"Жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу ережесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 қаңтардағы № 2 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 ақпандағы № 254 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 745 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2015 № 745 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу ережесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 қаңтардағы № 2 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 1, 3-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидаларын бекіту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 22 ақпандағы
№ 254 қаулысына   
қосымша        

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2005 жылғы 5 қаңтардағы
№ 2 қаулысымен  
бекітілген      

Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу (бұдан әрі – шектеулер мен тыйым салулар) тәртібін айқындайды.
      2. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау және өсімін молайту мақсатында белгіленеді.
      3. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау мақсатында олардың мекендеу ортасы ареалдарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.
      4. Шектеулер мен тыйым салулар:
      1) аумақ бойынша: Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, өңiраралық, бассейндік деңгейде, жекелеген аумақтық әкiмшiлiк бiрлiктердiң немесе олардың бір бөлiктерiнің шекараларында, сондай-ақ жекелеген аңшылық алқаптарда, су айдындарда және (немесе) учаскелерде;
      2) мерзiм бойынша: тұрақты (қолданылу мерзiмдерi көрсетiлмей) не белгiлi бiр мерзiмдерге;
      3) жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын аулаудың әдiстерiн, тәсiлдерiн және құралдарын қолдану бойынша;
      4) жануарлардың жекелеген түрлерiн немесе топтарын, олардың белгiлi бiр популяциясын алу нормаларын шектеу мен өзгерту қажеттiгi туындағанда жануарлардың түрлерi бойынша не жынысы немесе жасы бойынша;
      5) жануарлар дүниесiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланушылар санын шектеу бойынша белгіленеді.

2. Шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу тәртібі

      5. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа қаржы көздердің есебінен әзірленген биологиялық негіздеменің түрінде немесе құрамында тиісті ғылыми ұйымдармен жануарлардың белгілі бір түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салулар бойынша берілген ұсыныстардың түсу қарқынына қарай шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу, сондай-ақ белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды түзету мәселелерін қарастырады.
      6. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынылған биологиялық негіздемелерді мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жолдайды.
      7. Биологиялық негіздемелерге сәйкес және мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша уәкілетті орган жануарлардың тиісті түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын (бұдан әрі – шешім жобасы) әзірлейді.
      8. Уәкілетті орган әзірленген шешім жобасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі биологиялық негіздемелердің және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелерінің негізінде шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы шешім қабылдайды.
      10. Белгіленген шектеулер мен тыйым салулардың орындалуын бақылауды уәкілетті органның тиісті ведомстволары және олардың аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады