ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі, 29.11.2022 ж. жарияланды
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабын, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппеносы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.К.Утегуловқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Ғ.Есқалиев |
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "___"__________№____ қаулысымен бекітілген |
"Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
Жалпы ережелер
1. "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) қоршаған ортаны қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 090000, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Сарайшық көшесі, 47 құрылыс.
9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
10. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Басқарманыңмақсаттары мен өкілеттіктері
12. Мақсаттары:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, облыс аумағында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
2) су ресурстарын тиімді пайдалануды және оларды қорғау жөнiндегi шаралардықамтамасыз ету;
3) ормандарды, жануарлар дүниесiн күзетуді, қорғауды, өсiмiн молайтуды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
1.1. мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен азаматтардан өзіне жүктелген міндеттер мен қызметтерді орындауға қажетті құжаттар мен мәліметтер сұрату және алу;
1.2 өзінің шегінде шешімдер қабылдау;
1.3 өзінің құзыреті шегінде ұйымдар құру, қайта құру және тарату жөнінде ұсыныстар беру;
2) міндеттері:
2.1. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша конференциялар, семинарлар, көрмелер, кеңестер өткізу;
2.2. орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерді және өзінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шұғыл басқаруды жүзеге асыру;
2.3. Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
14. функциялары:
1) тиісті уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, қоршаған ортаны қорғау, орман және жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және орман өсiру, су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды қарастыратын Басқарманың жоспарын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру және оны іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға қатысады; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар; су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру; жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану қоршаған ортаны қорғау;коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыру мен орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, өздерiнiң функционалдық қарамағындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;
4) мемлекеттiк орман қоры аумағында ормандағы өрттердiң алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзірлейді және оларды орындауды iске асырады;
5) орман қоры аумағында орман зиянкестерiмен және ауруларымен күрес және орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
6) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар жүргiзген кезде, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын шектеу туралы шешiм қабылдайды;
7) уәкiлеттi органға беру үшiн өздерiнiң функционалдық қарамағындағы орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi жөнiнде материалдар әзiрлейдi;
8) өздерiнiң функционалдық қарамағындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде аяқталған объектiлердi және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдауға қатысады;
9) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман (өсіп тұрған сүрек үшін ставкаларды қоспағанда), жер үстi көздерiндегi су ресурстарын, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы ставкаларының жобаларын дайындайды;
10) уәкiлеттi органның және облыстың жергілікті өкiлдi органының қатысуымен өздерiнiң функционалдық қарамағындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру бойынша тендерлер ұйымдастырады және өткiзедi;
11) орман ресурстарын сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген, өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер береді;
12) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыруды жүзеге асырады;
13) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлерді дамыту, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзеді;
14) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз етедi;
15) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердiң жобасын дайындайды;
16) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлудi түзету жобаларын бекiтедi;
17) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз етедi;
18) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысады;
19) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзірлейді және бекiтедi және паспорттарды уәкiлеттi органға тiркеуге (қайта тіркеуге) бередi;
20) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумағының шекарасын және қорғау режимiнiң түрлерiн бекiтедi;
21) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратады және олардың аумақтарын азайтады;
22) белгіленген режимді сақтай отырып, республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағында орналасқан жер учаскелерін пайдалануды жүзеге асырады;
23) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
24) мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының есебін жүргізеді, иесіз су шаруашылығы құрылыстары анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізеді;
25) су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келiсу бойынша ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және санитарлық қорғау аймақтарын белгiлейдi;
26) су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен келісім бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайларын белгілейді;
27) конкурстық негізде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен су объектілерін оқшау немесе бірлесіп пайдалануға береді;
28) бассейндік кеңестердің жұмысына және бассейндік келісімге қатысады, су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөніндегі ұсыныстарды бассейндік кеңестердің қарауына енгізеді, бассейндік кеңестердің ұсынымдарын зерделейді, оларды іске асыру жөнінде шаралар қолданады;
29) су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөніндегі, оның ішінде жерді гидромелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
30) тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;
31) елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастырады және жүргізеді;
32) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тiзбесiн бекiтедi;
33) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындары және (немесе) учаскелер бойынша жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекiтедi;
34) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру мен аңшылық және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде шешiмдер жобасын дайындайды;
35) кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне ауыстыру жөнінде шешімдер қабылдауға қатысады;
36) жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
37) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізеді, және келісімшарттар жасасады;
38) бір облыстың аумағында орналасқан, жергілікті және халықаралық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру бойынша конкурстар өткізеді және келісімшарттар жасасады;
39) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
40) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
41) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізеді;
42) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат береді;
43) облыс аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз етеді;
44) резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың қырылу қаупі туындаған жағдайларда уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің шешімі негізінде мелиорациялық балық аулауды ұйымдастырады;
45) құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласында келiсiмдер мен меморандумдар жасасады;
46) объектілер салу жобасының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы қорытындысының негізінде өз құзыреті шегінде жаңа объектілер салуға немесе бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) тыйым салады немесе рұқсат береді;
47) ІІ, ІІІ және ІV санат объектілерінің шаруашылық қызметіне экологиялық сараптама жүргізеді;
48) ІІ, ІІІ және ІV санат объектілері үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар береді;
49) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдау ұйымдастырады;
50) өз құзыретi шегiнде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн әзiрлейдi;
51) қалдықтарды басқару жөнiнде бағдарламалар әзiрлеудi ұйымдастырады және олардың орындалуын қамтамасыз етедi;
52) коммуналдық қалдықтардың пайда болуы мен жинақталуы нормаларын әзірлейді және жергiлiктi өкілді органдарға бекітуге ұсынады;
53) коммуналдық қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi;
54) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзiрлейдi және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға табыс етедi;
55) өз құзыреті шегінде табиғат қорғау іс-шараларының жоспарларын келіседі;
56) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласында қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді ұйымдастырады;
57) коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын бекітеді;
58) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
59) жасыл екпелердi күтiп-баптау мен қорғаудың үлгілік қағидалары негізінде әзірленген жасыл екпелердi күтiп-баптау және қорғау қағидаларын әзiрлейдi.
3. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
15. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
16. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
2) Басқарма басшысы орынбасарларының және бөлімдер басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
4) Басқарманың қызметкерлерін, сонымен қатар, басқарманың қарауындағы коммуналдық мемлекеттік мекемелердің директорларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
5) өзінің өкілеттігі шегінде Басқарманың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша облыстың коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіреді;
6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыру, материалдық көмек көрсету, оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
7) Басқарманың бөлімдері туралы ережелерді, қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
8) өз құзыреті шеңберінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
9) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;
10) гендерлік саясат мәселелері жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
11) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайды;
12) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалар жобаларының және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4. Басқарманың мүлкі
20. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Шыңғырлау орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "___"__________№___ қаулысына қосымша |
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің күші жойылды деп танылған қаулыларының тізбесі
1. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 21 сәуірдегі №104 "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" қаулысы;
2. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 11 қарашадағы №265 "Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 21 сәуірдегі №104 "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы "мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысы;
3. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 9 шілдедегі №126 "Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 21 сәуірдегі №104 "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы "мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына толықтыру енгізу туралы" қаулысы.