Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2015 № 745 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/159 бұйрығын қараңыз.
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 5 қаңтардағы
N 2 қаулысымен
бекiтiлген
Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу (бұдан әрі – шектеулер мен тыйым салулар) тәртібін айқындайды.
2. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау және өсімін молайту мақсатында белгіленеді.
3. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау мақсатында олардың мекендеу ортасы ареалдарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.
4. Шектеулер мен тыйым салулар:
1) аумақ бойынша: Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, өңiраралық, бассейндік деңгейде, жекелеген аумақтық әкiмшiлiк бiрлiктердiң немесе олардың бір бөлiктерiнің шекараларында, сондай-ақ жекелеген аңшылық алқаптарда, су айдындарда және (немесе) учаскелерде;
2) мерзiм бойынша: тұрақты (қолданылу мерзiмдерi көрсетiлмей) не белгiлi бiр мерзiмдерге;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын аулаудың әдiстерiн, тәсiлдерiн және құралдарын қолдану бойынша;
4) жануарлардың жекелеген түрлерiн немесе топтарын, олардың белгiлi бiр популяциясын алу нормаларын шектеу мен өзгерту қажеттiгi туындағанда жануарлардың түрлерi бойынша не жынысы немесе жасы бойынша;
5) жануарлар дүниесiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланушылар санын шектеу бойынша белгіленеді.
2. Шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу тәртібі
5. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) тиісті бюджеттік бағдарламалар шеңберінде әзірленген биологиялық негіздеменің түрінде немесе құрамында мамандандырылған ғылыми ұйымдар жануарлардың белгілі бір түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салулар бойынша берген ұсыныстардың түсуіне қарай шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу, сондай-ақ оларды түзетудің орындылығын қарайды.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.08.2013 N 825 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5-1. Уәкілетті орган жануарлар дүниесінің объектілерін сақтауға, сондай-ақ олардың мекендеу әрі көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған шектеулер мен тыйым салулар бойынша ұсынымдарды ескереді.
Ескерту. Қағидалар 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 23.08.2013 N 825 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен биологиялық негіздемелерге мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізеді.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.08.2013 N 825 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
7. Шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу, сондай-ақ оларды түзету орынды болған жағдайларда, уәкілетті орган биологиялық негіздемелерге және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелеріне сәйкес жануарлардың тиісті түрлеріне шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын (бұдан әрі - шешім жобасы) әзірлейді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.08.2013 N 825 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Уәкілетті орган әзірленген шешім жобасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі биологиялық негіздемелердің және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелерінің негізінде шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы шешім қабылдайды.
10. Белгіленген шектеулер мен тыйым салулардың орындалуын бақылауды уәкілетті органның тиісті ведомстволары және олардың аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.