Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 473-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Келісілген макроэкономикалық саясат туралы
КЕЛIСIM

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 6-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың экономикалық өсуге, адамдардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі мақсаттарын негізге ала отырып,
      Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің тиімді жұмыс істеуі үшін келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу қажет деп есептей отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдардың анықтамасы

      Осы Келісімде мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
      «келісілген макроэкономикалық саясат» - Тараптар экономикасының теңгерімді дамуына қол жеткізу мақсатында Тараптардың бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру, әзірлеу және іске асыру;
      «макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары» - осы Келісімге сәйкес Тараптардың тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз ету және интеграциялық ынтымақтастығын кеңейту мақсатында қабылданатын экономикалық көрсеткіштердің сандық мәндері.

2-бап
Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу
мақсаттары мен қағидаттары

      1. Осы Келісімнің мақсаттары Тараптардың келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу бағыттарын айқындау және оны келісу қағидаттарын, тәртібі мен тетігін қалыптастыру болып табылады.
      2. Келісілген макроэкономикалық саясат мынадай қағидаттарға:
      орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге;
      осы Келісімде белгіленген теңгерімді макроэкономикалық көрсеткіштерді сақтауға негізделеді.
      Осындай қағидаттар Тараптар экономикасының ішкі орнықтылығын және сыртқы әсерлерге орнықтылығын арттыру, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде интеграцияны тереңдету үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
      3. Тараптар экономикасының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Тараптар келісілген макроэкономикалық саясат жүргізеді.

3-бап
Келісілген макроэкономикалық саясатты
жүргізудің негізгі бағыттары

      Тараптардың келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізуінің негізгі бағыттары:
      Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде интеграцияны тереңдету үшін Тараптардың макроэкономикалық тұрақтылығы мен экономикасының дамуын қамтамасыз етуді;
      Тараптар экономикасының жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қалыптастыруды және олардың өзара тиімді іс-қимылдарын қамтамасыз етуді;
      экономикалық дамудың орнықтылығын арттыру және экономикалық интеграцияның неғұрлым жоғары сатыларына көшуге жағдай жасау үшін Тараптардың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өлшемдерін келісуді;
      Тараптардың әлеуметтік-экономикалық дамуын болжау үшін жалпы қағидаттар мен бағдарлар әзірлеуді қамтиды.

4-бап
Макроэкономикалық саясатты үйлестіру тәртібі

      1. Макроэкономикалық саясаттың негізгі болжамдық өлшемдерін қоса алғанда, болжамдарды әзірлеуді үйлестіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      Тараптардың экономикалық дамуын талдау және оған мониторинг жүргізу;
      Тараптардың үш жылдық кезеңге арналған экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындау;
      әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын әзірлеу үшін сценарийлік өлшемдерді айқындау;
      макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық реформалар жүргізу және макроэкономикалық саясат шаралары бойынша тәжірибе алмасу;
      құрылымдық-өнеркәсіптік, аграрлық, көліктік, энергетикалық және инновациялық саясат басымдықтары бойынша консультациялар өткізу және ақпарат алмасу;
      құрылымдық саясатты іске асырудың жоспарланған бағыттары мен ірі инвестициялық жобалар бойынша Тараптарды алдын ала хабардар ету;
      қабылданатын шешімдердің Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің экономикалық қызметі мен кәсіпкерлік белсенділігінің жағдайларына әсерін талдау.
      2. Тараптар кемінде жылына бір рет сарапшылардың бірлескен
кеңесін өткізеді, болжамдардың өлшемдері мен негізгі көрсеткіштерін,
дамудың негізгі өсу факторлары мен шектеулерін қарайды, экономика
субъектілері қызметінің жағдайларын айқындайтын түйінді шешімдердің
өзара әсерін қарайды және бағалайды, сондай-ақ ынтымақтастықты
тереңдетуге және интеграциялық үдерістерді дамытуға бағытталған
ұсынымдар қабылдайды.

