Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 11 шілдедегі № 90-VI ҚРЗ.


      Мемлекет басшысы 2017 жылғы 11 шілдеде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) қол қойды.

      Заң аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер (бұдан әрі – ауылдық округтер) деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді көздейтін Мемлекет басшысының "Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 98-қадамын іске асыру мақсатында әзірленді.

      Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті ауылдық округтер деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің IV деңгейі ретінде енгізілетін болады.

      Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың меншігін жекешелендіруден түсетін түсімдер есебінен Ұлттық қор қаражатының жинақталуына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметімен көлемін келісу арқылы квазимемлекеттік сектордың сырттан қарыз алуына шектеулер қойылуына қатысты Бюджет кодексі мен "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

      Жалпы, Заң жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз