"Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 16 наурыздағы № 128 қаулысының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетін мемлекеттік тіркеу бойынша шаралар қабылдауды;
2) осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А. Ә. Сарбасовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр | Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 133 бұйрығына қосымша |
"Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі. Комитеттің, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
5. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
6. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
7. Комитеттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 6-кіреберіс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.03.2024 № 77 бұйрығымен.8. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
10. Комитеттің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің міндеттері мен өкілеттіктері
11. Комитеттің міндеттері:
өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу.
12. Комитеттің өкілеттіктері:
1) құқықтары:
басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан және тұлғалардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;
өз құзыреті шегінде Министрліктің басшылығына Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу;
Комитет жанынан консультативтік-кеңесші органдар мен сараптама комиссияларын құру;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жағдайларда, өз құзыреті шегінде әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға жәрдем көрсету;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тарту;
заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;
2) міндеттемелері:
Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету;
Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлікке, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға ұсыну;
жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбай Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;
өтініштерді қабылдау және тіркеу, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесу, формальды қателерді жоюға және қоса берілген құжаттарды толықтыруға мүмкіндік беру;
әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;
әкімшілік процеске қатысушыны сот отырысының орны мен уақыты туралы алдын ала хабардар етуге;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдау;
әкімшілік актіні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының не олардың өкілдерінің назарына жеткізу;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
13. Комитеттің функциялары:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;
2) көші-қон процестерін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеу;
3) Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуына мониторингті жүзеге асыру;
4) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу қағидаларын әзірлеу;
5) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Министрлікке енгізу;
6) жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар берудің немесе ұзартудың, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттарын әзірлеу;
7) мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша маусымдық шетелдік қызметкерлердің еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесін әзірлеу;
8) комиссияның құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен асатын жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер ретінде тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың санаттары мен санының тізбесін айқындау қағидаларын әзірлеу; қосалқы мердігердің немесе қызметтерді орындаушының, арнайы экономикалық аймақтардың аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен бірлесіп, объектіні (объектілерді) пайдалануға бергеннен кейін бір жыл өткенге дейін;
9) кадрлардағы ел ішіндегі құндылық бойынша келісімшарттық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына мониторингті жүзеге асыруға қатысу;
10) еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларын әзірлеу;
11) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамалар беру немесе ұзарту қағидаларын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және оларда сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін әзірлеу;
12) қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне одан әрі енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу;
13) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссияның үлгі ережесін әзірлеу;
14) қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу тәртібін әзірлеу;
15) алдағы жылға арналған қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Министрлікке енгізу;
16) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін әзірлеу;
17) қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын іске асыру мониторингі;
18) қандас мәртебесін беру немесе ұзарту тәртібін әзірлеу;
19) этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін қандас мәртебесі берілгенге дейін олардың қалауы бойынша, сондай-ақ қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде қоныс аударған жағдайда ішкі көшіп-қонушыларды уақытша болу орталықтарында алғашқы қоныстандыру тәртібін және мерзімдерін әзірлеу;
20) қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін әзірлеу;
21) қандас мәртебесін беруден немесе ұзартудан бас тартуға шағымдарды қарау;
22) босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;
23) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеу;
24) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережені әзірлеу;
25) босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу мен қараудың тәртібін, пана іздеген адам куәлігінің үлгілерін әзірлеу;
26) босқын куәлігінің үлгісін және оны қорғауға қойылатын талаптарды әзірлеу;
27) босқын деп танылған адамға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға өз құзыреті шегінде жәрдемдесу;
28) Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
29) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдардан қажетті ақпаратты сұрауды жүзеге асыру;
30) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру;
31) көші-қон саласындағы жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік басшылықты және үйлестіруді жүзеге асыру;
32) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын әзірлеу;
33) шетелдік қызметкерлер, еңбекші көшіп келушілер, қандастар, босқындар бойынша орталықтандырылған дерекқорды қалыптастыру және олардың тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
34) өз құзыреті шегінде көші-қон процестерінің мониторингін жүзеге асыру;
35) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
36) халықтың көші-қоны саласындағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыру және айқындау, ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру және ғылыми сүйемелдеуді үйлестіру;
37) құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру;
38) халықтың көші-қоны мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
39) халықтың көші-қоны саласында ведомстволық статистикалық байқауды жүргізу;
40) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау;
41) Қазақстан Республикасының заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Комитеттің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі
14. Комитетті басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады (бұдан әрі – Төраға), ол Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
15. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
16. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
17. Комитет төрағасының өкілеттіктері:
1) Комитеттің жұмысын ұйымдастырады;
2) еңбек қатынастары мәселелері заңнамаға сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік Аппаратының басшысына Комитет қызметкерлерін тағайындау және лауазымдардан босату туралы ұсыныстар енгізеді;
3) Комитет төрағасы орынбасарларының және қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
4) еңбек қатынастары мәселелері заңнамаға сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік Аппаратының басшысына Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына үстемеақы белгілеу, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), олардың біліктілігін арттыру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) еңбек қатынастары мәселелері заңнамаға сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану мәселелері бойынша Министрлік Аппаратының басшысына ұсыныстар енгізеді;
6) мемлекеттік органдарда және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;
7) Комитеттің атынан наразылықтар мен талап қоюлар беру туралы шешімдер қабылдайды;
8) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын актілерді қоспағанда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды және құқықтық актілерге қол қояды, оның ішінде Министрліктің актілерінде оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық бұйрықтарды қабылдайды;
9) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды;
10) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2024 № 268 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.18. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
19. Комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
20. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
21. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
22. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
_______________________________________