Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №312 бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Маңғыстау облысындағы көші-қон процесстерін реттеу Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат төрағасы | Ж. Матаев |
Маңғыстау облыстық мәслихатының | |
2024 жылғы 5 сәуірдегі | |
№ 10/ 104 шешіміне қосымша |
Маңғыстау облысындағы көші-қон процестерін реттеудің Қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Маңғыстау облысындағы көші-қон процестерін реттеудің Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 85) тармақшасына сәйкес әзірленді және облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы көші-қон процестерін реттеудің тәртібін айқындайды.
2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе – уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі;
2) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес тиісінше мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;
3) қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және қандастарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға;
4) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың және (немесе) қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;
5) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ішкі көшіп-қонушы;
6) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың және (немесе) қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;
7) облыс ішінде қоныс аудару – мемлекеттік тұрғын үй қорынан және/немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына бір облыс шегінде қоныс аудару;
8) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы;
9) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы басшылықты, көші-қон процестерін реттеуді, халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;
11) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;
12) этникалық қазақ – ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
2-тарау. Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеу тәртібі
3. Маңғыстау облысында көші-қон процестерін мониторингтеу олардың әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріліп жүзеге асырылады.
Өңірдегі көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, Маңғыстау облысының экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі, инженерлік-көліктік және әлеуметтік инфорақұрылыммен қамтамасыз ету жатады.
4. Өңірдегі көші-қон процестерін реттеу үшін "Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
өңірдің тиісті аумағын қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызуға (жатқызбауға);
шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);
қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға);
еңбекші көшіп келушілерді тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.
5. Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру екі бағыт бойынша:
1) Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде;
2) бір облыс шегінде жүзеге асырылады.
6. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесуге, қандастарды, әсіресе, жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы да жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" қағидаларымен жүзеге асырылады.