Байланыс формасы

Қоршаған ортаны қорғау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi N 160 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007.01.09. N 212 Кодексімен

  МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша сөздер алмастырылды, тараулардың тақырыптарындағы "I-ХIХ" деген цифрлар тиiсiнше "1-19" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), өзгерту енгізілді - 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен. 

      Табиғат пен оның байлықтары Қазақстан Республикасы халықтарының өмiрi мен қызметiнiң, олардың тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттырудың табиғи негiзi болып табылады. 
      Осы Заң қазiргi және болашақ ұрпақтардың мүдделерi үшiн қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық, және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтiң табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерiн болғызбауға, биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған. 

  1 тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

       Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      аз қалдықты технология - өнiмдер бiрлiгiн шығару кезiнде осы өнiмдердi алудың қолданылып жүрген тәсiлдерiмен салыстырғанда қалдықтардың аз саны пайда болатын өнiмдердi шығару процесi; 
      аудиттелетiн субъект - экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргiзуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға; 
      коммуналдық-тұрмыстық қалдықтар - адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде пайда болған қалдықтар; 
      қалдықтарды орналастыру объектiсi - полигондар, күл-қоқыс сақтау орындары, қалдық сақтау орындары, кен жыныстарының үйiндiлерi мен қалдықтарды сақтауға және көмуге арналған басқа да арнайы жабдықталған орындар; 
      қалдықтардың қауiптiлiк сыныбы - адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсер ету дәрежесi бойынша анықталатын қалдықтардың зияндылық көрсеткiшi;
      қалдықтардың паспорты - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасын куәландыратын құжат; 
      қалдықтардың түрi - ортақ белгiлерi бар қалдықтардың жиынтығы; 
      қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты қызметтiң барлық түрлерi;
      қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi - қалдықтардың қоршаған ортаға әсер етуiн ескере отырып, олардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты сандық және сапалық шектеулер; 
      қауiптi қалдықтар - зиянды заттарды қамтитын және қауiптi қасиеттерi бар (уыттылық, жарылыс қаупi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi бар) не адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн жеке тұрғанда немесе басқа заттармен өзара әрекетке түскен кезде қауiп төндiруi мүмкiн қалдықтар;
      қолайлы қоршаған орта - объектiлерiнiң жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, ластануға жол бермеудi, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететiн орта; 
      қоршаған орта - табиғи объектiлердiң, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, суды, топырақты, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы; 
      қоршаған ортаға және адам денсаулығына келтiрiлетiн нұқсан (зиян) - қоршаған ортаны ластау немесе тiрi организмдер мен адамның ауыруын, жұтауын немесе қырылуын, табиғи ресурстардың сарқылуын туғызған немесе туғызатындай етiп табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден тыс алып қою;
      қоршаған ортаға ықпал етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi  - экологиялық жүйелердiң тұрақтылығын бұзуға әкеп соқпайтын, қоршаған ортаға барынша жасалуы мүмкiн антропогендiк ауыртпалық; 
      қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның өзара үйлесiмдi iс-қимылына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi; 
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтiк және экономикалық шаралар кешенi; 
      қоршаған ортаны қорғау объектiлерi - қоршаған ортаның заңнамамен қорғалатын құрамдас бөлiктерi; 
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау -  қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау заңнамасын, қоршаған орта сапасының нормативтерiн және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жөнiндегi қызметi; 
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iс жүзiне асыратын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары; 
      қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ қоршаған ортаға  шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстердiң және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсерi;
      қоршаған ортаны ластауға лимиттер - ластағыш заттардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемiнiң, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсерi деңгейлерiнiң қолайлы қоршаған орта сақталатын шектерi;
      қоршаған ортаның мониторингi - адамды қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн бақылау және адамдардың денсаулығы мен өзге де тiрi организмдерге зиянды немесе қауiп туғызатын қатерлi ахуалдар туралы ескерту; 
      қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерiнiң сипаттамасы; 
      ластағыш заттардың қордалануы мен ықпал ету деңгейiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфералық ауада, су объектiлерiнде, топырақта ластағыш заттардың жол берiлетiн құрамының және қоршаған ортаға физикалық факторлар ықпалының адам денсаулығын сақтау және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиянды әсерiне жол бермеу мақсатында белгiленетiн шамасы; 
      ластағыш заттардың шығарылуы мен тасталуына жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфераға, су объектiлерiне, топыраққа шығарылатындар мен тасталатындардағы ластағыш заттардың, қоршаған ортаға жасалатын физикалық ықпалдық ол жасалған жағдайда жол берiлетiн ауыртпалықтың экологиялық нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн көлемi; 
      өндiрiс қалдықтары - өнiмдердi шығару, өзге де технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде пайда болған және, техногендiк минералдық түзiлiмдер мен ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң қалдықтарын қоса алғанда, тиiстi өндiрiсте қолдануға қажеттi бастапқы тұтыну қасиеттерiн толық немесе iшiнара жоғалтқан шикiзаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары; 
      өндiрiстiк экологиялық бақылау - табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау саласындағы мониторинг, есеп, есептiлiк және өзге де iшкi әкiмшiлiк шараларды қамтитын нормативтiк-құқықтық талаптарды сақталуын бақылау үшiн қабылдайтын шаралар жүйесi; 
      стратегиялық объект - iске асырылуы табиғи ресурстарды барлау, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, пайдалану, республикалық маңызы бар инфрақұрылым, республикалық маңызы бар аэроғарыштық және әскери кешендер, байланыс, энергетика саласындағы қызметпен тiкелей байланысты сараптама объектici;
      табиғат пайдалану - адамның шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы; 
      табиғат пайдаланушы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган берген табиғат пайдалануға рұқсаттың негiзiнде қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығаруға және тастауға, өндiрiспен тұтыну қалдықтарын орналастыруға құқығы бар субъект;
      табиғи ресурстар - қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттерiн қанағаттандыру үшiн қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процесiнде пайдаланылатын құрамдас бөлiктерi; 
      трансшекаралық объект - iске асырылуы екi немесе одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және (немесе) шектес мемлекет аумағының қоршаған ортасына және адамдар денсаулығына зиянды әсер ететiн немесе зиянды әсер етуi ықтимал сараптама объектici; 
      тұтыну қалдықтары - табиғи және моральдық тозу нәтижесiнде өзiнiң тұтынушылық қасиетiн толық немесе iшiнара жойған бұйымдар, материалдар мен заттар; 
      шығарылудың, тасталудың үлес нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк немесе өзге де жүрiп-тұру құралдарының бiрлiгiне шаққанда атмосфераға, су объектiлерiне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, астаудың ең көп массасының нормативi, ол шығарылудың, тасталудың, технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы, тұрақты көздерi үшiн белгiленедi; 
      экологиялық аудит - аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен  бағалауға және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру; 
      экологиялық аудитке тапсырыс берушiлер - мүдделi жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар; 
      экологиялық жүйе - организмдердiң және олар мекендейтiн жансыз ортаның өзара байланысты бiртұтас функционалдық жиынтығы;
      экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи ықпалдар әсерiнiң, соның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар себептерiнен қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жағдай;
      экологиялық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи ықпал ету нәтижесiнде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйi;
      экологиялық қауiптi объект - iске асырылуы ауқымы әрi ұзақтығы бойынша қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн немесе әсер етуi ықтимал және халықтың өмiрi мен денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн сараптама объектiсi; 
      экологиялық нормалау - адамның өмiр сүруi мен биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау үшiн қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететiн ережелердiң (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйi мен оған ықпал ету дәрежесiн бағалаудың сан және сапа көрсеткiштерiнiң (нормативтерiнiң) жүйесi; 
      экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының заңдық, өзге де заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық және нормативтiк-техникалық актiлерiнде қамтылған қоршаған ортаға терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметте орындауға мiндеттi шектеулер және ондай қызметке тыйым салу.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау
               саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарының мiндеттерi қоршаған ортаның сапасын жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайту мақсатымен қоғам мен табиғаттың өзара iс-қимылы саласындағы қатынастарды реттеу болып табылады. 
      2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану туралы заңдардан, сондай-ақ басқа да заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 
      Осы Заң мен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қатынастарды реттейтiн нормалары бар өзге де акт арасында қайшылық болған жағдайда соңғылары осы Заңға тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады. 
      Жердi, жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, ормандар мен өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және пайдалану мәселелерi осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының тиiстi заң актiлерiмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi. 

       3-бап. Қоршаған ортаны қорғаудың негiзгi принциптерi

      Қоршаған ортаны қорғау мынадай негiзгi: 
      адамның өмiрi мен денсаулығын қорғаудың басымдығы, халықтың өмiрi, еңбегi мен демалысы үшiн қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтiру; 
      Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастар жағдайында тұрақты дамуға көшуi, адамдардың қазiргi және болашақ ұрпақтарының салауатты және қолайлы қоршаған ортаға деген қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында қоршаған ортаның әлеуметтiк-экономикалық мiндеттерi мен проблемаларын теңдестiре отырып шешу; 
      экологиялық жағдайы қолайсыз аумақтардағы экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық жүйелердi қалпына келтiру; 
      табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, табиғатты пайдаланғаны үшiн кезең-кезеңмен ақы төлеудi енгiзу және қоршаған ортаны қорғауға экономикалық жағынан ынталандыруды енгiзу; 
      биологиялық алуан түрлiлiктi және экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше маңызы бар қоршаған орта объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ету; 
      қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды мемлекеттiк реттеу мен мемлекеттiк бақылау, оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiктiң ымырасыздығы;
      мемлекеттiк органдардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiндегi өзара iс-қимылы, қызметiнiң үйлестiрiлуi, заңдылығы және жариялылығы;
      шаруашылық қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерi жағдайында өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүзеге асырудың мiндеттiлiгi; 
      қоршаған ортаға нұқсан келтiруге жол бермеу, қоршаған ортаға ықпал ету мүмкiндiгiн бағалау; 
      халықтың, қоғамдық бiрлестiктер мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау саласына белсендi түрде және демократиялық жолмен қатысуы; 
      халықаралық құқық негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптерiн сақтау негiзiнде жүзеге асырылады.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңымен.

       4-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектiлерi

      Жойып жiберуден, бүлiнуден, зақымданудан, азып-тозудан, ластанудан, ұтымды пайдаланбаудан және өзге де зиянды ықпал етуден:
      жер, оның қойнауы, су, атмосфералық ауа, ормандар мен өзге де өсiмдiктер, жануарлар дүниесi;
      табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердiң озонды қабаты қорғалуға тиiс.
      Экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерi, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ерекше қорғалуға тиiс.

  2 тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған
ортаны қорғау саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

       5-бап. Азаматтардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы
               құқықтары мен мiндеттерi

      1. Әрбiр азаматтың және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шетелдiктердiң өз өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға, оның жай-күйi туралы дұрыс ақпарат алуға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалдың өтелуiне алуға құқығы бар. 
      2. Азаматтардың: 
      белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды пайдалануға, оларды қорғау және молықтыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыруға қатысуға; 
      қоршаған ортаны қорғайтын қоғамдық бiрлестiктер мен қоғамдық қорлар құруға; 
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi жиналыстарға, митингiлерге, пикеттерге, шерулер мен демонстрацияларға, референдумдарға қатысуға; 
      қоршаған орта мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға хаттар, шағымдар, арыздар мен ұсыныстар беруге және оларды қарауды талап етуге; 
      қоғамдық экологиялық сараптама өткiзу туралы ұсыныс жасап, оған қатысуға; 
      кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс ықпал ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды талап етуге; 
      айыпты ұйымдарды, лауазымды адамдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалдың өтелуi туралы сотқа талап-арыз беруге; 
      заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген басқа да құқықтарын белгiленген тәртiппен iске асыруға құқығы бар. 
      3. Әрбiр азамат қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды орындауға, өзiнiң экологиялық бiлiм деңгейiн арттыруға және жеткiншек ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге жәрдемдесуге мiндеттi. 

