"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 14-бабының 2-тармағына және Сенат Регламентінің 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламентіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Палатаның отырысын Сенат Төрағасы шақырады.";
2) 9-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Палатаның шешімі бойынша заң жобасының бастамашысы уәкілеттік берген лауазымды адам негізгі және ілеспе заң жобалары бойынша бір баяндамамен сөз сөйлей алады.";
3) 10-тармақтың оныншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Отырыстар өткізіліп жатқан уақытта отырыс залында ұялы телефондарды, радиотелефондарды және басқа да байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.";
4) 15-тармақта:
бірінші бөлік "Басшысының" деген сөзден кейін ", Құрметті Сенатордың" деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөліктегі "оның өтініші бойынша" деген сөздер ", Құрметті Сенаторға олардың өтініші бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 16-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Республика Президентіне және Құрметті Сенаторға қатысты Палатаның мұндай шешімдер қабылдауға құқылы емес.";
6) 17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Сенаттың отырыстарына стенограмма жасалады және олардың бейнежазбасы жүргізіледі. Стенограммаға Сенаттың отырысына төрағалық етуші қол қояды. Сенаттың ашық отырыстарының стенограммалары Сенаттың интернет-ресурсында орналастырылады. Парламенттің және Сенат отырыстарының стенограммаларын Сенат депутатының талап етуі бойынша Сенат Аппараты береді.";
7) мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:
"17-1. Сенаттың ашық отырыстары Сенаттың интернет-ресурсында онлайн режимде трансляцияланады.";
8) 27-тармақтың а) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"а) Сенат депутаттарының жалпы саны – әрбір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың барлық мәслихаттары депутаттарының қатарынан сайлаушылар сайлаған, сондай-ақ Республика Президенті тағайындаған депутаттар саны;";
9) 41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Мәжілістен келіп түскен заң жобасы Сенатта тіркелгеннен кейін Сенат Бюросы ол бойынша қорытынды дайындау мерзімін және Палатаның оны дайындауға жауапты бас комитетін белгілейді және Парламент Сенатының Аппараты арқылы заң жобасын комитеттер мен Сенат Аппаратының бөлімдеріне жібереді.
Бас комитет жинақтап қорыту үшін Сенат комитеттерінің және Сенат Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің заң жобасы бойынша қорытынды ұсыну мерзімін белгілейді, егер Палата Бюросы өзгеше белгілемесе, ол заң жобасы Сенатта тіркелген күннен бастап – он күннен кем болмауға және он бес күннен аспауға, ал кодекс бойынша жиырма күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті арнайы жолдаумен заң жобасын қарауды басым деп жариялаған жағдайда, қорытынды дайындау үшін қажетті мерзім күнтізбелік жеті күннен аспауға тиіс.
Сенат Бюросы заң жобасы бойынша бірнеше бас комитет белгілеуге құқылы.";
10) 42-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Сенат заң жобасына енгізген тиісті өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберілсін. Бұл жағдайда солармен бірге Мәжіліс мақұлдаған:
- негізгі заң жобасының қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген заң жобасы (ілеспе заң жобасы);
- не ілеспе заң жобасына Сенат өзгерістер мен толықтырулар енгізген жағдайда негізгі заң жобасы жіберіледі;";
11) мынадай мазмұндағы 44-1-тармақпен толықтырылсын:
"44-1. Заң жобаларының әзірлеушілері болып табылатын немесе Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен оларды әзірлеу тапсырылған орталық органдардың лауазымды адамдарының олардың қаралуына байланысты Сенат отырыстарына қатысуы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жұмыс топтарына – департамент директорлары немесе комитет төрағалары;
2) комитеттердің отырыстарына, кеңейтілген отырыстарына – бірінші басшылардың орынбасарлары;
3) Сенат отырыстарына – орталық органдардың бірінші басшылары қатысады.";
12) 45-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Түзетулер республикалық бюджет туралы заңның жобасына немесе республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның жобасына қосымшаға берілген жағдайда, түзетулерде түсімдер санаттарының, олардың сыныптарының, кіші сыныптардың және (немесе) функционалдық топтың, бюджеттік бағдарлама әкімшісінің, бюджеттік бағдарламаның немесе тұтастай қосымшаның редакциясы қамтылуға тиіс.
Бас комитет кеңейтілген отырыста түзетулерді қарайды, оларды комитет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды немесе қабылдамай тастайды және оларды қабылдау не қабылдамай тастау жөніндегі ұсыныстарды негіздей отырып, салыстырма кестені, бас комитеттің қорытындысын және Сенат қаулысының жобасын Палата отырысының қарауына ұсынады.";
тоғызыншы бөлік мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:
"Бұл ретте түзету кесте түрінде ресімделеді және онда ұсыныс беріліп отырған заң жобасының құрылымдық элементінің мәтіні мен түзету енгізудің негіздемесі қамтылуға тиіс.";
13) 55-1-тармақтың екінші бөлігінің сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"- Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
- халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заң жобасы енгізілген кезде халықаралық шарттардың жасалу тілдеріндегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми куәландырған (депозитарий ресми куәландырған халықаралық шарттардың) көшірмелері, сондай-ақ халықаралық шарттардың жасалуына жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы ресми куәландырған олардың қазақ және орыс тілдеріне, егер олар жасалу тілі болып табылмаған жағдайда, аудармалары;
- Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргізілмеуі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, ғылыми сараптаманың қорытындысы және бар болған кезде сараптама кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзге де сараптамалық қорытындылары;";
14) 55-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"55-4. Сенат Парламенттің функциясын орындаған кезде Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары, сондай-ақ Сенатқа заң шығару бастамасы құқығының субъектілерінен келіп түскен заң жобалары осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады және талқылау нәтижелері бойынша Сенат мына шешімдердің бірін қабылдайды:
- Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдансын;
- заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдансын;
- Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы қабылдансын;
- Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;
- заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылдансын;
- заң қабылдансын;
- заң жобасы қабылданбасын.";
15) 55-7-тармақтың үшінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"- заң келісу комиссиясының редакциясындағы өзгерістермен және толықтырулармен, ал келіспеген жағдайда – Сенат ұсынған редакцияда қабылдансын.";
16) 59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"59. Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа келіп түскен жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша Сенат Бюросының шешімімен бас комитет айқындалады.
Республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылау: республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы мен жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша – Үкімет уәкілеттік берген адамның, ақша-кредит саясаты бойынша Республиканың Ұлттық Банкі Төрағасының баяндамаларын және Сенаттың бас комитеті өкілінің қосымша баяндамасын қамтиды.
Әрбір сөз сөйлеушінің баяндамасы осы Регламенттің 10-тармағына сәйкес талқылануы тиіс.
Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қарау және оны бекіту осы Регламенттің 3-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Палатаның шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Сенат отырысында Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары туралы баяндама жасайды.";
17) 7-тарау мынадай мазмұндағы 1-1-параграфпен толықтырылсын:
"1-1-параграф. Республика Президентінің ұсынуы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілді лауазымға сайлау және оны лауазымынан босату
69-1. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Республика Президентінің ұсынуымен Сенат бес жыл мерзімге лауазымға сайлайды және лауазымынан босатады.
Республика Президенті Палатаға тиісті жазбаша ұсыну енгізеді, соның негізінде тиісті мәселені Сенаттың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.
69-2. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына сайлау үшін ұсынылған кандидатура Сенат отырысында мәселе қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен айқындалатын Сенаттың тиісті комитетінің отырысында талқылануға жатады.
Комитет кандидатураны қараудың нәтижесі бойынша ол жөнінде Сенат отырысында жарияланатын қорытынды шығарады.
69-3. Сенат отырысында мәселені қарау кезінде лауазымға сайлау және лауазымнан босату үшін кандидатураны Республика Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам таныстырады.
Сенат отырысында:
кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
депутаттар ұсынылған кандидатураны "қолдап" немесе оған "қарсы" пікір айтуы мүмкін.
Егер депутаттар талап етпесе, ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз болмауы мүмкін.
69-4. Кандидатураны талқылау үшін 20 минутқа дейін уақыт беріледі. Сенат Палата депутаттарының ұсынысы бойынша өзге уақыт белгілеуге құқылы.
Егер Палата дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Сенаттың лауазымға сайлау және лауазымнан босату туралы шешімі Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Шешім Сенат қаулысымен ресімделеді.";
18) 74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"74. Бас Прокурорды ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру мынадай тәртіппен жүргізіледі:
Бас Прокурордың бірінші орынбасары Сенаттың келісімін алу үшін Палатаға тиісті жазбаша ұсыну енгізеді, ол келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады.
Келісім беру Палата Бюросының шешімімен айқындалатын Сенаттың тиісті комитетінің отырысында мәселе алдын ала қаралғаннан кейін Сенат отырысында жүзеге асырылады.
Комитет қараудың нәтижелері бойынша Сенат отырысында жарияланатын қорытынды шығарады.
Комитеттің және Сенаттың отырыстарына Бас Прокурордың бірінші орынбасары қатысады.
Сенат отырысында:
тиісті лауазымды адамдарға сұрақтар қойылуы;
депутаттар енгізілген ұсынуды "қолдап" немесе оған "қарсы" пікір айтуы мүмкін.
Егер депутаттар талап етпесе, ұсыну бойынша жарыссөз болмауы мүмкін.
Сенат тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат ұсынуды талап етуге құқылы.
Сенат тиісті қаулымен ресімделетін шешім қабылдайды және оны үш күн мерзімде Бас Прокурордың бірінші орынбасарына жібереді.";
19) 75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"75. Жоғарғы Сот Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру мынадай тәртіппен жүргізіледі:
Бас Прокурор Сенаттың келісімін алу үшін Палатаға тиісті жазбаша ұсыну енгізеді, ол келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады.
Келісім беру Палата Бюросының шешімімен айқындалатын Сенаттың тиісті комитетінің отырысында мәселе алдын ала қаралғаннан кейін Сенат отырысында жүзеге асырылады.
Комитет қараудың нәтижелері бойынша Сенаттың отырысында жарияланатын қорытынды шығарады.
Комитеттің және Сенаттың отырыстарына Бас Прокурор қатысады.
Сенат отырысында:
тиісті лауазымды адамдарға сұрақтар қойылуы;
депутаттар енгізілген ұсынуды "қолдап" немесе оған "қарсы" пікір айтуы мүмкін.
Егер депутаттар талап етпесе, ұсыну бойынша жарыссөз болмауы мүмкін.
Сенат тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат ұсынуды талап етуге құқылы.
Сенат тиісті қаулымен ресімделетін шешім қабылдайды және оны үш күн мерзімде Бас Прокурорға жібереді.";
20) 76-тармақ алып тасталсын;
21) 8-тараудың 1-параграфының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-параграф. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелерін лауазымға тағайындау, олардың өкілеттіктерін тоқтату және лауазымнан босату";
22) мынадай мазмұндағы 81-1-тармақпен толықтырылсын:
"81-1. Сенат тағайындаған, Конституциялық Кеңес, Орталық сайлау комиссиясы және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мүшесінің өкілеттігін Сенат Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатады және лауазымнан босатады.
Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің лауазымнан босатылатын мүшесінің кандидатурасы мәселе Сенат отырысында қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен айқындалатын Сенаттың тиісті комитетінің отырысында алдын ала талқылануға жатады.
Кандидатураны қарау нәтижелері бойынша комитет ол жөнінде Сенаттың отырысында жарияланатын қорытынды шығарады.
Егер депутаттар талап етпесе, талқыланатын кандидатура бойынша жарыссөз болмауы мүмкін.
Егер Палата дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Шешім Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Шешім әрбір кандидатура бойынша Сенат қаулысымен жеке-жеке ресімделеді.";
23) 8-тараудың 3-параграфы алып тасталсын;
24) 8-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-параграфпен толықтырылсын:
"5-1-параграф. Сенат депутаттарының ант беруі
85-1. Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше тәртіпті көздемесе, Сенат депутаттары Сенат отырысында Қазақстан халқына ант береді.
Парламент депутаты антының мәтіні "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленеді.
Сенат депутатының тиісінше ресімделген және мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде басылған антының мәтіні депутаттың таңдауы бойынша осы тілдердің бірінде айтылады.
Ант беру рәсімі Сенат отырысында төрағалық етушінің кіріспе сөзімен басталады. Депутат мінберге шақырылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына қолын қойып тұрып, ол анттың мәтінін айтады немесе оқып береді.
Ант беру күні көрсетіле отырып, депутат қол қойған ант мәтіні оның жеке ісінің материалдарында сақталады.";
25) 87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"87. Бас Прокурор депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге немесе сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға келісім алу үшін Сенатқа ұсыну енгізген кезде Сенат ұсынуды Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жібереді.";
26) 88-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"88. Ұсыну депутатты күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулымен таныстырудың алдында, ұстап алудың, оны күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге санкция беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi.";
27) 89-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"89. Бас Прокурордың ұсынуы мен Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады. Сенат тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы.
Сенат уәжді шешім қабылдайды және оны үш күн мерзім ішінде Бас Прокурорға жібереді.
Депутат өзіне ешкімнің тиіспеу құқығы туралы мәселені Сенат қарағанда қатысуға құқылы. Дәлелді себеппен келмей қалған жағдайда мәселені қарау Палатаның келесі отырысына ауыстырылады.
Орталық сайлау комиссиясы іс бойынша шешім қабылдаған тиісті соттан істі қарау нәтижелері туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда Сенатқа депутаттық мандаттан айыру туралы ұсыну енгізеді.";
28) 90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"90. Сенат Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға құқылы.
Бұл жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметтен босатады. Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы шешім қабылдау кезінде Сенат оны дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссия құруға немесе Палатаның тиісті комитетіне мәселені дайындауды тапсыруға құқылы.";
29) 97-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"97. Парламенттік тыңдаулар төрағалық етушінің 5 минутқа дейінгі кіріспе сөзімен басталады, ол талқыланатын мәселенің мәні, отырысты өткізу тәртібі, шақырылған адамдардың құрамы туралы хабарлайды. Бұдан кейін баяндама жасау және сөз сөйлеу үшін тыңдауға қатысып отырған депутаттар мен шақырылған адамдарға сөз беріледі.";
30) 99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Парламенттік тыңдаулардың нәтижелері бойынша тыңдауға қатысқан Сенат депутаттарының көпшілігімен талқыланған мәселелер шеңберінде ұсынымдар қабылдануы мүмкін.
Парламенттік тыңдауларда қабылданған ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізіледі және Сенаттың интернет-ресурсында орналастырылады.
Парламенттік тыңдаулар өткізуді ұйымдастыру жүктелген тұрақты комитет өзінің отырысында парламенттік тыңдауларда қабылданған ұсынымдарды іске асыру мәселелері бойынша есептер тыңдауға құқылы. Тыңдау нәтижелері бойынша тұрақты комитет тиісті шешім қабылдайды, оны Сенат Төрағасына ұсынады.";
31) 100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"100. Парламенттік тыңдауларға стенограмма жасалып, олар хаттамамен ресімделеді. Стенограмма мен хаттамаға парламенттік тыңдауларға төрағалық етуші қол қояды.
Ашық парламенттік тыңдаулардың материалдары Сенат депутаттарына және мемлекеттік органдардың парламенттік тыңдауларға қатысқан өкілдеріне арналады.
Ашық парламенттік тыңдаулар Сенаттың интернет-ресурсында онлайн режимінде трансляцияланады.";
32) 8-тарау мынадай мазмұндағы 9-параграфпен толықтырылсын:
"9-параграф. "Үкімет сағаттарын", конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу
100-1. Парламент Сенаты жұмыс жоспарына сәйкес "үкімет сағатын" өткізуі мүмкін.
"Үкімет сағаты" Сенаттың Қазақстан Республикасы Үкіметімен өзара іс-қимыл нысанының бірі болып табылады және түсініктемелер алу мақсатында өткізіледі.
Сенат Төрағасы ерекше жағдайларда тұрақты комитеттің ұсынысы бойынша Палатаның жұмыс жоспарында қарастырылмаған "үкімет сағатын" өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
"Үкімет сағаты" Парламент Палаталарының бірлескен отырысы және Парламент Сенатының отырысы күндері өткізілмейді.
100-2. "Үкімет сағатын" өткізуді ұйымдастыру Сенат Бюросының шешімімен Сенаттың тиісті комитетіне жүктеледі.
"Үкімет сағатына" шақырылған адамдардың тізімін тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатарынан тұрақты комитет айқындайды. Сенат Төрағасы шақырылған адамдардың тізімін өзгертуге құқылы.
Қажет болған кезде "үкімет сағатына" өзге де адамдар шақырылуы мүмкін.
Сенат комитеті "үкімет сағатына" шақырылған адамдарға "үкімет сағатын" өткізу туралы ресми хабарламалар жібереді.
100-3. "Үкімет сағаты" барысында депутаттар Үкімет өкілінің баяндамасын және қажет болған кезде тиісті тұрақты комитеттің қосымша баяндамасын тыңдайды, содан кейін депутаттар баяндамашыға және басқа да шақырылған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
Талқыланатын мәселе бойынша баяндама үшін жиырма минтуттан аспайтын, қосымша баяндама үшін – он минуттан аспайтын, сұрақтар мен жауаптар үшін – бір жарым сағаттан аспайтын, ал талқылау үшін – бір жарым сағаттан аспайтын уақыт бөлінеді.
"Үкімет сағатына" әдетте оны өткізуге жауапты тұрақты комитеттің төрағасы төрағалық етеді.
100-4. "Үкімет сағатына" стенография жасалады. Стенограммаға "үкімет сағатына" төрағалық етуші қол қояды.
100-5. "Үкімет сағатын" өткізудің нәтижелері бойынша оған қатысқан Сенат депутаттарының басым көпшілігі талқыланған мәселелер шеңберінде ұсынымдар қабылдауы мүмкін.
"Үкімет сағатында" қабылданған ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының назарына жеткізіледі және Сенаттың интернет-ресурстарында орналастырылады.
"Үкімет сағатын" өткізуді ұйымдастыру жүктелген тұрақты комитет өзінің отырысында "үкімет сағатында" қабылданған ұсынымдарды іске асыру мәселелері бойынша есептер тыңдауға құқылы. Тыңдау нәтижелері бойынша тұрақты комитет тиісті шешім қабылдайды, оны Сенат Төрағасына ұсынады.
100-6. Палата Бюросының шешімі бойынша Палатаның жұмыс жоспарына сәйкес Сенатта конференциялар мен "дөңгелек үстелдер" өткізілуі мүмкін.
Бұл іс-шараларды өткізуге Сенат Төрағасы, Сенат Бюросы немесе Сенаттың тұрақты комитеттері бастамашы бола алады.
Конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізуді ұйымдастыру Сенат Бюросының шешімімен Сенаттың тиісті комитетіне жүктеледі.
Конференциялар мен дөңгелек үстелдерге, әдетте, оны өткізуге жауапты тұрақты комитеттің төрағасы төрағалық етеді.
Жұмыс тәртібін төрағалық етуші айқындайды.
100-7. Конференциялар мен "дөңгелек үстелдер" өткізу нәтижелері бойынша тұрақты комитет шешім қабылдайды, оны Сенат Төрағасына ұсынады.";
33) 102-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші, сегізінші, он үшінші және он төртінші абзацтармен толықтырылсын:
"Палата қызметін жоспарлау мәселесін қарайды және алдағы жылға Сенаттың Негізгі іс-шаралар жоспарын және басқа жоспарларды бекітеді;
Мәжіліс Бюросымен келісу бойынша Парламенттің парламентаралық ынтымақтастық ұйымдарындағы өкілетті өкілін, әдетте, бес жыл мерзімге тағайындайды және оның өкілеттігін айқындайды, оны лауазымнан босатады;";
"қажет болған кезде Палата мен депутаттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысын тыңдайды;";
"депутаттардың өзінің өңіріне немесе өзге өңірге қызметтік іссапарға шығу кестесін бекітеді;";
"Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Басшысы және оның орынбасарлары ант беретін лауазымды адамды айқындайды;";
34) 103-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Сенат Бюросының отырысына Құрметті Сенатор қатысуға құқылы.";
35) 112-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:
"комитет отырыстарын, комитеттің кеңейтілген отырыстарын өткізу тәртібін айқындайды.";
36) 117-тармақтың үшінші бөлігі "бұқаралық ақпарат құралдарының" деген сөздерден кейін "және үкіметтік емес ұйымдардың" деген сөздермен толықтырылсын;
37) 119-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
"Комитеттердің кеңейтілген отырыстарының хаттамалары Сенаттың автоматтандырылған жүйесінде және интернет-ресурсында орналастырылады.";
38) 121-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"121. Комитет отырыстарына Құрметті Сенатор қатысуға құқылы.
Комитет отырыстарына осы комитеттің құрамына кірмейтін Сенат депутаттары кеңесші дауыс құқығымен қатысуы мүмкін.";
39) 122-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"122. Комитет қаралатын мәселелерді дайындау және парламенттік тыңдауды ұйымдастыру үшін Сенат депутаттарын, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, жұмыс топтарын құруы мүмкін.";
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Комитет әлеуметтік зерттеулер жүргізу туралы, сондай-ақ заң жобасын әзірлеу және заң жобасына тәуелсіз сараптама тағайындау туралы шешім қабылдайды.";
40) 124-тармақтың бірінші және екінші бөліктері "парламенттік тыңдаулар", "Парламенттік тыңдаулар" деген сөздерден кейін ", "үкімет сағаттарын", конференциялар және дөңгелек үстелдер" деген сөздермен толықтырылсын;
41) 3-бөлім мынадай мазмұндағы жаңа 10-1-тараумен толықтырылсын:
"10-1-тарау. Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдар
127-1. Сенаттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау үшін Сенат жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін, олардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
127-2. Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдарды құру тәртібі осы Регламентте айқындалады.
127-3. Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың шешімдері Сенат Төрағасының назарына ұсынылады.
127-4. Сенат Аппараты Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс органы болып табылады.";
42) мынадай мазмұндағы 130-1-тармақпен толықтырылсын:
"130-1. Депутат заң жобасына бастамашылық жасау үшін депутаттарды, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құруы мүмкін.";
43) 131-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"131. Депутат бастамашылық жасаған заңнамалық актінің жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштерде қазақ және орыс тілдерінде Мәжіліске енгізіледі.";
44) 135-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"135. Депутаттық міндеттерді атқаруға кедергі жасау мақсатымен депутатқа, оның зайыбына (жұбайына) немесе оның жақын туыстарына қандай да болмасын нысанда ықпал ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдында өз міндеттерін орындамайтын, оған көрінеу жалған ақпарат беретін, депутаттық қызмет кепілдіктерін бұзатын лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.";
45) 140-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"140. Депутат өз өңіріне немесе өзге өңірге Сенат Төрағасының іссапарға жіберу мәселелерін үйлестіретін орынбасарының келісімімен Сенат Бюросы бекітетін кесте бойынша қызметтік іссапарға барады. Бұл ретте депутат өз өңірінде тоқсанына бір реттен сиретпей ұзақтығы 10 күннен аспайтын уақыт болуға құқылы. Депутат сапарының қорытындылары бойынша ақпарат Сенаттың интернет-ресурсының басқы бетінде және депутаттың жеке парақшасында орналастырылады.
Депутаттың Қазақстан Республикасы шегінде және шет мемлекеттерге жоспардан тыс қызметтік іссапарларға шығуы Сенат Төрағасының іссапарға жіберу мәселелерін үйлестіретін орынбасарының келісімімен (қажет болған кезде – Сенат Төрағасының келісімімен), шақырушы тарап хатының не Сенаттың тиісті тұрақты комитетінің төрағасы виза қойған қызметтік жазбаның негізінде жүзеге асырылады. Тұрақты комитет төрағасының іссапарға шығуы Сенат Төрағасының тиісті комитетке жетекшілік ететін орынбасарының келісімімен (қажет болған кезде – Сенат Төрағасының келісімімен) жүзеге асырылады.
Заңнамада белгіленген нормалар бойынша іссапар шығындары депутат Сенат Бюросының, Палата Төрағасының, Палата Төрағасы орынбасарының шешімімен Парламенттің, Сенаттың және олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшін ресми делегация құрамында Республиканың өзге өңіріне немесе Республикадан тыс жерлерге іссапарға жіберілген жағдайда төленеді.
Бұл ретте депутаттарды іссапарға жіберу Парламент, Сенат және оның органдары отырыстарының кворумына әсер етпеуге тиіс.
Депутаттың халықаралық парламенттік ұйымдарға және Сенаттың шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастығы жөніндегі топтарға қатысу қорытындылары бойынша ақпарат Сенат Төрағасына ұсынылады.";
46) 146-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Сауалды жария ету үшін бес минут шегінде уақыт беріледі. Белгіленген уақыттан асып кеткенде микрофон автоматты түрде өшіріледі.";
47) 165-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы он алтыншы және он жетінші абзацтармен толықтырылсын:
"Мәжіліс Төрағасымен келісу бойынша Сенат Бюросына Парламенттің парламентаралық ынтымақтастық ұйымдарындағы өкілетті өкілі лауазымына тағайындауға кандидатураны ұсынады;
тұрақты комитеттің өтініші бойынша оған Палата депутаттарының мемлекеттік органдармен және лауазымды адамдармен кездесуін ұйымдастыруды жүктейді және Сенат Төрағасының орынбасарына оған төрағалық етуді тапсырады;";
48) 175-тармақ мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
"Сенат Төрағасы Сенат Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тиісті ұсыныстар дайындау үшін жұмыс тобын – Комиссия құруы мүмкін.";
49) 179-тармақтың екінші бөлігінің бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"Сенат Аппаратының негізгі міндеттері:
Сенаттың, оның органдары мен депутаттардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, құжаттамалық, ұйымдастыру-техникалық және өзге де қамтамасыз ету;";
50) мынадай мазмұндағы 179-1-тармақпен толықтырылсын:
"179-1. Сенат қызметін қаржылық, материалдық-техникалық, инженерлік, шаруашылық-тұрмыстық, көліктік және өзге де қамтамасыз етуді Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы жүзеге асырады.".
2. Осы Қаулы қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы |
Д. НАЗАРБАЕВА |