Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 23 сәуірдегі № 76-VIII ҚРЗ

      2022 жылғы 26 мамырда Бішкекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) қатысушылары болып табылатынын назарға ала отырып, шектес мемлекеттердің авиациялық іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастыққа қатысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылатын практикасын ескере отырып, апатқа ұшырау жағдайындағы адамдар үшін жылдам көмектің өмірлік маңызды мәнін сезіне отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Конвенцияға "Іздестіру және құтқару" деген 12-қосымшаның 1-тарауында қамтылған терминдер мен анықтамалар, сондай-ақ Конвенцияға "Әуе қозғалысына қызмет көрсету" деген 11-қосымшаның 1-тарауында көрсетілген мағынасы бар "ұшу ақпараты ауданы" термині қолданылады.

2-бап

      Авиациялық іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындауды Тараптар осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады, Авиациялық операцияларды ұйымдастыру мен орындау үшін негіз ретінде Конвенцияға "Іздестіру және құтқару" деген 12-қосымша қолданылады.

3-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің шектес аумақтары мен іргелес ұшу ақпараты аудандары арасындағы шекараны өздерінің іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекара ретінде қарайды.

      2. Әрбір Тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында авиациялық іздестіру-құтқару қызметтерінің болуын қамтамасыз етеді. Мұндай қызметтер тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырады және өзара байланыста болады.

      3. Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіру-құтқару қызметтерінің функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар;

      қырғыз Тарапынан - Қырғыз Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі және Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіру-құтқару қызметтерінің функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар болып табылады.

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдардың өзгергені туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында, сондай-ақ іргелес ұшу ақпараты аудандарында іздестіру және құтқару жөніндегі шаралар тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі өзінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиға немесе оқыс оқиға туралы хабарласа, бұл қызмет іздестіру және құтқару бойынша барлық қажетті шараларды дереу қолданады.

      2. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметінде осы баптың 1-тармағында айтылған ахуалда екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметінің көмегіне қажеттілік туындаса, ол мұндай көмекті сұрата алады. Бүл жағдайда көмек сұратқан Тарап өз мемлекетінің аумағына екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының жеделдетіп өткізілуі бойынша барлық шараларды қолданады, Одан арғы шаралар екі Тарап мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимыл жасауымен қолданылады.

      Адамдар, көлік құралдары мемлекеттік шекараны кесіп өткен, мемлекеттік шекара арқылы жүктер мен өзге де мүлік өткізілген кезде өткізу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қауіпті жағдайдағы кез келген адамға көмек мұндай адамның азаматтығына немесе мәртебесіне не бұл адамның қандай мән-жайларда табылғанына қарамастан көрсетіледі.

      4. Әрбір Тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында екінші Тараптың мемлекетінде тіркелген әуе кемелерінің қатысуымен болған барлық оқыс оқиғалар және қолданылған шаралар туралы екінші Тарапты хабар дар етуге міндеттенеді.

      5. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігін немесе консулдық мекемесін екінші Тарап мемлекетінің азаматтары - тірі қалғандарды құтқару немесе қаза тапқан адамдардың табылғаны туралы хабардар етеді. Ақпарат құтқарылған адамдардың немесе қаза тапқандардың тегі, аты, туған күні, үйінің мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, сондай-ақ құтқарылғандар денсаулығының жай-күйі және орналасқан жері туралы немесе мәйіттердің орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіле отырып (мүмкіндігінше) дереу беріледі.

6-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Мұндай ынтымақтастық, атап айтқанда іздестіру және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығуларды, мемлекетаралық байланыс арналарын тұрақты тексеруді, іздестіру және құтқару бойынша сарапшылардың өзара сапарларын, іздестіру-құтқару ақпаратымен және тәжірибесімен алмасуды қамтиды.

      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді іске асыру тәртібін өзара келіседі.

      3. Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастық мәселелерін қарау және шешу үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажет болуына қарай (бірақ жылына бір реттен сиретпей) Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында кезекпен кездесулер өткізеді.

7-бап

      1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсету үшін халықаралық апаттық, шұғыл берілетін, ескерту сигналдары және іздестіру-құтқару операциялары кезінде қолданылатын сигналдар қолданылады.

      2. Іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған әуе кемелерінде орнатылуға жататын техникалық құралдардың тізбесі әрбір Тарап мемлекеті қабылдайтын қағидаларда айқындалады.

8-бап

      Әрбір Тарап, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын осы Келісім шеңберінде жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын Тараптар арасындағы кез келген дау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы тікелей келіссөздер арқылы шешіледі. Егер құзыретті органдар келісімге келмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

11-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім және оған кез келген түзетулер Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге жатады.

13-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісімнің қолданысын кез келген Taрaп екінші Тарапты өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар бойынша хабардар ету арқылы тоқтатуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 12 ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      Бішкек қаласында 2022 жылғы "26" мамырда әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда, орыс тіліндегі мәтіннің басым күші бар.

      Қазақстан
Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңМинистрлер Кабинетіүшін".

      Қырғыз тарапы жоғарыдағы ұсыныспен келіскен жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы нотаны және Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінің жауап нотасын 1969 жылғы халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 79-бабы 1-тармағының "b" тармақшасына сәйкес, 2022 жылғы 26 мамырда Бішкекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ажырамас бөлігі деп санауды ұсынады.

      Аталған мәселе бойынша Қырғыз тарапы жақын уақытта өз жауабын жіберетін болса, Министрлік ризашылығын білдірер еді.

      Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне өзінің зор ілтипатын білдіретіндігіне тағы да сендіреді.

      Астана қ., 2023 жылғы "17" ақпан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады