Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корей Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1996 жылғы 22 қараша N 45-I

 


     1996 жылғы 20 наурызда Алматыда қол қойылған Қазақстан

Республикасының Үкiметi мен Корей Республикасының Үкiметi арасындағы

Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келiсiм

бекiтiлсiн.


     Қазақстан Республикасының

             Президентi


            Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корея

        Республикасының Үкiметi арасындағы инвестицияларды

                ынталандыру және өзара қорғау туралы

                             Келісім



 
       Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корея Республикасының Үкiметi (бұл жерде және бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады),
      Екi Мемлекет үшiн өзара тиiмдi экономикалық ынтымақтастықты нығайту ниетiмен,
      Бiр Мемлекеттiң инвесторлары басқа Мемлекеттiң аумағында инвестицияларды жүзеге асыруы үшiн қолайлы жағдайлар жасауды көздей отырып, және
      Осы Келiсiмнiң негiзiнде инвестицияларды көтермелеу және қорғау осы саладағы iскерлiк бастамаларды ынталандыратынын мойындай отырып,
      төмендегiлер жөнiнде уағдаласты:
 
                              1-бап
                             ҰҒЫМДАР
      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      (1) "инвестициялар" терминi бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторлары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялаған активтердiң кез келген түрiн бiлдiредi және, атап айтқанда, бiрақ айрықша тәртiпте емес:
      (a) жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi, сондай-ақ кепiлдi салымдар, борыштары үшiн мүлiктi пайдалануға тыйым салу құқығы немесе аманаттар секiлдi солармен байланысты кез келген мүлiктiк құқықтарды;
      (б) үлестердi, акцияларды, облигациялар немесе борыш мiндеттемелерi және компанияға немесе бiрлескен кәсiпорынның кәсiпкерлiк iскерлiк қызметiне қатысудың басқа да кез келген нысанын;
      (в) ақшалай талаптарды немесе инвестицияларға байланысты экономикалық жағынан тиiмдi маңызы бар қызмет нәтижелерi бойынша талаптарды;
      (г) парасат меншiгiн иелену құқықтарын, соның iшiнде авторлық құқықтық, сауда белгiлерiн, патенттердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi, техникалық процестердi, ноу-хауларды, коммерциялық құпия мен фирмалық атауды және "гудвиллдердi";
      (д) табиғи ресурстарды зерттеу, өндiру, өңдеу және пайдалану құқығын қоса заң бойынша немесе келiсiм-шартқа сәйкес берiлген кез келген құқықты бiлдiредi.
      Активтер инвестицияланған инвестиция нысанының кез келген өзгерiсi оның сипатына ықпал етпейдi.
      (2) "инвестор" терминi Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiне қатысты:
      (а) осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес оның азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
      (б) заңды тұлға құқықтары бар немесе осы Уағдаласушы Тараптың аумағында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес құрылған кез келген корпорацияларды, компанияларды, фирмаларды, кәсiпорындарды, ұйымдар және ассоциацияларды бiлдiредi;
      бұл үшiн жеке тұлғаның, корпорацияның, компанияның, фирманың, кәсiпорынның, ұйымның немесе ассоциацияның осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқығы болуы шарт.
      (3) "табыстар" терминi инвестициялардың нәтижесiнде алынған соманы және, атап айтқанда, айрықша тәртiпте болмаса да, пайданы, проценттердi, капиталдың өсiмiнен алынған табыстарды, дивидендтердi, роялтидi немесе алымдарды бiлдiредi.
      (4) "аумақ" терминi әрбiр Уағдаласушы Тараптың аумағын, сондай-ақ әрбiр Уағдаласушы Тарап халықаралық құқыққа, соның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Теңiз Құқығы жөнiндегi 1982 жылғы Конвенциясына сәйкес оларда егемен құқықтарын, юрисдикциясын және басқа да құқықтарын жүзеге асырып отырған немесе жүзеге асыратын теңiз аудандарын, соның iшiнде Айрықша Экономикалық Аймақты, құрлықтық шельф пен әрбiр Уағдаласушы Тараптың аумақтық суларымен шектесiп жатқан учаскелердi бiлдiредi.
 
                              2-бап
               ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ
      (1) Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiнiң аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшiн басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларын қолдап отырады және оларға қолайлы жағдайлар жасайды және өзiнiң заңдарына сәйкес бұл инвестицияларға рұқсат етедi.
      (2) Әрбiр Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына әдiлеттi әрi тең жағдай жасалады және олар басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында толық қорғау мен қауiпсiздiкте болады.
      (3) Уағдаласушы Тараптардың бiрде бiреуi ешбiр жағдайда өз аумағында басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларды басқаруында, олармен жұмыс жасауда, оларды пайдалануда, оларды қолдануда және өкiмдiк етуде негiзсiз немесе кемсiту шараларын қолдану арқылы залал келтiре алмайды.
      (4) Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы Келiсiмге сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары өзiнiң аумағында жүзеге асырған инвестицияларға қатысты өзiне қабылдап алған кез келген мiндеттеменi сақтап отырады.
 
                              3-бап
                  ИНВЕСТИЦИЯЛАРҒА ЖАСАЛАТЫН ЖАҒДАЙ
      (1) Уағдаласушы Тараптардың бiрде бiреуi өзiнiң аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың инвестицияларына немесе табыстарына өзiнiң төл инвесторларының немесе үшiншi Мемлекет инвесторларының инвестициялары мен табыстарына жасалатын жағдайдан қолайсыздау болатын жағдай жасалуына жол бере алмайды.
      (2) Уағдаласушы Тараптардың бiрде бiреуi өзiң аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына осы инвесторлардың өз инвестицияларын басқаруына, олармен жұмыс жасауына, оларды пайдалануына, оларды қолдануына және өктемдiк етуiне қатысты инвесторларына жасалатын жағдайдан қолайсыздау болатын жағдай жасалуына жол бере алмайды.
 
                              4-бап
                   ЗАЛАЛДЫ НЕМЕСЕ ШЫҒЫНДАРДЫ ӨТЕУ
      (1) Инвестициялары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғысының аумағындағы кез келген қарулы қақтығыстың, төтенше жағдайдың немесе азаматтық тәртiпсiздiктердiң салдарынан шығынға ұшыраған Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң инвесторларына реституцияға, залалдарды өтеуге, өтемақы немесе өзге де реттемеге қатысты соңғысы өзiнiң төл авторларына немесе кез келген үшiншi Мемлекеттiң инвесторларына жасайтын жағдайдан қолайсыздау болмайтын жағдай жасалады.
      Осыған байланысты төленетiн төлемдер баламалы, дереу және еркiн аударылатын болуы тиiс.
      (2) Осы Баптың (1) парасында залал келтiрместен, осы парада айтылған жағдайлардың кез келгенiнде басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында:
      (а) оның күш қолданушы құрылымдары немесе өкiмет органдары мүлкiн реквизициялауы, немесе
      (б) оның күш қолданушы органдары немесе өкiмет органдары ұрыс қимылдары мәжбүр етпесе де немесе аталған жағдаят қажет етiп отырмаса да мүлкiн жойып жiберуi салдарынан залал шеккен Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң инвесторларына
      нақ осындай жағдайларда басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына берiлетiн реституциядан немесе өтемақыдан қолайсыздау болмайтын реституция немесе баламалы өтемақы берiледi. Осыған байланысты төленетiн төлемдер еркiн аударылатын болуы және дереу төленуi тиiс.
 
                              5-бап
                          ЭКСПРОПРИАЦИЯ
      (1) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң инвесторларының инвестицияларын басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында, национализациялауға, экспроприациялауға немесе национализация, экспроприация (бұл жерде және бұдан әрi - экспроприация) секiлдi зардаптары болатын өзге де шараларға ұшыратуға болмайды, бұған қоғамдық мүдделердi мақсат еткен шаралар қосылмайды.
      Экспроприация тиiстi құқықтық рәсiмге сәйкес, кемсiтпеу негiзiнде жүргiзiледi және баламалы және пәрмендi өтемақымен сүйемелденiп отырады. Мұндай өтемақы экспроприациялаудың нақ алдындағы немесе болашақ экспроприациялау фактiсi қалың жұртшылықтың назарына жеткiзiлгенге дейiн экспроприацияланған инвестициялардың нақты құнының сомасына тең болады, оқиғалардың қайсысы бұрын орын алғанына қарамастан экспроприациялау күнiнен бастап екi айдың iшiнде төленедi, содан соң төлем төленген күнге дейiн әдеттегi коммерциялық ставка бойынша проценттер есептеледi және оның төлемi нақты төленетiн болуы және төлем сомасы - еркiн аударылатын болуы тиiс.
      (2) Мүдделерiне залал келтiрiлген инвестор экспроприация жүргiзушi Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес өзiнiң немесе оның душар болған жағдайын осы Уағдаласушы Тараптың сот немесе басқа да тәуелсiз органында дереу қайта қаратуға және осы Баптың (1) парасында айтылған қағидаттарға сәйкес өзiнiң және оның инвестицияларының құнын басқаша бағалатуға хақы бар.
      (3) Уағдаласушы Тарап заңды тұлға құқықтарын иеленiп отырған немесе өзiнiң заңдары мен ережелерiне сәйкес құрылған және басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары акцияларын иеленiп немесе басқа да нысандарда қатысып отырған компанияның активтерiн экспроприациялаған жағдайда осы Баптың (1) және (2) параларының ережелерi қолданылады.
 
                              6-бап
            ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ТАБЫСТАРДЫ РЕПАТРИАЦИЯЛАУ
      (1) Әрбiр Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өз аумағынан:
      (а) инвестициялардан алынған табыстарды;
      (б) басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларды сатудан немесе оларды толық яки iшiнара таратудан алынған түсiмдi;
      (в) инвестицияларға байланысты займдарды өтеуге жұмсалатын қаржыларды;
      (г) инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап заңдарының ережелерi қолданылатын басқа Уағдаласушы Тарап азаматтарының табыстарын;
      (д) бастапқы капиталды және инвестицияларды көбейту үшiн қажеттi қосымша сомаларды кез келген еркiн өтiмдi валютада дереу аударуға кепiлдiк бередi.
      Осы Бапта көрсетiлген рәсiм әдiлеттi әрi кемсiтпейтiн сипатта болуы тиiс.
      (2) Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың аумағында қолданылып жүрген валюталық реттеу ережелерiне сәйкес аудару сәтiнде қолданылып отырған бағам айырбас бағамы болып табылады.
 
                              7-бап
                           ЕРЕКШЕЛIКТЕР
      Осы Келiсiмнiң 3 және 4-Баптарының ережелерi Уағдаласушы Тараптардың бiрiн басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына:
      (а) кез келген қазiргi немесе болашақ кедендiк одағына, немесе еркiн сауда аймағына, немесе ортақ сыртқы тарифтiк аймаққа немесе валюталық одаққа, немесе осындай халықаралық келiсiмге не Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi мүшесi немесе қатысушысы болып табылатын не болуы мүмкiн басқа да аймақтық ынтымақтастық нысандарына; немесе
      (б) толықтай немесе басым бөлiгi салық салуға қатысты кез келген халықаралық келiсiмге яки шартқа байланысты бұрынғы Уағдаласушы Тарап беруi мүмкiн кез келген артықшылық жағдайын, артықша немесе айрықша құқықтарды беруге мiндеттейтiндей болып пайымдалмауы тиiс.
 
                              8-бап
                           СУБРОГАЦИЯ
      (1) Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрi немесе ол тағайындаған орган осы Уағдаласушы Тарап инвесторының пайдасына басқа Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестицияларға қатысты шеккен залалдарды өтеу жөнiнде төлемдер төлесе, соңғысы бұрынғы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындаған органға заң бойынша немесе заңды мәмiле арқылы өтемақысы толық төленген инвестордың барлық құқықтары мен талаптарының берiлуiн танитын болады.
      (2) Уағдаласушы Тарап немесе ол тағайындаған орган кез келген құқықтар мен талаптарды инвестор қандай дәрежеде жүзеге асыруға хақылы болса, сондай дәрежеде жүзеге асыруға хақылы.
      (3) Осы Келiсiмнiң (1) және (2) параларында айқындалған суброгация жағдайында инвестор, егер оның Уағдаласушы Тараптан немесе оның кез келген органынан алған өкiлеттiгi болмаса, ешқандай талап қоймайтын болады.
 
                              9-бап
       УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАРДЫҢ БIРI МЕН БАСҚА УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТЫҢ
     ИНВЕСТОРЫ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ
      (1) Уағдаласушы Тараптардың бiрi мен басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы кез келген дау, соның iшiнде экспроприация, мүмкiн болғанынша:
      (а) өзара келiсiм бойынша дауласушы Тараптар арасында келiссөздер жүргiзу арқылы, немесе
      (б) осы Баптың (2) парасына сәйкес көзделгендерден басқасы, аумағында инвестициялар жүзеге асырылған осы Уағдаласушы Тараптың заңдары мен ережелерiне қол жеткiзерлiк кез келген басқа да жергiлiктi құралдарды қолдану арқылы реттелiп отыруы тиiс.
      (2) Осы Баптың (1) парасына сәйкес талап қою туралы жазбаша хабарланған сәттен бастап ұзақтығы (6) ай болатын кезеңнiң iшiнде реттелмеген мұндай дау шешу үшiн, Тараптардың келiсiмiмен, инвестицияларды жүзеге асыруға рұқсат берген Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес осы Уағдаласушы Тараптың құзыреттi сот органына ұсынылуы мүмкiн.
      (3) Тараптар осы Баптың 2-парасына сәйкес дауды реттеудiң көзделген тәртiбiне келiсе алмаса, дау Тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша халықаралық төрелiкке берiледi. Төрелiк тексерiстiң тәртiбi мынадай болады:
      (а) егер инвестордың Уағдаласушы Тарабы мен басқа Уағдаласушы Тарап Мемлекеттер мен Мемлекеттердiң Азаматтары арасындағы Инвестицияларға Байланысты Дауларды Реттеу туралы 1965 жылғы Келiсiмнiң Қатысушылары болып табылса, Инвестицияларға Байланысты Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталықта; немесе
      (б) Инвестицияларға Байланысты Дауларды реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталықтың Ымыраласу Рәсiмдерiн Атқару, Төрелiк iстерiн Жүргiзу және Тергеу жөнiндегi Көмекшi Органында; немесе
      (в) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Сауда Заңдары жөнiндегi 1976 жылғы Төрелiк Тексерiс Ережелерiне сәйкес дауласушы тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша арнаулы төрелiк алқасында.
 
                              10-бап
            УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАР АРАСЫНДАҒЫ ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ
      (1) Уағдаласушы тараптар арасындағы осы Келiсiмдi пайымдауға немесе қолдануға қатысты даулар, мүмкiн болғанынша, дипломатиялық арналар бойынша реттелуi тиiс.
      (2) Егер Уағдаласушы Тараптардың арасындағы дауды алты (6) айдың iшiнде реттеу мүмкiн болмаса, ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiш бойынша Төрелiк Алқаға берiледi.
      (3) Төрелiк сот әрбiр жеке жағдайда былайша тағайындалады. Төрелiк тексерiс жүргiзуге өтiнiш алынған сәттен бастап екi (2) айдың iшiнде әрбiр Уағдаласушы Тарап бiр-бiрден Алқа мүшесiн тағайындайды. Тағайындалған мүшелер осыдан кейiн үшiншi Мемлекеттiң азаматын таңдап алады, ол Уағдаласушы Тараптардың екеуiнiң мақұлдауы бойынша Алқаның Төрағасы (бұл жерде және бұдан әрi "Төраға" деп аталады) болып тағайындалады. Төраға басқа екi мүше тағайындалған күннен бастап екi (2) айдың iшiнде тағайындалады.
      4. Егер осы Баптың (3) парасында көрсетiлген кезең iшiнде қажеттi тағайындаулар жасалмаса, Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi, басқа келiсiмдер болмаған жағдайда, осындай тағайындауларды атқару үшiн халықаралық Соттың Төрағасын шақыра алады. Егер Төраға Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болса немесе басқа бiр себептерге байланысты жоғарыда аталған мiндеттi орындай алмайтын болса, қажеттi тағайындаулар жасау үшiн Төрағаның Орынбасары шақырылады. Егер Төрағаның Орынбасары Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болса немесе ол да жоғарыда аталған мiндеттi орындай алмайтын болса, онда қажеттi тағайындаулар жасау үшiн Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң резидентi болып табылмайтын Халықаралық Соттың ағалығы жағынан одан кейiнгi мүшесi шақырылады.
      5. Төрелiк Алқа өз шешiмдерiн көпшiлiк дауыспен қабылдайды. Мұндай шешiмнiң Уағдаласушы Тараптардың екеуi үшiн де мiндеттiлiк күшi болады. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар өзiнiң төл төрешiсiнiң жұмысына және оның төрелiк iстерiне қатысуына байланысты шығындарды алады; Төрағаның жұмысына байланысты шығындарды және қалған шығындарды екi Уағдаласушы Тарап тең бөлiп көтередi. Төрелiк Алқа өзiнiң жеке жұмыс тәртiбiн айқындайды.
 
                              11-бап
                       КЕЛIСIМНIҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
      Осы Келiсiм барлық инвестицияларға, олардың Келiсiм күшiне енгенге дейiн немесе одан кейiн жүзеге асырылғанына қарамастан, қолданылады.
 
                              12-бап
                    БАСҚА ЕРЕЖЕЛЕРДIҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
      (1) Мәселе бiр мезгiлде осы Келiсiмде және екi Уағдаласушы Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық келiсiмдерде айқындалатын жағдайда осы Келiсiм ережелерiнiң бiрде-бiреуi басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды иеленiп отырған Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң инвесторына ережелердiң қайсысы өзiнiң жағдайында неғұрлым қолайлы болатынына қарай олардың кез келгенiн өзiнiң мүдделерiнде пайдалануға кедергi келтiрмейдi.
      (2) Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрi басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына оның заңдары мен ережелерiне сәйкес жасайтын жағдай осы Келiсiмге сәйкес жасалатын жағдайға қарағанда неғұрлым қолайлы болса, неғұрлым қолайлы жағдай жасалады.
 
                              13-бап
                         КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР
      Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi басқа Тарапқа Келiсiмдi пайымдауға немесе қолдануға қатысты кез келген мәселе бойынша консультациялар өткiзудi ұсына алады. Басқа Тарап мұндай ұсынысты ықыласпен қабылдап алады және осындай консультацияларды өткiзу үшiн тиiстi мүмкiндiк жасайды.
 
                              14-бап
      КҮШIНЕ ЕНУI, ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗIМI, ҚОЛДАНЫЛУ КҮШIН ТОҚТАТУЫ ЖӘНЕ
                           ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГIЗУ
      (1) Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптар оның күшiне енгiзiлуi жөнiндегi барлық заң талаптары орындалған туралы бiр-бiрiне хабардар еткен күнi күшiне енедi.
      (2) Осы Келiсiм ұзақтығы он бес (15) жыл болатын кезеңде күшiнде қала бередi. Бұдан кейiн ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi басқа Уағдаласушы Тарапты Келiсiмнiң күшiн тоқтату туралы жазбаша хабардар еткен күннен кейiн алты (6) ай өткенше күшiнде қала бередi.
      (3) Келiсiм күшiнде болған уақытта жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оның ережелерi оның қолданылу күшi тоқтатылған сәттен бастап ұзақтығы он (10) жыл болатын кезеңде күшiнде қала бередi.

 

     (4) Осы Келiсiмге Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi

бойынша түзетулер енгiзiлуi мүмкiн.

     Осыны куәландыру ретiнде осы мақсат үшiн өздерiнiң Үкiметтерi

тиiстi өкiлеттiк берген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.

     1996 жылы Алматы қаласында 20 наурызда қазақ, корей және

ағылшын тiлдерiнде екi дана болып жасалды, бұл орайда барлық үш

мәтiннiң күшi бiрдей. Пайымдау алшақтық пайда болған жағдайда

ағылшын тiлiндегi мәтiнi басым болып табылады.


         ҚАЗАҚСТАН                                      КОРЕЯ

      РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ                              РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

       ҮКIМЕТI ҮШIН                                  ҮКIМЕТI ҮШIН






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады