2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 21) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (көрсетілген Шартқа № 1 қосымша) 29-тармағына сәйкес, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы № 16 шешімінің 5-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық форум туралы ереже бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 24 тамыздағы № 69 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссия жалғыз өнім берушіде орналастыратын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтер көрсетудің тізбесі мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
"7. Еуразиялық экономикалық форумды ұйымдастыру және өткізу.".
3. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2020 жылы Беларусь Республикасында Еуразиялық экономикалық форумды өткізу қорытындылары бойынша қажет болған кезде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің қарауы үшін осы шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық форум туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінің қаражаты есебінен қаржыландыру көлемі бөлігінде ұсыныстар берсін.
4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері
Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
М. Григорян | И. Петришенко | Ә. Смайылов | Э. Асрандиев | А. Оверчук |
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2020 жылғы 21 ақпандағы № 17 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық форум туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Еуразиялық экономикалық форум (бұдан әрі – форум) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде төрағалық ететін (бұдан әрі – форум өтетін ел) Одаққа мүше мемлекетте (бұдан әрі – мүше мемлекет) кезекпен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) экономикалық саладағы жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы болып табылады.
2. Форум Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Еуразиялық экономикалық форум туралы" 2019 жылғы 1 қазандағы № 16 шешімі негізінде өткізіледі.
3. Форум мүше мемлекеттердің және үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларының, мүше мемлекеттердің бірінші тұлғаларының, мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының басшылары мен өкілдерінің, сондай-ақ үшінші елдер үкіметтерінің басшылары мен мүшелерінің, Одақ шеңберінде өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі халықаралық, ғылыми және білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуына бағдарланған.
II. Форумның мақсаттары мен міндеттері
4. Форумды өткізудің мақсаты мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында кооперациялық байланыстарды қалыптастыру және мүше мемлекеттердің инвестициялық және инновациялық әлеуетін біріктіруден синергетикалық нәтижеге қол жеткізу, мүше мемлекеттердің экспорттық әлеуетін дамыту болып табылады.
5. Форумның міндеттері:
а) Одақты интеграциялық бірлестік ретінде танымал ету;
б) мүше мемлекеттердің интеграциясын дамыту стратегиясы бойынша ұсыныстар қалыптастыру;
в) Одақ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтың маңызды мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары мен мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері арасында тікелей диалог үшін алаң құру;
г) B2B қатынастары шеңберінде өзара іс-қимылды іске асыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру;
д) мүше мемлекеттер кәсіпорындарының өндірістік және кооперациялық мүмкіндіктерін таныстыру;
е) мүше мемлекеттер экономикаларын жаңғырту, кооперациялау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
ж) мүше мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығын дамыту.
6. Форум мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары мен мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық құралы, интеграциялық бірлестіктің орнықты даму перспективаларын бағалау, Одақ шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын және Одақтың одан әрі даму бағыттарын талқылау алаңы болып табылады.
III. Форумды ұйымдастыру және өткізу
7. Форумды ұйымдастыру мен өткізуді Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі-Комиссия) форум өткізілетін елмен бірлесіп, басқа мүше мемлекеттердің жәрдемдесуімен қамтамасыз етеді.
8. Комиссия:
а) форумды ұйымдастырушылық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
б) форумның ұйымдастыру комитетінің жұмысын қамтамасыз етеді;
в) форум бағдарламасы бойынша (соның ішінде бағдарламаның іскерлік бөлігі бойынша) ұсыныстар әзірлейді;
г) форумның әлеуетті қатысушыларын (соның ішінде үшінші елдердің қатысушыларын) форумның өткізілетін күні (күндері) мен орны туралы хабардар етеді және оларды форумға қатысуға шақырады, пиар-сүйемелдеуді, тіркеуді, "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде форум сайтын жүргізуді, алаңның (алаңдардың) дизайнын әзірлеуді және безендіруді, ілеспе аударманы, тамақтандыруды ұйымдастыруды, форумның іскерлік бөлігін ұйымдастыру мен өткізуді және форумның көрме бөлігін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
д) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 25 қаңтардағы № 5 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның мұқтаждықтары үшін тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге тапсырыстарды орналастыру және шарттар жасасу туралы ережеге сәйкес форумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсетуге тапсырыстар орналастыру бойынша жұмысты ұйымдастырады және форумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаның (бұдан әрі – оператор) өзіне алған міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;
е) форумға қатысушы кәсіпорындардың (ұйымдардың) көрмелік және іскерлік іс-шараларды өткізу үшін алаңның (алаңдардың) жалпы стилінде безендірілуін қамтамасыз етеді, көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді үйлестіреді.
9. Форумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсету Комиссия мен оператор жасасатын шарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте форум форум өткізілетін елде өткізілетін басқа да ірі экономикалық форуммен біріктірілген жағдайда, әдетте, Комиссия форумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартты осындай ірі экономикалық форумның операторымен жасасады.
10. Форумға қатысатын кәсіпорындар (ұйымдар) қажет болған жағдайда оператормен форум шеңберінде өздері өткізетін көрмелік және іскерлік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге шарттар жасасады.
11. Форум өтетін ел:
а) форумды өткізу күнін (күндерін) ұсынады (Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауы үшін);
б) форумды өткізу үшін осы Ереженің 26-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес алаң (алаңдар) ұсынады;
в) өз аумағында ақпараттық-шақыру науқанын жүргізеді;
г) форум қатысушыларына визалық қолдау көрсетеді;
д) оператор мен Комиссияға форумды дайындау мен өткізуге жәрдем көрсетеді;
е) форум тұжырымдамасын дайындауға қатысады;
ж) форумды дайындау және өткізу үшін коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды тартады;
з) форумды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру үшін бюджеттен тыс көздерден қаражат тартады;
и) форумды дайындау және өткізу процесінде туындауы мүмкін өзге де мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді.
12. Мүше мемлекеттердің бірінші тұлғаларының болу бағдарламасын форум өтетін ел қалыптастырады.
Форумға мүше мемлекеттердің бірінші тұлғаларының қатысуы туралы ақпаратты форум өтетін ел форумның бағдарламасын дайындау кезінде есепке алу үшін форумның ұйымдастыру комитетіне ұсынады.
13. Форум шеңберінде өткізілетін іс-шараларға шақырылатын мемлекеттер басшыларының және/немесе үшінші елдер үкіметтері мүшелерінің тізімі мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына алдын ала қарауға жіберіледі.
IV. Форум тұжырымдамасы
14. Форум тұжырымдамасын оператор осы Ереженің II бөлімінде көрсетілген форумның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес форумның көрмелік және іскерлік іс-шараларына қатысуға ниет білдірген кәсіпорындардың (ұйымдардың) өтінімдерін ескере отырып, Комиссия мен форум өтетін елдің ұсыныстары негізінде әзірлейді және оны форумның ұйымдастыру комитеті бекітеді.
15. Форумның көрмелік және іскерлік бағдарламасы форум тұжырымдамасының негізінде қалыптасады.
16. Форум тұжырымдамасы іс-шаралар форматын, тақырыптық бөлімдерді, көрме экспозициясына қатысушыларды, делегаттарды, спикерлерді, келушілерді орналастыру нысаналы топтарын және құрылымын, форумды өткізуге арналған алаң (алаңдар) залдарына қойылатын талаптарды, форумды хаттамалық қамтамасыз ету мен ақпараттық сүйемелдеудің базалық өлшемдерін, фирмалық стилінің элементтерін көрнекі етуді және басқа да қажетті элементтерді айқындайды, сондай-ақ мүше мемлекеттердегі ірі ұқсас іс-шаралардың SWOT-талдауын (соның ішінде мүше мемлекеттерде ықтимал жанама немесе тікелей) қамтиды.
Форум тұжырымдамасы іс-шараларды, қаржыландыру көлемдері мен көздерін (Одақ бюджетінің қаражаты, форум өтетін елдің қаражаты, сондай-ақ (мәліметтер болған кезде) форумның көрмелік және іскерлік іс-шараларына қатысуға ниет білдірген кәсіпорындардың (ұйымдардың) қаражаты) көрсете отырып, форумды ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар сметасын қамтиды. Форумды ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар сметасына болжанатын шығыстардың экономикалық негіздемесін және шығыстардың әрбір бабы бойынша тиісті түсіндірмелері бар және қаржыландыру көздері көрсетілген есептерді қамтитын түсіндірме жазба қоса беріледі.
V. Форумның ұйымдастыру комитеті
17. Форумның ұйымдастыру комитетінің құрамына мүше мемлекеттердің өкілдері және Комиссия Алқасының мүшелері кіреді.
Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша форумның ұйымдастыру комитетінің құрамына халықаралық, қоғамдық, ғылыми және өзге де ұйымдардың өкілдері енгізілуі мүмкін.
18. Егер форум өтетін ел өзге шешім қабылдамаса, Комиссия Кеңесінің төрағасы форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып табылады. Комиссия Алқасының Төрағасы форумды ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары болып табылады.
19. Мүше мемлекеттер форумның ұйымдастыру комитетінің құрамына енгізу үшін кандидатуралар (мемлекеттік билік органдары басшыларының орынбасарларынан төмен емес деңгейде) бойынша өз ұсыныстарын алдын ала ұсынады.
20. Форумның ұйымдастыру комитетінің құрамын форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітеді.
21. Форумның ұйымдастыру комитетінің отырыстары форумның ұйымдастыру комитеті төрағасының шешімі бойынша (соның ішінде бейне-конференц-байланыс форматында) өткізіледі.
22. Форумның ұйымдастыру комитетінің отырыстарын ұйымдастыру дайындығын және өткізуді Комиссия қамтамасыз етеді.
23. Форумның ұйымдастыру комитетінің құзыретіне мыналар кіреді:
а) форум тұжырымдамасын бекіту (оны ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар сметасын қоса алғанда);
б) форумды дайындау және өткізу барысын жалпы басқару және бақылау;
в) форумды өткізуді қаржыландыруға және тиісті қаражатты бөлуге байланысты мәселелерді қарау;
г) форумды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
VI. Форумның өтетін уақыты мен орны
24. Форум жыл сайын өткізіледі және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысының өткізілуімен орайластырылады.
Форум өткізілетін күнді (күндерді) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес форум өткізілетін жылдың алдындағы жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында форум өтетін елдің ұсыныстарын ескере отырып айқындайды.
25. Форум өтетін орынды форум өтетін ел анықтайды.
VII. Форумды өткізуге арналған алаңға (алаңдарға) қойылатын талаптар
26. Форумды өткізуге арналған алаң (алаңдар) форум тұжырымдамасына сәйкес таңдалады және әдетте:
а) халықаралық іс-шараны өткізу үшін техникалық жарақтандырылуы, жиһазы және коммуникацияларға қосылған;
б) бір мезгілде бірнеше іс-шаралар өткізу мүмкіндігі бар (осы іс-шараларға қатысушылардың болжамды санына сәйкес келетін сыйымдылығы, ілеспе аударма үшін орнатылған жабдығы бар) залдар;
в) пленарлық отырыстарды өткізуге арналған (осы отырыстарға қатысушылардың болжамды санына сәйкес келетін сыйымдылығы, ілеспе аударма үшін орнатылған жабдығы бар) зал;
г) форумға қатысушы мүше мемлекеттердің бірінші тұлғаларының уақытша болуына, БАҚ жұмысын ұйымдастыруға, келіссөздер мен екіжақты кездесулер өткізуге, спикерлер мен VIP-қатысушыларды орналастыруға, форумның ұйымдастырушылық-техникалық сүйемелденуін қамтамасыз етуге арналған үй-жайлар;
д) көрмелерді ұйымдастыруға, B2B қатынастары шеңберінде өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған жұмыс кеңістігі, форумға қатысушыларды тіркеуге және тамақтандыруға арналған аймақтар болуға тиіс.
VIII. Форумның тілі
27. Форумның тілі - орыс және ағылшын тілдері. Қажет болған кезде мүше мемлекеттердің мемлекеттік (ресми) тілдеріне аудару жүзеге асырылады.
28. Басқа тілдерге аудару форумның ұйымдастыру комитетімен келісу бойынша техникалық мүмкіндіктерге қарай жүзеге асырылады.
IX. Форумды қаржыландыру
29. Форумды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстарды қаржыландыру Одақ бюджетінің қаражаты (бірақ тиісті қаржы жылына арналған Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінің жобасын дайындау кезінде қабылданған жыл сайынғы индекстеумен 25,0 млн. Ресей рублінен аспайтын), форум өтетін ел бюджетінің қаражаты, форумның көрмелік және іскерлік іс-шараларына қатысатын кәсіпорындардың (ұйымдардың) қаражаты және мүше мемлекеттердің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
30. Осы Ереженің 8-тармағының "а", "б", "г" - "е" тармақшаларында, 27 және 28-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар форум өткізуге көзделген, тиісті қаржы жылына арналған Одақ бюджетінің қаражаты есебінен өткізіледі.
31. Осы Ереженің 11-тармағының "в" - "и" тармақшаларында көрсетілген іс-шаралар форум өтетін ел бюджетінің қаражаты және бюджеттен тыс көздерден алынған қаражат есебінен өткізіледі.
32. Осы Ереженің 11-тармағының "б" тармақшасында көрсетілген іс-шара форумды өткізуге көзделген, тиісті қаржы жылына арналған Одақ бюджетінің қаражаты және (немесе) форум өтетін ел бюджетінің қаражаты есебінен осы Ереженің 26-тармағында көрсетілген форумды өткізуге арналған алаңға (алаңдарға) қойылатын талаптар ескеріле отырып қаржыландырылады.
33. Форум өтетін елдің және кәсіпорындардың (ұйымдардың) бастамасы бойынша ұйымдастырылатын іс-шараларды қаржылай қамтамасыз етуді тиісінше форум өтетін ел және кәсіпорындар (ұйымдар) дербес жүзеге асырады.
34. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары басшылары мен өкілдерінің форумның ұйымдастыру комитетінің отырыстарына және форумның іс-шараларына қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберетін мүше мемлекеттер көтереді.
35. Халықаралық, қоғамдық, ғылыми және өзге де ұйымдар өкілдерінің форумның ұйымдастыру комитетінің отырыстарына және форумның іс-шараларына қатысуына байланысты шығыстарды осы ұйымдар көтереді.
36. Форумға үшінші елдер үкіметтерінің басшылары мен мүшелерінің қатысуына байланысты шығыстарды тиісті елдер көтереді.
X. Форумның өткізілгені туралы есеп
37. Комиссия форум өткізілгеннен кейін бір ай ішінде мүше мемлекеттерге оператормен және форум өтетін елмен бірлесіп дайындалған және мынадай ақпаратты қамтитын форумның өткізілгені туралы есепті жібереді:
а) форум нәтижелері;
б) форумға қатысушылардың жалпы саны (адам);
в) форумға қатысқан мүше мемлекеттердің саны;
г) форумға қатысқан үшінші елдердің саны;
д) форум шеңберінде ұйымдастырылған көрмелік және іскерлік іс-шаралар саны;
е) мынадай шығыстарға қатысты қаржыландыру көлемі мен көздерін көрсете отырып, форумды ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар сметасының нақты орындалуы:
пиар-сүйемелдеу шығыстары;
форумға қатысушыларды тіркеуге арналған шығыстар;
"Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде форум сайтын жүргізуге арналған шығыстар;
форум алаңының (алаңдарының) дизайнын әзірлеуге және безендіру арналған шығыстар;
ілеспе аудармаға арналған шығыстар;
форум өткізу үшін алаңдарды (алаңдарды) қаржыландыруға арналған шығыстар;
форумды өткізу кезеңінде оған қатысушылардың тамақтануын ұйымдастыруға арналған шығыстар;
форумның іскерлік бөлігін өткізуге арналған шығыстар;
форум өткізілетін елдің шығыстары;
форумның көрмелік және іскерлік іс-шараларына қатысқан кәсіпорындардың (ұйымдардың) шығыстары (мәліметтер болған жағдайда);
өзге шығыстар;
ж) өзге ақпарат (мүше мемлекеттердің сұрау салуы бойынша).
XI. Қорытынды ережелер
38. Осы Ережеде реттелмеген барлық мәселелерді форумның ұйымдастыру комитеті Одақ құқығына және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өз құзыреті шеңберінде шешеді.