Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 5 сәуірдегі № 244-VІ ҚРЗ

      2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы

      қылмыскерлікпен тиімді күресу үшін өзара ынтымақтастықты нығайтуды қалай отырып,

      адам құқықтарына және заң үстемдігіне лайықты назар аудара отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Ынтымақтастық саласы

      1. Тараптар осы Шартқа және өздерінің тиісті заңнамаларына сәйкес бір-біріне қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмекті толық көлемде көрсетуге міндеттенеді.

      2. Мұндай көмек:

      a) құжаттар тапсыруды;

      b) куәні, сарапшыны шақыруды;

      c) дәлелдемелер мен айғақтар алуды және ұсынуды, оның ішінде бейнеконференция немесе телевизиялық байланыс арқылы алуды және ұсынуды;

      d) Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталатын адамдарды тергеп-тексеруге немесе айғақтар беруге көмек көрсету үшін Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруді;

      е) қылмыстың кірістерін және/немесе құралдарын анықтау, ұстап алу, тоқтатып қою, оларға тыйым салу немесе оларды тәркілеу бойынша шаралар қабылдауды;

      f) ақпарат алмасуды;

      g) Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін, осы Шарттың мақсаттарына сәйкес келетін көмектің кез келген өзге де нысандарын қамтиды.

      3. Осы Шарт:

      а) кез келген адамды экстрадициялау мақсатында осы адамды ұстап беруге немесе қамаққа алуға не ұстап алуға;

      b) Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында және осы Шартта рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, Сұрау салушы Тараптың соттары шығарған үкімдерді Сұрау салынатын Тарапта орындауға;

      c) сотталған адамдарды жазасын өтеу үшін беруге қатысты қолданылмайды.

2-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы өзінің орталық органын айқындайды.

      2. Осы Шарт күшіне енген кезден бастап мына органдар/ведомстволар орталық органдар ретінде айқындалады:

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      Вьетнам Социалистік Республикасы үшін - Вьетнам Социалистік Республикасының Жоғарғы халықтық прокуратурасы.

      3. Орталық орган өзгерген немесе оның функциялары басқа органға берілген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін хабардар етеді.

      4. Осы Шартты іске асыру мақсатында орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасасады. Қажет болған жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасаса алады.

3-бап
Сұрау салулардың мазмұны мен нысаны

      1. Көмек көрсету туралы сұрау салуда мыналар:

      a) сұрау салушы құзыретті органның атауы мен орналасқан жері;

      b) сұрау салынатын құзыретті органның атауы мен орналасқан жері;

      c) сұрау салуға қатысы бар адамның сауалнамалық деректері және оның тұрғылықты жерінің немесе жұмыс орнының мекенжайы, заңды тұлғаның ресми атауы мен мекенжайы;

      d) сұратылып отырған көмектің сипаттамасы, сұрау салудың мақсаты, қылмыстық істің сипаты мен тиісті мән-жайлары, оның сатысы, қолданыстағы заңнамада белгіленген жаза, сондай-ақ сұрау салудың орындалуы күтілетін мерзім;

      е) жаза және қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдері туралы ережені қоса алғанда, заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету қамтылуға тиіс.

      2. Көмек көрсету туралы сұрау салуда мыналар:

      a) іске байланысты адамның немесе көрсетілген іске қатысты, сұратылатын ақпаратты білетін басқа адамның жеке басы, азаматтығы және тұратын жері туралы мәліметтер;

      b) құжаттар тапсырылатын адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат, оның процессуалдық мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;

      c) жауап алуды жүргізу үшін негіздер, анықталуға жататын сұрақтардың тізбесі, ал дәлелдемелер алуға сұрау салынған жағдайда - құжаттардың, жазбалардың немесе заттай дәлелдемелердің сипаттамасы және қажет жағдайда - осындай құжаттарды, жазбаларды немесе заттай дәлелдемелерді ұсынуға міндетті адамның сипаттамасы және жеке басы туралы мәліметтер;

      d) шақыртылған куә немесе сарапшы үшін міндеттердің сипаты, сұрақтар мен талаптардың тізбесі;

      е) тінтуге, қылмыс кірістеріне және/немесе құралдарына тыйым салуға, оларды анықтауға немесе тәркілеуге сұрау салынған жағдайда - ізделіп жатқан мүліктің сипаттамасы, қылмыс кірістері және/немесе құралдары Сұрау салынатын Тарапта орналасқан және Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясында деп пайымдауға негіз беретін мәліметтер және сұрау салуға қатысты күшіне енген сот қаулысы немесе шешімі;

      f) қылмыс кірістерінің және/немесе құралдарының орналасқан жерін анықтау немесе оларға тыйым салу үшін сұрау салуға қолданылатын шаралар;

      g) сұрау салу орындалатын кезде сақталуға тиіс кез келген нақты рәсімнің сипаттамасы;

      һ) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесі және тиісті негіздеме;

      і) сұрау салуды орындау кезінде Сұрау салынатын Тараптың аумағында болуы қажет Сұрау салушы Тараптың құзыретті қызметкері/қызметкерлері сапарының мақсаты, болжамды күні мен графигі;

      j) соттың үкімі немесе қаулысы және басқа да құжаттар, заттай дәлелдемелер немесе сұрау салуды орындау үшін қажетті ақпарат қамтылуы мүмкін.

      3. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау үшін онда қамтылған ақпаратты жеткіліксіз деп санаса, ол жазбаша түрде қосымша ақпарат сұрата алады және мұндай қосымша ақпарат алынуға тиіс нақты күнді белгілей алады.

      4. Сұрау салу және оған байланысты хабарлар жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Сұрау салынатын Тараптың рұқсатымен сұрау салу және оған байланысты хабарлар ақпаратты жедел беру тәсілімен жіберілуі және алынуы мүмкін, кейіннен ол жазбаша түрде дереу расталуы қажет.

      5. Сұрау салу және растаушы құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және олардың Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасы қоса беріледі.

4-бап
Көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру

      1. Осы Шартқа сәйкес кез келген мынадай мән-жайлар кезінде:

      a) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тарап қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімге қайшы келсе, не оның заңнамасына қайшы келсе;

      b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне қатер төндіретін болса;

      c) сұрау салу Сұрау салынатын Тарапта сол қылмыс үшін сотталған, ақталған, рақымшылық немесе кешірім жасалған адамды қудалауға байланысты болса, не Сұрау салынатын Тарапта сол адамға қатысты құзыретті орган сұрау салуда көрсетілген дәл сол қылмыс үшін түпкілікті шешім шығарған болса;

      d) сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өтуі себепті адам қудалауға ұшыратыла алмайтын қылмысқа қатысты болса;

      е) сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмайтын әрекетке немесе әрекетсіздікке қатысты болса, құқықтық көмек көрсетуден бас тартылуға тиіс.

      2. Сұрау салынатын Тарап, егер құқықтық көмек көрсету оның аумағында жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге, қылмыстық қудалауға, сот талқылауына немесе сот шешімін орындауға кедергі келтіретін болса, оны көрсетуді кейінге қалдыруы мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тартудан немесе оны орындауды кейінге қалдырудан бұрын, осы бапқа сәйкес:

      а) Сұрау салушы Тарапқа бас тартудың немесе кейінге қалдырудың себебі (себептері) туралы дереу хабарлайды; және

      b) Сұрау салушы Тараппен Сұрау салынатын Тарап қажет деп есептейтін белгілі бір шарттар сақталған жағдайда құқықтық көмекті көрсету туралы консультациялар жүргізеді.

      4. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 3-тармағының b) тармақшасында көзделген тәртіппен белгіленген шарттарда құқықтық көмектің көрсетілуіне келісетін болса, ол осы шарттарды сақтауға міндеттенеді.

5-бап
Сұрау салуларды орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің заңнамасына, сондай-ақ, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін болса, Сұрау салушы Тарап белгілейтін тәртіпке сәйкес дереу орындайды.

      2. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың орындалу күні мен орны туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлайды.

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың орындалуын кідіртуге әкеп соғуы мүмкін мән-жайлар туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.

      4. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салуды орындаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тараптың орталық органына дереу хабарлайды.

6-бап
Құжаттарды табыс ету

      1. Сұрау салынатын Тарап құжаттарды табыс ету туралы сұрау салуды өзінің заңнамасына сәйкес дереу орындайды.

      2. Жәбірленушінің, куәнің немесе сарапшының келуі талап етілетін құжаттарды табыс ету туралы сұрау салу Сұрау салушы Тарапта болуы талап етілетін күнге дейінгі тоқсан (90) тәуліктен кешіктірілмей Сұрау салынатын Тарапқа жолдануға тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Сұрау салынатын Тарап бұл талаптан бас тартуы мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап құжаттардың табыс етілгені туралы растауды Сұрау салушы Тарапқа жолдайды. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салушы Тарап оның себептері туралы хабарлануға тиіс.

7-бап
Ақпаратты ұсыну

      1. Сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды талап ететін жағдайларды қоспағанда, Сұрау салынатын Тарап құжаттардың немесе жазбалардың көшірмелерін ұсына алады.

      2. Сұрау салынатын Тарап кез келген құжаттарды немесе жазбаларды өзінің құзыретті органдары үшін белгіленген көлемде және шарттарда ұсына алады.

      3. Егер Тараптар басқа Тарап осы қылмысты тергеп-тексеруі, қудалауы және сот талқылауы үшін юрисдикцияға ие деп санаса, олар өздерінің орталық органдары арқылы соңғысына қылмыстық іс жүргізуді қозғауға әкеп соғуы мүмкін қылмыс туралы ақпаратты және материалдарды жолдай алады.

8-бап
Сұрау салынатын Тарапқа материалдарды қайтару

      Сұрау салушы Тарап осы Шартқа сәйкес ұсынылған материалдарды, олар сұрау салуда көрсетілген қылмыстық іс үшін бұдан әрі қажет болып табылмаса, Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша қайтарады.

9-бап
Тінту және алып қою

      Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясындағы қылмыстық істер бойынша материалдарды, құжаттарды немесе заттай дәлелдемелерді табу, алып қою және Сұрау салушы Тарапқа ұсыну мақсатында адамдарға немесе үй-жайларға тінтуді жүзеге асырады. Мұндай жағдайларда адал үшінші тұлғалардың құқықтары құрметтелуге және қорғалуға тиіс.

10-бап
Дәлелдемелер және айғақтар алу

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес адамдардан айғақтар немесе арыздар алады немесе олардан Сұрау салушы Тарапқа беру үшін заттай дәлелдемелер ұсынуды талап етеді.

      2. Сұрау салынатын Тарапта айғақтар беру үшін шақыртылған адам, егер:

      a) Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы адамның Сұрау салынатын Тарапта басталған процестегі ұқсас мән-жайлар кезінде айғақтар беруден бас тартуына рұқсат ететін немесе бас тартуын талап ететін; немесе

      b) Сұрау салушы Тараптың заңнамасы адамның Сұрау салушы Тарапта басталған процестегі ұқсас мән-жайлар кезінде айғақтар беруден бас тартуына рұқсат ететін немесе бас тартуын талап ететін жағдайларда, осы бапқа сәйкес айғақтар беруден бас тартуға құқылы.

      3. Егер Сұрау салынатын Тарапта қандай да бір адам Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес айғақтар беруден бас тартуға құқық немесе міндеттеме бар деп тұжырымдаса, Сұрау салушы Тараптың орталық органы сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тараптың орталық органына осындай құқықтың немесе міндеттеменің бар екені туралы куәландырылған құжат ұсынады. Мұндай куәландыру онда көрсетілген құқықтың немесе міндеттеменің жеткілікті дәлелдемесі болып табылады.

      4. Осы баптың мақсатында дәлелдемелерді алу немесе ұсыну құжаттар, жазбалар немесе дәлелдемелерді жинақтауға байланысты өзге де материалдар жасауды қамтиды.

11-бап
Күзетпен ұсталатын адамдарды Сұрау салушы Тарапта тергеп-тексеруге немесе айғақтар беруге көмек көрсету үшін уақытша беру

      1. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталатын адам тергеп-тексеруге көмек көрсету немесе айғақтар беру үшін сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа уақытша берілуі мүмкін.

      2. Сұрау салынатын Тарап, егер:

      a) бұл адам тергеп-тексеруге көмек көрсету немесе айғақтар беру үшін беруге келіскен; және

      b) Сұрау салушы Тарап берілетін адамның күзетпен ұсталуына және қауіпсіздігіне қатысты Сұрау салынатын Тарап талап ететін арнайы шарттарды сақтауға келіскен жағдайларда, күзетпен ұсталатын адамды Сұрау салушы Тарапқа береді.

      3. Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа берілген адамның бұдан әрі күзетпен ұсталмауға тиіс екендігі туралы хабарлаған жағдайда, бұл адам босатылады және осы Шарттың 12-бабында көзделген адам ретінде қаралады.

      4. Осы бапқа сәйкес берілген адам өзіне байланысты беру сұратылған істің аяқталуына қарай немесе бұл адамның қатысуы бұдан әрі талап етілмейтін неғұрлым ерте мерзімде Тараптардың келісуімен белгіленген тәртіппен Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады. Адамның Сұрау салушы Тарапқа берілген және онда күзетпен ұсталып отырған кезеңі оның Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталған кезеңіне есептеледі.

12-бап
Басқа адамдардың Сұрау салушы Тарапта тергеп-тексеруге немесе айғақтар беруге көмегін ұйымдастыру

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 11-бабының қолданысына жатпайтын адамды Сұрау салушы Тарапта тергеп-тексеруге көмек көрсету немесе айғақтар беру үшін Сұрау салушы Тарапқа баруы үшін шақырта алады.

      2. Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың жазбаша түрде кепілдік берген адамның қауіпсіздігі шараларына қанағаттанған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап осы адамды Сұрау салушы Тарапта тергеп-тексеруге көмек көрсету немесе айғақтар беру үшін шақырта алады. Бұл адамға орналасуға және жүріп-тұруға байланысты Сұрау салушы Тарап төлейтін кез келген шығыстар мен өтемақылар туралы хабарлануға тиіс. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осы адамның жауабы туралы хабарлауға және егер адам келіссе, сұрау салуды орындау үшін қажетті шаралар қабылдауға тиіс.

13-бап
Арнайы қағида

      1. Осы Шарттың 11 және 12-бабының ережелеріне сәйкес Сұрау салушы Тарапта жүрген адам:

      a) өзі Сұрау салынатын Тараптан шыққанға дейін жасалған өзінің кез келген әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты Сұрау салушы Тарапта ұстап алуға, қудалауға немесе жазалауға ұшырамауға, сондай-ақ қандай да бір азаматтық процеске тартылмауға тиіс;

      b) өзінің келісімінсіз өздеріне қатысты сұрау салынған қылмыстық істен өзге қандай да бір қылмыстық процесте айғақтар беруге немесе қандай да бір тергеп-тексеруге көмек көрсетуге тиіс емес.

      2. Осы баптың 1-тармағы, егер адам өзінің болуы бұдан әрі талап етілмейтіні туралы ресми хабарлама алған күннен бастап кетіп қалу мүмкіндігі бола тұра, Сұрау салушы Тараптың аумағынан он бес (15) тәулік ішінде кетпеген немесе осы адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, оған өз еркімен қайта оралған жағдайда өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Шарттың 11-бабына немесе 12-бабына сәйкес тергеп-тексеруге көмек көрсетуге не айғақтар беруге келісім бермеген адам ол үшін Сұрау салушы Тарапта немесе Сұрау салынатын Тарапта қандай да бір жауаптылықта болмайды немесе қандай да бір мәжбүрлеу шараларына ұшыратылмайды.

      4. Осы Шарттың 11-бабына немесе 12-бабына сәйкес тергеп-тексеруге көмек көрсетуге немесе айғақтар беруге келіскен адамға қатысты, ол көрінеу жалған айғақтар берген жағдайларды қоспағанда, оны берген айғақтары үшін қудалау жүзеге асырылмайды.

14-бап
Қылмыстың кірістері мен құралдары

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша өзінің аумағында болжамды қылмыстың кірістері және/немесе құралдары бар-жоғын анықтайды және оның нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

      2. Егер қылмыстың болжамды кірістері және/немесе құралдары табылса, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес қылмыстың осындай кірістеріне және/немесе құралдарына тыйым салу немесе оларды тәркілеу жөнінде шаралар қабылдайды. Сұрау салынатын Тарап қылмыстың кірістерін және/немесе құралдарын өзінің заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарапқа қайтара алады. Қылмыстың осындай кірістерін және/немесе құралдарын қайтару Сұрау салушы Тараптың соты немесе өзге де құзыретті органы шығарған түпкілікті шешім болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

      3. Осы бапты қолдану кезінде тиісті үшінші адал тұлғалардың құқықтары Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес құрметтеледі және қорғалады.

15-бап
Дипломатиялық немесе консулдық лауазымды адамдар арқылы құжаттар табыс ету және айғақтар алу

      Тараптардың кез келгені басқа Тараптың заңнамасы бұзылмайтын және қандай да бір мәжбүрлеу шаралары қолданылмайтын жағдайда, басқа Тараптың аумағындағы өз азаматтарына өзінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы құжаттар табыс етуді және олардан айғақтар алуды жүзеге асыра алады.

16-бап
Құпиялылығын қорғау және пайдаланылуын шектеу

      1. Сұрау салынатын Тарап ұсынылған ақпараттың немесе дәлелдемелердің немесе ұсынылған ақпарат пен дәлелдемелер көздерінің құпиялылығын сақтауды сұратуға құқылы. Жария ету немесе пайдалану Сұрау салынатын Тараптың жазбаша келісуі болған кезде, Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      2. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету туралы сұрау салудың және растау құжаттарының мазмұнының құпиялылығын сақтауды сұратуға құқылы. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бұрын ол туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді. Сұрау салушы Тарап бұдан әрі сұрау салуды толық немесе ішінара орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.

      3. Сұрау салушы Тарап алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді жоғалудан, санкцияланбаған қол жеткізуден және пайдаланудан, өзгертуден, ашып көрсетуден немесе тиісінше пайдаланбаудан қорғауды қамтамасыз етеді.

      4. Сұрау салушы Тарап осы Шартқа сәйкес алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді Сұрау салынатын Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз сұрау салуда көрсетілген мақсаттардан өзге де мақсаттар үшін қолдануға немесе ашып көрсетуге құқылы емес.

17-бап
Төлнұсқалығын куәландыру немесе дәйектендіру

      1. Құжаттар, көшірмелер, жазбалар, арыздар және басқа да материалдар қандай да бір заңдастыру, сендіру немесе теңтүпнұсқалы ету талаптарынан босатылуға тиіс.

      2. Сұрау салушы Тарапқа берілуге тиіс құжаттар, көшірмелер, жазбалар, арыздар және басқа да материалдар, егер Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұраса ғана расталуға жатады. Бұл мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының растауы жеткілікті болуға тиіс.

18-бап
Өкілдік ету және шығыстар

      1. Егер осы Шартта өзгеше көзделмесе, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау кезінде Сұрау салушы Тараптың мүдделері атынан өкілдік етеді.

      2. Осы Шартқа сәйкес құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстарды Тараптар өз заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Сұрау салушы Тарап көтеретін мынадай шығыстарды:

      a) осы Шарттың 11-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;

      b) осы Шарттың 12-бабында көрсетілген адамдардың Сұрау салушы Тарапқа жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;

      c) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының і) тармақшасында көрсетілген адамдардың Сұрау салынатын Тарапқа жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;

      d) сарапшылардың ақылға қонымды шығыстары мен қаламақыларын;

      е) жазбаша және ауызша аударма үшін шығыстар мен қаламақыларды және көшірме жасау жөніндегі шығындарды;

      f) алып қойылған нәрселерді сақтау, беру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді қайтару жөніндегі шығындарды;

      g) бейнеконференцияны немесе телевизиялық байланысты орнату мен өткізуге, сондай-ақ осындай талқылаулардың ауызша және жазбаша аудармасына арналған шығыстарды қоспағанда, Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.

      4. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға әкеп соқтыратын болса, Тараптар сұрау салу орындалуы мүмкін шарттарды және тиісті шығындардың бөліну өлшемшарттарын келісу мақсатында консультациялар жүргізеді.

19-бап
Басқа да уағдаластықтар

      1. Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      2. Осы Шарт бір Тараптың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарға сәйкес басқа Тарапқа құқықтық көмек көрсетуіне кедергі келтірмейді.

20-бап
Консультациялар

      1. Осы Шартты барынша тиімді іске асыру мақсатында Тараптардың орталық органдары өзара келісу бойынша консультациялар жүргізеді. Тараптардың орталық органдары осы Шартты іске асыруға жәрдемдесу үшін қажет болуы мүмкін басқа да практикалық шаралар туралы да уағдаласа алады.

      2. Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген даулар Тараптар арасында консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

21-бап
Шарттың күшіне енуі, қолданылуы және қолданысының тоқтатылуы

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.

      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Кез келген өзгерістер мен толықтырулар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      3. Осы Шарт Тараптардың бірі басқа Тараптың осы Шарт қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты (6) ай өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар толық орындалғанға дейін күшінде болады.

      4. Осы Шарт өзі күшіне енгеннен кейін жолданған кез келген сұрау салуға, оның ішінде, егер тиісті қылмыстар ол күшіне енгенге дейін жасалған болса да, қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған өзінің мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      2017 жылғы 15 маусымда Ханой қаласында әрқайсысы қазақ, вьетнам және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтінге басымдық беріледі.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Вьетнам СоциалистікРеспубликасы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың вьетнам және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады