Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім
(Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі,
1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,
пайдаланылатын авиациялық парктердің бірқилылығын, ұшу қауіпсіздігінің жағдайына ортақ алаңдатушылықты және авиациялық оқиғаларды болдырмау жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыруды назарға ала отырып,
авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстарды тергеуде және болдырмауда қолданылатын жүйелерге қатысты өзара сенім қағидаттарына негізделе отыра,
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстар туралы мәліметтерді тапсыру мен тергеу рәсімдерін жетілдірудегі өзара мүдделілікті мойындай отырып,
өз қарым-қатынастарын достық пен әріптестік өзара әрекеттестік рухында құруға деген ұмтылысын растай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
"авиациялық оқиға" - мемлекеттік әуе кемесінің ұшу эксплуатациясымен байланысты осы әуе кемесінің бортындағы қандай да бір адамның опат болуына (өлімге әкелетін дене зақымдарына) және (немесе) осы әуе кемесінің шығынына әкеліп соқтырған оқиға;
"авиациялық қақтығыс" - мемлекеттік әуе кемесінің ұшу эксплуатациясымен байланысты осы әуе кемесінің бүтіндігіне және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қауіп-қатер туғызуы мүмкін немесе туғызған, бірақ соңы авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға;
"мемлекеттік әуе кемесі" - әскери, шекара, милиция, кеден және басқа да мемлекеттік қызметті жүзеге асыру үшін, сондай-ақ жұмылдыру-қорғаныс міндеттерін орындау үшін пайдаланылатын әуе кемесі;
"күрделі авиациялық қақтығыс" - мемлекеттік әуе кемесінің бортындағы адамдардың кем дегенде біреуінің денсаулығына зақым келтірілген немесе мән-жайлары авиациялық оқиғаның орын ала жаздағанын көрсететін авиациялық қақтығыс;
"мемлекеттік әуе кемесі зақымданған күрделі авиациялық қақтығыс" - зақым алған әуе кемесінің қалпына келтірілуі мүмкін және экономикалық жағынан мақсатты болатын авиациялық қақтығыс.
2-бап
Тараптар мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мәселелеріндегі ынтымақтастықты тең құқықтық, әріптестік және өзара мүдделерді есепке алу қағидаттарында жүзеге асырады.
3-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың өкілетті органдары мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен - Қазақстан Республикасының Әуе қорғанысы мен мемлекеттік авиация күштерінің Ұшу қауіпсіздігі қызметі;
Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен - Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштері Біріккен штабының Ұшу қауіпсіздігі басқармасы.
Тараптар өздерінің өкілетті органдарының атауларында өзгерістер жөнінде бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді.
4-бап
Тараптар өздерінің өкілетті органдары арқылы:
авиациялық оқиғадан кейін бір тәулік ішінде авиациялық оқиғаның дерегі туралы ақпаратпен өзара алмасуды, ал оның себептері туралы - тергеу аяқталғаннан кейін 5 тәулік ішінде жүзеге асырады;
бір-біріне мемлекеттік әуе кемелерін зақымдаудың күрделі авиациялық қақтығыс дерегі туралы ақпаратты оны анықтағаннан кейін 5 тәулік ішінде, ал оның себептері жөнінде тергеу аяқталғаннан кейін 15 тәулік ішінде жолдайды;
әрбір жарты жыл сайын бір-біріне авиациялық оқиғалар мен күрделі авиациялық қақтығыстар туралы ақпараттық басылымдарды береді;
бір-біріне ұшу қауіпсіздігі бойынша алдын-алу жұмысын өткізу туралы әдістемелік материалдарды береді;
әскери ынтымақтастық шегіндегі екінші тараппен өткізілетін, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған (ұшу қауіпсіздігі жөніндегі конференцияларға, ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жиындарға, әдістемелік жиындарға және т.б.) іс-шараларға қатысады;
тәуелсіз мемлекеттер достастығы шегінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық техникалардың беріктігі туралы біркелкі ақпараттық жүйені құруға жәрдемдеседі;
ұшу қауіпсіздігі саласындағы алдын алу жұмысын жүргізу тәжірибесін үйрену (алмасу) мақсатында мамандар делегациясымен алмасады.
Мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен күрделі авиациялық қақтығыстар туралы ақпарат алмасу орыс тілінде жүзеге асырылады.
Өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру тәртібі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен айқындалады.
5-бап
Тараптармен әр түрлі бағыттағы екі жақты оқу-жаттығулар өткізу кезінде авиацияның ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды бірлескен бақылау тобы жүзеге асырады.
Бірлескен бақылау тобын құру және оның жұмыс істеу тәртібі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен айқындалады.
6-бап
Тараптар екі мемлекеттің де авиациялық персоналы тартылған Қазақстан Республикасының немесе Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстарды тергеуді Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бірлескен комиссия жүзеге асырады.
Бірлескен комиссияны құру тәртіптері, оның қызметін қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері және көрсетілген авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстарды тергеудің тәртібі жеке келісіммен айқындалады.
7-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындаумен байланысты барлық шығындарды өздері көтереді.
8-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру кезінде мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес береді және қорғауды қамтамасыз етеді.
Құпия ақпаратты беру Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Құпия ақпаратты беру деректері Тараптардың өкілетті органдарының хаттамаларында жазылады.
Тараптардың өкілетті органдары берілетін құпия ақпаратқа құпиялылық шегінің белгісін қояды, ол мынадан төмен болмауы тиіс:
Қазақстан Республикасында - "Қызметте пайдалану үшін";
Өзбекстан Республикасында - "Қызметте пайдалану үшін".
Құпия ақпаратты алған Тараптардың бірінің өкілетті органы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат оны берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа берілмейді.
9-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісімді қолданумен немесе түсіндірумен байланысты даулы мәселелер Тараптардың өкілетті органдарының арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
11-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл мерзімге жасалады. Егер де тиісті мерзімнің аяқталуына дейінгі алты айдың ішінде Тараптардың бірі басқа Тарапты оның әрекетін тоқтату жөніндегі өзінің ниеті туралы хабардар етпесе, оның қолданысы келесі жылдық мерзімдерге автоматты түрде ұзартылады.
2006 жылғы 4 қыркүйекте Астана қаласында, әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
(Қолдары)