Бәйтерек ауданы мәслихаты ШЕШТІ:
1. Зеленов аудандық мәслихатының "Зеленов ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" 2018 жылғы 29 мамырдағы №21-2 шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы келесі редакцияда жазылсын:
"Бәйтерек ауданы ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы";
көрсетілген шешіммен бекітілген Бәйтерек ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Бәйтерек ауданы ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді.";
4-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
аудандық маңызы бар қала, ауылдар және ауылдық округ (бұдан әрі – ауылдық округ) бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан әкімінің ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.";
6-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.".
12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімі өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.
ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде аудандық мәслихаттың қарауына беріледі.
13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
ауылдық округ әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
ауылдық округі әкімі келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.".
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы мәслихатының 31.08.2022 № 20-4 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат хатшысы | Р. Исмагулов |