Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексін, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа ала отырып облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Батыс Қазақстан облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған басқарманың ережесі және құрылымы мен штаттық саны бекітілсін.
3. Басқарманың басшысы заңнамаларда белгіленген тәртіппен:
1) Басқарманың әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы қаулыны іске асыру жөніндегі басқа да қажетті шараларды алсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовке жүктелсін.
Облыс әкімі | Н. Төреғалиев |
2022 жылғы "___"__________ №____ Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген |
"Батыс Қазақстан облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық саны
№ | Лауазымы | Бірлік саны |
1. | Басқарма басшысы | 1 |
2. | Бас маман – есепші | 1 |
Жұмылдыру даярлығы бөлімі | ||
3. | Бөлім басшысы | 1 |
4. | Бас маман | 1 |
5. | Бас маман | 1 |
Азаматтық қорғау бөлімі | ||
6. | Бөлім басшысы | 1 |
7. | Бас маман | 1 |
Барлығы: | 7 |
2022 жылғы "___"__________ №____ Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің |
|
қаулысымен бекітілген |
"Батыс Қазақстан облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
Жалпы ережелер
1. "Батыс Қазақстан облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 090000, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ж.Досмұхамедов көшесі, 45.
9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері
12. Мақсаттары:
Жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау бойынша мемлекеттік саясатты дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу.
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
өз қызметін басқа да атқарушы билікпен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара әрекеттесе отырып жүзеге асыру;
заңнамада белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдардан (сұратулар негізінде) қажетті ақпараттық материалдарды алу;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес заңды және жеке тұлғалармен шарттар жасасу, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарға ие болу, мемлекеттік органдарда, ұйымдарда өз мүдделерін білдіру;
Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша облыс әкімдігі қабылдайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ұсыныстар енгізу;
басқа да ұйымдардың, басқармалардың және ведомстволардың мамандарын жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу үшін тарту.
2) міндеттері:
әкімшілік-аумақтық бірліктерде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етеді;
халық пен ұйымдарға азаматтық қорғау саласындағы шаралар туралы хабар беру;
азаматтық қорғауды басқарудың аумақтық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарын құру және оларды ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттер.
14. Функциялары:
1) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсетеді, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысады;
2) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;
3) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пункттеріне немесе әскери бөлімдерге және арнаулы мемлекеттік органдарға техника беруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өздерінің басқаруындағы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына береді;
4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде арнаулы құралымдарды құрады және олардың қызметін қамтамасыз етеді;
5) әкімшілік-аумақтық бірліктердің жұмылдыру жоспарларын әзірлейді, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келіседі және бекітеді, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің шегінде жұмылдыру дайындығы бойынша іс-шараларды өткізеді;
6) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасады;
7) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға береді;
8) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
9) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
10) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келіседі;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздейді;
12) жұмылдыру жарияланған кездегі іс-қимылдар тәртібі туралы халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізеді;
13) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру;
14) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;
15) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;
16) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;
17) төтенше жағдайларды жойғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
18) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;
19) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;
20) игеріліп жатқан кен орындары аудандардағы және сейсмикалық қауіпті өңірлердегі бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын арттыру;
21) құлақтандыру мен хабар берудің техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;
22) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың авариялық және шұғыл қызметтерінің, азаматтық қорғау қызметтерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік "112" қызметімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру;
23) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету;
24) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын бекіту;
25) дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру;
26) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен қаражат бөлу;
27) төтенше жағдайларды болғызбау, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі салдарларды жою және нұқсанды азайту жөнінде шараларды әзірлеу және қолдану;
28) төтенше жағдай аймағында зардап шеккендерді медициналық қамтамасыз етуді, оның ішінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
29) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;
30) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;
31) 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін қауіпті техникалық құрылғылардың, жүк көтергіш механизмдердің, эскалаторлардың, аспалы жолдардың, фуникулерлердің, лифтілердің, траволаторлардың, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштердің пайдаланылуына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау;
32) әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;
33) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
15. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
16. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
17. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
2) Басқарма басшысы бөлімдер басшылары мен қызметкерлерінің және басқармаға қарасты коммуналдық қазыналық мекеме басшысының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
3) сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
4) Басқарма қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлерін ынталандыру, материалдық көмек көрсету, оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
6) Басқарма бөлімдері туралы ережелерді, қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
7) өз құзыреті шеңберінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
8) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма атынан өкілдік етеді;
9) гендерлік саясат мәселелері жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
10) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайды;
11) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалар жобаларының және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4. Басқарманың мүлкі
18. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
19. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
20. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
21. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.