"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 3-1-тармағына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42, 46 баптарына және "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына сәйкес, Нұра аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Нұра ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті бекітілсін.
2. Нұра аудандық мәслихатының "Нұра ауданы Нұра кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" 2018 жылғы 26 маусымдағы № 258 шешімінің (2018 жылғы 19 шілдеде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 123472 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың хатшысы | Т. Оспанов |
Нұра аудандық мәслихатының "Нұра ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" 2021 жылғы 28 қазандағы № 66 шешіміне қосымша |
Нұра ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нұра ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының талаптарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығымен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентіне (бұдан әрі – Үлгі регламенті) сәйкес әзірленді.
2. Осы регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Үлгі регламентіне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда және Үлгі регламентінде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
3. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ (бұдан әрі – ауылдық округ) бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджетің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін одан әрі Нұра аудандық аумақтық сайлау комиссиясына енгізу үшін Нұра ауданы әкімінің ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.
4. Жиналысты ауылдық округ әкiмі дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
5. Жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жиналыстың өткізілу күніне дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жиналыстың шақырылуы туралы қағаз нұсқада тиісті ауылдық округтің елді мекендеріндегі ақпараттық стендтерде хабарлау немесе жергілікті қоғамдастық мүшелеріне телефон арқылы, оның ішінде ұялы байланыс арқылы қоңырау шалу не мессенджерлерді пайдалану арқылы хабар жіберу арқылы хабардар етіледі, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу орнына жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері ол өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
Ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында жиналыстың мүшелеріне және ауылдық округ әкіміне жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей ұсынады.
6. Жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.
Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
7. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
8. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
9. Жиналысты шақыруға мәселелері жиналыс шақырылымында қаралатын Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Нұра аудандық мәслихатының депутаттары, Нұра ауданы әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
10. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
11. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілетін күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізімі;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы жиналыс аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.
Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыс аяқталған күні жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Нұра аудандық мәслихатының қарауына беріледі.
12. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл осы регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені Нұра ауданының әкімі Нұра аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді. Бұл ретте даулы шешім қабылданған жиналыстағы жергілікті қоғамдастық төрағасы немесе ауылдық округтің әкімі, келіспеушілікті тудырған мәселелер қайта талқыланған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, мәселені шешу үшін, Нұра ауданының әкіміне жазбаша өтініш жасайды.
13. Ауылдық округ әкімі аппараты ауылдық округ әкімнің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.
14. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
15. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.
4-тарау. Жергілікті қоғамдыстық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау
16. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.
17. Шешімдер орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Нұра ауданының әкіміне немесе жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшыларына жібереді.
Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Нұра ауданының әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.