Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық Банкі арасындағы Еуропа Инвестициялық Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 қарашадағы № 345-IV Заңы

      2010 жылғы 10 сәуірде Брюссельде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық Банкі арасындағы Еуропа Инвестициялық Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық Банкі
арасындағы
Еуропа Инвестициялық Банкінің
Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін
НЕГІЗДЕМЕЛІК КЕЛІСІМ
(2011 жылғы 13 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 37-құжат, СІМ-нің ресми сайты)

      Бір тараптан Қазақстан Республикасының (бұдан әрі - «Қазақстан») атынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев және екінші тараптан бас кеңсесі Ұлы Люксембург Герцогтығы, Конрад Аденауэр атындағы бульвар 100, L - 2950 Люксембург-Кирхберг мекен-жайында орналасқан Еуропа Инвестициялық Банкі (European Investment Bank) (бұдан әрі - «Банк») атынан Еуропа Инвестициялық Банкінің Президенті Филипп Майштадт арасында жасалды.

      1995 жылғы 23 қаңтарда қол қойылған бір тараптан Еуропалық қоғамдастықтар мен оларға мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қазақстан Республикасы арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
      Еуропалық Одақ Кеңесінің шешімдерімен және/немесе Банктің басқарушы органдары белгілеген Банктің Қазақстан үшін қызығушылық тудыратын инвестициялық жобалар үшін кредиттер, кепілдіктер немесе басқа да құралдар беруі жолымен қаржыландыру шеңберінде қамтамасыз етуге және осы мақсатта мұндай жобаларға белгілі қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Банк үшін белгілі бір құқықтар мен артықшылықтарға кепілдік етуге ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтама

      Осы Келісімнің мақсаты үшін:
      «Бенефециар» (немесе жинақтап айтқанда «Бенефициарлар») Қазақстан мемлекеті болсын, жеке тұлға болсын не Банктің қарыз алушысын, бірлескен қарыз алушыны, кепілгерді, Банк кепілдік берген қарыз берушіні және оның қарыз алушысын не Жоба иесін қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, кез келген Жоба үшін Банк беретін қарыз, кепілдік немесе басқа да құралдар арқылы қаржыландырудан пайда алатын жеке немесе халықаралық құқық субъектісі болсын, кез келген тұлғаны білдіреді.
      «Жоба» тікелей Банк немесе делдал арқылы қаржыландырылатын кез келген инвестициялық жоба не Банк кепілдік берген қарыздан пайда алатын және мынадай критерийлерге сай келетін жоба:
      (і) Жоба аумақта орналасқан немесе оны қаржыландыруды Банк Қазақстанның аумағында не оның аумағы арқылы жүзеге асырады және;
      (іі) Қазақстан Үкіметі оны қаржыландыруға сұраныс береді немесе мұндай қаржыландыру осы Келісімнің қолданылу аясына түсетінін растайды, бұл ретте, Банк осы Келісім күшіне енгеннен кейін не осы Келісімге қол қойылуын немесе күшіне енуін айқын күту болған жағдайда қаржыландыруды бастауға келіседі;
      «Салық» мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті деңгейде алынатын кез келген салықтарды, алымдарды, баждарды, салық салуларды немесе кез келген фискалдық аударымдарды, тікелей немесе жанама аударымдарды білдіреді.

2-бап. Банктің қызметі

      Банк осы Келісімге сәйкес Қазақстанның аумағы шегінде Жобаны қаржыландыру үшін қарыздар және/немесе кепілдіктер беруді, барлық рұқсат етілген құралдарды пайдалана отырып, Қазақстанның заңнамасына сәйкес ақша қаражатын қарызға алуды, сондай-ақ осы қаражатты сақтауды, пайдалануды және билік етуді және кез келген валютада шоттарды басқаруды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, Келісімге қол қойылған күнгі Банктің Жарғысында көзделген қызмет түрлерін еркін жүзеге асыра алады. Атап айтқанда, Жобаны өз бағалауы бойынша Банк қаржыландыруды беру/бермеу туралы, сондай-ақ оны беру шарттары туралы дербес шешім қабылдай алады.

3-бап. Банкке салық салу

      Банкке тиесілі және осы Келісімде көзделген қызметке байланысты сыйақылар мен басқа да төлемдер, сондай-ақ Банктің осындай қызметке байланысты активтері мен кірістері салықтан босатылуы тиіс. Банктің Қазақстан аумағындағы осы Келісімде келтірілген кез келген шарттармен байланысты қызметінің ешқандай түрі Банкке немесе оның активтеріне салық салуға алып келмеуі тиіс.

4-бап. Валюталардың айырбасталуы және ақша
қаражатын аудару

      Осы Келісімнің 2-бабының қолданылу аясына түсетін кез келген қаржы операциясының бүкіл мерзімі ішінде Қазақстан:
      (а) (і) Бенефициарлар Қазақстанның ұлттық валютасындағы соманы валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Банкке кез келген Жобаға байланысты кәсіпорындардың кредиттері, кепілдіктері немесе капиталға кез келген салымдары бойынша тиесілі төлемдерді уақтылы төлеу үшін қажетті кез келген еркін айырбасталатын валютаға айырбастай алады; (іі) мұндай сома Бенефециарлар қолданылатын шарттық немесе басқа да құралдардың талаптарына сәйкес Банк алдындағы өз міндеттемелерін орындайтындай етіп, Қазақстан аумағынан тыс жерге кедергісіз, дереу әрі тиімді аударылуы мүмкін.
      (b) (і) Банк қарыздар, кепілдіктер және салымдар бойынша төлемдер ретінде немесе басқа да кез келген қызмет түрлері нәтижесінде Банк алған Қазақстанның ұлттық валютасындағы соманы валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша кез келген еркін айырбасталатын валютаға айырбастай алады және Банк осылайша айырбасталатын қаражатты Қазақстан аумағынан тыс жердегі Банк өзі таңдайтын банк шоттарына кедергісіз, дереу әрі тиімді аудара алады, не Банктің таңдауы бойынша (іі) Банк мұндай ақша қаражатына Қазақстан аумағында кедергісіз билік ете алады;
      (с) Банктің Қазақстанның ұлттық валютасына валюта айырбастаудың ағымдағы нарықтық бағамы бойынша кез келген еркін айырбасталатын валютадағы кез келген соманы айырбастауға мүмкіндігі бар.

5-бап. Жобаларға қатысты қолданылатын режим

      Қазақстан өзінің құқықтары мен өкілеттіліктері шегінде Жобаларға, сондай-ақ оларды жүзеге асыру мақсатында жасалған келісім-шарттарға байланысты салықтық, кедендік және басқа да мәселелерге қатысты кемсітпеу режимінің қолданылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ режимнің басқа халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын және/немесе кепілдік беретін басқа салыстырмалы жобаларға немесе келісім-шарттарға қатысты әрекет ететін режимнен қолайлылығы кем емес режим қолдануды қамтамасыз етеді.
      Қазақстан әр Жобаға Жобаны жүзеге асыруға байланысты пайда болған борышқа қызмет көрсету мақсатында Жобаның кіріс әкелу қабілетін сақтау үшін қажетті дәрежеде экспроприация мен даулардан толық және тұрақты қорғау мен кепілдікті қамтамасыз етеді.

6-бап. Жария тендерлер

      Банк Жобаларды өзінің қаржыландыруын тендерлерге қатысу рәсімдері мен келісім-шарттар жасасу үшін басқа да тендерлік рәсімдердің Банктің қолданыстағы ережелері мен рәсімдеріне сәйкес келуі жағдайында ғана ұсынады.

7-бап. Банктің мәртебесі мен режимі

      Банк Қазақстан аумағында заңды тұлға мәртебесін толық көлемде пайдаланады, оған атап айтқанда, келісім-шарттар жасасу, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және иеліктен шығару, сондай-ақ заң талқылауларында тарап ретінде қатысу құқығын қосуға болады.
      Қазақстан аумағында жүзеге асырылатын өзінің қызметіне қатысты Банк кез келген осындай қызметке қатысты ұсынылатын жалпы режимнен немесе егер осындай режим неғұрлым қолайлы болып табылса, кез келген салыстырмалы халықаралық келісіммен қолайлылығы кем емес режимді пайдаланады.
      Атап айтқанда, Банк осы Келісімге қол қойылған күні қолданыстағы Қазақстан заңнамасына сәйкес Қазақстанның ұлттық қаржы нарығына шексіз рұқсат алуы тиіс, ал оның облигациялары, бағалы қағаздары мен басқа да салыстырмалы қаржы құралдары өзге халықаралық қаржы институттарының салыстырмалы қаржы құралдарына арналған режимнен қолайлылығы кем емес болып табылатын режимді, оның ішінде салық режимін пайдаланады.

8-бап. Банктің артықшылықтары мен иммунитеттері

      (1) Банктің Активтері
      (а) тінтуден және экспроприацияның кез келген түрлерінен;
      (b) құзыретті сот шығарған Банкке қарсы ақырғы, шағым жасауға жатпайтын сот шешімін шығарғанша кез келген өндіріп алудан, ықпал ету шараларынан немесе тыйым салудан босатылуы тиіс.
      (2) Банктің өкілдері осы Келісімге немесе оның орындалуына байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде тым болмаса, мынадай иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдалануы тиіс:
      (а) Банк жоғарыда аталған иммунитеттен бас тартқан жағдайларды қоспағанда, лауазымдық міндеттер шеңберінде орындалатын іс-әрекеттерге байланысты сот немесе әкімшілік қудалауға қарсы иммунитетті;
      (b) Қазақстан ресми келіссөздер жүргізу, құжаттарды тасымалдау мен іссапарлар үшін ұсынатын дипломатиялық артықшылықтар мен жеңілдіктерді.
      8-баптың 2-тармағының әрекеті Банктің Қазақстан азаматтары болып табылатын өкілдеріне қолданылмайды.
      Көрсетілген иммунитет лауазымды адам немесе Банк қызметкері тарапынан болған іс-әрекеттерден туындаған дене жарақаттарына немесе өлімге байланысты жауапкершілікке қолданылмайды.

9-бап. Банк қызметіне қатысты дауларды реттеу

      Банк пен Бенефициар немесе кез келген басқа үшінші тарап арасындағы осы Келісімде көзделген Банк қызметіне қатысты мәселелер бойынша кез келген даулар туындаған кезде Қазақстан өзі тарап болып табылатын азаматтық істер бойынша сот және төрелік сот шешімдерінің танылуына және орындалуына қатысты қолданыстағы халықаралық шартта белгіленген шекте:
      (і) Қазақстан соттарының сот процесі бойынша тиісінше сот немесе еуропалық қоғамдастықтар Сотын немесе ЕО-ға мүше мемлекеттің кез келген ұлттық сотын немесе кез келген төрелік сотты қоса алғанда, тиісті юрисдикциядағы әділ сот органы шығарған түпкілікті шешімді тануға өкілеттігі болуын қамтамасыз етуге және (іі) қолданылатын ұлттық ережелер мен рәсімдерге сәйкес кез келген мұндай шешімнің орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
      Қазақстан (кепілдіктер беру, қоса қаржыландыру жолымен немесе өзгеше түрде) қатысушысы болып табылатын осы Келісімнің 11-бабына сәйкес Қазақстан мақұлдаған Жобаны қаржыландыруға қатысты Қазақстан мен Банк арасында дау туындаған жағдайда Қазақстан осы арқылы, еуропалық қоғамдастық Сотын қоса алғанда, осындай құзыретті соттың немесе трибуналдың юрисдикциясына қарсы келмейді.

10-бап. Суброгация

      Банкке осы Келісіммен ұсынылған ережелерді (і) өз атынан әрекет ететін Банк немесе егер ЕО осы Келісімнің қолданысына түсетін кез келген қарыздарға, кепілдіктерге және басқа да құралдарға байланысты кепілдіктерге немесе сақтандыру шарттарына сәйкес Банкке төлем жасаса, ЕО атынан; (іі) жағдайларға байланысты суброгация құқығының күшімен ЕО-ның өзі пайдаланады.

11-бап. Ынтымақтастық

      Қазақстан Жобаны қаржыландыру ұсынысының осы Келісімнің қолданысына түсетінін растау туралы Банктің сұранысына 60 күннің ішінде жазбаша нысанда жауап беруге міндеттенеді. Қазақстан мен Банк кез келген шаралар немесе ұсынылатын шаралар, немесе осы Келісім шеңберінде басқа тараптың құқықтары мен мүдделеріне елеулі түрде әсер етуі мүмкін жағдайлар туралы бірін-бірі уақтылы хабардар етуі тиіс.

12-бап. Дауларды шешу

      (1) Осы Келісімнің қолданылуына, әрекетіне, түсіндірілуіне, пайдаланылуына немесе тоқтатылуына байланысты туындайтын кез келген даулар, келіспеушіліктер, талаптар немесе наразылықтар (жинақтап айтқанда «Даму») Қазақстан мен Банк арасында (мүмкіндігінше) бейбіт келісім жасасу жолымен шешілуі тиіс.
      (2) Егер Қазақстан мен Банк арасындағы дау тараптың кез келгені осы Дау туралы хабарлаған сәттен бастап 60 (алпыс) күн ішінде бейбіт келісіммен шешілмесе, бұл Дау осы Келісімнің мерзіміне қатысты әсер ететін халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер арасындағы ерікті түрдегі төрелік талқылау жөніндегі Аралық сот тұрақты палатасының Ережелеріне сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік талқылау жолымен реттелуі тиіс.
      (3) Төрешілердің саны үшеу болуы тиіс. Төрелік сот рәсімдерінің тілі ағылшын тілі болуы тиіс. Төрелік соттар Гаагада (Нидерланды) өтуі тиіс. Төрешілерді сайлау құқығы Аралық сот тұрақты палатасының бас хатшысына беріледі.
      (4) Егер өзгеше келісілмесе, төрелік трибунал қалыптасқан сәттен бастап алты айдың ішінде барлық арыздар ұсынылуы және барлық тыңдаулар аяқталуы тиіс. Сот соңғы құжаттар ұсынылған сәттен бастап 60 (алпыс) күн ішінде өз шешімін шығаруы тиіс.
      (5) Осымен Қазақстан төрелік талқылауға және кез келген Дауға қатысты төрелік сот шығарған шешімге қарсы шықпайды.

13-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім Банктің Қазақстан Үкіметінен ратификациялау құралының немесе Қазақстан мен Банк арасындағы өзара уағдаластық бойынша жасалған басқа да құралдың куәландырылған көшірмесін, сондай-ақ осы Келісімнің заңды күшіне қатысты Банк үшін қолайлы заң қорытындысын алғанын растағаннан кейін келесі күні күшіне енеді.

14-бап. Қолданылу мерзімі

      Осы Келісім уақыттың шектеусіз кезеңіне жасалады.
      Банк Қазақстанға осы Келісім қолданылуының аяқталуы немесе осы Келісім бойынша міндеттемелерінің барлығынан немесе кез келгенінен босату туралы жазбаша хабарламаны 6 ай бұрын жіберуі тиіс. Егер өзгеше көрсетілмесе, осындай хабарламаның берілуі осындай хабарлама жіберілген күні аяқталмай қалған Жобалар мен қаржы операцияларына қатысты Банк алған құқықтар мен мүдделерді қозғамайды.
      Қазақстан Банкке осы Келісім қолданылуының аяқталуы туралы жазбаша хабарламаны 6 ай бұрын жібере алады. Осындай хабарламаның берілуі хабарламаның Қазақстан аумағында күшіне енген күні аяқталмай қалған Жобалар мен қаржы операцияларына қатысты Банк алған құқықтар мен мүдделерді қозғамайды.

15-бап. Ақпаратты ашу

      Қазақстан осы Келісімге сәйкес Жобаларды қолдау үшін ұсынылатын қарыздар, кепілдіктер және басқа да құралдар туралы ақпаратты ашуға және Бенефициарларға беруге рұқсат етілгенін және кез келген құзыретті басшы органның қолданыстағы ережелерінің немесе қаулысын бұзбайтынын мақұлдайды.

16-бап. Хабарламалар жіберуге арналған мекенжай

      Тараптар осы Келісімді қолдану барысында туындайтын кез келген байланыстар өздерінің төменде жазылған мекен-жайларына жіберілуі мүмкін екендігімен келіседі:
      Қазақстан: 010000, Қазақстан, Астана қ., Орынбор көшесі, 8, Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі;
      Банк: Конрад Аденауэр атындағы бульвар, 100, L - 2950 Люксембург.
      Осыны куәландыру үшін осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойғандар, осы Келісімге бірдей заңды күші бар, әрбір бетіне төменде қол қойғандар немесе олардың өкілдері қолдарын қойған қазақ тілінде екі түпнұсқа данада және ағылшын тілінде үш түпнұсқа данада және орыс тілінде екі түпнұсқа данада қол қойды.
      Түсініспеушілік туындаған жағдайда, ағылшын тілі басымдыққа ие болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ          ЕУРОПА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАНКІ

мүддесі үшін және атынан қол қойылды

      2010 жылғы 10 сәуірде Брюссель қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық Банкі арасындағы Еуропа Инвестициялық Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                                Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады