Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.09.09 N 917 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2004 жылғы 21 шілдедегі
N 779 қаулысымен
бекiтiлген
Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігін бағалауды жүргiзу epeжeci
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалауды жүргізу ережесi (бұдан әрi - Ереже) бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлау, атқару процесiнде олардың тиiмдiлiгiн бағалауды жүргiзу тәртiбiн және көрсеткiштерiнiң жүйесiн айқындайды.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.08.20. N 716 Қаулысымен.
2. Бюджеттiк бағдарламалардың тиімдiлігін бағалауды бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi, бюджеттi жоспарлау , бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.08.20. N 716 Қаулысымен.
3. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалау iске асырылатын бағдарламалардың түпкi мақсатына қол жеткiзу дәрежесiн айқындау үшiн шығыстардың тиiмдiлiк, уақтылылық, сапа, нәтижелiлiк өлшемдерi қолданыла отырып жүргiзiледi.
Тиiмділік өлшемi - бұл мемлекет ұсынған қызметтер (орындалған жұмыстар) бiрлiгiне болған шығыстардың көлемiн сипаттайтын сандық көрсеткiш.
Уақтылылық өлшемi - iс-шараларды (тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулердi сатып алу) орындаудың белгiленген мерзiмдерiн ескере отырып, бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын сипаттайтын көрсеткiш.
Сапа өлшемi - мемлекеттiк қызмет көрсетулердi алушылардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру деңгейiн (сапасын) сипаттайтын көрсеткiш.
Нәтижелiлiк өлшемi - бюджеттiк бағдарламалардың мақсатына қол жеткiзу деңгейiнiң (дәрежесiнiң) көрсеткiшi.
Нәтижелiлiктi бағалау бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi қызметiнiң тiкелей және соңғы нәтижесiн айқындау жолымен қамтамасыз етіледi.
Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiсi қызметiнiң тiкелей нәтижесi - бұл бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң есептi кезеңде ұсынған қызметтерiнiң (орындалған жұмыстарының) көлемiн сипаттайтын сандық көрсеткiш.
Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi қызметiнiң соңғы нәтижесi - бұл бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджетті атқару процесiнде мемлекеттiк саясат мақсаттарына қол жеткiзуiн сипаттайтын сапалық көрсеткiш.
Көрсетілген өлшемдер өлшенетiн және тексерілетiн болуы тиiс.
Жоғарыда аталған өлшемдер арқылы:
бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлау сатысында олардың есебiн және негiздемесiн талдау;
бюджеттiк бағдарламалардың ағымдағы атқарылуын және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық жағдайына олардың ықпал етуiн талдау;
бюджеттік бағдарламаларды iске асыру мен бақылаудың барлық сатыларында оларды атқарудың неғұрлым тиiмдi және нәтижелi әдiстерi мен тәсiлдерiн әзiрлеу жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерi осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігін бағалаудың әрбiр өлшемi бойынша түрлi көрсеткiштердi айқындайды.
5. Бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігін бағалаудың сапалы деңгейiн және бағдарламаны iске асырудың жоғары нәтижелерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ететiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілерiне тиiстi бюджет комиссиясының шешiмi бойынша алдағы қаржы жылына қосымша бюджет қаражаты көзделуi мүмкiн.
2. Бюджеттік бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалауды
жүргізу тәртiбi
6. Бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігін бағалауды:
бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілерi бюджет үш сатыда (бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде, бюджеттің атқарылуы кезiнде, бюджеттiң атқарылуын iшкi бақылау кезiнде);
бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi уәкілеттi орган;
бюджеттiң атқарылуы кезiнде бюджеттi атқару жөнiндегі уәкілеттi орган;
бюджеттiң атқарылуын ішкi бақылау кезiнде ішкi бақылау жөніндегi уәкілетті орган жүргiзедi.
3. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалауды жүргізуi
7. Республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерi (бұдан әрi - бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi) бағдарламалардың орындалуының тұрақты мониторингі, ағымдағы ахуалды талдау және тиістi саладағы (сектордағы) ахуалдың өзгеруi негiзiнде өздерi әкiмшілік ететін бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігін ішкі бағалауды, соның iшiнде мақсатты трансферттердi аударумен және пайдаланумен байланысты бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігін бағалауды жүзеге асырады.
Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігін бағалауды:
1) алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзiмдi фискалдық саясатты (бұдан әрi - ОФС) әзiрлеу кезінде жүзеге асырады.
Бұл ретте бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi:
мемлекеттік басымдықтар мен әлеуметтік-экономикалық дамудың мiндеттеріне сәйкес бағдарламаның орындылығын бағалауды қоса алғанда, бағдарламаның толық негiздемесiмен бюджеттiк бағдарламаны бағалауды;
бағдарламаны iске асырудың ұсынылып отырған тәсiлi нелiктен неғұрлым тиiмдi және өнiмдi болып табылатындығының себептерін көрсете отырып, ұсынылып отырған бағдарламаны iске асырудың ықтимал тәсiлдерiн бағалауды;
осы Ереженiң 8-тармағына сәйкес бағдарлама нәтижелерінiң тиімділілiк, уақтылылық, сапа және нәтижелілiк өлшемдерi бойынша алдағы үш жылдық кезеңде жоспарланып отырған көрсеткiштерін, олардың бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілеттi органға берiлген өткен кезеңдегi нақты көрсеткiштермен салыстырылуын ұсынады.
ОФС әзiрлеу кезiнде бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi бюджеттiк бағдарламалардың тиімділiгін бағалау нәтижелерi ағымдағы жылдың наурызына дейiн бюджетте жоспарлау жөнiндегi уәкілетті органға ол белгiлейтiн нысан бойынша ұсынылады;
2) бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есептi жасау және оны бюджетті атқару жөнiндегi уәкілетті органға есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 ақпанына дейiнгi мерзiмде соңғысы белгілейтiн нысан бойынша ұсыну арқылы бюджеттiң атқарылуы процесiнде жүзеге асырады.
Көрсетiлген есепте осы Ереженiң 8-тармағына сәйкес есептi кезеңдегi нақты көрсеткіштердi көрсету қажет.
3) ішкi бақылау қызметтерi жүзеге асыратын iшкi бақылауды жүргiзу процесiнде жүзеге асырады.
8. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілерi осы Ереженiң 3-тармағында көрсетілген шығыстардың тиімділiк, уақтылылық, сапа, нәтижелілiк өлшемдерiн ескере отырып, бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділiгін бағалауды мынадай бағыттар бойынша жүргiзедi:
1) бюджеттiк бағдарламаны iске асырудың экономикалық тиімділігін бағалау тиiмділiк өлшемiн қолдана отырып жүзеге асырылады.
Бюджеттiк бағдарламаны iске асырудың экономикалық тиiмділігі бюджеттiк бағдарламаның мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажеттi бюджет қаражатының оңтайлы көлемiн пайдаланумен қамтамасыз етіледi.
Бюджеттiк бағдарламаны iске асырудың экономикалық тиiмділігі:
мемлекет ұсынатын қызметтер (орындайтын жұмыстар) бiрлігiне арналған шығындардың жоспарланатын көлемiн өткен кезеңде бюджеттiк бағдарламаны iске асыру барысында мемлекет ұсынған қызметтер (орындаған жұмыстар) бiрлігіне нақты жұмсалған шығындар көлемiмен немесе басқа бағдарламалар бойынша осыған ұқсас шығындармен салыстыру;
соңғы үш жыл iшiнде бюджеттiк бағдарламаны iске асыруға арналған шығындар серпінін талдау жолымен айқындалады;
2) бюджеттік бағдарламаны басқару тиiмділiгін бағалау.
Бюджеттік бағдарламаны басқару тиiмділігі уақтылылық өлшемiн қолдана отырып:
қаржыландыруға ұсынылатын iс-шараларды толық көлемде орындау негiздемесi;
жоспарланған, бюджеттiк бағдарламаның паспортында көзделген iс-шаралармен салыстырылған сандық көрсеткіштер мен сапалық сипаттамаларды көрсете отырып, есептi кезеңде нақты орындалған iс-шараларды талдау;
бюджеттік бағдарлама шеңберiнде iске асырылған iс-шаралардың жоспарланған iс-шаралардан ауытқу себептерiн анықтау;
жекелеген бюджеттік бағдарлама бойынша:
бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарына сәйкес төлемдер бойынша бюджет қаражатын игерудiң уақтылығын;
бюджет қаражатының игерiлмеуіне алып келген факторларды талдауды көрсететін қаражатты игеру мониторингi.
Бұл ретте бюджет қаражатының есептi кезеңде игерiлмеген сомасы бюджеттік бағдарламаның есептi кезеңдегі шығыстарын кассалық атқару сомасы мен сол кезеңдегі төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарының сомасы арасындағы айырмашылық ретiнде айқындалады;
бюджеттік бағдарлама бойынша кредиторлық және дебиторлық борыштың болуы себептерiн талдау жолымен айқындалады;
3) бюджеттік бағдарламаны iске асырудың сапасын бағалау оны iске асыру барысында сапа өлшемiн қолдана отырып:
мемлекеттiк қызмет көрсетулердi алушылардың қажеттілігін қанағаттандыруға қол жеткiзудің жоспарланатын және нақты деңгейiн белгілеу, оларды салыстыру және серпiнi;
ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапасының төмен болуын талдау жолымен жүргiзіледi;
4) нәтижелілікті бағалау нәтижелілiк өлшемiн ескере отырып:
бюджеттік бағдарлама бойынша жоспарланған iс-шаралар бюджеттiк бағдарламаның мақсатына қол жеткiзуге қаншалықты және қандай жолмен ықпал ететінін талдау;
осы Ереженiң 3-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламалардың әкімшiсi қызметiнiң тiкелей және соңғы нәтижесін айқындау жолымен қамтамасыз етіледi.
9. Бюджеттiк бағдарламалардың әкімшілерi бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігін бағалаудың қосымша өлшемдерi мен көрсеткiштерiн айқындауы мүмкін.
4. Бюджет жобасын әзірлеу кезiнде бюджеттiк
бағдарламалардың тиімділігін бағалау
10. Бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың тиімділігін бағалау бюджет қаражатының тиiмдi, нақтылы бөлiнуiне қол жеткiзу мақсатында жүзеге асырылады.
11. Республикалық бюджеттiң немесе жергілiктi бюджеттердің қаражаты есебiнен қаржыландырылуға ұсынылатын бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау:
1) бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi жүргiзген бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалаудың нәтижелерi;
2) бюджетті атқару жөнiндегі уәкiлеттi орган жүргiзген бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерi;
3) бюджеттiң атқарылуын iшкi бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргізген тиімділікті бақылау нәтижелері;
4) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттiк өтiнiмдерi негiзiнде жүргізіледі.
12. Бюджетті жоспарлау жөнiндегі уәкілетті орган осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген шығыстардың тиiмдiлiк, уақтылылық, сапа, нәтижелiлiк өлшемдерiн ескере отырып, бюджеттік бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалауды мынадай бағыттар бойынша жүргiзедi:
1) iске асырылуы нормативтiк құқықтық актiлерге (заңнамалық кесiмдерi, мемлекеттiк, салалық (секторалдық), өңірлік бағдарламалар, өзге де нормативтік құқықтық кесімдер) сәйкес көзделетiн бюджеттiк бағдарламаның оларға сәйкестігін бағалау;
2) бюджеттiк бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерiн бағалау. Бюджеттiк бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi олардың жоспарланып отырған кезеңдегi орындылығына, айқын баяндалғанына, нақтылығына, бюджетті атқару қорытындылары бойынша олардың қол жетімділігін тексеру мүмкiндігiне, өткен кезеңде iске асырылған бюджеттiк бағдарламалармен сабақтастығына және салыстырымдылығына қатысты қаралады;
3) нақтылығы (белгіленген мерзiмдерде iске асыру мүмкiндігі) қойылған мақсаттар мен мiндеттерге сәйкестiгі, көрсетілген сандық және сапалық сипаттамалардың толықтығы (сандық және сапалық көрсеткiштер бюджеттiк бағдарламалардың қойылған мақсаттары мен мiндеттерiне қол жетімділігін бағалауға мүмкіндік бере ме, оларды бюджетті атқарудың қорытындылары бойынша тексеру мүмкін бe), жоспарланып отырған іс-шаралардың өткен кезеңде iске асырылған іс-шаралармен сабақтастығы мен салыстырымдылығы тұрғысынан қаралатын бюджеттік бағдарламаны iске асыру жөнiндегi іс-шараларды бағалау;
4) бюджеттiк бағдарламаларды iске асырудың жоспарланып отырған кезеңде күтілетін нәтижелерін олардың бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкестiгiне, нақтылығына, олардың болуын бюджеттік бағдарламаның орындалу қорытындылары бойынша тексеру мүмкiндiгiне, өткен кезеңде алынған нәтижелермен сабақтастығы мен салыстырымдылығына қатысты бағалау;
5) бюджеттік бағдарламалардың құнын есептеулердiң дұрыстығы мен негізділігiне, шығыстардың келтiрiлген лимиттерiне сәйкестігіне, үнемділiгiне, жоспарланған iс-шараларға сәйкестiгiне қатысты бағалау;
6) бюджеттік бағдарламалардың өткен жылдарда орындалуының нәтижелерiн бағалау.
13. Бюджеттік бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалау нәтижелерi бюджеттік жоспарлау жөнiндегi уәкілетті органның бюджет комиссиясының қарауына ұсынылатын қорытындысында баяндалады, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне жiберiледi.
14. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділiгiн бағалау нәтижелерi бойынша бюджет комиссиясы аталған бағдарламаны мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыру (қаржыландырмау) туралы немесе оны пысықтау туралы тиістi шешiм қабылдайды.
5. Бюджетте атқару кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігін бағалау
15. Бюджетті атқару кезiнде бюджеттік бағдарламалардың тиiмділiгiн бағалауды бюджеттiк бағдарламалардың сапа деңгейi мен уақтылы iске асырылуын және бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң олардың орындалуына жауаптылығын арттыру мақсатында бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлетті орган жүргiзедi.
Бюджеттi атқару кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділiгiн бағалаудың негiзгі міндеттерi:
бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылу барысын бағалау;
қаражатты тиiмдi және нәтижелi жұмсауды бағалау;
бюджеттiк бағдарламаларды iске асырудың тиiмділiгiн арттыру және оларды одан әрi қаржыландыру жөнінде ұсыныстар әзiрлеу;
бюджет қаражатын басқару кезiнде бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi iс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.
16. Бюджетті атқару кезiнде бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігiн бағалау қаржы жылының қорытындылары бойынша жүргiзiледi.
17. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілеттi орган республикалық бюджеттің немесе жергілiктi бюджеттердің қаражаты есебiнен қаржыландырылатын бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалауды:
бюджеттік бағдарламаның паспорты;
республикалық немесе тиiстi жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептер;
бюджеттік бағдарламаның iске асырылуы туралы бюджеттік бағдарламаның әкімшiсi ұсынатын есептер;
бюджеттік бағдарламалардың әкiмшісi жүргiзген бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділiгiн бағалау нәтижелерi;
республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң кредиторлық және дебиторлық берешектерi туралы есептер;
басқа да ақпараттар негiзiнде жүргiзедi.
18. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілетті орган осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген шығыстардың тиімділік, уақтылылық, сапа, нәтижелілiк өлшемдерiн ескере отырып, бюджеттiк бағдарламаның тиiмділігін бағалауды жүргiзедi.
19. Бюджетті атқару жөнiндегi уәкілеттi орган бюджеттiк бағдарламаның тиiмділігін бағалау нәтижелерi бойынша оны iске асырудың тиiмдiлiгiн одан әрi арттыру, оны бұдан әрi iске асырудың орындылығы немесе оны iске асыруға арналған бюджет қаражатын қысқарту жөнiнде ұсыныстарды тұжырымдайды және бюджетте атқару жөнiндегi уәкілеттi органның басшысы қол қоятын қорытынды (жалпы қорытынды) дайындайды, онда:
бюджеттiк бағдарламалардың тиімділiгiн бағалау нәтижелерi;
бюджеттік бағдарламаларды iске асырудың тиімділігiн арттыру, оларды бұдан әрi iске асырудың орындылығы немесе оларды iске асыруға арналған бюджет қаражатын қысқарту жөнiнде ұсынымдар көрсетiледi.
20. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілетті органның бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілерi жүргiзген бюджеттік бағдарламаны iске асырудың тиiмділігін бағалау нәтижелерi бойынша қорытындысы есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 сәуiрiне дейiн тиiстi бюджет комиссиясына, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілеріне табыс етіледi.
6. Бюджеттiң атқарылуын iшкi бақылау кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігiн бағалау
Ескерту. 6-бөлім алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.08.20. N 716 Қаулысымен.