       6-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау
               саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау саласында өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде: 
      өздерiнiң экологиялық бағдарламаларын әзiрлеуге, бекiтуге және насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оларды ерiктi негiзде қоршаған ортаны қорғау саласында белсендi қызметке тартуға; 
      қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыру жөнiндегi жұмыстарды орындауға, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен олардың қызметiне қатысуға; 
      экологиялық тәрбие мен бiлiм беру жөнiндегi жұмыстарды, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердi белгiленген тәртiппен орындауға; 
      мемлекеттiк экологиялық сараптама өткiзудi талап етуге және қоғамдық экологиялық сараптама өткiзуге; 
      қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға; 
      мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан қоршаған ортаның жай-күйi және оны сауықтыру жөнiндегi шаралар туралы дер кезiнде, толық және анық ақпарат алуға; 
      қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк органдармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және өзара iс-қимыл жасауға, олармен келiсiмдер жасаса отырып, олар үшiн шарттар бойынша заңдарда көзделген белгiлi бiр жұмыстарды орындауға; 
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi заң жобаларын талқылауға қатысуға; 
      кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды талап етуге; 
      кiнәлi ұйымдарды, лауазымды адамдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеттiру туралы сотқа талап-арыз беруге; 
      өздерiнiң заңдарда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген басқа да құқықтарын белгiленген тәртiппен iске асыруға құқығы бар.
      2. Қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң қызметiн қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.

  3 тарау. Мемлекеттiк өкiмет пен жергiлiктi өзiн-өзi басқару
органдарының қоршаған ортаны қорғау саласындағы құзыретi

       7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қоршаған
               ортаны қорғау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қоршаған ортаны қорғау саласында: 
      мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық шараларды әзiрлейдi; 
      табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары бойынша мемлекеттiк экологиялық бағдарламалар әзiрлейдi, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынады; 
      қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi; 
      министрлiктердiң, Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың заңдарды, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн орындауын бақылайды; 
      мемлекеттiк меншiктi басқарады, оны пайдалану жөнiнде Үкiметке жүктелген шараларды әзiрлеп, жүзеге асырады; 
      қоршаған орта сапасының нормативтерi мен шаруашылық және өзге де қызметтерге қойылатын экологиялық талаптарды әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлейдi; 
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда табиғи ресурстарды облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) үшiн табиғат пайдалануға беру туралы шешiмдер қабылдайды, табиғат пайдалану шарттарын (келiсiм-шарттарын) жасасады;
      табиғат пайдалануға рұқсат беру, рұқсат беруден бас тарту, оны қолдануды тоқтата тұру және күшiн жою тәртiбiн бекiтедi;
      табиғат пайдаланудың әр алуан түрлерi бойынша тұжырымдамаларды бекiтедi, табиғат пайдаланудың мемлекеттiк құрылымының, табиғи ресурстарды кешендi пайдалану, молықтыру және қорғау схемаларын бекiту және жүзеге асыру, табиғи ресурстардың мемлекеттiк есебi мен мемлекеттiк кадастрларын жүргiзу тәртiбiн, сондай-ақ қоршаған ортаның ластанған учаскелерiн және оларды ластау көздерiн белгiлейдi; 
      қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингін жүргізудің құрылымын, мазмұны мен тәртібін белгілейді және Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастырудың және жүргізудің ережесін бекітеді; 
      шаруашылық қызметтiң экологиялық жағынан қауiптi түрлерiнiң тiзбесiн және оларды мiндеттi мемлекеттiк лицензиялау тәртiбiн, бекiтедi; 
      экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше маңызы бар қоршаған ортаны қорғау объектiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi, өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк қорықтар, мемлекеттiк ұлттық және табиғи парктер, басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастырады; 
      қоршаған ортаны қорғау саласында ақпарат беру мен мемлекеттiк статистиканы жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi; 
      қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды басқару және бұл салалардағы мемлекеттiк бақылау жасау мiндеттерiн жүзеге асыратын арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар туралы ереженi бекiтедi, олардың қызмет тәртiбiн айқындайды, сондай-ақ экологиялық аудитке лицензия беру мен оны жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi; 
      төтенше экологиялық жағдайды хабарлау ережесін бекітеді;
      халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырудың және жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi;
      табиғат қорғау iс-шараларына жатқызудың тәртiбiн белгiлейдi;
      iс-шараларды қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларға жатқызу ережесiн бекiтедi;
      мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерін стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауіпті объектілерге жатқызу өлшемдерін бекітеді;
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2001.12.24. N  276 , 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209 Заңдарымен. 

       8-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi
               органның құзыретi

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды басқару функцияларын жүзеге асыратын өзге де орталық атқарушы органдар мен облыстардың (республикалық маңызы бар қала, астана) жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiредi;
      2) қоршаған ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзедi және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi стратегиялық мiндеттердi шешу үшiн мемлекеттiк экологиялық бағдарламалардың орындалуын ұйымдастырады;
      3) өз құзыретi шегiнде шаруашылық және өзге де қызмет бойынша экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекiтедi немесе келiседi;
      4) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен шаруашылық қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiне, экологиялық аудиторлық қызметке, табиғат қорғауды жобалауға, нормалауға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензиялар бередi;
      5) табиғатты пайдалануға рұқсаттар береді;
      6) қоршаған ортаның мемлекеттiк мониторингi бойынша жұмыс жүргiзедi, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай жүйесiне басшылық жасайды, өндiрiстiк мониторинг жүргiзудiң үлгi тәртiбiн бекiтедi;
      7) стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауiптi объектiлердiң мемлекеттiк экологиялық сараптамасын ұйымдастырады және жүргiзедi;
      8) өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      8-1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi өзге де мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiредi;
      8-2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзуге қатысты құжаттардың (тексерудi тағайындау туралы акт, хаттама, нұсқама) нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi;
      8-3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау органдары жүйесiнде зертханалық-талдамалық бақылау жұмысының қызметiн жетiлдiредi;
      8-4) қоршаған ортаның жай-күйiне әсер ететiн қызмет туралы ақпаратты, соның iшiнде зертханалық-талдамалық деректердi жинау мен талдауды жүзеге асырады;
      9) өзiнiң аумақтық органдары арқылы су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жоспарларын келiсуге, су объектiлерi мониторингiн жүргiзуге, өз құзыретi шегiнде су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға, бассейндiк келiсiмдердi әзiрлеуге және олардың жүзеге асырылуын бақылауға, су объектiлерiн пайдалану, молықтыру және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк (аймақтық және бассейндiк) бағдарламалар үшiн ережелер әзiрлеуге, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн iске асыруға қатысады;
      10) өз құзыретi шегiнде жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      11) жергiлiктi маңызы бар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бағдарламалар мен iс-шаралар жоспарларын келiседi;
      12) мемлекеттiк табиғи қорық қорының табиғи ресурстары мен объектiлерiн қорғау, молықтыру әрi пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      12-1) жер қойнауын қорғау жөнiндегi экологиялық талаптардың, ережелер мен нормалардың сақталуына, жер қойнауын пайдаланудың барлық кезеңдерiнде келiсiм-шарт талаптарының орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      12-2) өндiрiстiк экологиялық бақылау туралы үлгi ереженi бекiтедi.
      13) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар тiзбесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      14) мемлекеттiк табиғи қорық қорының объектiлерiне жалпы басшылық жасауды үйлестiредi және жүзеге асырады;
      15) табиғи ресурстарды мемлекеттiк есепке алуды және олардың мемлекеттiк кадастрларын жүргiзедi;
      16) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу туралы шешiм қабылдайды; 
      17) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегі білiктілiк комиссиясының құрамы мен жұмыс тәртiбiн, сондай-ақ экологиялық аудиторларды аттестациялау тәртiбiн бекiтедi;
      18) қоршаған ортаны ластағаны үшін базалық төлем ставкаларын бекітеді;
      19) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi.
       Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді),  өзгерту енгізілді - 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.31. N  125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2006.12.29. N  209 Заңдарымен. 

       9-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау
               мен табиғат пайдалануды басқару мiндеттерiн
               жүзеге асыратын арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк
               органдарының құзыретi

      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқару мiндеттерiн жүзеге асыратын арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарының құқықтық жағдайы мен құзыретiн заң актiлерi негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       10-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
                органдарының құзыретi

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
      экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң тактикалық мiндеттерiн шешу үшiн тиiстi аумақтарда қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды және iс-шаралар тiзбесiн бекiтедi;
      облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдар басшыларының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдаланудың жай-күйi туралы есептерiн тыңдайды;
      өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны сауықтыру, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғау мәселелерi жөнiндегi жолсыздықтар үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiк көзделген мiндеттi ережелердi техникалық регламенттер негiзiнде қабылдайды. Ережелер оларды халыққа жария еткеннен кейiн кемiнде екi апта өткен соң күшiне енедi.
      Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлем ставкаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен базалық ставкалардан кем болмайтындай етiп жыл сайын бекiтедi.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) табиғат пайдалануды:
      табиғат қорғау объектiлерiн салу мен қайта құруды қамтамасыз ету;
      шағын өзендер мен су қоймаларын қорғау, олардың ластануын, су тасқынын, су басып кетудi, жағалаулардың бұзылуын және судың басқа да әсерiн болғызбау әрi жою;
      атмосфералық ауаның ластануын азайту мақсатында көлiк тасқынын реттеу;
      қалалар мен кенттер аумақтарының ластануы;
      жердi құнарсызданудан, шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, батпақтанудан, қайталама орнығудан, құрғаудан, тығызданудан, өндiрiс пен тұтынудың тұрмыстық және қауiптi қалдықтарымен ластанудан қорғау;
      жердi өз бетiмен басып алу, ағаштарды заңсыз кесу жағдайларын анықтау;
      ормандағы және даладағы өрттерден қорғау, орман ортасын құрайтын және орман ортасын қорғайтын функцияларын сақтауды, сондай-ақ көшеттердi, дәрiлiк, тағамдық және техникалық өсiмдiк шикiзатын уақтылы қалпына келтiру жағдайларын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен және әдiстермен жұмыс жүргiзу;
      шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде биологиялық алуан түрлiлiкке қатер төнуiн болдырмау және оның терiс әсерiн жою үшiн шаралар қабылдау;
      атмосфералық ауаны қорғау мен сауықтыру;
      жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға резервке алу мәселелерi бойынша реттейдi;
      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келiсiлген қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану жөнiндегi iс-шаралар көзделетiн бағдарламалар мен өзге де құжаттар әзiрлеудi және оларды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының бекiтуiне енгiзудi ұйымдастырады;
      3) экологиялық сараптаманың терiс қорытындысы бар кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салуға әрi қайта құруға тыйым салу туралы қорытындылар әзiрлейдi, экологиялық талаптар бұзылған жағдайда шаруашылық және өзге де қызмет жүргiзудi тоқтата тұрады және тиiстi шаралар қабылдайды;
      4) ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар қоршаған орта объектiлерiн қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру туралы шешiмдер қабылдайды немесе жоғары тұрған органдарға ұсыныстар енгiзедi;
      5) стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауiптi объектiлердi қоспағанда, шаруашылық қызмет объектiлерiне мемлекеттiк экологиялық сараптама ұйымдастырады және жүргiзедi;
      6) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады;
      7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзедi;
      8)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116 Заңымен.
      9)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116 Заңымен.
       10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іс жүзіне асырады;
      11) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен базалық ставкалардан кем болмайтындай етіп қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем ставкаларын есептейді;
      12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етеді;
      13) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табиғи ресурстарды пайдалану туралы ақпарат береді;
      14) жеке және заңды тұлғалардың сұратуы бойынша экологиялық ақпарат беруді қамтамасыз етеді;
      15) табиғи ресурстарды табиғат пайдалануға беру туралы шешімдер қабылдайды;
      16) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқару қызметтерін жүзеге асыратын арнаулы уәкілетті мемлекеттік органдарымен келісім бойынша қалдықтарды қоймаға жинауға, жоюға және көмуге жер учаскесін бөліп беруге шешім береді;
      17) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдарымен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып, елді мекендердің күтіп-ұсталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
      3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары халықтың жергiлiктi маңызы бар мәселелердi заңдарда белгiленген өкiлеттiк шегiнде шешуге қатысуын қамтамасыз етедi.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N  488 , 2001.07.04. N  205 , 2001.12.24. N  276 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209 Заңдарымен. 

  4 тарау. Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалану

       11-бап. Табиғи ресурстар

      Табиғи ресурстарға меншік нысаны Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленеді.
       Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       12-бап. Табиғат пайдаланушылар

      Табиғат пайдаланушылар заңды және жеке тұлғалар, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, ұлттық және шетелдiк болып бөлiнедi. 
      Ұлттық табиғат пайдаланушыларға - Қазақстан Республикасының азаматтары мен қазақстандық заңды тұлғалар, оның iшiнде шетел қатысатын тұлғалар, ал шетелдiк табиғат пайдаланушыларға - шетел азаматтары, шетелдiк заңды тұлғалар, шет мемлекеттер, халықаралық бiрлестiктер мен ұйымдар жатады. 
      Табиғат пайдаланушылар: 
      тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзiмi шектелмейтiн сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген); 
      бастапқы (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру тәртiбiмен алынған) және қайталама (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебенi өзiнде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негiзiнде алынған) болуы мүмкiн. 

       13-бап. Табиғатты жалпы және арнайы пайдалану

      Қазақстан Республикасында табиғи ресурстар жалпы және арнайы табиғат пайдалануда болады. 
      Жалпы табиғат пайдалану халықтың өмiрлiк қажеттерiн қанағаттандыру үшiн тегiн және азаматтар мен ұйымдарға табиғи ресурстар берiлместен жүзеге асырылады. Егер заңдарда тiкелей көзделген болса, жалпы табиғат пайдалануды шектеуге жол берiледi. 
      Табиғатты арнайы пайдаланған жағдайда табиғи ресурстар табиғат пайдаланушыларға белгiленген тәртiппен берiледi. Табиғатты тұрақты пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен айыратын немесе иелiктен айырмайтын, ақысын төлеп немесе алатын, бастапқы немесе қайталама болуы мүмкiн.
      Табиғатты арнайы пайдалану немесе табиғатты шектеулi пайдалану құқығы (сервитуттар) туындауының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       14-бап. Табиғи ресурстарды табиғат пайдалануға беру
                негiздерi

      Табиғи ресурстар табиғат пайдалануға:
      табиғи ресурстарды пайдалануға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар;
      табиғи ресурстарды табиғат пайдалануға беру туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерi;
      табиғат пайдалану шарттары (келiсiм-шарттары) негiзiнде берiледi.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       15-бап. <*>

       Ескерту. 15-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       16-бап. Табиғат пайдалануға рұқсат беру

      Табиғат пайдалануға берiлетiн рұқсат қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган табиғат пайдаланушыға беретiн және табиғат пайдаланушының табиғи ресурстарды пайдалануға, қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығару мен тастауға құқығын табиғат пайдаланудың нақты мерзімі мен көлемін (лимиттерін), шарттарын және қолданылатын технологияны көрсете отырып, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыру құқығын куәландыратын құжат болып табылады. 
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04.  N 205 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       17-бап. Табиғат пайдалануды мемлекеттiк реттеу

      Табиғат пайдалануды мемлекеттiк реттеудi қамтамасыз ету үшiн оның мемлекеттiк құрылымы жүзеге асырылады, табиғи ресурстарды кешендi пайдалану, молықтыру және қорғау схемалары жасалады, табиғи ресурстардың мемлекеттiк есебi мен мемлекеттiк кадастры, қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингi жүргiзiледi.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       18-бап. Табиғат пайдаланудың мемлекеттiк құрылымы мен
                табиғи ресурстарды кешендi пайдалану, молықтыру
                және қорғау схемалары

      Табиғат пайдаланудың мемлекеттiк құрылымы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды, молықтыру мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған шаралар жүйесi болып табылады.
      Заңдарда көзделген жағдайларда табиғи ресурстарды кешендi пайдалану, молықтыру және қорғау схемалары жасалады.

       19-бап. Табиғи ресурстардың мемлекеттiк есебi мен
                мемлекеттiк кадастрлары

      Халықтың және экономика салаларының мұқтаждары үшiн пайдаланылатын табиғи ресурстардың мөлшерi мен сапасын айқындау мақсатында табиғи ресурстардың жай-күйi, пайдаланылуы, молықтырылуы мен қорғалуы туралы мәлiметтер жиынтығы болып табылатын олардың мемлекеттiк есебi мен мемлекеттiк кадастрлары жүргiзiледi.

       20-бап. Табиғат пайдаланушылардың негiзгi мiндеттерi
                және олардың құқықтарын қорғау

      1. Табиғат пайдаланушылар:
      табиғи ресурстарды нысаналы қызметiне және олардың берiлу шарттарына сәйкес пайдалануға; 
      шаруашылық және өзге қызметке белгiленген экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды, қолданылып жүрген стандарттарды, техникалық шарттарды сақтауға; 
      берiлген табиғи ресурстарды үнемдi пайдалануға, қоршаған ортаға зиян келтiрмеуге және басқа табиғат пайдаланушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеуге; 
      қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, молықтыруға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға;
      табиғи ресурстарды пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғи ресурстарды қорғағаны мен молайтқаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген төлемдердi дер кезiнде төлеуге; 
      қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап етуi бойынша қажеттi ақпарат беруге;
      шаруашылық қызметiнiң экологиялық қауiптi түрлерi жүзеге асырылған кезде қоршаған ортаға өндiрiстiк мониторинг пен бақылау жүргiзуге;
      қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану бойынша өткізілетін іс-шаралар туралы жергілікті атқарушы органдарға қажетті ақпарат беруге міндетті.
      2. Табиғат пайдаланушылардың бұзылған құқықтары заңмен қорғалады. Заңда көрсетiлген негiздер бойынша болмаса, ешкiмдi де табиғат пайдалану құқығынан айыруға немесе шектеуге болмайды.
      Табиғат пайдаланушылардың бұзылған құқықтары Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген тәртiппен қалпына келтiрілуге тиiс.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 ,   2001.12.24. N  276 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

  5 тарау. Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны
қорғау жөнiндегi қызметтi лицензиялау

       21-бап. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды
                пайдалану саласында лицензиялануға тиiстi қызмет
                түрлерi

      Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласында:
      1) Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн  тiзбе бойынша шаруашылық қызметiнiң экологиялық қауiптi түрлерi;
      2) экологиялық аудиторлық қызмет;
      3) экологиялық сараптама саласындағы табиғат қорғауды жобалау, нормалау және жұмыстар мiндеттi түрде лицензиялануға тиiс.
       Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), өзгерту енгізілді - 2005.04.15.  N 45 Заңдарымен.

       22-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған
                ортаны қорғау жөнiндегi қызметтi лицензиялау
                тәртiбi

       Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қызметтi лицензиялауды арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. 
      Лицензиялар берудiң ережелерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының  лицензиялау туралы заңдарымен реттеледi.
       Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді),   2005.04.15.  N 45 Заңдарымен.

         23-бап. Табиғат пайдалану шарты (келiсiм-шарты)

      Табиғат пайдалану шарты (келiсiм-шарты) табиғат пайдаланушы мен атқарушы органдар немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында заңдарда белгiленген тәртiппен жасалады. 
      Егер табиғи ресурстарды пайдалану мен шаруашылық қызметтің жекелеген түрлерiн жүзеге асыру мiндеттi түрде мемлекеттiк лицензиялауды талап ететiн болса, табиғат пайдаланушы алдын ала лицензия алмаған жағдайда, табиғат пайдалану шарты (келiсiм-шарты) жарамсыз болып табылады. 
      Шарттың (келiсiм-шарттың) қолданылу мерзiмi, тоқтатылу шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарына немесе лицензияға сәйкес тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
      Шарттың (келiсiм-шарттың) лицензияға қайшы келетiн шарттары жарамсыз болып табылады. Лицензияны қайтарып алу шарттың (келiсiм-шарттың) тоқтатылуына әкеп соғады.
      Табиғат пайдалану жөнiндегi шарт (келiсiм-шарт) оған қол қойылғанға дейiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келiсуге тиiс.
       Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

  6 тарау. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингi

       24-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың
                мемлекеттiк мониторингi

      1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады және онда:
      1) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiне, сондай-ақ оларға антропогендiк ықпал жасау көздерiне белгiлi бiр бағдарлама бойынша жүргiзiлетiн бақылау; 
      2) аталған бақылау объектiлерiнiң жай-күйiн бағалау; 
      3) олардағы өзгерiстердi болжау қамтылады. 
      2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингi қоршаған ортаны қорғау саласында басқарушылық және шаруашылық шешiмдер қабылдауды қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды пайдалану мақсатымен жүргiзiледi. 
      3. Қазақстан Республикасында Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың бiрыңғай мемлекеттiк мониторинг жүйесi құрылып, жұмыс iстейдi, оны ұйымдастыру және жүргізу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 
      4.  алып тасталды
      5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi шеңберiнде алынатын ақпарат мемлекеттiк меншiк болып табылады және оны атқарушы органдар басқарушылық және шаруашылық шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау және олардың пайдаланылуын бақылау үшiн, сондай-ақ халыққа хабарлау үшiн пайдаланады. 
      6. Барлық мемлекеттік органдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға қоршаған ортаның мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру жөніндегі қажетті ақпаратты тегін, заңдарда белгіленген нысандар бойынша және мерзімде табыс етіп отырады. 
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

         25-бап. Қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингi

      1. Заңды тұлғалар - табиғатты пайдаланушылар қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингiн, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық қызметiнiң қоршаған ортаға жасайтын ықпалы туралы есептi және есеп берудi жүргiзуге мiндеттi. 
      2. Қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингi үшiн пайдаланылатын өлшеу құралдары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      3. Өндiрiстiк мониторинг деректерi мен стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауiптi объектiлердiң қоршаған ортаға әсерi туралы есептiлiк - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға, шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде берiледi.
      4. Қоршаған ортаға ластағыш заттар нормадан тыс шығарылған (тасталған), авариялық және төтенше жағдайлар туындаған реттерде, табиғат пайдаланушы кәсіпорындар ол туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына заңдарда белгіленген мерзімде жедел хабарлауға міндетті.
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209 Заңдарымен.

  7 тарау. Қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық тетiгi

       26-бап. Қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдiстерi

      Қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдiстерi:
      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды жоспарлау мен қаржыландыру;
      табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген төлемдер; 
      қоршаған ортаны ластағаны үшiн ақы төлеу;
      табиғи ресурстарды қорғау және молықтыру үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген төлемдер; 
      қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру;
      экологиялық сақтандыру;
      қоршаған ортаны ластаудан келтiрiлген зиянды экономикалық бағалау және өтеу болып табылады.
       Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N  276 , 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен. 

       27-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды
                жоспарлау мен қаржыландыру

      1. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шаралар болжамдық және бағдарламалық-нысаналы құжаттар мен материалдарда ескерiледi, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын индикативтi жоспарлаудың жобаларына, табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар мен тұжырымдамаларға енгiзiледi. 
      Табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары жөнiндегi экологиялық бағдарламалар мен тұжырымдамаларды әзiрлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      2. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi экологиялық бағдарламалар мен шараларды қаржыландыру:
      1) бюджет қаражаты;
      2) экологиялық сақтандыру қаражаты;
      3) табиғат пайдаланушылардың өз қаражаты;
      4) жеке және заңды тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдықтары есебiнен жүргiзiледi.
       Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       28-бап. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн төленетiн
                төлемдер

      Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлемдер Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде  K010209_ белгiленген салықтар, алымдар және төлемдер түрiнде табиғат пайдаланушылардан алынады. 
       Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       29-бап. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн ақы төлеу

      Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төленетiн ақы ластайтын заттарды шығарғаны және тастағаны, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшiн ұйымдар мен азаматтардан алынады. 
      Қоршаған ортаны белгiленген лимиттерден тыс ластағаны үшiн ақы Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген көтерiңкi мөлшерде алынады. 
      Қоршаған ортаны ластағаны үшiн бюджетке төленетiн ақының сомасын есептеу және төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi. 
       Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 ,   2001.12.24. N  276 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

           30-бап. Табиғи ресурстарды қорғау мен молайту үшiн
                төленетiн төлемдер

      Табиғи ресурстарды қорғау мен молайтуды жүзеге асыруға арналған бюджет шығындарының орнын толтыруды өтеу ретiнде табиғат пайдаланушылардан Қазақстан Республикасының Салық  кодексiне  сәйкес төлем алынады.
       Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       31-бап. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан
                ынталандыру

      1. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру қоршаған ортаны қорғауды тиiмдi жүзеге асыратын заңды тұлғаларға - табиғат пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңiлдiктер мен преференциялар беру және ынталандыратын сипаттағы өзге де шаралар арқылы жүзеге асырылады.
      2. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру заңдарға қайшы келмейтiн шаралар арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
       Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         32-бап. Экологиялық сақтандыру

      1. Экологиялық сақтандыру қоршаған ортаға, басқа адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру салдарынан шарттан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапкершілік тәуекелі туындаған кездегі жеке және заңды тұлғаның мүліктік құқықтарын (сақтандырылғандарын) қорғауға байланысты қатынастар кешені болып табылады. 
      2. Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық жағынан қауiптi түрлерiмен айналысатын заңды тұлғалар мен азаматтар мiндеттi түрде экологиялық сақтандырылуға тиiс. Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiне лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкiн. 
      3. Ерiктi экологиялық сақтандыру заңды тұлғалар мен азаматтардың өз еркiн бiлдiруi бойынша жүзеге асырылады. Ерiктi экологиялық сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртiбi сақтанушылар мен сақтандырушылардың арасындағы келiсiмдермен белгiленедi.
      4. Міндетті экологиялық сақтандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленеді.
       Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       33-бап.<*>
       34-бап.<*> 
       Ескерту. 33-34-баптар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

  8 тарау. Экологиялық нормалау

       Ескерту. Тараудың атауы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       35-бап. Экологиялық нормалардың негізгі міндеттері мен
                талаптары

      Экологиялық нормалау қоршаған ортаға ықпал етудің экологиялық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығын сақтауға кепілдік беретін, қоршаған ортаның ластануын болдырмауды, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін, ғылыми негізделіп жол берілетін шекті нормаларын белгілеу мақсатын көздейді. 
      Экологиялық нормалаудың негiзгi мiндеттерiне: 
      Экологиялық нормаларды белгiлеу және олардың адам денсаулығына, табиғи ресурстарды қорғауға, молықтыруға және ұтымды пайдалануға ықпалын анықтау; 
      қоршаған ортаға зиянды әсердiң жол берiлетiн шектi шамалары мен деңгейлерiн белгiлеу кiредi. 
      Қоршаған орта сапасының белгiленген нормативтерiн асыра көрсетуге немесе оларды уақытша және төмендетiлген нормалармен алмастыруға жол берiлмейдi.
      Нормативтер шамаларын аумақтардың нақты экологиялық жағдайларына байланысты қатаңдату жағына қарай өзгертуге жол берiледi.
      Бекітілген экологиялық нормативтер барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады, жариялануға және еркiн таратылуға тиiс.
       Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       36-бап. Экологиялық нормативтердің негізгі түрлері

      Экологиялық нормативтердің негiзгi түрлерiне:
      қоршаған ортада зиянды заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шоғырлану нормативтерi;
      қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу нормативтерi; 
      шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi;
      радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi;
      агрохимикаттарды ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында қолданудың жол беруге болатын шектi нормалары;
      қорғау, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының нормативтерi;
      зиянды (ластағыш) заттарды шығарудың, тастаудың үлес нормативтері;
      қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi жатады. <*>
      Қазақстан Республикасының заңдарында экологиялық нормативтердің өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
       Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       37-бап. Қоршаған ортада зиянды заттардың жол беруге
                болатын шектi мөлшерде шоғырлану нормативтерi

      Халықтың денсаулығын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, олардың генетикалық қорларын сақтау мақсатында атмосфералық ауаны, суды, топырақ пен жер қойнауын ластауы ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шоғырлануының нормативтерi белгiленедi.

       38-бап. Қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге
                болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу
                нормативтерi

      Тиiстi аумақта қоршаған ортаны ластаудың барлық көздерi мен көлемдерiн ескере отырып, халықтың денсаулығына, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне олардың жасайтын кешендi ықпалына жол бермеу мақсатында ластанудың әрбiр көзi бойынша қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу нормативтерi белгiленедi.

       39-бап. Шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге де
                зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге болатын
                шектi деңгейiнiң нормативтерi

      Халықтың денсаулығы мен еңбек қабiлетiн сақтау, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн, тiршiлiк үшiн қолайлы қоршаған ортаны қорғау мақсатында шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге болатын шектi деңгейлерiнiң нормативтерi белгiленедi.

       40-бап. Радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi
                деңгейiнiң нормативтерi

      Адамның денсаулығы мен генетикалық қорына төнетiн қауiптi болдырмау, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында қоршаған орта мен тамақ өнiмдерiндегi радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi белгiленедi.

       41-бап. Ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында
                агрохимикаттарды қолдануға жол берiлетiн шектi
                нормалар

       Адамның денсаулығын және генетикалық қорын сақтау, өсiмдiк және жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында минералдық тыңайтқыштарды, өсiмдiк қорғау құралдарын, стимуляторларды және басқа да агрохимикаттарды, тамақ өнiмдерiндегi, топырақ пен судағы химиялық заттар қалдықтарының жол берiлетiн шектi нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн мөлшерде қолдануға жол берiлетiн шектi нормалары белгiленедi.

       42-бап. Күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де
                қорғаныш өңiрлерi

      Қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбау және ерекше күзетудi қажет ететiн объектiлердi сақтау мақсатында күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш өңiрлерi белгiленедi. 
      Күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш өңiрлерiнiң көлемдерi, оларды пайдалану режимдерi заңдарға сәйкес белгiленедi. 

  9 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу 

      Ескерту. 9-тарау жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 Заңымен.

       43-бап.   Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық
             реттеу объектiлерi

       Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу объектiлерiне Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн немесе оның аумағына әкелiнетiн, экологиялық қауiпсiздiкке, адамның өмiрi мен денсаулығына, табиғи ресурстарды молайтуға және ұтымды пайдалануға, сондай-ақ өнiмнің өмiрлiк циклiнiң процестерiне қауiп төндiруi мүмкiн өнiм жатады.

       44-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық
             реттеу 

       Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнiм мен оның өмiрлiк циклi процестерiне қойылатын қауiпсiздiк талаптарын белгiлейтiн техникалық регламенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен әзiрленедi және бекiтiледi.
      Техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiн, нарыққа орналастырылған өнiмнiң айналымына, сондай-ақ өнiмдi осы талаптарды бұзу арқылы жобалауға, өндiруге, пайдалануға, сақтауға, тасымалдауға, өткiзуге, кәдеге жаратуға және жоюға тыйым салынады.

       45-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi
              растау

       Техникалық регламенттерге сәйкестiктi анықтау үшiн Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi растау жүзеге асырылады.
      Сәйкестiгi мiндеттi түрде расталуға жататын өнiмдi сәйкестiктi растау саласындағы тиiстi құжатсыз өткiзуге тыйым салынады. 

  10 тарау. Шаруашылық және өзге қызметке қойылатын
экологиялық талаптар

       46-бап. Қоршаған ортаға ықпалды бағалаудың міндеттілігі

      Қоршаған ортаға әсердi бағалау басқару және шаруашылық шешiмдерiнiң қабылданатын нұсқаларының экологиялық және өзге де зардаптарын анықтау, қоршаған ортаны сауықтыру, табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, азып-тозуын, бүлiнуiн және сарқылуын болдырмау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiледi. 
      Қоршаған ортаға әсердi бағалау нәтижелерi жобалау алдындағы және жобалау материалдарының ажырамас бөлiгi болып табылатын құжат түрiнде ресiмделедi. Қоршаған ортаға жасалатын әсер бағаланбайынша, оған ықпал жасайтын жобаларды әзiрлеу мен iске асыруға тыйым салынады. 
      Қоршаған ортаға терiс әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi қайта бейiмдеу, уақытша тоқтатып қою, меншiгiн ауыстыру және тарату қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша не олардың қоршаған ортаға жасалатын әсердi бағалау жөнiнде жүргiзген тексерулерiнен, анықталған жолсыздықтар жойылғаннан және келтiрiлген зиянның орны белгiленген тәртiппен толықтырылғаннан кейiн ғана жүргiзiлуi мүмкiн. 
      Қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу тәртiбi экологиялық сараптама туралы заңдармен анықталады. 
       Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       47-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану кезiндегi
                экологиялық талаптар

      Жердi, жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, ормандарды және өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған ортаны қорғау объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық жағдайы қолайсыз аумақтарды пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi. 
      Табиғи экологиялық жүйелердiң бүлiнуiн, адамның, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң генетикалық қорларының жойылуын, қоршаған ортаның халық өмiрi мен денсаулығына қауiптi өзгерiстерiн туғызатын шаруашылық және өзге де қызметке тыйым салынады. 

       48-бап. Жобалауға қойылатын экологиялық талаптар

      Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, үйлер мен құрылыстарды өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы объектiлерiн, сумен жабдықтау, канализация, гидротехникалық құрылыстар жүйелерiн, көлiк және байланыс құралдарын, технологиялық процестердi, бұйымдар мен жабдықтарды, басқа да объектiлердi жобалау кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптары сақталуға, зиянды қалдықтарды залалсыздандыру мен кәдеге жарату, қалдығы аз және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер, қоршаған орта ластануының алдын алу жөнiндегi тиiмдi шаралар, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану көзделуге тиiс. 
      Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаған жобалар бекiтiлмеуге тиiс, ал бұл жобаларды iске асыруды қаржыландыруға жол берiлмейдi.
       Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 Заңымен.

         49-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
                объектiлердi орналастыру кезiндегi экологиялық
                талаптар

      Кәсiпорындар, құрылыстар және өзге де объектiлер орналастырылатын орындар қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдаланудың шарттары мен ережелерiн сақтап, аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық зардаптары ескерiле отырып белгiленедi. 
      Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi орналастыру кезiнде күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де өңiрлер белгiленедi. 

       50-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
                объектiлердi салу мен қайта құру кезiндегi
                экологиялық талаптар

      Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi салу мен қайта құру мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және қоршаған ортаның сапалық нормативтерiне сәйкес жүзеге асырылады. Бекiтiлген жобаны немесе жұмыс құнын қоршаған ортаны қорғауға зиян келтiретiндей етiп өзгертуге жол берiлмейдi. 
      Құрылыс жұмыстарын атқару кезiнде жердi қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану, аумақты көркейту және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiндегi шаралар қолдануға тиiс. 

       51-бап. Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру кезiнде
                қойылатын экологиялық талаптар мен
                мiндеттемелердiң есебi

      1. Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру кезiнде жекешелендiрудi жүзеге асыруға уәкiлеттi атқарушы орган экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi. 
      2. Кәсiпорындар мен өзге де объектiлердi жекешелендiру экологиялық жай-күйдi тексеру нәтижелерiн ескере отырып жүзеге асырылады. Кәсiпорынның немесе өзге де объектiнiң экологиялық жағдайын тексеру кәсiпорынды және өзге де объектiнi жекешелендiру жоспарында көзделiп, мемлекеттiк экологиялық бақылау органының қатысуымен жүзеге асырылады. 
      3. Жекешелендiрiлетiн кәсiпорындар мен өзге де объектiлердi тазарту және залалсыздандыру жөнiндегi шараларды қаржыландыру мемлекет есебiнен және (немесе) жаңа меншiк иесiнiң келiсiмiмен мына көздерден: 
      1) кәсiпорынның жаңа иесi табиғат қорғау объектiлерiн салуды, қайта құруды және техникалық жағынан қайта жарақтандыруды қайта инвестициялайтын қаражат;
      2) жекешелендiрiлген кәсiпорын мен өзге де объектiге нысаналы несиелер, процентсiз қарыз және табиғат қорғау мұқтаждарын нысаналы қаржыландыру түрiнде түсетiн қаражат;
      3) кәсiпорынның экологиялық сақтандыру жүйесi арқылы алатын қаражаты есебiнен.
      4)  алып тасталды
      5)  алып тасталды
       Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         52-бап. Банкроттық жағдайындағы экологиялық талаптар
                мен мiндеттемелердiң есебi

      1. Заңды тұлғаға - табиғат пайдаланушыға қатысты банкроттық туралы iс қозғалған жағдайда кәсiпорынның және өзге де объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзiледi. 
      2. Кәсiпорынның және өзге де объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзу мiндетi санацияны жүзеге асыратын органға не сыртқы басқарушыға жүктеледi. 
      3. Банкроттыққа әкеп соққан шаруашылық қызметiнiң нәтижесi, сондай-ақ кәсiпорынның экологиялық талаптарды сақтауы тексеру объектiсi болады. 
      4. Заңды тұлғаның - табиғат пайдаланушының банкроттығы туралы iс жүргiзiлген жағдайда несие берушiлердiң экологиялық мiндеттемелер жөнiндегi мүдделерiн есепке алу қамтамасыз етiледi. 

       53-бап. Заңды тұлға таратылған және қайта
                ұйымдастырылған кездегi экологиялық талаптар
                мен мiндеттемелердiң есебi

      1. Заңды тұлғаны - табиғат пайдаланушыны тарату мен қайта ұйымдастыру кәсiпорынның жай-күйiн тексеру және (немесе) экологиялық сараптама деректерiнiң негiзiнде экологиялық талаптар ескерiлiп, олардың нәтижелерiн заңды тұлғаны қайта ұйымдастырудың тиiстi нысаны кезiнде жасалатын тарату балансында мiндеттi түрде көрсете отырып жүзеге асырылады. 
      2. Таратылатын немесе қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның экологиялық жай-күйiн тексеру мемлекеттiк экологиялық сараптама органының қатысуымен жүзеге асырылады. 
      3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңа меншiк иесiнiң бөлу балансына сәйкес экологиялық мiндеттемелер жөнiндегi құқыққа мирасқорлығы қамтамасыз етiледi. 
      4. Заңды тұлға несие берушiлердiң экологиялық мiндеттемелер жөнiндегi мүдделерi ескерiле отырып таратылады. 

       54-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
                объектiлердi пайдалануға беру және пайдалану
                кезiнде қойылатын экологиялық талаптар

      Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемiнде орындалған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, оның жергiлiктi жерлердегi аумақтық бөлiмшелерiнiң және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының қатысуымен құрылатын қабылдау комиссияларының актiлерi бойынша жүргiзiледi. 
      Зиянды қалдықтарды, ластайтын заттардың шығарындыларын жол берiлетiн шектi нормативтер деңгейiне дейiн тазарту, залалсыздандыру және кәдеге жарату жөнiндегi қондырғылармен және жабдықтармен, қоршаған ортаның ластануын бақылау құралдарымен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi жердi қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану жөнiнде жобаланып қойылған жұмыстарды аяқтамай пайдалануға беруге тыйым салынады. 
       Ескерту. 54-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         55-бап. Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс
                объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсаттағы
                және мелиорация объектiлерiн пайдалану кезiнде
                қойылатын экологиялық талаптар

      Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсаттағы және мелиорация объектiлерiн пайдалану белгiленген экологиялық талаптарды ескерiп және экологиялық жағынан негiзделген технологияларды, қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын қажеттi тазарту құрылыстары мен санитариялық-қорғаныш өңiрлерiн пайдалана отырып жүзеге асырылуға тиiс. Аталған объектiлердi пайдалану кезiнде қалдығы аз және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер енгiзiлуге тиiс, олар зиянды қалдықтарды, ластайтын заттардың шығарындылары мен тастандыларын тазартуға, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға арналған тиiмдi құралдармен жарақтандырылуға, отынның қауiпсiз түрлерi қолданылып, табиғи ресурстарды үнемдеп және ұтымды пайдалануға, экологиялық қауiпсiздiк жөнiнде шаралар қолданылуға тиiс. 
      Халық тығыз орналасқан аумақтарда, сейсмикалық қауiптi аймақтарда, ежелден халық жаппай дем алатын және емделетiн жерлерде атом және су-электр станцияларын жобалауға, салуға тыйым салынады. 

       56-бап. Қалалар мен басқа да елдi мекендер салу кезiнде
                қойылатын экологиялық талаптар

      Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жобалау, салу, қайта құру, экологиялық қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны сақтау талаптарын ескере отырып, халықтың өмiр сүруi, еңбек етуi және демалуы үшiн неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық қалдықтарды санитариялық тазарту, залалсыздандыру, кәдеге жарату, қоймаға жинау, қауiпсiз етiп адалау, өңдеу және көму көзделiп жүзеге асырылуға тиiс. Iрi қалалар мен өнеркәсiп орталықтары жанынан табиғат пайдаланудың шектеулi режимi енгiзiлген орман-парк, жасыл желек және қорғаныш өңiрлерi құрылуға тиiс. 

       57-бап. Радиоактивтi материалдарды пайдалану кезiнде
                қойылатын экологиялық талаптар

      Ұйымдар мен азаматтар радиоактивтi материалдарды өндiрудiң, сақтаудың, тасымалдаудың, пайдаланудың, кәдеге жаратудың, адалаудың және көмудiң белгiленген ережелерiн сақтауға, радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейi нормативтерiнiң бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. 
      Қазақстан Республикасына басқа мемлекеттерден радиациялық қалдықтар мен материалдарды сақтау немесе көму мақсатында әкелуге тыйым салынады. Радиоактивтi заттардың қоршаған ортаға түсуiне жол бермеу жөнiнде шаралар жүргiзбейiнше радиоактивтi қалдықтар мен материалдарды жер бетiне және жер қойнауына көмуге де (орналастыруға) тыйым салынады. 
      Қоршаған ортаның радиоактивтiк ластануы байқалған жағдайда ұйымдар мен азаматтар бұл туралы бақылаушы органдарды дереу хабардар етуге тиiс. 

       58-бап. Ықтимал қаупi бар химиялық және биологиялық
                заттарды өндiру мен пайдалану кезiнде қойылатын
                экологиялық талаптар

      Ықтимал қаупi бар химиялық және биологиялық заттарды өндiру мен қолдануға оларды қажеттi уыттық-гигиеналық және экологиялық-уыттылыққа қатысты зерттеулер жүргiзiлiп, олармен жұмыс iстеу гигиеналық жағынан реттелгеннен кейiн, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгiленiп, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк тiркеу жүзеге асырылғаннан кейiн жол берiледi. 
      Жергiлiктi табиғатқа тән емес, сондай-ақ жасанды жолмен алынған биологиялық объектiлердi қоршаған ортада өсiруге және орналастыруға тиiстi экологиялық негiздемелер болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша жол берiледi.
       Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         59-бап. Қоршаған ортаны зиянды физикалық әсерден қорғау

      Ұйымдар мен азаматтар қалалар мен басқа да елдi мекендердiң өндiрiстiк, қоғамдық және тұрғын үй-жайларында, көшелерiнде, аулаларында, алаңдарында, халық дем алатын өңiрлерде және жабайы хайуанаттар мекендейтiн жерлерде шудың, тербелiстiң, магнит өрiсiнiң зиянды ықпалы мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң алдын алу мен жою жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi. 
      Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлау және салу, өндiрiстiк немесе өзге де объектiлердi жобалау, салу, қайта құру және пайдалану, жаңа техниканы, көлiк пен байланыс құралдарын жасау, игеру және пайдалану кезiнде шудың, тербелiстiң, магнит өрiсiнiң және өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол берiлетiн шектi деңгейiнiң нормативтерi ескерiлуге тиiс. 

       60-бап. Өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс iстеу
                кезiнде қойылатын экологиялық талаптар

      1. Қалдықтарды қоймаға жинау, жою және көму облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмiмен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқару қызметтерін жүзеге асыратын арнаулы уәкілетті мемлекеттік органдарымен келiсе отырып, белгiленген жерлерде жүргiзiледi. 
      1-1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсатынсыз қоршаған ортаға ластағыш заттарды шығаруға және тастауға, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыруға тыйым салынады. 
      2. Қазақстан Республикасына қалдықтарды өңдеу, көму немесе сақтау үшiн алып келу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң арнайы рұқсаты бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      3. Залалсыздандыруға немесе пайдаланылғаннан кейiн кәдеге жаратуға арналған технологиясы жоқ өнiмдердi шеттен әкелуге тыйым салынады.
      4. Қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде қойылатын экологиялық талаптар осы Заңмен қатар, қалдықтар туралы заңдармен және өзге нормативтiк құқықтық актiлермен анықталады.
      5. Өндiрiстiк және коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардың пайда болуы мен пайдаланылуы мемлекеттiк есепке алынуға тиiс.
       Ескерту. 60-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

         60-1-бап. Қалдықтардың паспорты

      Өз қызметтерiнiң процесiнде қалдықтар пайда болатын жеке және заңды тұлғалар қалдықтардың паспортын жасауға тиiс, оның үлгiлiк нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 60-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         60-2-бап. Қалдықтар орналастырылатын объектiлерге
                   қойылатын талаптар

      1. Қалдықтар орналастырылатын объектiлер құрылысының орнын анықтау мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда арнайы (геологиялық, гидрологиялық және өзге) зерттеулер негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Жеке және заңды тұлғалар қалдықтарды орналастыру объектiлерiнiң аумақтарында және олардың қоршаған ортаға әсер етуi шегiнде қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзуге мiндеттi.
      3. Жеке және заңды тұлғалар қалдықтарды орналастыру объектiлерiн пайдалануды аяқтағаннан кейiн олардың жай-күйiн және қоршаған ортаға әсерiн бақылауға және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Елдi мекендердiң аумақтарында, орман саябақтары, курорт, емдеу-сауықтыру, рекреациялық, сондай-ақ су қорғау аймақтарында, ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсатында пайдаланылатын жерасты су объектiлерiнiң су жиналатын алаңдарында қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Пайдалы қазбалар жатқан жерлердiң ластану қаупi және кен жұмыстарын қауiпсiз жүргiзуге қауiп туындаған жағдайда пайдалы қазбалар жатқан жерлерде қалдықтарды көмуге және кен жұмыстарын жүргiзуге тыйым салынады.
       Ескерту. 60-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       60-3-бап. Қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде
                қойылатын талаптар 

      1. Қауiптi қалдықтар түзiлетiн шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар: 
      1) осы қалдықтардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қауiптiлiктiң нақты сыныбына жатқызылуын растауға; 
      2) қалдықтарды олардың түрiне қарай жою, кәдеге жарату немесе қайта пайдалану жөнiнде iс-шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға;
      3) қалдықтарды жинау мен қайта өңдеудi қамтамасыз ететiн,  қоршаған ортаның ластануын болғызбайтын жүйелердi құруға және енгiзуге; 
      4) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына әсерiн ескере отырып, қалдықтардағы зиянды металдар мен басқа заттардың болуы жөнiндегi белгiленген нормалардың орындалуын қамтамасыз етуге; 
      5) қалдықтарды қайта пайдаланудың жоғары дәрежесiне қол жеткiзу және олардың жиналуы мен өңделуiне жауапты қызметкердiң денсаулығына және қауiпсiздiгiне қатысты проблемаларды болғызбау қажеттiгiне байланысты қалдықтарға түзiлген жерлерiнде сұрыптау жүргiзуге тиiс.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың қауiптi қалдықтар түзiлетiн процестегi қызметiне: 
      1) қалдықтармен жұмыс iстеудiң адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмеген кезде шектеу; 
      2) адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге әкеп соқтыратын қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптар бiрнеше рет (екi реттен көп) бұзылған жағдайда тыйым салынуы мүмкiн. 
      3. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды уақытша сақтау мерзiмi қалдықтардың адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелi барынша аз болатындай етiп белгiленедi. 
      4. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды тасымалдау шарттары мен құралдары олардың сақталуын және адам денсаулығы мен өмiрi, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс. 
      5. Қалдықтардың түрiне байланысты оларды тасымалдау және сақтау құралдары қалдықтардың шығу ықтималдығын болғызбайтындай герметикалық болуға және техникалық регламенттерде белгiленген сақтандыратын таңбалық деректерi мен белгiлерi болуға тиiс. 
      6. Қалдықтардың көмiлген жерлерi және көму әдiстерi қоршаған ортаға (жерүстi және жерасты суларына, топыраққа, ауаға) қалдықтардың құрамындағы ластаушы заттардың ену ықтималдығын болғызбауға тиiс. 
      7. Қалдықтарды кәдеге жарату қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелiн барынша азайтып, қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрмейтiн әдiстермен жүзеге асырылуға тиiс. 
      8. Қалдықтарды сақтау, тасымалдау, көму және кәдеге жарату жөнiндегі жұмыстарға қатысатын қызметкер қалдықтардың сипаты, зиян келтiрудiң ықтимал тәуекелi және жеке бастың қауiпсiздiгi мен кәсiпорынның басқа да қызметкерлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы хабардар етiлуге тиiс. 
      9. Табиғат пайдаланушылар өндiрiстiк қалдықтармен байланысты мәселелердi шешуге және қалдықтардың қауiпсiздiгiн, оларды сақтау, тасымалдау, көму мен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететiн талаптар мен нормаларды сақтауға тиiс.
       Ескерту. 60-3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 Заңымен.

       60-4-бап. Қалдықтарды халықаралық тасымалдау

      Қалдықтарды халықаралық тасымалдау Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасында қалдықтарды әкелуге (әкетуге) бақылауды шекаралық, көлiктiк және кедендiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 60-4-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       61-бап. Әскери және қорғаныс объектiлерiне, әскери
                қызметке қойылатын экологиялық талаптар

      Осы Заңмен белгiленген экологиялық талаптар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, әскери және қорғаныс объектiлерi мен әскери қызметке толық көлемiнде қолданылады.

       62-бап. Климатты және Жердiң озон қабатын қорғау

      Климатты және Жердiң озон қабатын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

       10-1-тарау. Қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде қойылатын
                    экологиялық талаптар

       Ескерту. 10-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       62-1-бап. Үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және
                  өзге де объектiлердi жобалауға, салуға, қайта
                  құруға, тоқтатып қоюға және жоюға қойылатын
                  талаптар

      1. Пайдалану процесiнде қалдықтар пайда болатын үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi жобалау, салу, қайта құру, тоқтатып қою және жою кезiнде жеке және заңды тұлғалар:
      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңдарында белгiленген экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және өзге де талаптарды сақтауға;
      пайда болатын қалдықтарды пайдалану, залалсыздандыру, кәдеге жарату туралы нормативтiк-техникалық құжаттамасы бар болуға мiндеттi.
      2. Пайдаланылуы қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi салуға, қайта құруға, тоқтатып қоюға және жоюға мемлекеттiк экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы сараптамалардың оң қорытындысы болған жағдайда жол берiледi.
      3. Пайдаланылу процесiнде қалдықтар пайда болатын үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi жобалау кезiнде оларды жинау үшiн орын (алаң) қарастыру қажет.
       Ескерту. 62-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       62-2-бап. Yй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және
                  өзге де объектiлердi пайдалану кезiндегi
                  талаптар

      1. Қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi пайдалану кезiнде жеке және заңды тұлғалар:
      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңдарында белгiленген экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және өзге де талаптарды сақтауға;
      қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерiнiң жобаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен әзiрлеуге және оған бекiтуге ұсынуға;
      ең жаңа ғылыми-техникалық жетiстiктер негiзiнде аз қалдықты технологияларды енгiзуге;
      қалдықтар мен олар орналастырылатын объектiлерге түгендеу жүргiзуге;
      қалдықтарды орналастыру объектiлерiнiң аумақтарында қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзуге;
      қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты авариялардың алдын алу талаптарын сақтауға және оларды жою жөнiнде кезек күттiрмейтiн шаралар қолдануға;
      қоршаған ортаға, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiретiн немесе келтiруi мүмкiн қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде авариялар туындаған немесе қаупi төнген жағдайда, бұл туралы қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдарға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға дереу хабарлауға мiндеттi.
      2. Қалдықтармен жұмыс iстеу адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қауiптi әсер етуге әкеп соқтыратын үй-жайларды, құрылыстарды, ғимараттарды және өзге де объектiлердi пайдалануға тыйым салынады.
       Ескерту. 62-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       62-3-бап. Елдi мекендердiң аумақтарында қалдықтармен
                  жұмыс iстеуге қойылатын талаптар

      1. Елдi мекендердiң аумақтары қалдықтардан үнемi тазартылып тұруға тиiс.
      2. Елдi мекендердiң күтiп-ұсталуын бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдарымен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып қамтамасыз етедi.
       Ескерту. 62-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       62-4-бап. Қалдықтарды тасымалдауға қойылатын талаптар

      1. Қалдықтарды тасымалдауға:
      1) қалдықтардың паспорты;
      2) қауiптi қалдықтарды тасымалдауға қойылатын қауiпсiздiк талаптарын сақтай отырып, арнайы жабдықталған және арнайы белгiлермен жабдықталған көлiк құралдары;
      3) тасымалданатын қауiптi қалдықтардың санын, оларды тасымалдау мақсаты мен апаратын орнын көрсете отырып, қауiптi қалдықтарды тасымалдау құжаттары мен оларды беруге арналған құжаттар болған кезде жол берiледi.
      2. Қауiптi қалдықтарды тасымалдаудың тәртiбiн, оның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындауды, көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша айқындайды.
      Ескерту. 62-4-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  11 тарау. Экологиялық сараптама

       63-бап. Экологиялық сараптама және оның түрлерi

      Экологиялық сараптама - шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта сапасының нормативтерi мен экологиялық талаптарға сәйкес келуiнiң, осы қызметтiң қоршаған ортаға жасалуы мүмкiн терiс әсерлерiнiң және соларға байланысты зардаптардың алдын алу мақсатында сараптама объектiсiн iске асыруға жол берiлуiнiң анықтамасы. 
      Қазақстан Республикасында мемлекеттiк экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады. 

       64-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама

      Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының экологиялық сараптама туралы заңдарында айқындалған құзыретi шегiнде жүргiзедi.
      Мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жататын объектiлер тiзбесi, оны жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнiм (жұмыс, қызмет) мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге жатқызылса, оның оңды қорытындысынсыз Қазақстан Республикасының аумағында оны өндiруге немесе оған әкелуге тыйым салынады. 
      Экологиялық сараптаманың қорытындысы ресми құжат болып табылады, мiндеттi түрде орындалуға тиiс және оған қатысты дау сотта қаралуы мүмкiн.
       Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       65-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама

      Қоғамдық бiрлестiктер немесе халықтың өзге де топтары қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзе алады.
      Қоғамдық экологиялық сараптаманы жүзеге асырудың ұйымдастыру нысандары және қоғамдық бiрлестiктердiң экологиялық сараптама саласындағы өкiлеттi экологиялық сараптама туралы заңдармен белгiленедi.
      Қоғамдық сараптаманың қорытындысы ақпараттық және ұсыныс жасау сипатында болады.

  12 тарау. Қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, ғылыми және
мәдени жағынан ерекше құнды объектiлерi

       66-бап. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры

      Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту және рекреация нысанасы ретiнде қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды, ерекше мемлекеттiк қорғауға алынған объектiлердiң жиынтығы. 
      Мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды объектiлерiн пайдалану iсiнде тыйым салу және шектеулер белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi. 

       67-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше қорғаудың құқықтық режимiмен не шаруашылық қызметтiң мемлекеттiк табиғи-қорық қорын сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн режимiмен реттелетiн жер, су, орман және жер қойнауы учаскелерi.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi. 
      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру тәртiбi, қорғау және пайдалану режимдерi, олардың қызмет жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
       Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N  381 , 2001.07.04. N  205 , 2004.05.25. N  553 Заңдарымен.

  13 тарау. Төтенше экологиялық ахуал және экологиялық апат
аймақтары

       68-бап. Төтенше экологиялық ахуал

      Төтенше экологиялық ахуал - адам қызметiнiң немесе табиғаттың дүлей күштерiнiң салдарынан белгiлi бiр аумақта пайда болған, қоршаған ортаның, адамдардың өмiрi мен денсаулығы, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау үшiн қауiптi, терең және тұрақты терiс өзгерiстерiмен сипатталатын қолайсыз экологиялық ахуал.
      Республиканың жекелеген аумақтарындағы төтенше экологиялық ахуал кезiнде заңдарда көзделген тәртiппен шаруашылық қызмет пен табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне тыйым салынуы немесе олар шектелуi мүмкiн, табиғи ресурстарды қалпына келтiру (молықтыру), қоршаған ортаны сауықтыру, халықты әлеуметтiк қорғау жөнiнде жедел шаралар жүргiзiледi. 

       69-бап. Экологиялық апат аймақтары

      1. Егер қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулi нұқсан келтiрiлсе және (немесе) табиғи экологиялық жүйелер бұзылып, өсiмдiктер дүниесi мен жануарлар дүниесi азып-тозса, экологиялық ахуал төтенше аумақтар экологиялық апат аймақтары деп жарияланады. 
      2. Экологиялық апат аймақтары әрбiр жеке жағдайда өз кезегiнде төтенше экологиялық ахуалдың күрделiлiгi мен ауырлығына немесе осы жағдайға себеп болған факторларға қарай кiшi аймақтарға (экологиялық апаттар, экологиялық дағдарыс, экологиялық дағдарыс алдындағы жай-күйлер және басқалар) бөлiнедi. 
      3. Табиғи ресурстарды молықтыру, қоршаған табиғи ортаны сауықтыру, халыққа медициналық көмек көрсету жөнiндегi шаралар Үкiмет бекiтетiн республикалық нысаналы бағдарламаларға сәйкес экологиялық апат аймағының белгiлi бiр кiшi аймақтары бойынша сараланып әзiрленедi және жүзеге асырылады. 
      4. Экологиялық апат аймағында: 
      1) қолайсыз экологиялық жағдайдың пайда болуына себепшi болған шаруашылық объектiлерiнiң қызметi тоқтатылады: 
      2) адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды ықпал ететiн ұйымдардың, цехтардың, агрегаттар мен жабдықтардың қызметi тоқтатыла тұруы мүмкiн;
      3) табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне шек қойылады;
      4) қажет болған жағдайда адамдарды көшiру жөнiнде шаралар жүргiзiледi.
      5. Төтенше экологиялық ахуал салдарынан зардап шеккен, сондай-ақ экологиялық апат аймақтарында тұратын азаматтар өтемақылардың, жеңiлдiктер мен әлеуметтiк қорғаудың басқа да түрлерiн қоса алғанда өздерiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге құқығы бар.
      Азаматтарды төтенше экологиялық ахуалдың салдарынан зардап шеккен адамдар қатарына жатқызу тәртiбi, оларды әлеуметтiк қорғау нысандары заңдарда белгiленедi.

       70-бап. Төтенше экологиялық ахуалды және экологиялық
                апат аймақтарын жариялау тәртiбi

      Қазақстан Республикасының белгiлi бiр аумағында төтенше экологиялық ахуалды Үкiмет жариялайды.
      Экологиялық апат аймақтары Қазақстан Республикасының заңдарымен жарияланады.
      Экологиялық апат аймақтарының шекараларын белгiлеудi Үкiмет қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және ғылым саласындағы арнайы уәкiлеттi атқарушы органдардың оң қорытындысы болған жағдайда
жүзеге асырады.

  14 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат пен
мемлекеттiк статистика

       71-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат

      Қоршаған ортаның жай-күйi, ластануы және сауықтырылуы туралы, қаржыландыру (қаржыландыру көздерi) туралы, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi шараларға қаражат жұмсау, табиғи ресурстардың жай-күйi, молықтырылуы мен пайдаланылуы, қоршаған ортаға жасалатын әсерлер, оның сапасын нормалау мен шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар туралы мәлiметтер қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат болып табылады. Ол ашық және жария болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануға тиiс. 
      Лауазымды адамдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпаратты жасыруына, дер кезiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат беруiне жол берiлмейдi. 

       72-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк
                статистика

      Қоршаған ортаны қорғау саласында арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар статистикалық ақпараттың объективтiлiгi және оның халықаралық статистикамен салыстырмалылығы негiзiнде мемлекеттiк статистиканы жүргiзедi. 
      Заңды және жеке тұлғалардың белгiленген көлемде белгiленген мерзiмде статистикалық ақпарат беруi ақпаратты жiберушiнiң қаржысы есебiнен мемлекеттiк статистикалық есеп беру нысанында жүзеге асырылады.
      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк статистикалық есеп беру көрсеткiштерiнiң ең төменгi құрамы мен мемлекеттiк статистиканы жүргiзу тәртiбi заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

  15 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық
тәрбие мен бiлiм беру, ғылыми зерттеулер

       73-бап. Экологиялық тәрбие мен бiлiм берудiң
                жалпыға бiрдей және үздiксiз жүргiзiлуi

       Қоғамның экологиялық мәдениетiн және мамандардың кәсiби даярлығын арттыру мақсатында мектепке дейiнгi, жалпы орта, кәсiптiк-техникалық, арнаулы және жоғары бiлiм берудiң бүкiл процесiн, мамандарды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтитын экологиялық тәрбие мен бiлiм берудiң жалпыға бiрдей және үздiксiз жүйесi белгiленедi. 
      Халық арасына экологиялық бiлiм туралы таратуды мемлекеттiк органдар және қоғамдық бiрлестiктер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де тәртiппен жүзеге асырады.

       74-бап. Экологиялық бiлiм беру

      Оқу орындарының бiлiм беру бағдарына және меншiк нысанына қарамастан, оларда экологиялық пәндердi оқыту көзделуi тиiс. 
      Қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн қызметке байланысты лауазымды адамдар мен мамандардың қажеттi экологиялық даярлығы болуға және олар қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негiздерiн бiлуге мiндеттi. Басшылар мен мамандардың кәсiби экологиялық даярлығы оларды қызметке тағайындау, аттестациялау және қайта аттестациялау кезiнде ескерiледi.

       75-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми
                зерттеулер

      Қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негiздерiн әзiрлеу және жасау мақсатында заңдарда белгiленген тәртiппен ғылыми зерттеулер жүргiзiледi.
      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және енгiзу жұмыстары, олар ұлттық (мемлекеттiк) бағдарламаларға енгiзiлген жағдайда, бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
       Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  16 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау

       76-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылаудың
                мiндеттерi мен түрлерi

      1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау қоршаған ортаның жай-күйiн, шаруашылық және өзге де қызметтiң ықпалымен оның өзгерiстерiн байқап отыруды, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану жөнiндегi жоспарлар мен шаралардың орындалуын, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың, оның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптардың сақталуын тексерудi өзiне мiндет етiп қояды. 
      2. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау жүзеге асырылады. 
       Ескерту. 76-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       77-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк
                бақылау

      1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану туралы заңнаманы бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жою, сондай-ақ заң бұзушы адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту мақсатында жүзеге асырады.
      1-1. Мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мемлекеттiк органдармен, табиғат пайдаланушылармен және жұртшылықпен тығыз өзара iс-қимыл, оның iшiнде:
      1) баға өлшемдерiн қолдану мен бақылау және құқық қолдану жұмыстарын жетiлдiру;
      2) табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға интенсивтi әсер ететiн қызметiнiң экологиялық нәтижелiлiгiн бағалау;
      3) тексерiлетiн объектiлер бойынша перспективалық, жылдық, жедел жұмыс жоспарларын әзiрлеу және зертханалық-талдау деректерiн және қоршаған ортаның жай-күйi, оның шаруашылық қызметiнiң ықпалынан өзгеруi туралы өзге де ақпаратты жинау арқылы жүзеге асырылатын қоршаған ортаға терiс әсердi азайту және жою жөнiндегi шаралар кешенiн қамтиды. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның зертханалық-талдамалық бақылау қызметiнiң деректерi қоршаған ортаны ластау көздерiнiң сапасын анықтау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардан сынамалар алу жолымен алынуы мүмкiн.
      1-2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау:
      1) мемлекеттiк және ведомстволық статистикалық есептiлiк және табиғи ресурстарды есепке алудың материалдарын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның зертханалық-талдамалық бақылау қызметiнiң табиғатты пайдалану объектiлерiнiң жай-күйi туралы деректерiн, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң табиғат қорғау қызметi және тексеру барысында анықталған бұзушылықтар туралы деректерiн талдау;
      2) тексерудi ұйымдастыру және жүргiзу;
      3) экологиялық құқық бұзушылықтардың туындауын болғызбауға бағытталған шараларды қоса алғанда, заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшiн құқықтық құралдарды пайдалануға негiзделген құқық қолдану арқылы жүзеге асырылады.
      1-3. Тексерудiң түрлерi:
      жоспарлы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген уақыт аралығы ескерiлiп жүргiзiлетiн тексеру;
      жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуы туралы өтiнiштерде және өзге де ақпаратта жазылған фактiлер бойынша жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртiпке, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi дереу жоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылық белгiлерiнiң тiкелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру;
      қарсы - тексеру жүргізу кезiнде үшiншi тұлғаларға қатысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру;
      рейдтiк - қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы жекелеген нормативтiк құқықтық талаптарды сақтау мәселелерi бойынша бiрнеше шаруашылық жүргiзушi субъектiнi бiр мезгiлде тексеру;
      кешендi - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып жүргiзетiн тексеру.
      Өзге тексеру түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
      1-4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган шығаратын тексерудi тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда мiндеттi түрде тiркеледi. Төтенше экологиялық жағдайларға дереу назар аудару қажет болған жағдайда тексеру тағайындау туралы акт негiзiнде тексеру басталады, ол кейiннен белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
      1-5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары өз құзыретi шегiнде тексеру нәтижелерi бойынша мынадай актiлер шығарады:
      1) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын тексеру актiсi;
      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама;
      3) нұсқама;
      4) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы.
      Кәсiпкерлiк субъектiсiнiң басшысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөнiндегi нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты нұсқаманы орындау мерзiмi аяқталған соң жетi күннен кешiктiрмей беруге тиiс.
      2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының:
      меншiк нысаны мен бағыныштылығына қарамастан, ұйымдарға және басқа да объектiлерге (соның iшiнде белгiленген тәртiппен әскери және қорғаныс объектiлерiне) кедергiсiз (қызмет куәлiктерiн көрсету арқылы) кiрiп, көруге, мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттаманы, талдамалардың нәтижелерi мен өзге де материалдарды сұратуға және танысу үшiн тегiн алуға; 
      табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және тиiмдi пайдалану жөнiндегi бағдарламалардың, жоспарлар мен шаралардың орындалуын, қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманың, оның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптарының орындалуын, тазарту құрылыстары мен басқа да залалсыздандыратын құрылғылардың жұмысын, оларды бақылау құралдарын тексеруге;
      қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн жүзеге асыруға арналған лицензияның, жергiлiктi атқарушы органдардың табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шешiмдерiнiң, мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындыларының болуын, табиғи ресурстарды пайдалану лицензияларында белгiленген ережелердiң сақталуын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерiнiң жүзеге асырылуын, табиғат пайдалану шарттарының (келiсiм-шарттарының) және табиғат пайдалануға берiлген рұқсаттың орындалуын тексеруге, белгiленген тәртiппен олардың күшiн жоюға, олардың күшiн жою жөнiнде нұсқамалар беруге немесе ұсыныс енгiзуге; 
      экологиялық аудит мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныс енгiзуге және олардың қорытындыларының орындалуын тексеруге; 
      экологиялық жағынан қауiптi жүктердi (бұйымдарды), қалдықтар мен шикiзат ресурстарын қоршаған ортаның сапа нормативтерi мен экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асыру арқылы Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге (әкетуге), сондай-ақ одан алып өтуге (одан әрi тасымалдауға) тыйым салу туралы нұсқама шығаруға; 
      заңды және жеке тұлғаларға талаптар қоюға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жолсыздықты жою жөнiнде нұсқамалар шығаруға; 
      экологиялық талаптар мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу және тоқтата тұру туралы сот органдарына арыз беруге; 
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi заңдарда белгiленген тәртiппен қарауға, кiнәлiлердi әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге; 
      қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан келтiрiлген залал, оның iшiнде құндық мөлшерiн анықтауға (анықтауға қатысуға) және соның негiзiнде кiнәлi адамдардан осы залалды ерікті түрде өтеу туралы талап етуге немесе сотқа талап қоюға; 
      тиiстi қаржы-несие ұйымдарына экологиялық талаптарды бұза отырып немесе экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын объектiлердiң құрылысы мен пайдаланылуын, шаруашылық және өзге де қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқама енгiзуге; 
      өндірістік экологиялық бақылаудың және мониторингтің нормалары мен ережелерінің сақталуын тексеруге; 
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарды бұзушылардың әрекеттерін болғызбау немесе олардың жолын кесу үшін ішкі істер, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарынан көмек сұрауға және оны алуға құқығы бар. 
      3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының шешiмдерiн барлық азаматтар, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалар орындауға мiндеттi, оларға бағыныстылық ретiмен нeмece сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметiне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру сот шешiмi негiзiнде жүргiзiледi. 
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы талап арызды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiбередi. 
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне сот шешiмiнсiз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға мiндеттi түрде жазбаша хабарлай отырып, ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiледi. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады. 
      4. Осы баптың екiншi және үшiншi тармақтарында көзделген хабарламаларды алған соң, прокурор жасалған iс-әрекеттiң заңдылығын тексередi және олар заңсыз болған жағдайда тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн өз қаулысымен жояды немесе оларды алып тастайды. 
       Ескерту. 77-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N  488 ,   2001.07.04. N  205 , 2002.08.09. N  346 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.31. N  125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

         77-1-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк
                   бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

      1. Қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
      1) лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк бақылау бөлiмшесiнiң басшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;
      2) лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк бақылау бөлiмшесi басшысының орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасары;
      3) лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк бақылау бөлiмшесi басқармалары мен бөлiмдерiнiң бастықтары және бастықтардың орынбасарлары болып табылатын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары;
      4) лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк бақылау бөлiмшесiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары;
      5) лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық қоршаған ортаны қорғау органдары бастықтарының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
      6) лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау аумақтық органдарының мемлекеттiк бақылау бөлiмдерiнiң бастықтары және бастықтарының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары;
      7) лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық қоршаған ортаны қорғау органдарының мемлекеттiк бақылау бөлiмдерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жатады.
      2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органының бас мемлекеттiк инспекторларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген бланктер болады.
      Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторға, бас мемлекеттiк инспектордың орынбасарына және аға мемлекеттiк инспекторлар мен мемлекеттiк инспекторларға белгiленген тәртiппен бiрыңғай үлгiдегi мөр, куәлiктер мен нысанды киiм берiледi.
      Ескерту. 77-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         77-2-бап. <*>

       Ескерту. 77-2-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       78-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өндiрiстiк
                бақылау

      Өндiрiстiк бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша орталық атқарушы органдар немесе ұйымдар бекiтетiн ережелер негiзiнде жүзеге асырылады.
       Ескерту. 78-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N 205  Заңымен .

       79-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қоғамдық
                бақылау

      Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер өз бастамасы, табиғат пайдаланушылармен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен жасалған шарттар бойынша жүзеге асырады.
      Қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртiбiн қоғамдық бiрлестiктер өз жарғыларына сәйкес белгiлейдi.
       Ескерту. 79-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.04. N  205 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       80-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды
                жүзеге асыратын адамдарды қорғау шаралары

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыратын адамдар мiндеттi сақтандырылуға тиiс, олар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда да залалды белгiленген тәртiппен өтетуге құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласында бақылауды жүзеге асыратын адамдардың арнайы құралдарды, атыс қаруы мен нысанды киiмдi сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
       Ескерту. 80-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       16-1-тарау. Қалдықтармен жұмыс iстеудi бақылау

       Ескерту. 16-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       80-1-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылау

      1. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары және өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Қалдықтармен жұмыс iстеудi мемлекеттiк бақылау:
      қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және өзге де талаптардың орындалуын бақылауды;
      қалдықтарды халықаралық тасымалдауға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды;
      қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру шарттарының сақталуын бақылауды;
      қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды;
      қалдықтарды тасымалдау талаптары мен ережелерiнiң сақталуын бақылауды;
      қалдықтардың санын азайту және қалдықтарды қосымша шикiзат көзi ретiнде шаруашылық айналымға тарту жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылауды;
      қалдықтармен жұмыс iстеу саласында ұсынылатын ақпараттың және қалдықтар туралы есептiлiктiң дұрыстығын бақылауды;
      Қазақстан Республикасының қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолданылуын бақылауды қамтиды.
      3. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардың шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте шағым жасалына алады.
       Ескерту. 80-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       80-2-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеудi өндiрiстiк бақылау

      1. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар өз қызметi барысында Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының сақталуына өндiрiстiк бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
      2. Өндiрiстiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар дербес әзiрлеп, бекiтедi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдарымен келiседi.
       Ескерту. 80-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       80-3-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы есепке
                  алу және есептiлiк

      1. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар пайда болған, пайдаланылған, залалсыздандырылған, басқа тұлғаларға берiлген немесе басқа тұлғалардан алынған, сондай-ақ орналастырылған қалдықтарды есепке алуды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзуге мiндеттi.
      2. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы есепке алуды жүргiзудiң тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы және статистика салаларындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен және мерзiмдерде есептiлiктi табыс етуге мiндеттi.
      4. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар есепке алу материалдарын Қазақстан Республикасының мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы белгiлеген мерзiм бойы сақтауды қамтамасыз етедi.
       Ескерту. 80-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         80-4-бап. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры

      1. Қалдықтармен жұмыс iстеу кезiндегi мәлiметтердiң жүйесiн есепке алу мақсатында Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры жүргiзiледi.
      2. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 80-4-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  17 тарау. Экологиялық аудит

       81-бап. Экологиялық аудит

      1. Экологиялық аудит аудиттелетін субъектiлердің қоршаған ортаға әсерi туралы есептiлiгiн талдау жолымен жүргiзiледi.
      Экологиялық аудит жүргiзiлген кезде:
      қоршаған ортаға әсерi туралы тапсырылған есептілiктiң дұрыстығын тексеру;
      өндiрiстiк-технологиялық процестiң экологиялық талаптарға сәйкестiгiн бағалау;
      өндiрiстiк мониторинг пен бақылау жүйесiнiң экологиялық талаптарға сәйкестiгiн бағалау;
      персоналдың біліктілік деңгейiн бағалау мақсатымен арнайы зерттеулер мен өлшемдер орындалуы мүмкiн.
      2. Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетiн субъектілер арасындағы қарым-қатынас экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.  <*>
       Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       81-1-бап. Экологиялық аудиттің түрлерi және оны
                  жүргізудiң негiздерi

      1. Мiндеттi экологиялық аудит және бастамашылық экологиялық аудит экологиялық аудит түрлерi болып табылады.
      2. Жеке және заңды тұлғаларға мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу үшiн:
      жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға келтiрген, құжатпен расталған нұқсаны;
      заңды тұлғаның - табиғат пайдаланушының қайта ұйымдастырылуы;
      қарауында стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауіпті объектiлер бар заңды тұлғалардың банкрот болуы негiз болып табылады.
      3. Бастамашылық экологиялық аудит аудиттелетін субъектiнің не оған қатысушының бастамасы бойынша, бастамашы мен экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасында экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шартта көзделген экологиялық аудиттiң нақты мiндеттерi, мерзiмдерi және көлемдерi ескерiле отырып жүргізiледi.  <*>
        Ескерту. 81-1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       82-бап. Экологиялық аудит жүргiзу және экологиялық
                аудиторлық есептерге қойылатын талаптар

      1. Экологиялық аудит экологиялық аудитор жасап, тапсырыс берушiмен және аудиттелетiн субъектiмен келiсілетiн экологиялық аудит жүргізу жоспарына сәйкес жүргізiледi. Экологиялық аудит жүргізудi жоспарлаған кезде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекiткен экологиялық аудит жүргізу жоспарының ұсыным сипатындағы үлгі нысанын басшылыққа алады.
      2. Экологиялық аудиторлық есеп болып ресiмделетiн мiндеттi экологиялық аудит нәтижелерi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға табыс етiледi.
      Экологиялық аудиторлық есеп жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарға, сақтандыру ұйымдарына табыс етiлуi мүмкiн. Бұл орайда экологиялық аудиторлық есептегi мәлiметтердi жария етуге аудиттелетiн субъектінің келiсiмiмен жол берiледi.
      3. Бастамашылық экологиялық аудиттің нәтижелерi экологиялық аудиторлық есеп болып ресiмделедi, оның нысаны экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шартта ескертiліп көрсетiледi.
      Бастамашылық экологиялық аудиттiң нәтижелерi құпия болып табылады.
      Бастамашылық экологиялық аудиттiң нәтижелерi туралы мәлiметтердi жария ету құқығына аудиттелетiн субъект ғана ие болады.
      4. Экологиялық аудит жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-бап. Экологиялық аудиторлық қызмет

      Экологиялық аудиторлық қызмет - экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асыратын экологиялық аудит жүргізу жөнiндегi кәсіпкерлiк қызметi.
       Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-1-бап. Экологиялық аудитор

      1. Экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға аттестациядан өткен және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртіппен лицензия алған жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады.
      2. Экологиялық аудитор жеке кәсiпкер ретiнде не экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкерi ретiнде экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
       Ескерту. 83-1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-2-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым

      1. Экологиялық аудиторлық ұйым - экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыру үшiн, өндiрiстiк кооператив пен мемлекеттік кәсіпорыннан басқа, кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық ұйым.
      2. Шетелдiк экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында тиiстi экологиялық аудиторлық ұйымдар - Қазақстан Республикасының резиденттерi құрылған жағдайда ғана экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыра алады.
      3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны кемiнде екi адам болуға тиiс.
       Ескерту. 83-2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-3-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы

      1. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру мен қорғау үшiн құрылған коммерциялық емес, тәуелсiз, кәсiби және өзiн-өзi басқаратын ұйым болып табылады.
      2. Экологиялық аудиторлар палатасы заңды тұлға болып табылады және өз мүшелерi жалпы жиналыста қабылдаған жарғы негізiнде жұмыс iстейдi.
      3. Экологиялық аудиторлар палатасы ерiктi негiзде экологиялық аудиторларды, экологиялық аудиторлық ұйымдарды бiрiктiредi және мүшелiк жарна мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
      4. Экологиялық аудиторлар палатасының құрылымы мен жұмыс органдары оның жарғысымен айқындалады.
      5. Экологиялық аудиторлар палатасы:
      1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және өз мүшелерiнің қызметiн үйлестiредi;
      2) экологиялық аудит жүргiзу жоспарының үлгі нысанын бекiтедi;
      3) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, экологиялық аудиторлық қызметтi дамытуда оларға көмек көрсетедi және жәрдемдеседi;
      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға экологиялық аудиторлардың өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтарған жағдайлары және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын өзге де бұзушылықтары туралы хабарлайды;
      5) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегі бiлiктілік комиссиясын құруға және экологиялық аудиторлардың аттестациясын өткiзуге қатысады;
      6) экологиялық аудиторларды тағылымдамадан өткiзудi және оқытуды ұйымдастырады, экологиялық аудиторларға арналған оқу бағдарламаларын айқындауға қатысады;
      7) экологиялық аудиторлардың заңсыз iс-әрекетiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды;
      8) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясына лицензияны керi қайтарып алу туралы ұсыныс жасайды.
      6. Экологиялық аудиторлар палатасы өз қызметiн Қазақстан Республикасының  коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
       Ескерту. 83-3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-4-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                  аудиторлық ұйымдардың құқықтары

      Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
      1) экологиялық аудит жүргiзу әдiстерiн дербес айқындауға;
      2) экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шарттың талаптарын орындауға қажеттi құжаттаманы алуға және тексеруге;
      3) шарт негiзiнде экологиялық аудит жүргiзуге қатысуға, осы Заңның 83-8-бабында аталған тұлғалардан басқа, түрлi саладағы мамандарды тартуға;
      4) аудиттелетiн субъект экологиялық аудит жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда экологиялық аудиттi жүргiзуден не экологиялық аудиторлық есептi беруден бас тартуға құқылы.
       Ескерту. 83-4-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-5-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                  аудиторлық ұйымдардың мiндеттерi

      Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
      1) осы Заңның 83-8-бабында көрсетiлген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудит жүргiзудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлауға;
      2) аудиттелетiн субъектiден алынған, сондай-ақ экологиялық аудит жүргiзу процесiнде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) аудиттелетiн субъектiге құжаттарда анықталған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкессiздiк туралы хабарлауға;
      4) экологиялық аудит нәтижелерінің, сондай-ақ экологиялық аудит жүргiзу кезiнде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия нысанасы болып табылатын мәлiметтердiң құпиялығын сақтауға;
      5) мiндеттi экологиялық аудит нәтижесiнде анықталған Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарын бұзушылықтар туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес хабарлауға;
      6) экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
       Ескерту. 83-5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-6-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                 аудиторлық ұйымдарды сақтандыру

      1. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн сақтандыру шартын жасасуға мiндетті.
      2. Сақтандыру Қазақстан Республикасының заң актілерiнде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 83-6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-7-бап. Экологиялық аудиторларды аттестациялау

      1. Экологиялық аудит жүргізуге қажетті бiлiктiлiктi растау жөнiнде мезгіл-мезгiл жүргiзілетін рәсiм экологиялық аудиторларды аттестациялау болып табылады.
      2. Экологиялық аудиторларды аттестациялауды білiктілік комиссиясы жүргiзедi.
       Ескерту. 83-7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-8-бап. Экологиялық аудит жүргiзу құқығын шектеу

      1. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрылтайшылары, қатысушылары, кредиторлары болып табылатын не осы экологиялық аудиторлық ұйым құрылтайшысы, қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушiлерге экологиялық аудиторлық ұйымның экологиялық аудит жүргізуіне тыйым салынады.
      2. Егер экологиялық аудиторлар:
      аудиттелетін субъект басшысының, сондай-ақ құрылтайшысының немесе аудиттелетiн субъект жарғылық капиталының он проценттен астамын иеленетін қатысушының жақын туыстары немесе жекжаттары болған;
      аудиттелетiн субъектінің қызметкерлерi, қатысушылары, лауазымды тұлғалары болған немесе онда жеке мүліктік мүдделерi бар болған жағдайларда, олардың экологиялық аудит жүргізуiне тыйым салынады.
      3. Экологиялық аудиторлардың - жеке кәсiпкерлердiң, мынадай жағдайларда, егер:
      аудиттелетiн субъект балансы активтерiнің сомасы жылына орташа есеппен алғанда тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 40000 еселенген мөлшерінен асатын заңды тұлға болса;
      аудиттелетiн субъектінің қызметi мiндетті экологиялық аудит жүргiзiлуге жататын болса, экологиялық аудит жүргiзуiне тыйым салынады.
       Ескерту. 83-8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-9-бап. Аудиттелетiн субъектінің құқықтары

      Аудиттелетiн субъект:
      1) конкурс не өзге де iшкi рәсiм негiзiнде экологиялық аудиторды не экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы дербес шешiм қабылдауға;
      2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан Қазақстан Республикасы заңдарының экологиялық аудит жүргiзуге қатысты талаптары туралы егжей-тегжейлi ақпарат алуға;
      3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертпелерi және қорытындылары негiзделетiн нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
      4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан ұсынымдар, экологиялық есептiлiкте және өзге де құжаттарда анықталған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкессiздiк туралы ақпарат алуға;
      5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда олар көрсететiн қызметтен бас тартуға құқылы.
       Ескерту. 83-9-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       83-10-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң мiндеттерi

      Аудиттелетiн субъект:
      1) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзуді ұйымдастыруға;
      2) экологиялық аудиттi уақтылы және сапалы жүргiзу үшiн экологиялық аудитор мен экологиялық аудиторлық ұйымға жағдай жасауға;
      3) экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға экологиялық аудит жүргiзу үшiн қажетті толық және дұрыс құжаттаманы, өзге де ақпаратты табыс етуге, ауызша немесе жазбаша нысанда түсінік беруге;
      4) қоршаған ортаға әсер ету туралы дұрыс есептіліктi және экологиялық аудит жүргiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттарды табыс етуге;
      5) егер экологиялық аудит жүргiзуге арналған шартта өзгеше көзделмесе, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметiн шектемеуге;
      6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талап етуi бойынша қажеттi ақпарат алу үшiн үшіншi тұлғалардың атына өз атынан жазбаша сауал жiберуге;
      7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның көрсететiн қызметтерiне ақы төлеудi қамтамасыз етуге;
      8) экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарттың мiндеттемелерiнен туындайтын өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.
       Ескерту. 83-10-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 71 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

  18 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды шешу
және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзғаны үшiн
жауапкершiлiк

       84-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды шешу

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды соттар шешедi немесе олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

       85-бап. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзғаны
                үшiн жауапкершiлiк

      Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       86-бап. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзудан
                келтiрiлген зиянды өтеу

      1. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзуы салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, ұйымдардың, азаматтар мен мемлекеттiң мүлкiне зиян келтiрген заңды және жеке тұлғалар келтiрген зиянын қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өтеуге мiндеттi. 
      Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу ерiктi түрде немесе қоршаған ортаны ластаудан келтiрiлген нұқсанның белгiленген экономикалық бағасына сәйкес соттың шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен жүргiзiледi. 
      Зиянды өтеуден өндiрiлiп алынатын сома бюджетке, ал заңдарда белгiленген жағдайларда зардап шеккен заңды немесе жеке тұлғаға аударылады. 
      2. Қызметi қоршаған ортаны қорғауға күштi қауiп төндiрумен байланысты заңды және жеке тұлғалар, егер жойқын күштiң немесе зардап шегушiнiң қаскөйлiгi салдарынан зиян келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, өздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi. 
      3. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян зардап шегушiнiң еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн, оны емдеуге және денсаулығын қалпына келтiруге жұмсалған шығындарды, науқасты күту жөнiндегi шығындарды, өзге де шығындар мен залалдарды ескере отырып толық көлемiнде өтелуге тиiс. 
      Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның шамасын анықтау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, ал зиянды өтеу сот шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
      Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан келтiрiлген моральдық зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
       Ескерту. 86-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 8 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен, 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен. 

  19 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық
ынтымақтастық

       87-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық
                ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жалпыға бiрдей экологиялық қауiпсiздiктiң басымдығын сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып жүзеге асырады.

       88-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
                Республикасы аумағындағы қоршаған ортаны қорғау
                саласындағы қызметi

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттелмесе, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың қызметiне жол берiледi.

       89-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны
                қорғау саласындағы халықаралық шарттары

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады