Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабы 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және қоғамдық даму ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Корпоративтік басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 8 тамыздағы № 343-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және қоғамдық даму ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары
1-тарау. Кіріспе
1. Осы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және қоғамдық даму ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – біліктілік сипаттамалары) кадрларды дұрыс іріктеуге және орналастыруға, олардың біліктілігін арттыруға, қызметкерлерді аттестаттауға, басшылар, мамандар арасында еңбекті бөлуге, сондай-ақ қызметкерлердің осы санаттарының лауазымдық міндеттерін және оларға қойылатын еңбекақы төлеу санаттары бойынша біліктілік талаптарын айқындауда бірыңғайлықты қамтамасыз етуге ықпал етуге бағытталған.
2. Бухгалтер, экономист, заңгер, кадрлар жөніндегі маман, аудармашы мамандар лауазымдарының біліктілік сипаттамалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 1 қыркүйектегі № 775 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14281 болып тіркелген) бекітілген барлық қызмет салаларына ортақ мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар мамандарының жекелеген лауазымдарының біліктілік сипаттамаларында айқындалған.
Басшылар мен мамандар, ғылыми қызметкерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы, мемлекеттік сатып алу жөніндегі мамандар және өзге де инженерлік-техникалық персонал лауазымдарының біліктілік сипаттамалары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 553 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22003 болып тіркелген) басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында айқындалған.
3. Лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу кезінде нақты ұйымдастыру-техникалық жағдайларында тиісті лауазымға тән жұмыстар тізімін нақтылауға рұқсат етіледі және қызметкерлерді қажетті арнайы даярлауға қойылатын талаптар белгіленеді.
4. Біліктілік сипаттамалар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен әзірленді.
2-тарау. Ақпарат және қоғамдық даму ұйымдарының басшылары лауазымдарының біліктілік сипаттамалары (Директор, Бас директор, басқарма төрағасы)
5. Лауазымдық міндеттері:
заңнамаға сәйкес ұйымның өндірістік, шаруашылық және қаржылық-шаруашылық басшылық жасайды;
қабылданатын шешімдердің орындалуын, ұйым теңгеріміндегі мүліктің сақталуын және толық пайдаланылуын, сондай-ақ оның қызметінің қаржылық-шаруашылық нәтижелерін қамтамасыз етеді;
ұйым қызметінің саясатын, стратегиясын және оны іске асыру тетігін айқындайды;
өзге ұйымдармен немесе заңды тұлғалармен шарттар, келісімшарттар, операциялар жасайды, өкімдер мен бұйрықтар шығарады, іскерлік кездесулерде ұйымның атынан өкілдік етеді;
барлық құрылымдық бөлімшелердің жұмысын және тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастырады, әлеуметтік және нарықтық басымдықтарды ескере отырып, олардың қызметін жаңалықтар мен нарықтық жағдайдағы өзгерістерге жылдам ден қоятын, тауарлар мен қызметтерді икемді және ұтқыр өндіруді дамыту мен жетілдіруге бағыттайды;
ұйым жұмысының тиімділігін арттыруды, өнімдер мен қызметтер сатылымын және пайданы ұлғайтуды, өндірілетін өнімнің (қызметтердің) сапасын және бәсеке қабілеттілігін, отандық және шетелдік нарықтарды жаулап алу мақсатында олардың мемлекеттік және жоғары дамыған елдердің, озық компаниялардың стандарттарына сай келуін қамтамасыз етеді;
ұйымның мемлекеттік бюджет, жинақтаушы зейнетақы қорлары және сақтандыру қорлары, өнім берушілер, тапсырыс берушілер және банк мекемелерін қоса алғанда, кредиторлар алдындағы міндеттемелерінің, сондай-ақ шаруашылық және еңбек шарттарының (келісімшарттарының) және индикативті жоспар мен бизнес-жоспарлардағы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етеді;
өнімнің (қызметтердің) техникалық деңгейін және сапасын, өндіріс қарқындылығын, еңбек өнімділігін, экономикалық тиімділігін арттыру, өндірістік резервтерді тиімді пайдалану және ресурстардың барлық түрлерін үнемді жұмсау мақсатында жаңа техниканы және жаңа технологияны, басқару мен еңбекті ұйымдастырудың прогрессивтік нысандарын, материалдық, қаржылық және еңбек шығындарының ғылыми негізделген нормативтерін кеңінен пайдалану, нарықтық конъюнктураны және озық тәжірибені (отандық және шетелдік) зерделеу негізінде өндірістік-шаруашылық қызметті ұйымдастырады;
кәсіпорынды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, олардың кәсіптік білімдері мен тәжірибесін тиімді пайдалану мен дамыту, адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманың талаптарын сақтау, ұжымда қолайлы психологиялық орта қалыптастыру бойынша шаралар қабылдайды;
басқарудың экономикалық және әкімшілік әдістерінің үйлесуін, өндірістік және өзге мәселелерді талқылау мен шешуді, өндірістің тиімділігін арттыруды материалдық және моральдық көтермелеуді қамтамасыз етеді;
әлеуметтік әріптестік принциптері негізінде ұжымдық шарттарды әзірлеу, жасау және орындау, еңбек және өндіріс тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді, жұмыскерлердің еңбекке ынталылығын, бастамасын және белсенділігін дамытуға ықпал етеді;
кәсіпорынның қаржылық-экономикалық және өндірістік-шаруашылық қызметіне қатысты мәселелерді оған заңнама бойынша берілген құқықтар шегінде шешеді, өзге лауазымды адамдарға – директорлардың орынбасарларына, кәсіпорынның өндірістік бірліктері мен филиалдарының, сондай-ақ функционалдық және өндірістік бөлімшелерінің басшыларына қызметтің жекелеген бағыттарын жүргізуді тапсырады;
ұйым қызметінде және оның шаруашылық-экономикалық байланыстарын жүзеге асыруда заңдылықтың сақталуын, нарық жағдайында қаржылық басқару мен жұмыс істеуге арналған құқықтық құралдардың пайдаланылуын, шарттық және қаржылық тәртіпті нығайту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, бизнестің (кәсіпкерлік қызметтің) ауқымын қолдау және кеңейту мақсатында ұйымның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді;
сотта, төрелік сотта мемлекеттік билік және басқару органдарында кәсіпорынның мүліктік және өзге де мүддесін қорғайды және оның атынан өкілдік етеді.
6. Білуге тиіс:
ұйымның өндірістік-шаруашылық және қаржы-экономикалық қызметін регламенттейтін, экономиканың және жалпы экономикалық қызметтің тиісті түрінің дамуының басым бағыттарын, ұйымның техникалық, экономикалық және әлеуметтік дамуының перспективаларын, стратегиясын, басымдықтарын айқындайтын заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілер және мемлекеттік органдардың актілері;
ұйымның қызметіне қатысы бар өзге де органдардың әдістемелік және нормативтік материалдары;
ұйымның бейіні, ерекшелігі және құрылымының ерекшелігі;
есеп және қаржылық талдау негіздері, кредит беру схемалары;
ұйымның өндірістік қуаты мен кадр резервтері;
ұйымның өнім өндіру технологиясы;
салық заңнамасы;
ұйымның өндірістік-шаруашылық және қаржылық-экономикалық қызметінің бизнес-жоспарларын жасау және келісу тәртібі;
ұйым шаруашылығын жүргізу және басқарудың заманауи әдістері;
стратегиялық жоспарлау, нарық - сыртқы және ішкі (өзінің секторы және онымен өзара байланыс) конъюнктурасы, бәсекелестер, өнім берушілер мен тұтынушылар;
ұйымға өзінің нарықтағы жай-күйін айқындауға және жаңа өткізу нарығына шығу бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік беретін экономикалық индикаторлар жүйесі;
практикалық маркетинг, жарнама техникасы, сатуды басқару;
өндірістің тиісті саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер және озық шетелдік және отандық тәжірибе;
тиісті қызмет түрінің тәжірибесі және үздік ұқсас ұйымдардың қызмет тәжірибесі;
шаруашылық және қаржылық шарттар жасау және оларды орындау тәртібі;
салалық келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеу және жасасу және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу тәртібі;
ұйымның экономикасы мен қаржысын басқару, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыру;
еңбек заңнамасы, өндірістік санитария, еңбек қауіпсіздік және еңбекті қорғау мен ішкі еңбек тәртібінің тәртібі, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
7. Біліктілікке қойылатын талаптар:
кадрларды даярлаудың тиісті бағыты бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білім және ұйым бейініне сәйкес келетін экономикалық қызмет түрінде басшы лауазымында кемінде 5 жыл жұмыс өтілі, "Іскерлік әкімшілік ету магистрі" ғылыми дәрежесі немесе басқару (менеджмент) саласындағы қосымша білімінің болғаны мүмкін, немесе тиісті салада 4 жылдан кем емес оның ішінде басшы лауазымында 1 жыл, немесе мемлекеттік қызметте еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, немесе Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған адамдар функционалдық бағыттарына сәйкес облыстарда білімі болған кезде, немесе. функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда "Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс бекітетін басым мамандықтар бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған немесе шетелдік жоғары оқу орындарында басым мамандықтарға сәйкес келетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуын дербес аяқтаған және академиялық дәреже алған.
3-тарау. Ақпарат және қоғамдық даму ұйымы басшысының орынбасары (ғылыми-зерттеу қызметі бойынша)
8. Лауазымдық міндеттері:
ұйымның ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы саясатын қалыптастыруға, іске асыруға және дамытуға басшылықты жүзеге асырады;
ғылыми-талдамалық жобаларға басшылық жасайды;
ғылыми жарияланымдар дайындайды, ғылыми-зерттеу қызметіне қатысты конференцияларға қатысады;
ұйымның зерттеу және ғылыми жұмыстар, жобалар саласындағы қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды;
ұйымның зерттеу саласындағы сыртқы және ішкі саясатының тұжырымдамасын бекітеді;
кешенді бағдарламаларды дайындауға, ұйым қызметінің перспективалық және ағымдағы жоспарларын жасауға қатысады;
бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық және коммерциялық ұйымдармен, сондай-ақ жеке тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде өкілдік функцияларды орындайды, ұйымның іс-әрекеттері мен аспектілеріне түсініктеме береді және түсіндіреді;
ұйымның зерттеулер мен ғылыми жұмыстар, жобалар саласындағы қолданыстағы жоспарларын, бағдарламалары мен сыртқы және ішкі саясатының тұжырымдамасын түзету мақсатында қоғамдық пікірге кешенді зерттеулер жүргізу туралы шешім қабылдайды;
қоғамдық пікірді зерделеу нәтижелері негізінде ұйым қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
зерттеу және ғылыми жұмыстар, жобалар саласындағы ұйым қызметінің тиімділігін бақылауды жүзеге асырады;
ұйымның беделіне теріс әсер ететін ұйым қызметіндегі кемшіліктерді уақтылы жоюды қамтамасыз етеді;
лауазымдық міндеттерін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметінен бейтарап және тәуелсіз болып қалады;
ұйымның зерттеу саласындағы қызметіне, ақпараттық-жарнамалық саясатқа, ұйымның жаңа ғылыми жобалары мен жұмыстарын ілгерілету жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламаларға, қызметтің жаңа бағыттарын ақпараттық сүйемелдеуге байланысты барлық мәселелер бойынша жоғары тұрған басшылықты, сондай-ақ ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын жедел хабардар етуді қамтамасыз етеді;
ұйымның ғылыми қызметі мен зерттеу саласында қазақстандық заңнама нормаларының және кәсіби мінез-құлықтың халықаралық қағидаттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
зерттеу саласында озық технологияларды енгізу негізінде ұйым қызметін ұдайы жетілдіруді қамтамасыз етеді;
ұйымның зерттеу және ғылыми жұмыстар саласындағы саясатын іске асыруды қамтамасыз ететін ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын басқарады және үйлестіреді.
9. Төмендегілерді білуі тиіс:
ғылыми-зерттеу қызметі саласын реттеу мәселелеріне жататын заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер;
тілдер, ғылым туралы заңнама;
қоғаммен байланыс саласындағы кәсіби және этикалық қағидаттардың халықаралық және қазақстандық кодекстері;
зерттеулер, ғылым саласындағы халықаралық сапа стандарттары;
ұйымның мақсаттары, даму стратегиясы және бизнес жоспары;
ұйымның бейіні, мамандануы, өндіріс технологиясы және құрылымының ерекшеліктері;
ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникация құралдарын дамытудың перспективалары мен бағыттары;
ақпараттық процестерді және бұқаралық коммуникация салаларын талдау, жоспарлау және болжау әдістері;
зерттеу және ғылым саласындағы қызметтің тиімділігін бағалау және ынталандыру әдістері;
зерттеу және ғылыми қызмет саласындағы озық технологиялар, отандық және шетелдік тәжірибе;
риторика негіздері және көпшілік алдында сөйлеу техникасы;
іскерлік қарым-қатынас этикасы;
саясаттану, әлеуметтану, психология, маркетинг және менеджмент негіздері;
экономика, өндірісті ұйымдастыру, еңбек және басқару негіздері;
еңбек заңнамасы, ішкі еңбек тәртібі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өндірістік санитария жөніндегі нұсқаулықтар, өрт қауіпсіздігі талаптары.
10. Біліктілікке қойылатын талаптар:
кадрлар даярлаудың тиісті бағыты бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білім және басшы лауазымдардағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл немесе ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы қосымша даярлық және басшы лауазымдардағы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл не тиісті салада кемінде 4 жыл, оның ішінде басшы лауазымда кемінде 1 жыл, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы немесе философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі, не мемлекеттік қызметте кемінде 5 жыл өтілі болған жағдайда, не функционалдық бағыттарға сәйкес облыстарда білімі болған кезде Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған не басым мамандықтар бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған тұлғалар, "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы бекітетін немесе шетелдік жоғары оқу орындарында оқуын дербес аяқтаған және басым мамандықтарға сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық дәреже алған тұлғалар.