5-бап
Экономикалық даму мен интеграциялық ынтымақтастық
көрсеткіштерінің тізбесі

      1. Келісілген макроэкономикалық саясат:
      болжау мақсатында түйінді сценарийлік өлшемдерді айқындауды;
      экономикалық дамудың орнықтылығын арттырудың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін келісуді;
      Тараптардың экономикалық және интеграциялық ынтымақтастығын бағалау мақсатында экономикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуді көздейді.
      2. Тараптардың ресми әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын мынадай сыртқы өлшемдердің аралық сандық мәндерін Тараптар үш жылдық кезеңге келіседі:
      Brent маркалы мұнай бағасы;
      әлемдік экономиканың даму қарқындары;
      Тараптардың АҚШ долларына және (немесе) евроға қатысты ұлттық валюталарының бағамы.
      3. Тараптардың орталық (ұлттық) банктері осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көрсетілген макроэкономикалық көрсеткіштердің келісілген аралық мәндеріне қарамастан, ақша-кредит және бағамдық саясат жүргізуге құқығы бар.
      4. Тараптар экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын мынадай сандық өлшемдер шеңберінде экономикалық саясатты қалыптастырады:
      мемлекеттік бюджеттің жылдық тапшылығын (Ресей Федерациясы үшін - федералдық бюджет, Беларусь Республикасы үшін - республикалық бюджет, Қазақстан Республикасы үшін - республикалық бюджет) жалпы ішкі өнімнің 3 пайызынан асырмау;
      мемлекеттік борышты жалпы ішкі өнімнің 50 пайызынан асырмау;
      баға өсімі барынша төмен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттің инфляциясы деңгейінің 5 пайыздық тармағынан аспайтын инфляция деңгейі (орташа жылдық мәндегі тұтыну бағаларының индексі).
      5. Ерекше жағдаяттарда Тараптар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерін келіскен түрде азайта алады.
      6. Тараптар интеграция дәрежесі мен экономикалық тұрақтылықты айқындау мақсатында мониторинг жүргізу үшін мынадай көрсеткіштерді пайдаланады:
      жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны (пайызбен);
      сатып алу қабілетінің басымдығы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (АҚШ доллары);
      төлем теңгерімінің ағымдағы операциялар шотының сальдосы (АҚШ доллары және жалпы ішкі өнімге пайызбен);
      ұлттық валютаның нақты тиімді айырбас бағамының индексі (пайызбен);
      әрбір Тараптың экономикасына бағытталған ұлттық инвестициялардың, оның ішінде тікелей инвестициялардың көлемі (АҚШ доллары);
      әрбір Тараптан ұлттық экономикаға түскен инвестициялардың, оның ішінде тікелей инвестициялардың көлемі (АҚШ доллары);
      Тараптың жалпы экспортындағы әрбір Тараптың үлесі (пайызбен);
      Тараптың жалпы импортындағы әрбір Тараптың үлесі (пайызбен);
      Тараптың жалпы сыртқы сауда айналымындағы әрбір Тараптың үлесі (пайызбен).

6-бап
Келісімді іске асыру кезеңдері

      1. Макроэкономикалық көрсеткіштерді келісу мынадай тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:
      консультациялар жүргізу, қажетті нормативтік базаны әзірлеу және қабылдау, Тараптардың ұстанымдарын келісу;
      осы Келісімді іске асыру тетігін әзірлеу;
      экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын, осы Келісімнің 5-бабының 4-тармағында белгіленген сандық өлшемдері қайта қаралуы ықтимал ерекше жағдаяттарды айқындайтын критерийлерді әзірлеу;
      экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерді есептеудің қажетті әдістемелерін келісу;
      Тараптардың үйлесімділігін және өзара іс-қимылын жақсарту.
      2. Макроэкономикалық саясатты жүргізу үшін 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап осы Келісімнің 5-бабының 4-тармағында белгіленген сандық өлшемдер қолданысқа енеді. Егер қандай да бір Тараптың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері Тараптардың макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларына сәйкес келмесе немесе қандай да бір Тарапта экономикалық сипаттағы елеулі қиындықтар туындайтын болса, Тараптардың тиісті ведомстволары жіберілген ауытқуларды түзетуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу үшін консультациялар өткізеді.

7-бап
Келісілген макроэкономикалық саясатты
жүргізуді үйлестіретін орган

      1. Кеден одағының комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) Тараптардың келісілген макроэкономикалық саясатын жүргізуді үйлестіреді.
      2. Комиссия Тараптармен келісім бойынша Тараптардың макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын әзірлейді және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) мақұлдауына енгізеді.
      3. Комиссия макроэкономикалық саясатты үйлестіруді қамтамасыз ету және Тараптардың экономикасын үздіксіз жақындату мақсатында олардың экономикалық дамуына, макроэкономикалық саясат саласында олар қабылдайтын шараларға мониторинг жүргізеді және мұндай шаралардың Тараптар үшін жалпы келісілген Тараптардың макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларына сәйкестігін бағалайды.
      4. Комиссия басқа Тараптардың экономикасына осы шаралардың теріс әсерін болдырмауды ескере отырып, туындаған экономикалық ахуалды түзетуге бағытталған шаралар бойынша ұсыныстар әзірлеп, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) бекітуіне енгізеді.

8-бап
Тараптардың басқа халықаралық шарттардан
туындайтын құқықтары мен міндеттемелері

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап
Өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап
Дауларды шешу

      1. Тараптардың арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
      2. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда мұндай дауларды кез келген мүдделі Тарап Комиссияның қарауына, ал оларды Комиссия шешпеген жағдайда - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотының қарауына береді.

11-бап
Осы Келісімнің күшіне ену тәртібі

      Осы Келісім, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

12-бап
Осы Келісімге қосылу тәртібі

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына қосылған басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға беріледі.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін депозитарийде сақталады.

      Беларусь               Қазақстан              Ресей
  Республикасы үшін       Республикасы үшін     Федерациясы үшін

      Осы мәтін 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті А.Г.Лукашенко, Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті Д.А.Медведев қол қойған Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімнің/түпнұсқасының толық және тең түпнұсқалық көшірмесі болып табылатындығын осымен куәландырамын.
      Түпнұсқалық данасы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақтаулы.

Барлығы тігілген, қол қойылып,
мөрмен бекітілген 8 парақ    

      ЕурАзЭҚ Интеграциялық
      Комитеті Хатшылығы
      Құқықтық департаментінің
      Басшысы                                    В.С.Князев

      13.12.2010 ж.

      2010 жылғы 9 желтоқсандағы Мәскеу қаласында қол қойылған Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады