Қазақстан Республикасының арбитраждық соты туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 17 қаңтардағы Заңы. Күші жойылды – Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 412-І Заңымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР 13.07.1999 N 412-І Заңымен.

БІРІНШІ ТАРАУ

I бөлім. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының арбитраждық соты

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты экономикалық қатынастар және оларды басқару процесінде пайда болатын дауларды Қазақстан Республикасы Конституциясы және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген құзырет пен тәртіп шегінде шешу жөніндегі Қазақстан Республикасы сот билігінің дербес, тәуелсіз органы болып табылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

2-бап. Арбитраждық сот органдарының міндеттері

      Арбитраждық сот органдарының міндеттері мыналар болып табылады:

      1. Кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың хұқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды, сот әділдігін жүзеге асыру жолымен дауларды шешу кезінде заңдардың біркелкі де дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету.

      2. Заңдылықтың сақталуына хұқықтық құралдармен ықпал ету; экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының алдын алу.

3- бап. Арбитраждық соттың құзыреті

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты өз құзыретінің шегінде:

      1. Шағымдарды қарайды және:

      - кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың арасындағы, соның ішінде бірлескен кәсіпорындардың және шетелдік заңды ұйымдардың қатысуымен;

      - кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың және басқару органдарының;

      - кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың және халық депутаттары жергілікті Кеңестерінің арасындағы шаруашылық дауларын шешеді.

      2. Басқару органдарының, өкіметтің жергілікті органдарының, кәсіпорындардың жоғары тұрған органдарының өз құзыретіне сай келмейтін не заңдарды бұза отырып шығарған актілерінің күшін толық немесе ішінара жою туралы шағымдарды қарайды.

      3. Арбитраждық соттың, құзыретіне заңмен жатқызылған өзге де дауларды қарайды.

      4. Заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды.

      5. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотына заң шығару инициативасы құқығы берілген.

      6. Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан кәсіпорындар арасындағы қадағалау тәртібімен алынған даулар жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының шешімі түпкілікті болып табылады, одан әрі шағынуға жатпайды.

4-бап. Арбитраждық сот қызметінің негізгі принциптері

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты қызметінің негізгі принциптері мыналар болып табылады:

      1. Заңдылықты мүлтіксіз сақтау.

      2. Дауларды қараған кезде тараптардың тең болуы.

5-бап. Арбитраждық сот қызметінің құқықтық негіздері

      Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі, құзыреті Қазақстан Республикасы Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы Заңмен, халықаралық және республикааралық шарттармен (келісімдермен), Қазақстан Республикасының территориясында қолданылатын өзге де заңдармен белгіленеді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

6-бап. Арбитраждық сот ісін жүргізу тілі

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарында іс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Іс жүргізілетін тілді білмейтін адамдар іске қатысқанда тілмаш арқылы істегі материалдармен танысу құқығы, арбитраждық сот әрекеттеріне қатысуы, арбитраждық сотта ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі.

7-бап. Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының дауларды шешуші басқа органдармен ынтымақтастығы

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты дауларды шешуші басқа органдармен (соттармен, аралық соттармен) ынтымақтастықты заңдар және оны қолдану практикасы туралы бірлескен конференциялар, мәжілістер өткізу, ақпарат алмасу жолымен және басқа да түрлерде жүзеге асырады.

      Арбитраждық сот шаруашылық дауларын шешу үшін құрылатын аралық соттарды ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелері жөнінде ұсыныстар дайындайды.

II бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АРБИТРАЖДЫҚ СОТТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҮЙЕСІ

8-бап. Арбитраждық соттар жүйесі

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы арбитраждық соты, Қазақстан Республикасының облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттары Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары жүйесін құраушы Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Жоғарғы арбитраждық сот Төрағасының ұсынуы бойынша басқа да арбитраждық соттар құруы мүмкін.

9-бап. Арбитраждық соттар құрамы

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы арбитраждық соты Төрағадан, Төрағаның орынбасарларынан, Жоғары арбитраждық соттың судьяларынан тұрады және мына құрамда жұмыс істейді:

      1. Жоғары арбитраждық сот Пленумы.

      2. Жоғары арбитраждық сот Президиумы.

      3. Жоғары арбитраждық соттың шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеру жөніндегі алқасы.

      4. Жоғары арбитраждық соттың дауларды шешу жөніндегі алқасы.

      Қазақстан Республикасының облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттары төрағадан, төрағаның орынбасарлығынан, судьялардан тұрады.

10-бап. Арбитраждық соттарға басшылық жасау

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Қазақстан Республикасының төменгі арбитраждық соттарына басшылықты жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Қазақстан Республикасының барлық арбитраждық соты қызметін ұйымдастыру, оның ахуалы және оны жетілдіру үшін жауап береді.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Қазақстан Республикасының төменгі арбитраждық соттары қызметін жүйелі зерттеп отырады, арбитраждық соттар жұмысының оң тәжірибесін қорытады және таратады.

11-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотын Төраға басқарады.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы:

      - республиканың арбитраждық соты қызметіне басшылық жасайды және оның жұмысын ұйымдастырады;

      - арбитраждық соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді;

      - Жоғары арбитраждық соттың Пленумын шақырады;

      - Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Пленумының және Жоғары арбитраждық сот Президиумының мәжілістерінде төрағалық етеді. Кез келген істі қарау кезінде Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты арбитраждық алқаларының мәжілістеріне төрағалық ете алады және олардың жұмысына басшылық жасайды;

      - Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты судьяларының шешімдерін қайта қарау туралы шағымды жеке-дара қарап, қаулы шығаруға хұқылы;

      - арбитраждық істер бойынша заңмен белгіленген реттер мен тәртіпте шешімдердің, ұйғарымдардың және қаулылардың орындалуын тоқтатады;

      - арбитраждық соттың шешімдеріне қадағалау тәртібімен наразылық енгізеді;

      - өз құзыреті шегінде республиканың арбитраждық соттары үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады;

      - өз орынбасарларының арасында, сондай-ақ судьялардың арасында міндеттерді бөледі;

      - құрылымдық бөлімшелер туралы ережені бекітеді;

      - осы Заңға сәйкес өзге тәртіппен тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерден басқаларын қызметке тағайындайды және қызметінен босатады;

      - арбитраждық соттың қызметкерлеріне белгіленген тәртіппен көтермелеу және жазалау шараларын қолданады;

      - Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарында кадрларды іріктеуге және орналастыруға басшылықты жүзеге асырады;

      - Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының қызметін реттеуші заң актілерінде көзделген басқа да міндеттерді атқарады.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдары нормативтік актілерінің Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігі туралы ұсыныстар енгізуге хұқылы.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының орынбасарлары, соның ішінде бірінші орынбасары болады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

12-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының орынбасарлары

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының орынбасарлары:

      - Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты алқаларының сот мәжілістеріне төрағалық етеді;

      - арбитраждық соттың шешімдеріне қадағалау тәртібімен Жоғары арбитраждық соттың арбитраждық алқасына, Президиумына наразылық енгізеді;

      - Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты судьяларының шешімдерін қайта қарау туралы шағымдарды жеке-дара қарап, қаулы шығарады;

      - арбитраждық істер бойынша заңмен белгіленген реттер мен тәртіпте шешімдердің, ұйғарымдардың және қаулылардың орындалуын тоқтатады;

      - міндеттерді бөлісуге сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты аппаратының құрылымдық бөлімшелері жұмысына басшылықты жүзеге асырады;

      - өздеріне заңмен берілген басқа да өкілеттікті жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы болмаған жағдайда оның хұқықтары мен міндеттерін Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының бірінші орынбасары, ал бірінші орынбасар болмаған кезде Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының орынбасары жүзеге асырады.

13-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары Төрелік Сотының Төрағасын және судьяларын сайлау

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Төрелік Сотының Төрағасын және судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Қеңесі 10 жыл, мерзімге сайлайды.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

14-бап. Қазақстан Республикасы облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының құзыреті

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық соты осы Заңмен және Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы Заңмен көзделген өкілеттігін ведомствоның қарауына жататын даулар шегінде жүзеге асырады.

15-бап. Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының төрағасы

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының төрағасы:

      - облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының қызметіне басшылық жасайды және оның жұмысын ұйымдастырады;

      - арбитраждық соттың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді;

      - басқарып отырған арбитраждық сот судьялары шешімдерінің дұрыстығын бақылау тәртібімен қарайды;

      - арбитраждық істер бойынша заңмен белгіленген реттер мен тәртіпте шешімдердің, ұйғарымдардың және қаулылардың орындалуын тоқтатады;

      - судьялардың, сот аппараты қызметкерлерінің арасында міндеттерді бөледі;

      - осы Заңға сәйкес өзге тәртіппен тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерден басқаларын қызметке тағайындайды және қызметінен босатады;

      - арбитраждық соттың қызметкерлеріне белгіленген тәртіппен көтермелеу және жазалау шараларын қолданады;

      - арбитраждық сот практикасын және оның статистикасын зерттеп, қорыту жұмысын ұйымдастырады;

      - Қазақстан Республикасының заң актілерімен көзделген басқа да өкілеттікті жүзеге асырады.

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық соты төрағасының орынбасарлары болады.

16-бап. Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық соты төрағасының орынбасарлары

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының төрағасы орынбасарлары:

      - арбитраждық сот судьялары шешімдерінің дұрыстығын бақылау тәртібімен қарайды;

      - өздеріне заңмен берілген және міндеттерді бөлісуге сәйкес басқа да өкілеттікті жүзеге асырады.

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының төрағасы болмаған жағдайда оның хұқығын жүзеге асырады.

17-бап. Облыстық (Алматы қалалық) төрелік сотының төрағасын және судьяларын сайлау

      Қазақстан Республикасы облыстық (Алматы қалалық) төрелік сотының төрағасын және судьяларын Қазақстан Республикасы Жоғары Төрелік Соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 10 жыл мерзімге сайлайды.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

18-бап. Арбитраждық сот судьясы

      Судья кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың арасындағы дауларды белгіленген тәртіппен қарайды, іс бойынша шешімдер қабылдау жолымен тараптардың бұзылған немесе дауласып отырған хұқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

      Судья экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының алдын алу жөнінде жұмыс жүргізеді, дауларды қарау практикасын зерттеп, қорытады, заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды, шаруашылық заңдарын насихаттауды жүзеге асырады.

      Судьяның педагогтік және ғылыми-зерттеу қызметінен басқа, өз жұмысын қоса атқару жағдайында өзге де мекемелерде, кәсіпорындарда және ұйымдарда жұмыс істеуіне жол берілмейді.

19-бап. Судьяның құқықтары

      Судья өз қызметін жүзеге асыру үшін заңмен белгіленген өкілеттік алады.

      Судья:

      - мемлекеттік және өзге органдардан, кәсіпорындар мен ұйымдардан, сондай-ақ лауазымды адамдардан өзіне заңмен жүктелген міндеттерді жүзеге асырумен байланысты өз тапсырмаларының орындалуын талап етуге;

      - мемлекеттік және өзге органдардан, ғылыми мекемелер мен ақпарат орталықтарынан қажетті ақпарат сұратуға;

      - мемлекеттік және өзге органдарға анықталған заң бұзушылықтар туралы оларды жою жөнінде талап қойылған жеке ұйғарым жолдауға хақылы.

      Судьяның Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының өкілеттігі шегінде қойған талаптарын сол талаптар арналған мемлекеттік және өзге органдар, кәсіпорындар мен ұйымдар, сондай-ақ лауазымды адамдар орындауға міндетті.

      Судьяның талаптарын орындамағаны үшін лауазымды адамдар заңмен белгіленген тәртіппен жауап береді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының судьясы Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Пленумының талқылауына заңдарды қолдану мәселелері бойынша түсіндірме беру, экономикалық қатынастарды хұқықтық реттеуді жетілдіру туралы ұсыныстар енгізе алады.

20-бап. Судьяның міндеттері

      Судья дауларды қараған және алдын алу қызметін жүзеге асырған кезде объективті болуға, заңдардың талаптарын дәл орындауға, арбитраждық процестің жоғары мәдениеті мен тәрбиелік ықпалын қамтамасыз етуге міндетті.

      Судья сот әділдігінің беделін, судьяның қадір-қасиетін көтеруге жан-жақты ықпал етуге міндетті.

      Судья кәсіби білімінің деңгейін көтеруге міндетті.

21-бап. Судьялардың тәуелсіздігі

      Арбитраждық соттың судьялары сот әділдігін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болады және тек қана заңға бағынады. Судьялардың дауларды шешу жөніндегі қызметіне кез келген органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың араласуына жол берілмейді. Сот әділдігін жүзеге асыру кезінде судьялардың қызметіне араласуға қандай да бір түрде болса да жол берген лауазымды адамдар заңмен белгіленген тәртіппен жауап береді.

      Судьялардың тәуелсіздігі оларды сайлау және босату тәртібімен, дауларды шешудің процессуалдық түрімен, арбитраждық соттың қызметі үшін қажетті жағдай жасаумен, сондай-ақ судьяларды материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамсыздандырумен қамтамасыз етіледі.

      Нақты іс бойынша арбитраждық іс қараудың нәтижелерін сот шешім қабылдағанға дейін бұқаралық хабарлама құралдарының өз хабарларында алдын ала шешіп қоюға хұқығы жоқ.

22-бап. Судьяларға ешкімнің тимеуі

      Арбитраждық соттың судьясы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Қеңесінің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартылмайды немесе қамауға алынбайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының судьялары жөнінде қылмыстық істі тек Қазақстан Республикасы Бас прокуроры ғана, ал облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының судьялары жөнінде - облыстардың (Алматы қаласының) прокурорлары қозғай алады.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының судьялары жөнінде қылмыстық істер тек Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғана қарауына жатады.

      Облыстық (Алматы қалалық) арбитраждық сотының судьялары жөнінде қылмыстық істер облыстық (Алматы қалалық) сотының қарауына жатады.

23-бап. Арбитраждық сотты құрметтемеушілік үшін жауаптылық

      Арбитраждық процеске қатысушылардың немесе арбитраждық сот мәжілісіне қатысып отырған азаматтардың тарапынан сотқа құрметтемеушілік көрсету, сондай-ақ арбитраждық сотқа немқұрайды қарағанды білдіретін олардың әрекеті қолданылып жүрген заңға сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

24-бап. Судьяларға қойылатын талаптар және оларды қызметтен босату

      Ескерту. 24-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

      Судья болып 25 жастан кіші емес, жоғары заң білімі және мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс стажы бар, қажетті кәсіби қасиеттерді сіңірген Қазақстан Республикасының азаматтары сайлана алады.

      Судья болып сайлануға ұсынылғанға дейін кандидат арбитраждық соттың стажері ретінде 6 айдан бір жылға дейінгі мерзімге арбитраждық сотта стажировкадан өтеді.

      Судьялар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Президиумы белгілеген тәртіппен аттестаттаудан өтеді, соның нәтижелері бойынша оларға мамандығы мен жұмыс тәжірибесі ескеріле отырып мамандық кластары беріледі.

      Арбитраждық соттардың судьяларына куәліктерді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі береді.

      Судьяларды:

      - өздерінің мәртебелі атағына сай келмейтін халық жасаған не соттың олар туралы заңды күшіне енген айыптау үкімі болған ретте;

      - жұмысты жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы бойынша;

      - басқа қызметке сайланса немесе өздерінің келісімімен басқа жұмысқа ауыстырылса;

      - өз тілегі бойынша оларды сайлаған орган кызметінен босатады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

25-бап. Жоғары арбитраждық соттың Пленумы

      Пленум құрамына Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы, оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының судьялары мен Қазақстан Республикасының облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттарының төрағалары кіреді.

      Пленум мәжілісі оның құрамының кемінде үштен екі бөлігі қатысқан кезде заңды болады.

      Пленум жұмысына Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қатысады. Пленум жұмысына Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының шақыруы бойынша басқа да адамдар қатысуы мүмкін.

      Пленумның қызметі Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша қаулы Пленум мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

      Пленум жылына кемінде 2 рет шақырылады.

      Пленум жұмысының тәртібі оның Регламентімен белгіленеді.

26-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Пленумының өкілеттігі

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Пленумы:

      1. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты қабылдаған шешімдерді олардың заңға қайшы келуіне байланысты қайта қарау туралы Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының наразылығы бойынша не Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылығы бойынша қадағалау тәртібімен қарайды.

      2. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Пленумының түсіндірмелері Қазақстан Республикасы Конституциясына және Қазақстан Республикасының Заңына сай келмейтіні туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының қорытындыларын қарайды.

      3. Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының дауларды шешу практикасын қорыту материалдарын қарап, Қазақстан Республикасының заңдарын қолдану мәселелері бойынша басшылыққа алатын түсіндірме береді.

      4. Заң шығару инициативасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне, сондай-ақ басқа да органдарға экономикалық қатынастарды хұқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу туралы мәселелерді қарайды.

      5. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Президиумының жұмысы туралы хабарламаларды тыңдайды.

      6. Қазақстан Республикасының облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттары төрағаларының шаруашылық заңдарын қолданудың практикасы және арбитраждық соттар қызметінің өзге де мәселелері туралы хабарламаларын тыңдайды.

      7. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты судьяларының мамандық алқасын сайлайды, оның қызметі туралы есептерді тыңдайды.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

27-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы, оның орынбасарлары, лауазымы бойынша арбитраждық алқалардың төрағалары және Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты судьяларының қатарынан мүшелер құрамында құрылады.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Президиумының саны мен құрамын Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Қеңесі бекітеді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы:

      - қабылдаған шешімдерді қайта қарау туралы Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының, Төраға орынбасарларының наразылығы бойынша, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, оның орынбасарларының наразылығы бойынша істі қадағалау тәртібімен;

      - Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотын ұйымдастыру және оның қызметі, кадрларды іріктеу, орналастыру және кәсіби мамандығын арттыру мәселелерін;

      - республикада дауларды шешуші органдармен, сондай-ақ басқа да хұқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық мәселелерін;

      - дауларды шешу кезінде заңдарды біркелкі де дұрыс қолдануды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды;

      - экономикалық қатынастарды хұқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды;

      - құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептерін және судьялардың қызметтік міндеттерді орындау туралы хабарламаларын қарайды.

      Президиум қарау нәтижелері бойынша Президиум мүшелерінің көпшілік даусымен қаулы қабылдайды.

28-бап. Жоғары арбитраждық сот алқасы

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотында:

      - шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеру жөніндегі;

      - дауларды шешу жөніндегі алқалар жұмыс істейді.

      Алқалар құрамын Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты судьяларының арасынан Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы құрады.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотында 1-инстанцияда іс қарау жеке-дара не заңмен белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының үш судьясы құрамында алқалы түрде жүзеге асырылады.

      Қадағалау тәртібімен іс қарау Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының үш судьясы құрамында алқалы түрде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы қажетті жағдайларда бір алқаның судьяларын істерді қарау үшін басқа алқаның құрамына қатыстыруға хұқылы.

III бөлім. Арбитраждық соттардың экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының алдын алу және заңдарды насихаттау жөніндегі қызметі

29-бап. Арбитраждық соттардың экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының алдын алуы

      Арбитраждық соттар экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының алдын алу жөнінде жұмыс жүргізеді.

      Арбитраждық сот осы мақсатта:

      1. Экономикалық қатынастарда заңдылық бұзылуының себептерін сипаттайтын деректер мен материалдарға талдау жүргізеді, өз құзыреті шегінде оларды жою үшін шаралар жасап, қабылдайды.

      2. Мемлекеттік және өзге де органдарға анықталған заңдылық бұзушылықтар туралы оларды жою хақында ұсыныстарды қоса жеке ұйғарымдар мен ұсыныстар жібереді.

      Қажетті жағдайларда кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы шешім қабылдау үшін прокуратура, ішкі істер органдарына, басқа да құзыретті органдарға анықталған заңдылық бұзушылықтар туралы жеке ұйғарымдар мен ұсыныстар жібереді.

      3. Қоғамдық маңызы бар дауларды тікелей кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда қарайды.

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты экономикалық қатынастарда заңдарды бұзудың алдын алу жөніндегі өз қызметін басқа хұқық қорғау органдарының қызметімен үйлестіреді.

30-бап. Шаруашылық заңдарын насихаттау

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты шаруашылық заңдарын насихаттайды және осы мақсатта:

      - лекциялық қызметті жүзеге асырады;

      - бұқаралық хабарлама құралдары арқылы өз жұмысын көрсетеді.

IV бөлім. ЗАҢДАРДЫ ЖЕТІЛДІРУ

31-бап. Заңдарды қолдану практикасын қорыту

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты арбитраждық практиканы зерттейді, қорытады, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, тарату мақсатында Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының заңдарды қолдану тәжірибесіне талдау жасайды.

32-бап. Заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау

      Заңдарды қолдану практикасын зерттеу және қорыту негізінде Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары экономикалық қатынастарды құқықтық реттеу, сондай-ақ арбитраждық сот қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындап, белгіленген тәртіппен енгізеді.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты бұл жұмысқа мамандар мен ғылыми қызметкерлерді тартуға құқылы

V бөлім. АРБИТРАЖДЫҚ СОТТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ

33-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты жанындағы ғылыми-консультациялық кеңес

      Арбитраждық практиканы қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу, заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау, анықталған заңдылық бұзушылықтың алдын алу мен оны жою, арбитраждық соттарды ұйымдастыру және оның қызметі үшін Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты жанынан ғалымдар мен басқа да жоғары білікті мамандардан ғылыми-консультациялық кеңес құрылады.

      Ғылыми-консультациялық кеңес құрамын және ол туралы Ережені Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы бекітеді.

34-бап. Статистикалық есеп

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты белгіленген тәртіппен статистикалық есеп жүргізеді.

35-бап. Халықаралық байланыстар

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты дауларды шешуші органдармен, сондай-ақ экономикалық қатынастарды құқықтық реттеу мәселелерімен айналысушы ұйымдармен Халықаралық байланысты жүзеге асырады.

36-бап. Аттестаттау

      Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының басшы қызметкерлері (қызметке сайланатындардан басқасы) мен мамандары заңға сәйкес аттестаттауға жатады. Арбитраждық соттарды аттестаттау өткізу тәртібі туралы Ережені Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы бекітеді.

37-бап. Kөп жылғы сіңірген еңбегі үшін және мамандық кластары үшін жеңілдіктер

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Қеңесінің Президиумы бекітетін ережелерге сәйкес арбитраждық сот судьяларына көп жылғы сіңірген еңбегі үшін және мамандық кластары үшін жалақысына үстемеақы белгіленеді.

38-бап. Арбитраждық соттардың құрылымы мен штаттары

      1. Арбитраждық соттар судьяларының штаттық санын Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бекітеді.

      2. Жоғары арбитраждық сот, облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттар аппаратының құрылымы мен штаттық санын, басқармалары, бөлімдері мен басқа да құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді тиісті арбитраждық сот төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі белгілеген қаражаттың шегінде бекітеді.

39-бап. Арбитраждық соттарды қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамсыздандыру

      Арбитраждық соттарды қаржыландыру, материалдық-техникалық жағынан қамсыздандыру және оларға қызмет көрсету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қаражат мөлшерін Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бекітеді.

40-бап. Арбитраждық соттар судьяларының мамандық алқасы

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары судьяларының мамандық алқасын төраға, оның орынбасары және мүшелері құрамында арбитраждық соттар судьялары арасынан жасырын дауыспен Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Пленумы бес жыл мерзімге сайлайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Төрағасы және оның орынбасарлары мамандық алқасының құрамына кірмейді.

      Судьялардың мамандық алқасы Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Пленумына есеп береді.

41-бап. Арбитраждық соттар судьялары мамандық алқасының өкілеттігі

      Мамандық алқасы:

      - арбитраждық сот судьялығына ұсыну мүмкіндігі туралы қорытындылар береді;

      - арбитраждық соттар судьяларының мамандық аттестаттауын өткізеді;

      - арбитраждық соттар судьяларын кері шақырып алу туралы қорытындылар береді, олардың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселелерді қарайды.

42-бап. Арбитраждық соттың мәртебесі және мөрі

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотына, облыстық және Алматы қалалық арбитраждық соттарына заңды ұйым мәртебесі берілген, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тілдерінде өз аты жазылған мөрі болады.

43-бап. Баспа органы

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты "Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының бюллетенін" басып шығарады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады