органдары мен әскерлердi (күштердi) жедел және жауынгерлiк даярлаудың бiрлескен iс-шаралары Шартқа қатысушы мемлекеттердiң Қорғаныс министрлерi кеңесi ұсынатын және Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi бекiтетiн жыл сайынғы жоспарларға сәйкес жүргiзіледi.
      Жедел және жауынгерлiк даярлықтың бiрлескен iс-шараларын қаржыландыру Тараптардың үлестiк қатысуының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Тақырыптаp, жұмылдырылатын басқару органдары мен әскерлер (күштер) құрамы, аймақ аралық деңгейдегi iс-шараларды өткiзу аудандары мен мерзiмдерi бойынша жоспарларды келiсудi Шартқа қатысушы мемлекеттердiң қарулы күштерi бас (негiзгi) штабтарының бастықтары жүзеге асырады.
      Қорғаныс министрлiктерi арасындағы жедел мәселелер, әскерлердi оқыту үлгiлерi мен тәсiлдерi және әскерлер мен бiрiккен жүйелер аймақтық топтарының жауынгерлiк iс-қимылдарын қамтамасыз етудiң барлық түрлерi бойынша әдiстемелiк құжаттар алмасу ұлттық заңнамаларды ескере отырып жүзеге асырылады.

11-бап

      Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастыру, оларды даярлау, қолдану және жан-жақты қамтамасыз ету мiндеттерiн ұлттық деңгейде шешуге уәкілеттi органдар Шартқа қатысушы мемлекеттер қарулы күштерiнің қорғаныс министрлiктерi мен бас (негiзгi) штабтары болып табылады.

12-бап

      Осы Хаттама Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi Хатшылығының Тараптардың оны күшiне енгiзу жөнiндегi қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi өткiзгендiгi туралы үшiншi хабарламасын алған күннен бастап күшiне енедi және Шартты ұзартқан жағдайда автоматты түрде ұзартылады.

13-бап

      Осы Хаттамаға жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн. Ол хаттамалар осы Хаттаманың 12-бабында көзделген тәртiппен күшiне енедi және оның ажырамас бөлiгі болып табылады.
      Ереван қаласында 2001 жылғы 25 мамырда орыс тілiнде бiр түпнұсқа дана болып жасалды.
      Түпнұсқа дана Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң Хатшылығында сақталады, ол оның куәландырылған көшiрмесiн осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке жібередi.

Армения Республикасы үшiн             Қырғыз Республикасы үшiн

Беларусь Республикасы үшiн            Ресей Федерациясы үшiн

Қазақстан Республикасы үшiн           Тәжікстан Республикасы үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады