Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 21 қарашадағы № 194-VІ ҚРЗ.

      2011 жылғы 25 ақпанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісім

      Бірлесіп тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Халықаралық Қызыл Крест Комитеті (бұдан әрі - ХҚКК деп аталады),

      адам қасіреттерін жеңілдету мақсатында ешбір кемсітушіліксіз қорғау және көмек көрсету бойынша ХҚКК-нің жұмысын ескере отырып, Қазақстан Республикасының мүдделерін және Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын 1949 жылғы Женева конвенциялары мен 1977 жылғы олардың Қосымша хаттамаларына, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық қозғалысының Жарғысы мен Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық конференцияларының қарарларына сәйкес ХҚКК-нің өзіне жүктелген гуманитарлық міндеттерін орындауға ынта білдіруін назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап - ХҚКК-нің мәртебесі

      ХҚКК Өкілдігі болатын мемлекеттің аумағында халықаралық ұйымдар мәртебесінен кем емес қолайлы құқықтық мәртебеге ие болады. ХҚКК Өкілдігі болатын мемлекеттің аумағында өз мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қажетті құқықтық қабілетті пайдаланады.

2-бап - Құқықтық субъектілік

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ХҚКК Өкілдігінің өзіне шарттық міндеттемелерді қабылдау, сотта істі қарауға қатысу және құқықты иелену, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және оларға иелік ету қабілеті бар, бірақ осымен шектелмейтін құқықтық субъектілігін мойындайды.

3-бап - ХҚКК-нің, оның мүлкі мен активтерінің иммунитеті

      1. ХҚКК-нің Өкілдігі, оның мүлкі, қаражаты мен активтері, қайда және кімнің иелігінде болғанына қарамастан, ХҚКК Өкілдігі өз иммунитетінен бас тартқан жекелеген жағдайларды қоспағанда, соттың және әкімшілік іс жүргізудің кез келген нысандарынан иммунитетті пайдаланады.

      2. ХҚКК Өкілдігінің үй-жайларына қол сұғылмайды. ХҚКК Өкілдігінің мүлкі мен активтері, қайда және кімнің иелігінде болғанына қарамастан, тінту, иеліктен айыру, тәркілеу, экспроприация және орындаушылық, сот, әкімшілік немесе заңнамалық әрекеттер жолымен қандай да бір өзге қол сұғушылық нысанынан иммунитетті пайдаланады.

4-бап - ХҚКК мұрағаттарының қолсұғылмаушылығы

      ХҚКК Өкілдігінің мұрағаттары, олар қайда болғанына қарамастан, оған тиісті және онда сақталатын барлық құжаттар сияқты қол сұғылмаушылыққа ие.

5-бап - Байланыс құралдары

      1. ХҚКК Өкілдігі ресми мақсаттарда және қандай да бір қол сұғушылықсыз, байланыстарды жүзеге асыру үшін өзі барынша қолайлы деп санайтын телекоммуникациялық құралдарды, атап айқанда, Женевадағы ХҚКК Штаб-пәтерімен, басқа да тиісті халықаралық мекемелер мен ұйымдармен, үкіметтік құрылымдармен, сондай-ақ заңды немесе жеке тұлғалармен байланыс жасау үшін еркін пайдалана алады.

      2. ХҚКК өкілдігінің өз үй-жайларында радиоэлектрондық құралдар орнатуға және болатын мемлекеттің аумағы шегінде жылжымалы құралдарды пайдалануға құқығы бар. ХҚКК Өкілдігі лицензиялық алымдардан және өзге тиісті салықтар мен алымдардан босатылады. ХҚКК Өкілдігі Халықаралық Телекоммуникациялар Одағының № 10 қарарына (REV.WRC - 2000) сәйкес Қазақстан Республикасы құзыретті мемлекеттік органдары осы мақсаттар үшін берген жиіліктерді пайдаланады.

      3. ХҚКК Өкілдігі ресми байланыстарға қатысты барлық жағдайда, артықшылықтарға, тарифтер мен салықтарға қатысты халықаралық ұйымдарға ұсынылатыннан қолайлылығы кем емес режимді пайдаланады.

      4. ХҚКК Өкілдігінің дипломатиялық курьерлер мен вализалар тәрізді артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын курьерлер немесе мөрленген вализалар арқылы, алайда осы вализалар олардың сипатын көрсететін сыртқы белгілері бар болған және ХҚКК Өкілдігінің ресми пайдалануына арналған құжаттардан немесе заттардан ғана тұратын жағдайда, өз хат-хабарларын жіберуге және алуға құқығы бар.

6-бап - ХҚКК мен оның өкілдігі есептерінің, хат-хабарларының және өзге де байланыс құралдарының құпиялылығы

      Қазақстан Республикасы Үкіметі ХҚКК Өкілдігі есептерінің, хат-хабарларының және өзге де хабарламаларының құпиялылығын құрметтеуге міндеттеңеді. Бұл олардың мазмұнын көзделген алушылардан басқа адамдарға және/немесе ұйымдарға жария етпеу және оларды ХҚКК Өкілдігінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз сот ісі барысында пайдаланбауын қамтиды.

7-бап - ХҚКК өкілдігінің қаржылық ресурстары

      1. ХҚКК Өкілдігінің ұлттық немесе шетелдік валютаға немесе басқа да қаржы активтеріне иелік етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының валюталарды айырбастауды және оған қатысты өзге де мәселелерді реттейтін заңнамасымен шектелмеген кез келген валютада шоттар ұстауға құқығы бар.

      2. ХҚКК мен оның Өкілдігі болатын мемлекетке/тен және болатын мемлекеттің ішінде қаражатты ұлттық немесе шетелдік валютада еркін аударуға, сондай-ақ осындай активтерді басқа валютаға еркін айналдыруға құқылы.

8-бап - Салықтардан босату

      1. ХҚКК мен оның Өкілдігі, оның активтері, кірістері мен меншігі болатын мемлекеттің аумағында коммуналдық қызметтер үшін төлемі болып табылатындарды қоспағанда, алынатын барлық салық түрлерінен босатылады.

      2. ХҚКК мен оның Өкілдігінің қызметтік пайдалануына және Қазақстан Республикасында гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ХҚКК-ның бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған қызмет көрсетулерді және заттарды сатып алғаны үшін болу мемлекетінде алынатын салықтардың барлық түрлерінен босатылады.

9-бап - Кедендік баждардан босату

      1. ХҚКК мен Қазақстан Республикасы аумағындағы оның Өкілдігі ХҚКК қызметтік пайдалануына және/немесе Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде көмек көрсетуі жөніндегі бағдарламаларына арналған заттар мен материалдар (басылымдар мен аудио-бейнематериалдарды қоса алғанда) кедендік баждардан, салықтар мен алымдардан босатылады.

      2. ХҚКК Өкілдігінің әуе тасымалдауларын ұйымдастыруға құқығы бар және Қазақстан Республикасы үшін гуманитарлық жүктерді тасымалдайтын немесе оның аумағы үстінен ұшып өтетін өз рейстері үшін ұшу және қону төлемдерінен босатылады.

10-бап - Өкілдік мүшелерінің мәртебесі

      1. ХҚКК Өкілдігінің мүшелеріне, олардың жұбайларына/зайыптарына, олардың асырауындағы отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық персоналының өкілдіктері мүшелеріне берілетін мәртебе беріледі.

      2. Олар, жеке қамауға немесе тұтқынға алуды, жеке жүкке тыйым салу және өз міндеттерін орындауға байланысты куәгерлер ретінде әрекет ету немесе іс-әрекеттеріне және/немесе жіберген қателіктеріне қатысты түсінік беру қажеттілігін қоса алғанда, сот немесе әкімшілік процестердің кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.

      3. Олардың жеке резиденцияларына, көлік құралдары, құжаттары, қолжазбалары және өзге де жеке мүлкіне қол сұғылмайды.

      4. Оларға көші-қон бойынша ешбір төлемдер мен шектеулер, сондай-ақ шетелдіктерді тіркеу мен жалпыға бірдей әскери міндеттерге қатысты міндеттер қолданылмайды.

      5. Олардың көлік құралдарын қоса алғанда, өз жеке мүліктерін бажсыз тасымалдауға құқығы бар. Елден кетер кезде де осыған ұқсас артықшылықтарды пайдаланады.

      6. Олардың Қазақстан Республикасындағы өз жеке мүлкін Қазақстан Республикасында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық персоналының өкілдіктеріне берілген шарттарға сәйкес сатуға құқығы бар.

      7. Тәртіпсіздіктер немесе қарулы қақтығыс жағдайларында, егер олар оны қаласа, өздері барынша қауіпсіз және жылдам деп санайтын тәсілмен оларға болатын мемлекеттің аумағынан шығуға қажетті жағдайлар жасалады.

      8. Олар Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің мүшелеріне берілген валюта режиміне қатысты жеңілдіктерді пайдаланады.

      9. ХҚКК Өкілдігі халықаралық персоналының мүшелері ХҚКК төлейтін немесе, тұтастай алғанда, олардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден алатын жалақы және өзге де сыйақы түрлеріне салынатын барлық салықтардан босатылады.

      10. ХҚКК Өкілдігінің Басшысы мен оның Орынбасары жұбайларымен/зайыптарымен және олардың асырауындағы өзге де туыстарымен және отбасы мүшелерімен бірге аталған артықшылықтар мен иммунитеттерге қосымша, 1961 жылғы 18 сәуірдегі Димпломатялық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес дипломатиялық агенттерге берілген мәртебені пайдаланады.

      11. Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылатын немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын ХҚКК Өкілдігінің мүшелері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жасалған әрекеттеріне қатысты соттық іс қараудан иммунитетті қоспағанда, осы баптың 1 - 10 тармақтарындағы иммунитеттерді, артықшылықтар мен жеңілдіктерді пайдаланбайды.

      12. ХҚКК Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін ХҚКК Өкілдігі қызметкерлерінің аты-жөні, лауазымы мен міндеттері туралы мемлекеттік биліктің тиісті органдарын хабардар етеді.

      13. ХҚКК Өкілдігінің мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген сәттен бастап Қазақстан Республикасы заңнамасын құрметтеуге тиіс және оларға ұсынылатын қорғауды пайдаланады.

11-бап - Уақытша миссиямен келетін ХҚКК өкілдері

      Қазақстан Республикасына уақытша миссиямен келген ХҚКК өкілдері 10-баптың 2, 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарындағы иммуниттер мен артықшылықтарды пайдаланады.

12-бап - ХҚКК мүшелерінің құжаттары

      1. ХҚКК Өкілдігі халықаралық персоналының мүшелері мен уақытша миссиямен келген ХҚКК өкілдерінің жеке басын және оның ХҚКК қызметкері ретіндегі мәртебесін растайтын жарамды визасы бар паспорты мен "Жеке куәлік және іссапар куәлігі" деп аталатын құжаты болады.

      2. ХҚКК өкілдігінің халықаралық қызметкерлері Қазақстан Республикасының шекарасынан өтіп, республика территориясында болу үшін күші бар визасы бар паспортты қолданады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік биліктері осы құжатты жарамды жол жүру құжаты ретінде қабылдайды. Иесі құжатты көрсеткен жағдайда, олар оған Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасынан өтуге және мемлекет ішінде жүріп-тұруына жәрдем көрсетеді.

13-бап - Болатын мемлекетпен ынтымақтастық

      1. ХҚКК және оның Өкілдігі осы Келісімде көзделген артықшылықтарды, иммунитеттер мен жеңілдіктерді асыра пайдаланудың кезкелген нысанын болдырмау мақсатында мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық орнатады.

      2. ХҚКК Өкілдігі, тек оның жеке өз пікірі бойынша, осы иммунитет сот әділдігіне кедергі болатын және ХҚКК мүдделеріне нұқсан келтірмей одан бас тартуға болатын жағдайларда, кезкелген иммунитеттен бас тарта алады.

14-бап - Түсіндірме

      Осы Келісім ХҚКК Өкілдігіне өз міндеттері мен функцияларын толығымен әрі тиімді орындауға және өз бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берудің негізгі мақсаттары аясында түсіндіріледі.

15-бап - Дауларды келіссөздер арқылы реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады.

16-бап - Төрелік сот

      Жоғарыда аталған келіссөздер сәтсіз болған жағдайда, түпкілікті реттеу үшін келіспеушілік үш төрешіден тұратын төрелік органға жіберіледі, оның біреуін - Қазақстан Республикасының Үкіметі, екіншісін - ХҚКК Президенті, ал үшіншісін - екі тарап немесе, олар келісімге келуі мүмкін емес жағдайда - БҰҰ Халықаралық Сотының Президенті тағайындайды. Осылайша құрылған органның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

17-бап - Өзгерістер енгізу

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге кез келген уақытта Келісімнің 19-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап - Қосымша келісімдер

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚКК қосымша Келісімдер жасасу туралы келісе алады.

19-бап - Күшіне енуі

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы ХҚКК Өкілдігі алған күннен бастап күшіне енеді.

20-бап - Келісім әрекетінің тоқтатылуы

      Тараптар осы Келісімнің қолданысын туралы ниетін екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады, бұл ретте, осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

21-бап - Түпнұсқа мәтіндер және депозитке қою

      Осы Келісім бірдей күші бар, әрқайсысы екі данадан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде 25 ақпан 2011 жылы Астана қаласында жасалған, бір данасы Қазақстан Республикасына сақталуға өткізіледі, екінші данасы - ХҚКК.

      Қазақстан Республикасының Халықаралық Қызыл
      Үкіметі үшін Крест Комитеті үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады