Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 22 ақпандағы № 457-V ҚРЗ

      2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлинде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісім (реадмиссия туралы келісім) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдарды қабылдау және
транзиттеу туралы келісім (реадмиссия туралы келісім)

(2016 жылғы 1 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 4, 66-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі — «Тараптар» деп аталады),
      өз мемлекеттері мен халықтары арасындағы достық өзара қарым-қатынастарға сүйене отырып,
      халықаралық күш-жігер рухында заңсыз көші-қонға қарсы тұруға ниеттене отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларына сәйкес және сенімді ынтымақтастық рухында тиісті Тараптың аумағында заңсыз тұратын адамдарды қабылдауды және адамдарды транзиттеуді жеңілдетуге ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

Анықтамалар
1-бап

      Осы Келісімде төменде келтірілетін терминдердің мынадай мәні бар:
      реадмиссия — шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың келу, кету және болу мәселелері жөніндегі заңнаманы бұза отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумағына келген немесе онда тұрып жатқан адамдарды осы Келісімде көзделген тәртіппен, шарттарда және мақсаттардың бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының қайтарып беруі және екінші Тарап мемлекеті құзыретті органдарының қабылдап алуы;
      сұрау салатын Тарап — адамды қабылдау, қайтару немесе транзиттеу туралы сұрауды жолдайтын Тарап;
      сұрау салынатын Тарап - өзінің атына адамдардың реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау жолданған Тарап;
      үшінші мемлекеттің азаматтары - осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттің азаматтары;
      азаматтығы жоқ адамдар - бір Тарап мемлекетінің азаматтығынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін айырылған және осы Келісімнің 2-бабы 1-тармағының күші қолданылатын адамдарды қоспағанда, осы Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болып табылмайтын және үшінші мемлекеттің азаматтығы жоқ адамдар;
      құзыретті органдар - осы Келісімнің 13-бабына сәйкес оны іске асыру жүктелген Тараптар мемлекеттерінің органдары.

І-бөлім
Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын қайтарып беру және қабылдап алу
2-бап

      1. Егер осы адам сұрау салынатын Тараптың азаматтығын иеленетіні дәлелденсе немесе солай пайымдауға негіздемелер болса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында қолданылатын кіру немесе болу ережелерін орындамайтын немесе орындауды доғарған адамды Тараптардың әрқайсысы қабылдап алады. Тұлғаның ұқсастығын растау талап етілмейді.
      2. Сондай-ақ 1-тармақ сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан және екінші мемлекеттің азаматтығын алмаған немесе сұрау салатын Тараптың мемлекетінен азаматтыққа қабылдауға рұқсат алмаған адамға да қатысты болады.
      3. Сондай-ақ сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша қабылданатын адамның кәмелетке толмаған бойдақ/күйеуге шықпаған, шет елде туған балаларын да, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің азаматтығы жоқ әйелін/күйеуін, егер олардың сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағында болуға құқығы болмаған жағдайда, қабылдайды.

3-бап

      1. Азаматтық фактісінің дәлелдемесі ретінде:
      1) азаматтық туралы куәліктер;
      2) барлық санаттағы паспорттар (ұлттық паспорттар, уақытша паспорттар және ресми инстанция берген паспорттар);
      3) жеке куәліктер (оның ішінде уақытша куәліктер);
      4) балалар паспорттары, теңізші кітапшасы және паспортты алмастыратын және шекарадан өтуге мүмкіндік беретін басқа да құжаттар;
      5) әскери билеттер мен әскери куәліктер;
      6) осы адамның азаматтығын растайтын ресми инстанция берген басқа құжаттар қабылданады;
      Мұндай жағдайларда сұрау салынатын Тарап сол адамды қандай да бір формальдылықсыз қабылдайды.
      2. Азаматтығы бар деп пайымдау үшін негіз ретінде:
      1) Осы баптың 1-тармағында санамаланған құжаттардың көшірмелері;
      2) жүргізуші куәліктері және олардың көшірмелері;
      3) тууы туралы куәліктер және олардың көшірмелері;
      4) куәгерлердің айғақтары;
      5) осы адамның өзінің айғақтары;
      6) сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша жүзеге асыру қажет, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүзеге асырған осы адамды тыңдау нәтижесі;
      7) сұрау салынатын Тараптың тиісті тілінде сөйлей білуі;
      8) азаматтықты айқындау кезінде септігін тигізуі мүмкін басқа да құжаттар пайдаланылады.
      Мұндай жағдайларда адамды қабылдау осы Келісімнің 4-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Азаматтық фактісін пайымдау үшін негіздеме ретінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында санамаланған құжаттардың тіпті қолданылу мерзімі аяқталған болса да, олардың біреуі жеткілікті.

4-бап

      1. Дәлелдемелер болмаған жағдайда немесе осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда, адамды қайта қабылдау сұрау салатын Тараптың қабылдау туралы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады. Қайта қабылдау туралы өтініште қабылдауға жататын адамның қолындағы құжаттарына немесе айғақтарына сәйкес мынадай деректер қамтылуға тиіс:
      1) қабылдауға жататын адамның жеке деректері (тектері, аттары, әкелерінің аттары, туған күні және мүмкіндігінше — туған жері, сондай-ақ сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында соңғы тұрғылықты орны туралы деректер);
      2) азаматтық фактісін пайымдау үшін негіз болып табылатын құжаттардың атауы;
      3) қабылдауға жататын адамның келісімімен ауруына немесе жас ерекшелігіне байланысты оның көмекке немесе күтімге ықтимал мұқтаждығын көрсету;
      4) нақты қабылдау жағдайында осы адамды тапсыру кезінде қорғау мен қауіпсіздіктің басқа да шараларының қажеттілігін көрсету.
      2. Адамды қабылдауды осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырған жағдайда азаматтығынан айырылғандығы құзыретті органдарға мәлім болғаннан кейін 12 ай ішінде қабылдау туралы өтініш жіберу қажет. Адам сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан осы Келісім күшіне енген сәтке дейінгі кезеңде айрылған жағдайда, бұл мерзім осы Келісім күшіне енген сәттен басталады.
      3. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген өтінішке дереу, бірақ бір айдан кешіктірмей жауап береді. Бұл мерзім сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына қайта қабылдау туралы сауал түскен күнінен басталады. Бір ай мерзім өткеннен кейін қабылдау туралы өтініш қанағаттандырылды деп есептеледі.
      Қажет болған жағдайда, сұрау салынатын Тарап қабылданатын адамның реадмиссиясы үшін қажетті, қолданылу мерзімі алты ай болатын паспорттық-визалық құжаттарды дереу ресімдейді.
      4. Егер құқықтық немесе нақты кедергілерге байланысты ресімделген паспорттық-визалық құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін тапсыруды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі он төрт күн ішінде қолданылу мерзімі алты ай болатын жаңа паспорттық-визалық құжатты ресімдейді.
      5. Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органын осы адамның реадмиссиясы туралы дереу, бірақ адамның жоспарланған реадмиссиясына дейін үш күннен кешіктірмей хабардар етеді.

5-бап

      Егер сұрау салынатын Тараптың осы адамды қабылдауы үшін осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген негіздердің болмағаны қабылданған сәттен бастап екі ай ішінде дәлелденген болса, сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тарап қабылдаған адамды қандай да бір ерекше формальдылықсыз кері қабылдайды.

ІІ-бөлім
Заңсыз келген және заңсыз болған жағдайда үшінші мемлекеттің
азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды беру және
қайта қабылдау
6-бап

      1. Егер осы адам сұрау салатын Тарап аумағында қолданылатын келу және болу үшін алғышарттарды орындамаса немесе орындауды доғарса, сондай-ақ егер осы тұлға:
      1) келген сәтте сұрау салатын Тарап берген қолданыстағы визасы немесе қолданыстағы болуға арналған рұқсатты иеленетіні немесе иеленгені;
      2) сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағына тікелей заңсыз келгені;
      3) сұрау салынатын Тараптың жалған немесе жасанды құжаттарын пайдалану арқылы келуге алдау жолымен рұқсат алғаны;
      4) сұрау салынатын Тарап аумағында өзінің соңғы тұрғылықты орнын иеленгені дәлелденсе не солай деп пайымдауға негіздер болса, Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың өтініші бойынша қазақстандық немесе германиялық азаматтығы жоқ адамды қабылдайды.
      2. Егер Тараптар осы адамға қолданылу мерзімі аяқталған визаны немесе қолданылу мерзімі аяқталған елде болуға арналған рұқсатты ресімдеген жағдайда, бірақ сұрау салынатын Тараптың елде болуға берген визасының немесе рұқсатының ұзағынан мерзімі болса, сұрау салынатын Тарап қабылдауды жүзеге асыруға міндетті.
      Қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда, сол күні неғұрлым ұзақ қолданылу мерзімімен виза немесе рұқсат ресімдеген Тарап осы адамды болу үшін қабылдауға міндетті.
      3. Қазақстан Тарапы герман Тарапының қолдаухаты бойынша басқа азаматтық алмаған және Қазақстан Республикасының аумағында туған жері бар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты орны бар бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының бұрынғы азаматтарын қабылдайды. Туған жері және тұрақты тұрғылықты орны Қазақстан Тарапының, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының немесе үшінші мемлекеттің ресми құжаттарының көмегімен дәлелденуі мүмкін. Қазақстан Республикасының аумағында тұрғандын және туғанына Қазақстан Республикасының аумағында тұру және туу фактісін жанама растайтын басқа да құжаттар негіз бола алады.
      4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданатын адамды кәмелетке толмаған бойдақ/күйеуге шықпаған, шет елде туған балаларды және оның үшінші мемлекеттердің азаматтары болып табылатын күйеуін/әйелін, егер оларға сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағында болуға рұқсат берілмеген жағдайда, қабылдайды.

7-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағынан тікелей сұрау салған Тарап мемлекетінің аумағына кіру және сұрау салатын Тараптың аумағында үшінші мемлекеттің азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың сұрау салатын Тарап аумағында болу фактісі, олардың кіруі немесе болуы сұрау салынатын Тараптың берген визасының немесе сұрау салынатын Тараптың аумағында болуға берілген басқа қолданыстағы рұқсатының болуы заңсыздық ретінде дәлелдену немесе негізделуі тиіс.
      2. Сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына кіру және онда болу фактісі сұрау салынатын Тарап ресімдеген қолданыстағы визаның немесе басқа қолданыстағы рұқсаттың болуымен бірдей:
      1) мыналардың:
      - сұрау салынатын Тарап органдары ресімдеген паспорт-визалық құжаттарында шығу және кіру туралы мөртабандардың;
      - паспорт-визалық құжаттарында сұрау салынатын Тарап органдары белгілерінің;
      - осы адамның сұрау салынатын Тарап аумағында болғандығы туралы біржақты куәландыратын авиабилеттердің, түбіртектердің немесе шоттардың негізінде дәлелденген.
      Сұрау салатын Тарап жоғарыда көрсетілген дәлелдемелердің бірін ұсынған жағдайда сұрау салынатын Тараптың қосымша негіздемелерді талап етуге және қосымша тексеру іс-шараларын жүргізуге құқығы жоқ.
      2) мыналардың:
      - сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағы арқылы өтуді растайтын авиациялық немесе өзге көліктердің билеттерінің;
      - осы адамның кірген жері мен келген кейін ұсталған жағдайларының;
      - шекараны кесіп өту фактісі туралы дәлел келтіре алатын шекара қызметі қызметкерлерінің айғақтарының;
      - осы адамның ұқсастығы немесе болғаны туралы халықаралық ұйым ақпаратының;
      - куәгер айғақтарының;
      - осы адамның айғақтарының негізінде расталған деп есептеледі.
      Сұрау салатын Тарап теріс ұйғарым бермейінше, жоғарыда көрсетілген тәсілмен алынған негіздемені Тараптар мойындайды.
      3. Адамның кіруінің және болуының заңсыздығы, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында болуға қажетті визасы немесе өзге рұқсаты болмаса, шекараларды кесіп өту құқығына арналған құжаттың көмегімен дәлелденеді. Кірудің немесе елде болудың заңсыздығын негіздеу үшін осы адамда шекараны кесіп өту құқығына арналған қажетті құжатының немесе тиісті визасының немесе елде болуға берілген өзге рұқсатының болмауы фактісін белгілеу туралы сұрау салатын Тараптың өтініші жеткілікті.
      4. Осы Келісімнің 6-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес тұрғылықты орнының болуын сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші мемлекеттің ресми құжаттарының көмегімен дәлелдеуге болады. Негіздемені бәрінен бұрын, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағындағы тұрғылықты орнын көрсететін құжаттардың, куәліктердің немесе өзге құжаттардың көмегімен жүзеге асыруға болады.

8-бап

      1. Үшінші мемлекеттің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау қабылдап алу туралы қолдаухаттың негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау туралы қолдаухатта қабылдауға жататын адамдардың қолда бар құжаттарына немесе айғақтарына сәйкес, мынадай деректер болады:
      1) қабылдауға жататын адамның жеке бас деректері (тектері, аттары әкелерінің аттары, туған күні және мүмкіндігінше, туған жері, сондай-ақ сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағындағы соңғы тұрғылықты орны туралы деректер);
      2) фактілерді негіздеуге арналған айғақтардың немесе құжаттардың атауы;
      3) қабылдауға жататын адамның келісімімен, ауруына немесе жас ерекшелігіне байланысты оның көмек немесе күтім алуға ықтимал қажеттілігін көрсету;
      4) нақты қабылдау жағдайында осы адамды тапсыру кезінде қорғау мен қауіпсіздіктің басқа да шараларының қажеттілігін көрсету.
      2. Қабылдау туралы өтініш осы адамның заңсыз келу немесе елде болу фактісі құзыретті органдарға белгілі болғаннан кейін 12 айдан кешіктірмей жолданады. Осы Келісім күшіне енген сәтке дейінгі кезеңде, осы адам сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына келген жағдайда, бұл мерзім осы Келісім күшіне енген сәттен басталады. Сұрау салынатын Тарап өтінішке дереу, бірақ бір айдан кешіктірмей жауап береді. Осы мерзім сұрау салынатын Тараптың тиісті органына қайта қабылдау туралы сауал түскен күннен басталады. Бір ай мерзім өткеннен кейін қабылдау туралы өтініш қанағаттандырылды деп саналады. Сұрау салынатын Тарап, қажет болған жағдайда, қабылданатын адамның реадмиссиясы үшін қажетті паспорт-визалық құжаттарын қолданылу мерзімі алты айға дереу ресімдейді.
      3. Тиісті адамды тапсыру дереу, бірақ қабылдау туралы өтінішті сұрау салынатын Тарап қанағаттандырған сәттен бастап үш айдан кешіктірмей жүзеге асырылады. Тапсыру үшін құқықтық немесе нақты кедергілер болған жағдайда, сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша бұл мерзім ұзартылады. Тараптардың құзыретті органдары тапсырудың жоспарланған күнін жазбаша түрде келіседі.

9-бап

      Егер сұрау салынатын Тарап осы адамды қабылдағаннан кейін екі ай ішінде осы бөлімде көрсетілген алғышарттардың жоқ екендігін белгілесе осы Келісімнің 6-бабына сәйкес адамды қабылдаған жағдайда сұрау салынатын Тарап қандай да бір формальдылықтарсыз осы адамды кері қабылдайды.

ІІІ-бөлім
Адамдарды әуе жолдары арқылы қайтару
10-бап

      Адамдарды қайтару осы Келісімнің 2 және 6-баптарына сәйкес әдетте, әуе жолымен жүзеге асырылады. Әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделері талап еткен жағдайда, қайтаруға жататын адамдарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтердің қызметкерлері алып жүреді.

IV-бөлім
Транзит
11-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы үшінші мемлекеттің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды өз мемлекетінің аумағы арқылы, егер бұл туралы басқа Тарап өтініш жасаса, сондай-ақ межелі мемлекетке дейін ықтимал транзиттік мемлекеттер арқылы өтуді қамтамасыз еткен жағдайда транзиттеуге рұқсат етеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап өз аумағы арқылы транзитке берген рұқсатынан, егер осы адамға қандай да бір кейінгі транзиттік мемлекеттерден немесе межелі мемлекетте осы Келісімнің 17-бабының 1-тармағында көрсетілген Конвенцияда көзделген себептерге орай қудалау, адамгершілікке жат немесе қорлаушылықпен қарау, жазалау немесе өлім жазасын шығару қаупі төнетін болса, бас тартады. Транзитке берілген рұқсаттан, егер осы адам сұрау салатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға немесе жазасын өтеуге жататын болса, бас тартылуы мүмкін. Қылмыстық қудалау немесе жазасын өтеу мақсатында адамдарды тапсыру рәсіміне бұл әсер етпейді.
      3. Адамды транзиттеуден бас тартылған жағдайда, сұрау салатын Тарапты бас тартудың себептері туралы хабардар ету қажет.
      4. Егер кейіннен осы баптың 2-тармағында көзделген және транзитке кедергі келтіретін фактілер табылса немесе күшіне енсе, немесе егер кейінгі транзиттік мемлекеттер арқылы өтуге немесе межелі мемлекеттің қабылдауына кепілдік берілмеген болса, өз аумағы арқылы транзиттеуге берілген рұқсаттың болуына қарамастан, транзиттеуге жатқызылған адам сұрау салынатын Тарапқа қайтарылуы мүмкін.

V-бөлім
Шығындар және құзыретті органдар
12-бап

      1. Тапсыру және осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында және 6-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды халықаралық қатынас үшін ашық сұраушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетіне дейін алып жүру жөніндегі шығындарды сұрау салатын Тарап мойнына алады.
      2. Осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды тапсыруға, оларға ықтимал ілесіп жүруге және транзиттеуге және оларды ықтимал қайтаруға байланысты шығындарды сұрау салатын Тарап мойнына алады.
      3. Осы Келісімнің 5-бабында және 9-бабында көрсетілген адамдарды тапсыру және халықаралық қатынастар үшін ашық сұрау салынатын Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетіне дейін алып жүру жөніндегі шығындарды сұрау салатын Тарап мойнына алады.

13-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары болып табылады:
      1) осы Келісімнің 456 және 9-баптарына сәйкес қабылдау туралы өтініштерді беруге және оны қарауға қатысты, сондай-ақ паспорт-визалық құжаттарды ресімдеуге өтініштер беруге қатысты:
      Қазақстан Республикасының тарапынан:
      - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      Германия Федеративтік Республикасының тарапынан:
      - шетелдіктер туралы заңнаманың орындалуына жауапты органдар; немесе
      - Федералдық полицияның Орталық басқармасы
      Bundespolizeiprasidium
      Неіnrісh Маnn Allее 103
      D-14473 Роtsdam
      тел.: 0049 331 97997-0 (коммутатор)
      факс: 0049 331 97997-1010.
      2) қабылдау туралы өтініштерді қабылдауға қатысты:
      Қазақстан Республикасының тарапынан:
      - Қазақстан Республикасының тиісті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі;
      Германия Федеративтік Республикасының тарапынан:
      - Германия Федеративтік Республикасының құзыретті шетелдік өкілдігі;
      3) транзит туралы өтініштерді осы Келісімнің 11-бабына сәйкес беру мен қарауға қатысты, сондай-ақ осы Келісімнің 12-бабына сәйкес шығындардың есебі бойынша:
      Қазақстан Республикасының тарапынан:
      - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
      Германия Федеративтік Республикасының тарапынан:
      - Федералдық полиция дирекциясы
      Bundespolizeiprasidium
      Неіnrісh Маnn Allее 103
      D-14473 Роtsdam
      тел.: 0049 331 97997-0 (коммутатор)
      факс: 0049 331 97997-1010;
      2. Тараптардың өздерінің құзыретті органдарының атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда, бұл туралы бірін бірі жазбаша түрде хабардар етеді.

VI-бөлім
Жеке деректерді қорғау
14-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында жеке деректерді тапсыру қажет болған кезде оларға мынадай ақпарат жатқызылуы мүмкін:
      1) тапсыруға жататын адамның жеке деректері және, қажет болған кезде, оның отбасы мүшелерінің жеке деректері (тектері, аттары, әкесінің аттары, бұрынғы тегі, лақап аты немесе бүркеншік аты, егер мұндайлар бар болса, туған күні мен жері, жынысы, қазіргі сәттегі және өткендегі азаматтығы);
      2) жеке басын куәландыратын құжаттар (құжаттың түрі, нөмірі,  қолданылу мерзімі, берілген күні және орны, кім берген және т.б.);
      3) тапсыруға жататын адамды сәйкестендіру үшін қажетті өзге деректер;
      4) болған жерлері және қозғалыс маршруттары;
      5) аталған тұлғаны осы Келісімге сәйкес қайта қабылдау үшін негіздердің болуын тексеру үшін оған қажетті Тараптардың бірінің өтініші бойынша өзге мәліметтер.
      2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің құқықтық нормаларын сақтаған жағдайда, осы Келісімнің шеңберінде жеке деректерді беру кезінде мынадай ережелер қолданылады:
      1) жеке деректерді алушы органның мәліметтерді пайдалануына деректерді жөнелтуші орган белгілеген мақсаттарда және шарттарда ғана  жол беріледі;
      2) алушы орган жіберуші органның өтініші бойынша берілген деректердің пайдаланылуы және бұл ретте алынған нәтижелер туралы оған хабарлайды;
      3) жеке деректерді құзіретті органдарға ғана беруге болады. Деректерді кейіннен басқа органдарға сол жіберуші органның осыған алдын ала келісімі болған жағдайда ғана беруге болады;
      4) деректерді беруші орган, олардың дұрыстығына, берудің қажеттілігіне және олардың беру мақсатына сәйкестігіне көз жеткізуге міндетті. Бұл ретте мемлекеттің тиісті ұлттық заңнамасында қамтылған деректерді беруге тыйым салуы сақталады. Егер дұрыс емес деректер немесе беруге жатпайтын деректер берілген жағдайда, алушы орган бұл туралы дереу хабардар етіледі. Алушы орган бұл деректерді түзетуге немесе жоюға міндетті;
      5) деректерді беруші орган және деректерді алушы орган тиісінше жеке деректерді беруді және алуды тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті;
      6) деректерді беруші орган және деректерді алушы орган берілген жеке деректерді оларға рұқсат етілмеген қол жеткізуден, оларды рұқсат етілмеген өзгерістен және рұқсат етілмеген жария етуден тиімді қорғауға міндетті.

VІІ-бөлім
Келісімнің орындалуы
15-бап

      1. Осы Келісімді жүзеге асырудың анық-қанығын Тараптар сарапшылардың деңгейінде реттейді.
      2. Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын проблемаларды екі жақты келісім бойынша шешуге міндеттенеді.
Тараптардың әрқайсысы, қажет болған жағдайда, осы Келісімді орындау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуге қарсы Тарапты шақыра алады.

16-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша дипломатиялық арналар арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      1. Осы Келісім 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның және 1967 жылғы 31 қаңтардағы босқындардың мәртебесіне қатысты Хаттаманың қолданылуын қозғамайды.
      2. Осы Келісім басқа халықаралық шарттардан туындайтын, қатысушылары олардың мемлекеті болып табылатын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін, сондай-ақ Еуропа Одағына оның мүшелігінен туындайтын Германия Федеративтік Республикасының міндеттемелерін де қозғамайды.

VIII-бөлім
Қорытынды ережелер
18-бап

      1. Тараптар Келісім күшіне енген сәтке дейін оған қол қойылғаннан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен бастап Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде осы Келісімді уақытша қолдану туралы келісті.
      2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Германия Федеративтік Республикасының Үкіметіне нота жолымен хабарлаған күнінен бастап екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Бұл ретте хабарлама алынған күн айқындаушы болып табылады.
      3. Осы Келісімнің 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, 6-бабының ережелері осы баптың 2-тармағында көзделген күнінен бастап 3 жыл өткен соң қолданылады. Осы үш жылдық кезең ішінде 3 және 4-тармақтарды қоспағанда, 6-баптың ережелері тек Тараптар реадмиссия туралы екі жақты шарттар немесе уағдаластықтар жасасқан үшінші мемлекеттің азаматтығы жоқ адамдары мен үшінші мемлекеттің азаматтарына қолданылады.
      4. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

19-бап

      Осы Келісім Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге тиіс. Осы Келісімді, ол күшіне енгеннен кейін тіркеуді, Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі жүзеге асырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы оны растағаннан кейін берілген тіркеу нөмірін көрсете отырып, Қазақстан тарапына жазбаша хабарлама жібереді.

20-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы Келісімді дипломатиялық арналар арқылы бұзуға құқылы. Осы Келісімнің қолданылуы тиісті нота алынған күнінен бастап 90 күн өткен соң тоқтатылады.
      2. Осы Келісім, оның 1-бөлімін қоспағанда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, халықтың денсаулығын сақтауға немесе ұлттық қауіпсіздікті қорғауға байланысты себептер бойынша дипломатиялық арналар арқылы толық немесе ішінара тоқтатыла тұруы мүмкін. Осы Келісімді тоқтата тұру (және жаңарту) бір Тарап тиісті жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      2009 жылғы 10 желтоқсан Берлин қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

Қазақстан Республикасының           Германия Федеративтік
      Үкіметі үшін               Республикасының Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің неміс тіліндегі мәтіні берілген.

      2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлин қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімнің (реадмиссия туралы) куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                      Д. Есентаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады