"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 3-тармағына сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 22 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ. Асыловқа жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент қаласының әкімі | Ғ. Сыздықбеков |
Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы "23" шілдедегі № 3842 қаулысына қосымша |
"Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Шымкент қаласының аумағында туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомствалары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы, 10, индекс 160023.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаты: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде Шымкент қаласында туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия салаларын дамыту бойынша ұсыныстар енгізеді;
белгіленген тәртіпте республикалық және халықаралық туристік іс-шараларға қатысады;
Басқарма құзыретіне жататын мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар және шетелдік заңды тұлғалармен келіссөздер жүргізеді және келісімдер жасайды;
Шымкент қаласының туристік саласын, сыртқы байланыстар және креативті индустрияны дамыту бойынша қала әкімінің шешімдерінің, өкімдерінің, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулы жобаларының және іс-шараларының жоспарын дайындауға қатысады.
2) Міндеттері:
Басқарманың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыру;
туристік қызметтің дамуы үшін қолайлы жағдай жасау және сапалы туристік инфрақұрылымды құруға ықпал ету;
жақын және алыс шет елдермен, республиканың өңірлерімен туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия салаларында өзара тиімді өңіраралық, интеграциялық қарым-қатынасты дамыту.
15. Функциялары:
1) Шымкент қаласы аумағында туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүзеге асыру;
2) туристік қызметтер көрсету нарығына талдау жасау және Шымкент қаласында туризмнің дамуы туралы қажетті мәліметтерді уәкілетті органға табыс ету;
3) Шымкент қаласында туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және енгізу;
4) Шымкент қаласы аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіру;
5) балалар мен жастар лагерьлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне жәрдем көрсету;
6) туристік қызмет субъектілеріне туристік қызметті ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдістемелік және консультациялық көмек көрсету;
7) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту шарасы ретінде туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау;
8) туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты беру;
9) туристік ақпарат орталығын құру;
10) туроператорлық қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
11) гидті кәсіптік даярлауды ұйымдастыру;
12) уәкілетті органмен келісу бойынша туристік саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту;
13) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу;
14) Шымкент қаласы аумағында туризм инфрақұрылымын құру, туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді салу мен дамыту бойынша шаралар қабылдау;
15) туризмді дамытуда туристік қызмет субъектілері үшін жағдайлар жасау;
16) туризм саласындағы бірлескен қызметті іске асыру шеңберінде тікелей шарт жасасу арқылы туристік ақпараттық орталықтарды қаржыландыру;
17) туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
18) уәкілетті органмен келісу бойынша күтіп-ұсталуы кезіндегі шығындардың бір бөлігі өтелетін санитариялық-гигиеналық тораптардың тізбелерін бекіту;
19) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу;
20) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау;
21) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу;
22) туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және енгізу;
23) қаланың туристік тартымдылығын арттыру мақсатында ақпараттық дүңгіршек, инфрақұрылымдық нысандар, инсталляциялар, құрылыстар және тағы басқа орнату;
24) мамандандырылған түрлі туристік іс-шараларды (фестивальдар, форумдар, көрмелер, слеттар, дөңгелек үстелдер және тағы басқа) ұйымдастыру;
25) туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия саласындағы бақылауда тұрған жоғары органдардан келген нормативтік-құқықтық актілердің, бұйрықтар мен тапсырмалардың уақтылы орындалуын ұйымдастыру;
26) халықаралық және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шараларды жоспарлау және іске асыру;
27) халықаралық қатынастарды ары қарай дамыту мақсатында ұсыныстар енгізу;
28) дипломатиялық корпустың, ресми шетелдік делегациялардың, шетелдік заңды және жеке тұлғалардың өкілдерінің қала әкімдігінің басшылығымен өтетін іскерлік кездесулер мен іс-шараларды өткізу;
29) қала әкімінің қатысуымен өткізілетін шетелдік іссапарларды, жұмыс сапарларын және өзге де халықаралық іс-шаралар жоспарын жасау;
30) сыртқы байланыстар мәселелері бойынша форумдар, көрмелер, кеңестер, семинарлар және дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру және қатысу;
31) шекаралық ынтымақтастықты, жақын және алыс шетелдермен аймақтың аймақаралық және интеграциялық байланыстарын дамыту және нығайту;
32) Шымкент қаласына келетін шетелдік өкіл мен делегацияларды қабылдауға, отырыстар, конференциялар, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізу бойынша өкілдік шығындарды Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі "Өкілдік шығындарға көзделген қаражатты пайдаланудың үлгілік қағидаларын және өкілдік шығындардың нормаларын бекіту туралы" № 863 бұйрығы негізінде (іс-шараларды өткiзу үшiн үй-жай жалдау, өкілдік санаттағы жеңіл автомобильдерді жалға алу, аудармашылардың қызметi, ресми түскi астар, кешкi астар, фуршеттер, кәдесыйлар, естелiк сыйлықтар сатып алу, әуежай күту залдарының қызметтері, қонақ үймен қамтамсыз ету) өтеу;
33) қаланың шығармашылық әлеуетін анықтау үшін шығармашылық сектордағы ағымдағы үрдістерді талдау;
34) негізгі экономикалық көрсеткіштердің орындалуын талдау, статистикалық мәліметтерді өңдеу, жиынтық есептерді, анықтамаларды, ақпаратты дайындау және Шымкент қаласының креативті индустрия саласында басқа да талдамалық материалдарды дайындау.
35) шығармашылық процестер мен шығармашылық өндірістерді ынталандыру үшін шығармашылық кластерлермен, блогерлермен және мүдделі тараптармен ынтымақтастық орнату;
36) шығармашылық кәсіпкерлер үшін консультациялар өткізу;
37) шығармашылық қоғамдастықтың шығармашылық әзірлемелері мен әлеуетті жобаларын қолдау;
38) креативті индустрия саласындағы консультациялық және тәжірибелік қызметтер көрсету;
3-тарау. Мемлекеттік органның басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарма басшысының штаттық кестеге сәйкес орынбасары бар.
19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:
1) мемлекеттік мекеменің жұмыс жоспарларын бекітеді;
2) мемлекеттік мекеменің атынан әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметшілерін, сондай-ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
5) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметшілерінің, Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;
6) Басқарма қызметшілеріне, қарамағындағы ұйымдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді және тәртіптік жаза қолдана алады;
7) өз уәкілеттігі шегінде барлық Басқарма қызметшілеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды және нұсқаулар береді;
8) мемлекеттік мекеменің ішкі еңбек тәртібін бекітеді;
9) Басқарманың қарамағындағы бағынысты мемлекеттік мекемесінің жылдық қаржылық есебін бекітеді;
10) мемлекеттік мекемеде Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады;
13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының орындалуына дербес жауапты болады.
14) Басқама басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Басқарма басшысы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының "Visit Shymkent" туристік ақпараттық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2) "Visit Shymkent" Туризм және креативті индустрияны дамыту жөніндегі орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.