Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабандаға және кеден заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2017 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 1, 2-құжат)
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті, бұдан әрі Тараптар деп аталып,
1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісім, 1994 жылғы 8 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтерінің өзара іс-қимылы және кеден қызметтерінің есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім, 1988 жылғы 20 желтоқсандағы БҰҰ есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының ережелерін басшылыққа ала отырып,
Тараптардың контрабандаға және кеден заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастықты және әкімшілік өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында,
Контрабанда, сондай-ақ кеден ісі саласындағы бұзушылық экономикалық, сауда, қаржылық, әлеуметтік, мәдени мүдделерге залал келтіретінін және Тарап мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін назарға ала отырып,
есірткі құралдарының және психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымының ауқымына және өсу үрдісіне алаңдаушылықты білдіре отырып және олардың Тарап мемлекеті халқының өмірі мен денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретінін сезіне отырып,
жалпыға бірдей танымал қағидаларды және халықаралық құқық нормаларын және Тарап мемлекетінің заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
“кеден заңнамасы” - Тараптар мемлекеттерінің тауарларды, жолаушылардың қол жүгі мен багажын, валюта және басқа бағалы заттарды, халықаралық пошта және курьерлік жөнелтілімдерді әкелу, әкету, транзит, кедендік баждарды, алымдарды және басқа да төлемдерді өндіріп алу, кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер ұсыну, сондай-ақ Тараптар мемлекетінің кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуді бақылау тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілер жиынтығы;
“кеден заңнамасын бұзу” - Тараптар мемлекетінің заңнамасымен белгіленген кеден қағидаларын кінәлінің құқыққа қайшы сақтамауы;
“контрабанда” - Тараптар мемлекетінің кедендік шекарасы арқылы кедендік бақылаудан тыс немесе жасырын не құжаттарды немесе кедендік идентификаттау құралдарын алдап пайдалану не кедендік шекара арқылы алып өтуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған, олар қатысты Тарап мемлекеттерінің кедендік шекаралары арқылы өткізудің арнайы тәртібі белгіленген тауарларды, бұйымдарды, заттарды, материалдарды декларацияламай немесе дұрыс емес декларациялаумен байланысты өткізу;
“есірткі құралдары” - 1961 жылы кейіннен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, БҰҰ Есірткі құралдары туралы Бірыңғай Конвенция тізіміне енгізген заттар;
“психотроптық заттар” - 1971 жылы кейіннен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, БҰҰ Психотроптық заттар туралы Бірыңғай Конвенция тізіміне енгізген заттар;
“прекурсорлар” - халықаралық конвенцияларда есірткі құралдары мен психотроптық заттар өндіру үшін пайдаланылатын химиялық материалдар ретінде сыныпталатын заттар мен оның тұздары;
“тұлға” - жеке немесе заңды тұлға;
“тұлғалар туралы мәліметтер” - анықталған немесе анықталып жатқан тұлғаға қатысты кез-келген деректер;
“сұрау салушы Тарап” - мәліметтерге сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы;
“сұрау салынған Тарап” - мәліметтерге сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы;
“жеке деректер” - анықталған немесе анықталып жатқан жеке тұлғаға қатысты оның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер.
2-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес, сондай-ақ контрабанданың және кеден заңнамасын бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және тергеу мақсатында, бірінші кезекте қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы саласында ынтымақтастықта болады.
Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін қарастырмайды.
3-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша:
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінен - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;
Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитетінен - Контрабандаға қарсы күрес жөніндегі Бас басқарма Тараптардың уәкілетті органдары болып табылады.
Жоғарыда аталған уәкілетті бөлімшелердің атауы және (немесе) функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабарландырылады.
4-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде контрабандаға және кеден заңнамасын бұзушылыққа қарсы күресте ынтымақтастықты және әкімшілік өзара көмекті:
кеден заңнамасын бұзған немесе бұзуды жасауда күдікті болып танылған немесе қарудың, оқ-дәрінің, жарылғыш заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына тартылған тұлғаларға қатысты ақпаратты ұсыну және тексеру бойынша көмек көрсету;
кеден заңнамасын бұзу мақсатында пайдаланылғаны немесе пайдаланудағы күдікті ретінде белгілі немесе қарудың, оқ-дәрінің, жарылғыш заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қатысты тауарлар, көлік құралдары, пошта және курьерлік жөнелтілімдер бойынша ақпараттарды ұсыну және тексеруде көмек көрсету;
контрабандалық тауарлар және қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттарды, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын заңсыз өткізуді анықтау фактілері туралы ақпаратты ұсыну; қолданыстағы кеден заңнамалары туралы ақпаратпен алмасу; контрабандаға және кеден заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес әдістері мен тәсілдері туралы ақпаратпен алмасу;
есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын өндірудің жаңа түрлері мен орындары, заңсыз өткізу мен жасыру тәсілдері туралы ақпаратпен алмасу;
қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды заңсыз өткізу маршруты мен жасыру тәсілдері туралы ақпаратпен алмасу;
кедендік бақылау техникалық құралдарын пайдалану және кинологиялық қызмет тәжірибелерімен алмасу;
контрабандаға, қарудың және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері бойынша ғылыми мақалалармен және оқу көрнекі құралдармен алмасу;
есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын идентификаттау және зертханалық талдау саласында ақпаратпен алмасу;
қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес саласында оқыту және тәжірибе алмасу мақсатында мамандармен алмасу арқылы жүзеге асырады.
5-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың нәтижесінде алынған ақпараттарды Тараптың кез-келгенінің мүддесіне нұқсан келтіре отырып пайдалануға болмайды.
Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған немесе сатып алған ынтымақтастық туралы ақпаратты екінші Тараптың алдын-ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаға, соның ішінде халықаралық ұйымдарға және шетелдік заңды және (немесе) жеке тұлғаларға бермеуге міндеттенеді.
6-бап
Осы Келісім негізінде жолданған сұрау салулар жазбаша нысанда баяндалуға тиіс. Сұрау салуға оны орындау үшін қажетті құжаттар қоса берілуге тиіс. Кідіртуге болмайтын жағдайда қорғалған байланыс арналары арқылы сұрау салулар бірінші электронды нұсқада жолдануы кейін расталған жазбаша нысанда жолдануы мүмкін.
Осы Келісімге сәйкес сұрау салулар мынадай ақпараттарды: сұрау салушы Тараптың және сұрау салынған Тараптың атауын; сұрау салынған шараларды;
сұрау салуды жолдау тақырыбы мен себебін, негіздерін; іске қатысты заңдарды, қағидалар мен өзге де құқықтық фактілерді; тергеу жүргізіліп отырған тұлғалар туралы барынша нақты және толық мәліметтерді;
істің мән-жайына қатысты егжей-тегжейлі мазмұнды; осы Келісімге сілтемені;
сұрау салынатын құжаттар мен мәлімет тізімін қамтуға тиіс.
Сұрау салу түскен күнінен бастап, бір айдан аспайтын мерзімде ол орындалады. Сұратылған ақпараттың ұсыну мерзімін қысқарту қажет болған жағдайда, сұрау салу мәтінінде себептері көрсетілуге тиіс.
Мұндай жағдайда сұрау салуды орындау мерзімі екі аптаға дейін қысқаруы мүмкін.
Егер сұрау салынатын Тарапта сұрау салынған ақпарат болмаған жағдайда, соның ішінде өзге мемлекеттік органдардан ақпарат алу қажет болған жағдайда, өз мемлекетінің заңнамаларына сәйкес өз атынан әрекет етіп, осы ақпаратты алуға шаралар қабылдайды. Бұл жағдайда сұрау салудың орындалу мерзімі екі айға дейін созылуы мүмкін.
Белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыру туралы сұрау салулар сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес және ережелерін ескере отырып орындалады.
Сұрау салынған ақпаратты жолдау мүмкін болмаған немесе оны ішінара орындау мүмкін болған жағдайда, сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа дереу бұл туралы хабарлауға тиіс.
Осы Келісімге сәйкес ақпаратпен алмасу орыс тілінде жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптар осы Келісім негізінде тұлғалар туралы мәліметтермен алмасу кезінде олардың мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жеке деректерді қорғалуын қамтамасыз етеді.
8-бап
Егер Тараптардың бірі сот және әкімшілік қарауларды жүргізу кезінде куәгер немесе сарапшы ретінде екінші Тараптың лауазымды тұлғасын қатыстырғысы келсе, онда ол тиісті сұрау салумен екінші Тарапқа жүгінуге құқығы бар. Сұрау салынатын Тарап бас тарту себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқылы.
Тараптардың бірінің лауазымды тұлғалары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңінде өзінің ресми өкілеттігін растаушы құжаттары болуға тиіс.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша, осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделген және оның ажырамайтын бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Әр Тарап осы Келісімнің ережелерін жүзеге асырумен байланысты шығыстарды дербес көтереді.
Осы Келісімнің ережелері олар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын, Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қарастырмайды.
11-бап
Осы Келісімді талқылау және қолдану кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер консультация және келіссөздер арқылы шешіледі.
12-бап
Осы Келісім қол қойған күнінен бастап күшіне енеді және бір Тараптың екінші Тараптан осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап, алты ай өткенге дейін қолданылады.
Осы Келісім күшіне енген күннен бастап, мынадай халықаралық шарттар:
1998 жылғы 23 наурызда Ташкент қаласында жасалған, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кеден комитеті мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабанда, кеден қағидасын бұзу және есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған өзара іс-қимыл және бірлескен іс-шаралар жүргізу тәртібі туралы келісім;
1994 жылғы 9 ақпанда Алматы қаласында жасалған, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік салық комитеті арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, есірткі және психотроптық құралдардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім;
1994 жылғы 9 ақпанда Алматы қаласында жасалған, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік салық комитеті арасындағы контрабандаға және кедендік қағиданы бұзушылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім өзінің қолданысын тоқтатады.
2017 жылғы 16 қыркүйектегі Ташкент қаласында екі данада қазақ, өзбек және орыс тілдерінде жасалды. Бұған қоса, барлық мәтін тең түпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан | Өзбекстан |
Республикасы | Республикасының |
Қаржы министрлігі үшін | Мемлекеттік кеден |
комитеті үшін | |
(Қолдары) |