Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.20 № 1192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Ескерту. Қаулының тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
"Өрт қауiпсiздігі туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруi туралы ереже бекiтiлсiн.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2005 жылғы 16 сәуiрдегi
N 363 қаулысымен
бекiлген
Ескерту. Ереженің тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және
басшы құрамының қызмет өткеруі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегі министрлiгi Мемлекеттік өртке қарсы қызмет (бұдан әрi - ӨҚҚ) органдары қызметкерлерiнiң қызмет өткеру тәртiбiн белгiлейдi.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
2. ӨҚҚ қызметіндегі немесе кадрларындағы адамдарға мынадай арнаулы атақтар берiледi:
қатардағы құрам:
iшкi қызметтiң қатардағы жауынгерi;
кіші басшы құрам:
iшкi қызметтiң кiшi сержанты, iшкi қызметтің сержанты, iшкi қызметтің аға сержанты, iшкi қызметтің старшинасы, iшкi қызметтің прапорщигi, iшкi қызметтің аға прапорщигi;
орта басшы құрам:
ішкі қызметтің кiшi лейтенанты, iшкi қызметтің лейтенанты, iшкi қызметтің аға лейтенанты, iшкi қызметтің капитаны;
аға басшы құрам:
iшкi қызметтің майоры, iшкi қызметтiң подполковнигі, iшкi қызметтің полковнигі;
жоғары басшы құрам:
iшкi қызметтiң генерал-майоры.
3. ӨҚҚ қызметiне, өзiнiң кәсiби дайындығы, денсаулығының жай-күйi, дене дамуы мен бiлiм деңгейi бойынша оларға жүктелген қызметтік мiндеттердi атқаруға қабiлетті Қазақстан Республикасының 18-ден жас емес және 40-тан үлкен емес (қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына - 32 жастан үлкен емес) азаматтары қабылданады. Ерекше жағдайларда қажеттi бiлiмi, кәсiби дайындығының деңгейi бар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сай адамдарға қатысты өрт қауiпсiздігі саласындағы уәкiлетті орган басшысының шешiмiмен көрсетiлген жас мөлшерiн шектеу өзгертiледi.
Бұрын ӨҚҚ-дан босатылған және қайтадан қызметке қабылданған азаматтарға арналған жас мөлшерiн шектеу осы Ереженiң 11-тармағының талаптары негізге алына отырып айқындалады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрi - Министрлiк) жүйесiндегі оқу орнында оқуға орта бiлiмi бар, 18 жасқа толмаған адамдар қабылдануы мүмкiн.
Министрлiктiң жүйесiндегi оқу орнына қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрi (бұдан әрi - Министр) белгiлейдi.
ӨҚҚ-ға қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн iшкi iстер органдарының әскери-дәрiгерлiк комиссияларында медициналық куәландырудан өтедi.
4. Бұрын сотталған және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған адамдар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттар мен әдiлет органдарынан терiс дәлелдер бойынша босатылған адамдар өртке қарсы қызмет органдарына қызметке қабылдана алмайды.
5. ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы лауазымдарға адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындау жолымен орналастырылады.
Қатардағы және кiшi басшы құрамдағы лауазымдарға кемiнде ортадан төмен емес бiлiмi бар және мерзiмдi әскери қызмет өткерген азаматтар, сондай-ақ осы Ереженiң 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мерзiмдi әскери қызмет өткеруден босатылған немесе өткеру мерзiмi кейiнге қалдырылған азаматтар қабылданады. Бұл peттe, олар әскери есептен шығады және қорғаныс iстерi жөнiндегі департаментке (басқармаға, бөлiмге) растаушы құжаттар тапсырған кезде ӨҚҚ-ға арнаулы есепке тұрады.
Орта басшы құрамдағы лауазымдарға арнаулы орта, жоғары бiлiмi бар немесе жоғары оқу орындарының соңғы курстарында оқитын азаматтар (қызметкерлер тағайындалады) қабылданады.
Мерзiмдi әскери қызметке шақырылуы тиiс шақырылу жасындағы азаматтар тек жоғары бiлiмi болған кезде ғана орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға қабылдануы мүмкiн. Көрсетiлген азаматтар әскери есептен шығады әрi олар орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға аттестаттаудан өткеннен кейiн олардың тұрғылықты жерi бойынша қорғаныс iстерi жөнiндегі департаментке (басқармаға, бөлiмге) растаушы құжаттар тапсырғаннан кейiн ӨҚҚ-ға арнаулы есепке тұрады.
Аға және жоғары басшы құрамдағы лауазымдарға жоғары бiлiмi бар азаматтар (қызметкерлер тағайындалады) қабылданады.
6. ӨҚҚ қызметiне кандидаттарды iрiктеу тәртiбi мен шарттарын Министр белгілейдi.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олардың мәртебесiн пайдалануға және оған негізделген беделдi жеке басының, топтық немесе өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы ықтимал iс-қимылдар жасалуын болдырмау мақсатында заңнамада белгіленген шектеулердi өздерiне қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда тiркеледi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға әкеп соғады.
7. ӨҚҚ-ға қызметке қабылдауды мемлекеттiк өртке қарсы қызметтiң тиiстi аумақтық органдары мен мемлекеттiк мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының басшылары өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады әрi қызметкерлерге қол қойылып, жария етiлетiн бұйрықтармен ресiмделедi.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
8. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе ӨҚҚ кадрларына есепке алынған әскери мiндетті адамдар Министрлiк жүйесiндегі өрт-техникалық оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгіленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және ӨҚҚ-ның арнаулы есебiнде тұрады.
9. Алғаш рет ӨҚҚ-ға қызметке кiрген адамдар мiндеттi түрде өртке қарсы қызмет органдарының кәсiптiк мектептерi мен оқу пункттерiнде арнайы бастапқы оқытудан өтедi. Көрсетілген оқу орындарында бастапқы дайындықтан өтудiң тәртiбi мен шарттарын өрт қауiпсiздігі саласындағы уәкiлетті органның басшысы белгілейдi.
10. Министрлiк жүйесiндегі оқу орындарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ Министрлiк қаражаты есебiнен ақысы төленетiн, уәкiлетті мемлекеттiк органның жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң төтенше жағдайлар бағыты бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсетiн адамдар оқу орнында оқу мерзiмiне келiсiм-шарт жасасады. Келiсiм-шартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және уәкілеттi мемлекеттік орган лауазымды адамының) өзара мiндеттемелерi мен жауапкершiлiктерi белгіленедi. Келiсiм-шарт Министрлiк жүйесiндегі оқу орнына қабылдау туралы қабылдау комиссиясының шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiм-шарт нысанын, оны жасасу, өзгерту, мерзiмiн ұзарту, бұзу және тоқтату тәртiбiн Министр белгілейдi.
Министрлiк жүйесiндегі өрт-техникалық оқу орнын, өзге де мемлекеттердiң төтенше жағдайлар бағыты бойынша оқу орындарын бiтiрушiлер қызмет өткеру үшiн бөлiнiске сәйкес жiберiледi.
ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы жоғары бiлiмi бар адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Министрлiк жүйесiндегі оқу орнында екiншi жоғары өрт-техникалық бiлiм алуы мүмкін.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар Министрлiк жүйесiндегі оқу орнында, сондай-ақ басқа да жоғары және арнаулы орта оқу орындарында күндiзгі, сыртқы, кешкi факультеттерде (бөлiмшелерде) және қайта даярлау, бiлiктілігін арттыру курстарында (факультеттерiнде), оның iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде де оқуы мүмкiн.
Оқуға жiберудi мемлекеттік өртке қарсы қызметтің тиiсті аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдары басшыларының рұқсатымен осы бiлiктілiктегi мамандарға қажеттiлiкке сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
11. ӨҚҚ-ға қызметте қатардағы және кiшi басшы құрамның адамдары 45 жасқа дейiн болуы мүмкiн.
Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар ӨҚҚ-ға қызметте мынадай шекті жастарға дейiн болады:
iшкi қызметтiң кiшi лейтенанттарынан бастап
iшкi қызметтiң подполковниктерiне дейiн
қоса алғанда - 45 жас
iшкi қызметтiң полковниктерi - 53 жас
iшкi қызметтiң генерал-майоры - 58 жасқа дейiн.
Қызметте болудың шекті жасына жеткен кезде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің қызмет ету мерзімі мемлекеттік өртке қарсы қызмет органы басшысының шешімімен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Қызмет мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу кезiнде, әдетте ӨҚҚ қызметкерлерi олардың қызметке жарамдылығын анықтау үшiн медициналық комиссияға жiберiледi.
Қызмет мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қатардағы және басшы құрамның адамдарын ӨҚҚ-дан "Өрт қауiпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңында (бұдан әрi - Заң) және осы Ережемен көзделген негіздер бойынша босату мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
12. Кәсiби дайындық деңгейi мен мамандығы бойынша дербес жұмыс стажына қарай қатардағы және басшы құрамның адамдарына Министр белгiлейтін тәртiппен сыныптық бiлiктiлiк берiлуi мүмкiн.
13. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен әрi шарттармен қатардағы және басшы құрамның уақытша жоқ адамдарының мамандықтарын (лауазымдарын) немесе мiндеттерiн қоса атқаруға рұқсат етiледi.
14. Мыналар:
1) заңда белгіленген тәртiппен босату;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылуы;
3) ӨҚҚ қызметкерiнiң заңда белгіленген тәртiппен хабар-ошарсыз жоғалған немесе iс-әрекет жасауға қабiлетсiз деп танылуы;
4) ӨҚҚ қызметкерiнiң қайтыс болуы;
5) оның лауазымына сыйыспайтын қызметпен айналысуы;
6) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi немесе ақтауға жатпайтын негіздер бойынша қылмыстық iстiң тоқтатылуы ӨҚҚ-да қызметтi тоқтату үшiн негіз болып табылады.
15. Қатардағы және басшы құрам адамдарының соғыс кезiнде ӨҚҚ-да қызмет өткеруінің тәртiбi заңнамада айқындалады.
16. ӨҚҚ қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгі Қазақстан Республикасының заңнамасында , сондай-ақ осы Ережеде белгiленедi.
17. Қатардағы және басшы құрамның адамдары Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен мәтін бойынша ант қабылдайды.
18. ӨҚҚ қызметкерлерiнiң ақшалай үлесi заңнамада белгіленген тәртiппен белгіленедi.
ӨҚҚ қызметкерлерi үлгілерi мен тиесілiк нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтiн нысандық және арнайы киiм-кешекпен тегiн қамтамасыз етiледi.
19. ӨҚҚ қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.
20. Қатардағы және басшы құрамның адамдарына, сондай-ақ ӨҚҚ-тың зейнеткерлерiне iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн белгiленген медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету тәртiбi қолданылады.
Қатардағы және басшы құрам адамдарының қызмет орны немесе тұрып жатқан жерiнде iшкi iстер органдары жүйесiнiң медициналық ұйымдары болмаса немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, қажетті мамандар не арнайы жабдық болмаса, сондай-ақ шұғыл жағдайларда оларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек көрсетiледi.
Қызметтiк борышын немесе қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде мертiккен немесе ауырған қатардағы және басшы құрамның адамдарына ақшалай төлемдер Заңға сәйкес жүргізiледi. P050212
21. Қатардағы және басшы құрам адамдарының ӨҚҚ-дағы қызмет өткерген уақыты олардың жалпы және үздiксiз еңбек стажына есептеледi.
22. Қатардағы және басшы құрамның адамдары үшiн жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек туралы заңнамаға сәйкес белгіленедi.
Қажет болған жағдайда қатардағы және басшы құрамның адамдары жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс уақытқа, сондай-ақ түнгi уақытқа, апта сайынғы демалыс күндерi және мереке күндерi қызметке тартылуы мүмкiн. Жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс уақытта және апта сайынғы демалыс күндерi мен мереке күндерi істеген жұмыс үшiн ақы төлеу заңнамаға сәйкес жүргізiледi.
23. ӨҚҚ-ғы, сондай-ақ оқу орнындағы (оқу бөлiмшелерiндегi) iшкi жұмыс тәртiбiн олардың басшылары белгiлейдi.
24. Қатардағы және басшы құрамның адамдарына партияларда, кәсiптiк одақтарда болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдауға, ереуiлдер ұйымдастыруға және олардың өткiзiлгендерiне қатысуға, өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысуға (оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа), кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға, сондай-ақ коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе байқау кеңесiнiң құрамына кiруге тыйым салынады.
Көрсетiлген нормаларды бұзғаны үшiн қатардағы және басшы құрам адамдары егер заңнамада өзгеше көзделмесе, ӨҚҚ-дан босатуға дейiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады.
25. Қатардағы және басшы құрам адамдары, сондай-ақ:
1) қызметтік тәртiптi бұзғаны, функционалдық мiндеттерiн орындамағаны үшiн - осы Ережеге сәйкес;
2) материалдық зиян тигiзгенi, әкiмшiлiк құқық бұзушылық, қылмыс жасағаны үшiн - заңнамаға сәйкес материалдық , әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершілiкке тартылады.
26. Қатардағы және басшы құрамның адамдары оларға жүктелген мiндеттердi атқару кезiнде тек тiкелей және төте басшыларына бағынады.
Тікелей және төте басшылар бағынышты адамдарға қызметiнiң қауiпсiздiк жағдайларын қамтамасыз етедi, оларға қызметте өсуi, бiлiмi мен мәдениетiн көтеру, дене қабiлетін дамыту қоғамдық мiндеттерiн орындауы мен демалысы үшiн нақты мүмкiндiктер ұсынады.
27. ӨҚҚ-ның тiкелей бастықтары мен басқа да лауазымды адамдары осы Ереженiң талаптарының әрi қатардағы және басшы құрам адамдарының қызмет өткеруi мен кадрлармен жұмыс мәселелерi бойынша басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердiң дәл сақталуы үшiн дербес жауап бередi. Қатардағы және басшы құрам адамдарының бұзылған құқығы дереу қалпына келтiрiлуi тиiс, ал оның кінәсiнен осындай бұзушылық орын алған лауазымды адамдар, оның iшiнде заңнамада белгіленген жағдайларда - материалдық зиян да өтетiлiп, жауапкершілiкке тартылады .
28. Қызметiнен заңсыз босатылған немесе лауазымы мен атағы төмендетілген қатардағы және басшы құрамның адамдары бұрынғы немесе сонымен бiрдей лауазымы мен атағында қалпына келтiрiледi. Адамды қызметiне (лауазымына және атағына) қалпына келтiру оның өтiнiш берген күнiнен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктірмей жүргiзiледi. Заңсыз босатылуына байланысты мәжбүрлi жұмыстан қалу, лауазымы мен атағы төмендетiлу уақыты ӨҚҚ қызметiнiң стажына (күнтiзбелік есептеумен) және арнаулы атағында қызмет өткерген жылдары есептеледi. Мәжбүрлi жұмыстан қалған уақыты үшін материалдық зиян заңнамада белгiленген тәртiппен төленедi.
Tepгeу және анықтау органдарының қаулылары ақтайтын негіздер бойынша істің тоқтатылуы, заңды күшiне енген соттың ақтау үкiмi, шешiмi не босатылуы, лауазымынан немесе атағынан төмендетiлуi туралы шешiм қабылдаған бастықтар не оларға тең әрi олардан да жоғары бастықтар қызметтік тексеру нәтижесi бойынша шығарған қорытынды ӨҚҚ қызметiнде лауазымына, арнаулы атағында қалпына келтiру үшiн негіз болып табылады.
29. Қатардағы және басшы құрамның адамдарына еңбек туралы заңнама Заңға қайшы келмейтiн мөлшерде қолданылады.
2. Арнаулы атақтар
30. Қатардағы және басшы құрамның арнаулы атақтары ӨҚҚ-ға қызметке (оқуға) қабылданған адамдарға жеке, реттiлiк тәртiбiмен бiлiктiлігі, бiлiмi, қызмет өткерген жылдары мен штаттық лауазымы, сондай-ақ осы Ережеде көзделген басқа да шарттар ескерiле отырып, берiледi.
Арнаулы атақтар беру реттілігіне қарай бастапқы және кезекті болып бөлiнедi. Бұл ретте iшкi қызметтiң арнаулы атағын беру атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атаққа сәйкес келуi тиiс.
Қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтарын (бастапқы және кезекті) оларға қатардағы және кiшi басшы құрамның лауазымдарына тағайындау құқығы берiлген бастықтар бередi.
Орта және аға басшы құрамдағы бастапқы арнаулы атақтарды берудi әрi ӨҚҚ кадрларына есепке алуды Министр жүргiзедi.
31. Басшылық құрамының кезектi арнаулы атақтары осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген әрi арнаулы атаққа қызмет өткерудiң белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн реттілiк тәртiбiмен кезектi арнаулы атағы сәйкес болған кезде берiледi.
Бағынышты адамды кезектi арнаулы атаққа ұсынуды негізсiз кешiктiрген ӨҚҚ бастығы тәртiптік ретпен жауапкершiлiкке тартылады.
Кезектi арнаулы атақтар берудiң осы Ережеде көзделмеген қосымша шарттарын белгілеуге тыйым салынады.
Қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтарда қызмет өткеруiнiң мынадай мерзiмдерi белгіленедi:
iшкi қызметтiң қатардағы жауынгерi атағында - 3 ай;
iшкi қызметтiң кiшi сержанты атағында - 1 жыл;
iшкi қызметтiң сержанты атағында - 2 жыл;
iшкі қызметтiң аға сержанты атағында - 3 жыл;
iшкi қызметтiң прапорщигі атағында - 5 жыл.
Iшкi қызметтің старшинасы, iшкi қызметтің аға прапорщигi атақтарында қызмет өткеру мерзiмдерi белгiленбейдi.
32. Орта және аға құрамның арнаулы атақтарда қызмет өткеруiнiң мынадай мерзiмдерi белгіленедi:
iшкi қызметтiң кiшi лейтенанты атағында - 1 жыл;
iшкi қызметтiң лейтенанты атағында - 2 жыл;
iшкi қызметтiң аға лейтенанты атағында - 3 жыл;
iшкi қызметтiң капитаны атағында - 3 жыл;
iшкi қызметтiң майоры атағында - 4 жыл;
iшкi қызметтің подполковнигi атағында - 5 жыл.
Iшкi қызметтің лейтенанты бастапқы арнаулы атағы Министрлiк жүйесiндегі жоғары оқу орнын, сондай-ақ басқа да жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн берiлген және оқу орнында алған немесе оған ұқсас мамандық бойынша ӨҚҚ-да қызмет өткерушi қызметкерлер үшiн iшкi қызметтің лейтенанты атағында қызмет өткеру мерзiмі 1 жыл болып белгіленедi.
Iшкi қызметтiң полковнигi атағына, сондай-ақ жоғары басшы құрамдағы атақтарға қызмет өткеру мерзiмдерi белгіленбейдi.
33. Iшкi қызметтің ішкi лейтенанты бастапқы арнаулы атақтары:
Министр бекіткен бағдарлама бойынша ӨҚҚ-ның арнаулы курстарын, басқа да министрліктер мен ведомстволардың арнаулы орта оқу орындарын бiтiрген және орта басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған қатардағы және кiшi басшы құрамдағы лауазымдардағы қызметкерлерге;
жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарының соңғы курстарында оқитын, сондай-ақ аяқталмаған жоғары бiлiмi бар (үшiншi курстан төмен емес) және орта басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған қатардағы немесе кiшi басшы құрамдағы лауазымдардағы қызметкерлерге;
басқа да министрліктер мен ведомстволардың арнаулы орта оқу орындарын бiтiрген және орта басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған азаматтарға берiледі.
34. Iшкi қызметтің лейтенанты арнаулы атақтары:
iшкi қызметтің кiшi лейтенанттарына осы Ережеде белгіленген арнаулы атақта қызмет өткеру мерзiмi аяқталғаннан кейiн, ал жоғары оқу орындарын бiтiргендерге - осы атақтағы қызмет өткеру мерзiмiне қарамастан;
қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтары бар, Министрлiк жүйесiндегi жоғары оқу орнын бiтiрген және орта басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған қызметкерлерге;
күндiзгі оқу нысанындағы Министрлiк жүйесiндегі жоғары арнаулы оқу орнын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгінiң жоғары немесе орта оқу орнын бітірген қызметкерлерге;
жоғары бiлiмі бар әрi орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған адамдарға берiледi.
35. Орта және аға басшы құрамдағы кезектi арнаулы атақтарды:
iшкi қызметтің майорына дейiн қоса алғанда, - аумақтық органдар мен мемлекеттік мекеменiң және оның облыстардағы, Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының бастықтары;
iшкi қызметтің полковнигiне дейiн қоса алғанда, Министр бередi.
Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті Министрдiң ұсынуы бойынша бередi.
36. Бiр қызметтен (бөлiмшеден) жеке құрамы үшiн өзге де арнаулы атақтар белгіленген басқа қызметке (бөлiмшеге) ауысқан қызметкерлерге осы Ереженiң 31-тармағында көзделген тәртiппен осындай атақтар берiледi. Бұл ретте жаңа арнаулы атақ қызметкерде бар арнаулы атақтан төмен болмауы тиiс.
37. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұрған азаматқа ал ӨҚҚ құрамындағы басшы құрамдағы лауазымға тағайындалғаннан кейiн, оның әскери атағына сәйкес арнаулы атақ берiледi.
Запастағы офицерлер орта, аға және жоғары басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған кезде, егер лауазымға тағайындалған күнi олар әскери қызмет өткepу әрі олар запаста болу кезеңiнде әскери атақтар берудiң белгiленген мерзiмдерiн өткерсе, оларға бастапқы арнаулы атақ олардың әскери атағынан бiр саты жоғары берiлуi мүмкiн.
Запаста неғұрлым жоғары офицерлiк атақтары болған адамдарды қоспағанда, аға басшы құрамдағы лауазымдарға қабылданған запастағы офицерлерге iшкi қызметтiң майоры атағынан жоғары атақ берiле алмайды.
38. Басшы құрамдағы кезектi арнаулы атақ (iшкi қызметтің полковнигіне дейiнгiнi қоса алғанда) қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi үшiн көтермелеу тәртiбiмен бұрынғы атағындағы қызмет өткерудiң белгіленген мерзiмi аяқталғанға дейiн мерзiмiнен бұрын немесе атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр саты жоғары берiлуi мүмкін.
Арнаулы атақтар арнаулы атақтағы белгіленген қызмет өткеру мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн ғана мерзiмiнен бұрын берiледi.
Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр саты жоғары кезекті арнаулы атақ мынадай жағдайларда:
ғылыми дәрежесi немесе ғылыми атағы бар, бұл ретте оқу орнындағы атқаратын штаттық лауазымдағы басшы құрамдағы арнаулы атақтағы адамдарға белгіленген қызмет өткеру мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
алдыңғы арнаулы атағындағы белгіленген қызмет өткеру мерзiмiнiң кемiнде екеуi өткеннен кейiн - басшы құрамдағы басқа да санаттарға берiледi.
Арнаулы атақтарды мерзiмiнен бұрын не атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр саты жоғары кезекті арнаулы атақ беру ӨҚҚ қызметіндегi бүкiл кезең үшiн бiр мәрте жүргізiледi.
Бұл ретте кiшi басшы құрамдағы арнаулы атақтарды оларға кiшi басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындау құқығы берiлген бастықтарға, ал орта және аға басшы құрамдағыларға - Министр бередi.
39. Арнаулы атақта қызмет өткеру мерзiмi осы атақты беру туралы бұйрыққа қол қойылған күнiнен бастап есептеледi.
Арнаулы атақ беру заңсыз кешіктiрiлген кезде арнаулы атақта қызмет өткеру мерзiмi алдыңғы арнаулы атақта қызмет өткеру мерзiмi аяқталған сәттен бастап есептеледi.
Орта басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған қатардағы және кiшi басшы құрамдағы атақтары бар қызметкерлер болған атағында қызмет өткеру мерзiмiне қарамастан орта басшы құрамдағы арнаулы атақ беруге ұсынылады.
40. Тиiстi ӨҚҚ қарамағындағы немесе тәртiптiк жазасы бар, сондай-ақ оларға қатысты қылмыстық iс қозғалған немесе қызметтiк тәртiпті бұзуы фактiлерi бойынша қызметтік тексеру жүргiзiлiп жатқан қызметкерлердi, тиiсiнше лауазымға тағайындауға дейiн, тәртiптiк жаза алып тасталғанға дейiн, ақтау негіздерi бойынша қылмыстық iс тоқтатылғанға дейiн немесе қызметтік тексеру аяқталғанға дейiн кезектi арнаулы атақтарға ұсыну жүргізiлмейдi.
Тәртiптiк жаза қолданудың заңсыздығы немесе ақтау негіздерi бойынша қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм шығарылған жағдайда қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға оны беру мерзiмi басталған сәттен бастап кезектi арнаулы атақтың штаттық лауазым бойынша атаққа сәйкес келуiне қарай беріледi.
41. Қызметкерлер соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi бойынша арнаулы атақтардан айрылуы мүмкiн:
кiшi басшы құрамдағы - кiшi басшы құрамға арнаулы атақ беру құқығы берiлген бастықтар;
орта және аға басшы құрамдағылар - Министр;
жоғары басшы құрам - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес.
42. Арнаулы атақтан заңсыз айырылған жағдайда сот органдарының қаулысына сәйкес бұрынғы атағын қалпына келтiру туралы шешiмдi арнаулы атақтан айыру туралы шешiм қабылдаған лауазымды адамдар қабылдайды.
Арнаулы атақтан заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта қызмет өткерген мерзiмiне кiредi. Арнаулы атақтан заңсыз айырылған адамдарға толық көлемде материалдық зиян өтеледi.
3. Лауазымға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру және жылжыту
43. Лауазымға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру және жылжытуды тікелей бастықтар оларға берiлген құқықтарға сәйкес мынадай шарттар сақталған кезде жүргiзедi:
1) қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру кезiнде оларды негізгі немесе ұқсас мамандық бойынша пайдалану не тәжiрибесiне қарай, ал олар үшiн жаңа мамандықтар бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде тағайындау алдында тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлау қамтамасыз етіледi;
2) бос лауазым бойынша уақытша мiндет атқарудың үздiксiз мерзiмi екi айдан, ал бос емес лауазым бойынша - төрт айдан аспауы тиiс.
Негiз мiндеттерiнен босатып, басқа лауазымдар бойынша уақытша мiндет атқару белгіленген тәртiппен жүктелген штаттық лауазымдардағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
сол органда неғұрлым жалақысы мен билiк ету функциялары жоғары орнында жоқ қызметкердің лауазымы бойынша уақытша мiндет атқару кезiнде алмастырушы қызметкерге лауазымдық жалақы алмастырылатын қызметкер лауазымы бойынша тиiсті коэффициенттi алмастырушы қызметкердiң базалық лауазымдық жалақысының мөлшерiне, қызмет стажына көбейту жолымен анықталады. Лауазымдық жалақы алмастырудың бiрiншi күнiнен бастап, бiрақ бос лауазым бойынша төрт айдан асырмай төленедi;
штаттық орынбасарларға (көмекшiлерге) олардың қызметтiк мiндеттерiне қарамастан, өздерiнiң тiкелей бастықтарының бос емес лауазымдары бойынша ақшалай үлес төлеу уақытша атқаратын емес, олардың негізгі лауазымдары бойынша жүргізiледi;
басшының уақытша бос лауазымы бойынша уақытша міндет атқару кезiнде, оның iшiнде олардың орынбасарларына ақы төлеу бос лауазым бойынша коэффициент негiзге алынып, бiрақ екі айдан асырмай төленеді, одан әрі оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос лауазым бойынша мiндет атқарудан босату туралы шешiм қабылданады.
Лауазым бойынша уақытша мiндет атқарушы етіп тағайындау оған қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау әрі оларды ауыстыру құқығы берiлген бастықтың бұйрығымен ресімделеді.
Егер осы лауазымды тұрақты атқаратын адам, сондай-ақ оның штаттық орынбасарлары немесе көмекшiлерi (олардың қызметтiк мiндеттерiне қарамастан) бөлiмшеден кеткен жағдайда (емделуге, демалысқа, қызметтiк iссапарға; оқуға және т.б.) ғана басшылардың бос емес лауазымдары бойынша уақытша мiндет атқарғаны үшiн ақы төлеу жүргiзiледi.
Уақытша мiндет атқаруға тағайындалған қызметкерлердiң демалыста, уақытша атқаратын лауазымы бойынша мiндеттерiн атқарумен байланысты емес қызметтік iссапарда, оқуда болған, емдеу мекемесiнде емделген, ауруына байланысты қызметтiк мiндеттерiнен босатылған уақыттарында лауазымдық жалақы тек негізгі лауазымы бойынша ғана төленедi.
ӨҚҚ қарамағындағы қызметкерлерге бос емес уақытша атқарылатын лауазымдар бойынша лауазымдық жалақылар төленбейді.
3) басшы құрамдағы адамдар ұйымдастыру-штаттық іс-шараларының жүргiзiлуi кезiнде 15 күннен аспайтын мерзiмге ӨҚҚ қарамағына есептелуi мүмкін.
Айрықша жағдаяттардан туындаған ерекше жағдайларда 15 күннен астам, бiрақ екi айдан аспайтын мерзiмге Министрдiң рұқсатымен қарамағында болуға жол беріледі.
Қарамағында болу мерзiмiне қатардағы және басшы құрамның осы Ережеде белгiленген демалыста, емдеу мекемелерiнде емделуде (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жiберуiмен тексерiлу); бұрынғы қызмет орнынан тиiстi ӨҚҚ орналасқан жерге жету үшiн жолда болған уақыты; жоғары және арнаулы орта оқу орындарының сырттай, кешкі бөлімдерінің оқу-емтихан сессияларында болған уақыты; қылмыстық iс тоқтатылған немесе ақтау үкiмi шығарылған жағдайларда қамауға алынған күнiнен бастап әрi босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына байланысты қамауда болу уақыты есептелмейді;
Атқаратын лауазымынан босатылған әрі кезекті демалысын пайдаланбаған, қарамағындағы қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенi шешу кешiктірiлген жағдайда, әдетте пайдаланылмаған демалыс берiлуi тиiс. Кезектi демалыс кезiнде ақшалай үлес оларға қарамағында болуы мерзiмiне қарамастан, қарамағына есептелген күнi негізгі лауазымы бойынша алатын жалақысы мөлшерiнде ақшалай үлес төленедi.
4) қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет бойынша ауысуы, әдетте оларды тиiсті ӨҚҚ-ның қарамағына қабылдаусыз жүзеге асырылады. Тиiстi органның қарамағындағы адамдарды лауазымға тағайындау лауазымнан босатылған күнiнен бастап екi айдан кешiктiрiлмей жүргiзiледi. ӨҚҚ қарамағында көрсетілген адамдарды қызметке пайдалану тәртiбiн қызметкер штатында тұратын бөлiмшенiң басшысы белгілейдi.
ӨҚҚ қызметкерлерiне тиiсті мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қарамағында болуы уақытында осы Ереженiң 43-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ақшалай үлес штаттық лауазымнан босатылған күнiнен бастап соңғы негізгі лауазымы бойынша лауазымдық жалақы мөлшерiнде әрi арнаулы атағы үшiн үстемеақы төленедi, сондай-ақ оларға егер қарамағына есептелгенге дейiн олар мұндай өтемақы алған болса, тұрғын үй ұстау мен коммуналдық қызметтepгe ақшалай өтемақы төленедi.
5) мемлекеттiк өртке қарсы қызметтің тиiстi аумақтық органдары мен мемлекеттiк мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының бастықтары және олардан жоғары бастықтарды тiкелей бастықтың бос лауазымын шұғыл алмастыру қажет болған кезде - осы лауазымға тағайындау құқығы бар бастықтың келiсiмiмен осы лауазымға басшы құрамның адамын уақытша - бiр айдан аспайтын мерзiмге тағайындауға рұқсат етіледі;
6) орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын басқа лауазымдарға шұғыл ауыстыру, сондай-ақ басқа жерге ауыстыру қажет болған кезде бұл туралы шешiмдi олардың келiсiмiмен тиiстi тiкелей бастықтары осы адамдардың дайындығы мен қызмет тәжiрибесiн, сондай-ақ оларда отбасы мүшелерiнде медициналық қарсы айғақтардың жоқтығын ескере отырып қабылдайды;
7) осы Ереженiң 11-тармағында белгіленген қызметте болудың шекті жасына жетпеген, әскери қызметке немесе бейбiт уақытта саптық емес қызметке жарамды деп танылған, бiрақ өзiнiң денсаулығының жай-күйi немесе отбасы мүшелерiнiң денсаулығының жай-күйi бойынша қызмет (тұрғылықты) орнын ауыстыруы қажет басшы құрамдағы адамдардың басқа жерге қызметi бойынша ауыстырылуы әскери-дәрiгерлiк комиссия қорытындысының негізінде тиісті бастықтардың рұқсаты бойынша жүргізiледi.
Ескерту. 43-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
44. Қатардағы және кiші басшы құрамдағы адамдарды қызмет бойынша ауыстыру мынадай жағдайларда жүргiзiледi:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жылжыту тәртiбiмен;
2) бiрдей лауазымдарға - басқа лауазымдарды алмастыру қажет болған не олардың iскерлiк әрі жеке басының қабiлеттерiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандық бойынша даярлау, сондай-ақ отбасы жағдайлары, денсаулығының жай-күйi немесе жасына қарай осы адамдардың келiсiмiмен;
3) Министрлiк жүйесiндегі оқу орнына оқуға түсуiмен атқаратын штаттық лауазымынан босатылуына байланысты, сондай-ақ оқу орнын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;
4) төменгi тұрған лауазымдарға:
ӨҚҚ штаттары қысқартылған немесе ол қайта ұйымдастырылған кезде олардың келiсiмiмен осы адамдарды бiрдей лауазымдарға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда;
денсаулығының жай-күйi бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негізiнде әрi олардың келiсiмiмен;
тәртiптiк жаза ретiмен;
өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша жүргізiледi.
45. Орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша ауыстыру мынадай жағдайларда жүргізiледi:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жылжыту тәртiбiмен;
2) бiрдей лауазымдарға - ұйымдастыру-штаттық iс-шараларының жүргізiлуiне байланысты, олардың мамандығы мен жұмыс тәжiрибесiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану үшiн, сондай-ақ өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша олардың тiкелей және төте бастықтарының келiсiмiмен;
3) Министрлiк жүйесiндегi оқу орнына оқуға түсуiмен атқаратын штаттық лауазымнан босатылуына байланысты, сондай-ақ оқу орнын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;
4) төменгi тұрған лауазымдарға:
ӨҚҚ штаттары қысқартылған немесе ол қайта ұйымдастырылған кезде және олардың келiсiмiмен осы адамдарды бiрдей лауазымдарға пайдалануға мүмкiн болмаған жағдайда;
денсаулығының жай-күйi бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
қызмет мүддесiнде - олардың келiсiмiмен;
өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша;
тәртіптік жаза ретімен жүргізіледі.
Қатардағы және басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша ауыстыру туралы шешiм ауыстыру негiзi көрсетiлiп, жеке құрам бойынша бұйрықпен ресiмделедi.
46. Қатардағы және басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша жылжыту, әдетте олардың iскерлiк әрi жеке басының қабiлеттерi, денсаулығының жай-күйi ескерiле отырып, басшы кадрлар резервiнде тұрған қызметкерлер iшiнен жүргiзiледi.
Басшы кадрлар резервiнде есепке алынған басшы құрамның адамдарымен жұмыс Министр белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
47. Қызмет бойынша ауыстырылған орта, аға және жоғары құрамдағы адамдар iстер мен лауазымды тапсырғаннан кейiн, бiрақ осы адамдар кезектi демалыста немесе емделуде болған жағдайлардан басқа мемлекеттік өртке қарсы қызметтiң аумақтық органдары немесе мемлекеттiк мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдары қызмет бойынша ауыстыру туралы бұйрық немесе жазбаша хабарлама алған сәттен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктірмей жаңа қызмет орнына iссапарға баруы тиiс.
Ескерту. 47-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
48. Резервтегi, демалыстағы, емделудегі, iссапардағы қатардағы және басшы құрамдағы адамдар қызмет бойынша ауыстыруға немесе қызметтен босатылуға жатпайды.
49. Оған қатысты қылмыстық iс қозғалған әрi қамауға алу түрiнде жолын кесу шарасы қолданылмаған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар осы қылмыстық iс бойынша сот шешiм қабылдағанға дейiн қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгіленген тәртiппен тергеу жүргізiлетiн кезеңге қызметтік міндеттерiн атқарудан шеттетiледi.
Оларға қатысты қамауға алу сияқты жолын кесу шарасы белгiленген тәртiппен қолданылған, қылмыс жасауға айыпты ретiнде тартылған жағдайда қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу қылмыстық iс бойынша шешiм қабылданғанға дейiн қамауға алынған күнiнен бастап тоқтатыла тұрады.
Ақтау үкiмi шығарылған, iс-әрекетiнде қылмыс құрамы анықталмағаны немесе қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбегенi үшiн қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда қызметкерлерге қызметте ықтиярсыз болмаған уақыты үшiн заңнамаға сәйкес ақшалай үлес өтеледi.
Тергеу немесе сот органдарының шешiмi (айқындамасы) бойынша қамауға алынған қызметкерлерге лауазымынан шеттетілген күнiнен бастап ақшалай үлес төлеу тоқтатылады. Сот қолданған жаза түрiне қарамастан, оның iшiнде шартты түрде жазалау туралы үкiм шығарылған жағдайда қамауда болған кезiне ақшалай үлес төленбейдi.
Гаупвахтада ұсталып, тәртiптiк ретiмен қамауға алынған қызметкерлерге қамауда болған кезiне ақшалай үлес төленедi.
ӨҚҚ-дан қылмысы үшiн сотталуына байланысты қызметтен босатылған, кейін ақталған әрi тиiсiнше лауазымы мен арнаулы атағы қалпына келтiрiлген қызметкерлерге қызметте ықтиярсыз болмаған кезi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ақшалай үлес өтеледi.
4. Аттестаттау
50. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды аттестаттау олардың қызметiне сәйкестiгiн анықтау мақсатында белгiленген аттестаттау тәртiбiмен жүргiзiледi.
Аттестаттау комиссиясының қорытындысын ӨҚҚ басшылары бекiтедi.
51. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды аттестаттауды жүргiзген кезде алдын ала дайындық жұмысы (ұйымдастыру және тәрбиелеу iс-шаралары, аттестатталатын адамдармен жеке әңгімелесу және т.с.с) жүргізiледi.
52. Ол бойынша аттестатталатын адамды ӨҚҚ-дан босату туралы қорытынды шығарылуы жорамалданған аттестаттау ол адамның қатысуымен жүргiзiледi. Қызметкер аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептерсiз келмеген жағдайда комиссия қолда бар материалдардың негiзiнде оның қатысуынсыз аттестаттауды жүргізу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
53. Аттестаттау комиссияларын кадрлар аппараттарының ұсынуы бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары мен мемлекеттiк мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының басшылары құрады.
Ескерту. 53-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
54. Аттестаттауды өткiзу тәртiбi мен шарттарын, ол бойынша шешiмдер қабылдау, сондай-ақ аттестаттауды өткiзу кезiндегі тәртiп бұзушылыққа шағымдарды қарау тәртiбiн Министр белгілейдi.
5. Демалыстар
55. ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы адамдарға мынадай:
1) жыл сайынғы;
2) жалақыны сақтаусыз (қысқа мерзiмдi);
3) оқу;
4) қосымша;
5) жүктiлігi мен босануы бойынша әйелдерге демалыстар, бала асырап алған әйелдерге (ерлерге) демалыс;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де демалыстар берiледi.
56. Демалыс ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимi мен кестелерiне қарамастан, еңбек демалысына сәйкес келетін мереке күндерiн есепке алмай күнтiзбелiк күндерге есептеледi.
Қызметкерлерге жыл сайынғы, қысқа мерзiмдi және қосымша демалыстар кезiнде, үстемеақыларды, коэффициенттердi, сондай-ақ егер олар кеткен күнi оларды алған болса, тұрғын үй ұстау мен коммуналдық төлемдерге ақшалай өтемақыны қоса алғанда, негiзгi штаттық лауазымы (уақытша атқарылған емес) бойынша демалысқа шыққан күнi алатын мөлшерде ақшалай үлес төленедi.
Егер демалыста болған кезеңiнде қызметкердiң атқаратын лауазымы бойынша лауазымдық жалақысының өзгеруiне, лауазымдық жалақысының артуына, оған үстемеақы төленуiне немесе кезекті атақ берiлуi құқығының туындауына байланысты ақшалай үлестiң мөлшерi өзгерсе, ол демалыстан келгеннен кейiн оған тиiстi қайта есептеу жүргізiледi.
Қатардағы және басшы құрамдағы әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша демалыстағы кезiндегi ақшалай үлес Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес төленедi.
57. Жыл сайынғы демалыс қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға 30 күнтiзбелiк күнге берiледi.
58. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға ӨҚҚ бағыты бойынша зейнетақы тағайындау кезiнде ескерiлетiн, қызмет өткерген жылдарына қарай төленетін қосымша демалыс (күнтізбелiк есептеумен):
1) қызмет өткерген жылдары он жылдан acca - ұзақтығы 5 күнтiзбелiк күн;
2) қызмет өткерген жылдары он бес жылдан acca - ұзақтығы 10 күнтiзбелiк күн;
3) қызмет өткерген жылдары жиырма жылдан асса - ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күн берiледi.
59. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен экологиялық апат аймақтары деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткерушi қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға ұзақтығы мен олардың тәртiбi қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленетін жыл сайынғы қосымша демалыс берiледi.
60. Жыл сайынғы демалыс демалыс кестесiне сәйкес күнтiзбелiк жыл iшiнде берiледi.
Жыл сайынғы демалыс кезiнде ауырып қалған қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға демалыс олардың емделуде болған күнiнiң санына ұзартылады.
ӨҚҚ-ға қызметке тұрған жылына сәйкес қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың жыл сайынғы демалысының ұзақтығы олардың қызметке тұрған күнiнен бастап қызмет өткерген уақытына барабар мынадай есеппен: әрбiр қызмет өткерген толық ай үшiн демалысының он екiден бiр бөлiгi есептеледi.
61. Қызметкерлер жыл сайынғы демалысты бөлiп пайдалана алады.
62. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды негізсіз жыл сайынғы демалыстан шақырып алуға жол берiлмейдi. Қызметтік қажеттілiк орын алған жағдайда бұл адамдарды лауазымға тағайындауға құқылы тiкелей бастықтың жазбаша бұйрығының негізінде жыл сайынғы демалыстан шақырып алуға жол берiледi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі, әдетте ағымдағы жылы немесе келесi жылдың бiрiншi тоқсанынан кешiктiрмей берiледi. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың тілегі бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі келесi жылы кезектi демалысқа қосылуы мүмкiн.
Бiрнеше жыл пайдаланылмаған демалыс күндерiн қосуға және ұзақтығы қырық бес күнтiзбелiк күннен астам демалыс беруге жол берiлмейдi, оның iшiнде кез келген негіз бойынша ӨҚҚ-дан босату кезiнде де.
63. Қатардағы және басшы құрамның ӨҚҚ-дан қызметте болуының шектi жасына жетуiне, ауыруына, штаттың қысқартылуына байланысты босатылған адамдарына босатылу жылы олардың тiлегi бойынша оларды осы жылы нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн жыл сайынғы демалыс берiледi немесе босатылған жылы пайдаланылмаған демалыс үшiн осы жылы қызмет өткерген уақытына барабар, бiрақ 45 күнтізбелiк күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
ӨҚҚ-дан босатылатын қатардағы және басшы құрамның адамдарына (осы тармақтың бiрiншi бөлiгінде көрсетiлген адамдардан басқа) босатылған жылы пайдаланылмаған жыл сайынғы демалыс үшiн осы жылы қызмет өткерген уақытына барабар, бiрақ 45 күнтiзбелiк күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
64. Қысқа мерзiмдi демалыстар барлық қызметкерлерге шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерiн шешу үшiн, ең алдымен ауруына, туысқандық парызын орындауына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша берiледi. Қысқа мерзiмдi демалыс жыл сайынғы демалыс есебiне есептелмейдi.
65. Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша босатылуы парағының ұзақтығы ауруының сипатына қарай анықталады. Қолданыстағы заңнамада жекелеген аурулар бойынша емделудiң неғұрлым ұзақ мерзiмi көзделетiн жағдайлардан басқа, емдеу мекемелерiнде үздiксiз емделудiң жалпы алғандағы уақыты екi айдан аспауы тиiс. Үздiксiз емделудiң белгiленген мерзiмi аяқталғаннан кейiн қатардағы және басшы құрамдағы көрсетiлген адамдар олардың одан әрi қызметке жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның куәландырылуына жатады.
Олар қызметтiк мiндеттерiн атқаруы және қызметтiк борышын орындауы кезiнде алған жарақаттануына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың емделуде болған уақыты мерзiмi шектелмейдi. Көрсетiлген адамдар емделуi аяқталғаннан кейiн немесе ауруының нәтижесi анықталған кезде медициналық куәландыруға жiберiледi.
Жиi әрi ұзақ уақыт ауыратын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олардың одан әрi қызметті өткеруге жарамдылығын айқындау үшiн мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының кадрлар аппараттарының емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң ұсынуы бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияларға медициналық куәландыруға жiберiледi.
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі емдеу мекемесiнiң жолдамасы бойынша емделу орнына және керi бағытта жолына ақы төлеу ӨҚҚ қаражаты есебiнен жүргізiледi.
Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша босату парақтары негізiнде қызметтен босатылған, госпитальдарда, ауруханаларда, стационарларда және басқа да емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан қызметкерлерге ауырған күнiне алып келген мөлшерде ақшалай үлес төлеу сақталады, бiрақ үздiксiз емделуiнiң үш айдан аспайтын мерзiмiне. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның ӨҚҚ-дағы қызметкердiң қызметке одан әрi жарамдылығы туралы қорытындысына қарай көрсетілген мерзiмнен тыс ауырған уақыты ақшалай үлес төлеуге жол берiледi.
Қызметтiк мiндеттерiн атқаруы және қызметтік борышын орындауы кезiнде алған жарақаттануына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емделудегі қызметкерлерге ақшалай үлес олар лауазымын атқаруға кiрiскенге немесе ӨҚҚ-дан босағанға дейiн емделуде болған уақыты үшiн төленедi.
ӨҚҚ қарамағында болған кезеңiнде ауырған қызметкерлерге емделу уақыты үшiн ақшалай үлес қарамағына есептелген күнiне алатын мөлшерде (қарамағында болу мерзiмiне қарамастан) төленедi.
Егер олар осы демалысқа шыққанға дейiн осындай өтемақы алған болса, бала күту жөнiндегi қосымша демалыстағы ӨҚҚ қызметкерлерi - әйелдерге тұрғын үй ұстау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақы төленедi.
Ескерту. 65-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
66. Министрлiк жүйесiндегі күндiзгі оқу нысанындағы оқу орнын аяқтауына байланысты демалыс оқуды бітірушiлерге олар дербес түрде бөлiнген жерi бойынша ӨҚҚ лауазымына тағайындалғаннан кейiн берiледi.
Министрлiк жүйесiндегi сырттай оқу нысанындағы оқу орнында оқитын қызметкерлерге емтихан сессиясының ұзақтығы мерзiмiне тең, бiрақ бiр жылдың iшiнде қырық күннен аспайтын емтихан тапсыру кезеңiне жалақысы сақталатын оқу демалысы берiледi, бұл ретте оларға, сондай-ақ шет елдердiң төтенше жағдайлар органдарының бағыты бойынша оқу орындарында күндiзгі нысан бойынша оқитын тыңдаушылар (курсанттар) мен Министрлiктiң жүйесiндегі жоғары оқу орнында немесе басқа мемлекеттің жоғары оқу орнында сырттай нысан бойынша, сондай-ақ кадрлар бiлiктiлігін арттыру және даярлау курстарында оқитын қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға оқу орнынан және керi бағытта темiр жол көлігімен жол жүру шығыстары өтеледi. Кадрлар бiлiктілiгін арттыру және даярлау курстарында оқитын қызметкерлерге оқудағы әрбiр күнi үшiн тәулiктiк ақы төленедi және қызметтiк iссапарлар үшiн белгіленген тәртiппен және нормалар бойынша тұрғын үй жалдау жөнiндегi шығыстары өтеледi.
Министрлiктiң жүйесiндегі оқу орнына оқуға түсуге емтихан тапсыруға жiберiлген ӨҚҚ қызметкерлерi iшiнен кандидаттарға қызмет орнынан оқу орнына жетуге әрi керi бағытта жол жүруге қосымша уақыт берiледi. Ағымдағы жылы оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн қайтадан демалыс алуға жол берiлмейді.
Өзге де оқу орындарында сырттай (кешкi) нысан бойынша оқитын қызметкерлерге еңбекақы төлеу, демалыс беру мәселелерi еңбек заңнамасының нормаларымен реттеледi.
Адъюнктураға оқуға түсетiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға дайындалу және оқуға түсу емтихандарын тапсыруы үшiн ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн оқу демалыстары, ал азаматтық оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн оқуға түсушiлерге ақшалай үлесi сақталусыз ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күнге дейiн оқу демалысы берiледi.
67. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қосымша демалыстар және жүктiлігі мен босануы бойынша әйелдерге демалыстар, бала асырап алған әйелдерге (ерлерге) демалыстар қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға кезекті демалыстан тыс берiледi.
68. ӨҚҚ қызметкерiнiң тiлегi бойынша қосымша демалыс жыл сайынғы демалысқа қосылады және сонымен бiр мезгілде немесе жеке берiлуi мүмкiн, бұл ретте қосымша және жыл сайынғы демалыстардың жалпы үздiксiз ұзақтығы елу бес күнтізбелік күннен аспауы тиiс.
6. Қызметтік тәртіп
69. ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы адамдардың тәртiбi олардың заңдылық, дара басшылық қағидаттарын қатаң сақтауына, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесiмдерiнiң, анттың , жарғылардың, талаптарын, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын орындауына негізделедi.
70. Тек қана тiкелей бастықтар көтермелейдi әрi тәртiптiк жаза қолданады.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар, оларға, оның iшiнде уақытша қызмет бойынша бағынатын бастықтар тiкелей бастықтар болып табылады.
71. Қызмет бойынша бiр-бiрiне тiкелей бағынбайтын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олар нақты тапсырмалар орындаған кезде аға немесе кiшi болуы мүмкiн.
Қызмет бойынша бiр-бiрiне тiкелей бағынбайтын қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың өзара қатынас жасау тәртiбiн Министр белгілейдi.
72. Бастықтың бұйрығы мүлтiксiз, дәл әрi мерзiмiнде орындалады.
Қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде айқын заңға қайшы келетін бұйрық немесе нұсқау алынған жағдайда қатардағы және басшы құрамдағы адам бұл туралы бұйрық немесе нұсқау берген бастыққа дереу баяндайды, ал бұйрық немесе нұсқау жазбаша түрде расталған кезде айқын қылмыстық сипаттағы бұйрық немесе нұсқаудан басқасын орындайды. Заңсыз бұйрық немесе нұсқау бергенi үшiн бүкiл жауапкершiлік оны берген бастыққа жүктеледi, ол қабылданған шешiм туралы жоғары тұрған бастықты хабардар етедi. Нақты қылмыстық сипаты бар бұйрықты немесе нұсқауды орындау қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды жауапкершiлiктен босатпайды.
73. Мiндеттерiн үлгiлi орындағаны және қызметте қол жеткiзген оң нәтижелерi үшiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкiн:
алғыс жариялау;
бөлiмшенiң кеңiнен өрiстетiлiп жайылған туы жанында түсiрiлген жеке суретiмен марапаттау;
бағалы сыйлықпен марапаттау;
грамотамен марапаттау;
Министрдiң Құрмет грамотасымен марапаттау;
Құрмет кiтабына және құрмет тақтасына жазылады;
өңiрге тағылатын белгiмен марапаттау;
кезектi арнаулы атақты мерзiмiнен бұрын беру;
атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бiр саты жоғары арнаулы атақ бepу;
көтермелеу ретiнде қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға тәртiптiк жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау қолданылуы мүмкiн.
74. Қызметтік борышын орындау кезiнде көрсеткен ерлігі мен ержүректігі, жанқиярлығы және басқа да мемлекет алдында сiңiрген еңбегі үшiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдар Министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы мүмкiн.
75. Жасаған терiс қылығы мен кiнәсi дәрежесiнiң ауырлығына қарай қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға мынадай тәртiптiк жазалар қолданылуы мүмкiн:
ескерту;
сөгіс;
қатаң сөгіс;
толық емес қызметтік сәйкес келмеуi туралы ескерту;
лауазымын төмендету;
арнаулы атағын бiр саты төмендету;
ӨҚҚ-дан босату.
Өңiрге тағылатын белгімен марапатталған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өңiрлiк белгiсiнен айыру түрiнде тәртiптiк жазаға тартылуы мүмкiн.
76. Бастықтар оларға берiлген құқықтар шегінде көтермелеу және тәртiптiк жаза шараларын қолданады. Бастықтар лауазымдары мен олардың құқықтарының тiзбелерiн, сондай-ақ көтермелеу және тәртiптiк жаза шараларын қолдану тәртiбiн Министр белгілейдi.
77. Қызметкер ауырған кезде не ол демалыста болған кезеңде, сондай-ақ терiс қылық жасалған күнiнен бастап алты айдан кеш уақытта тәртiптiк жаза қолдануға болмайды. Қылмыстық iс бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу, тексеру жүргізу немесе қаржы-шаруашылық қызметiн тексеру жүргізу уақыты көрсетiлген мерзiмге енгiзiлмейдi.
Шара қолдану алдында қатардағы және басшы құрамдағы құрамның атынан жазбаша түсiнiктеме алынуы тиiс.
Командир (бастық) бағынышты адамға тәртiптiк жаза қолдану туралы шешiм қабылдауының алдында қызметтік тексеру жүргізiлуi тиiс. Ол терiс қылық жасалуына кінәлi адамдарды, әсер еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында жүргізiледi.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамның демалыста болуы уақытын есептемегенде, терiс қылық анықталған немесе қызметтiк iс бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргізу, тексеру жүргізу немесе қаржы-шаруашылық қызметін тексеру жүргізу аяқталған күнiнен бастап бiр айдан кешіктiрмей жаза қолданылады.
78. Егер ол өзiне берiлген құқықтардан асыра сiлтемесе, аға бастық кiшi бастық қолданған тәртіптiк жазаны жеңiлдете немесе оның күшiн жоя алмайды. Алайда, ол егер жаза жасалған терiс қылықтың ауырлығына сай келмесе, төмен тұрған бастық қолданған тәртiптік жазаның күшiн жоюы және неғұрлым қатаң жаза қолдануы мүмкін.
79. Егер осы кезеңде оған жаңа тәртiптiк жаза қолданылмаса, ол қолданылған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қатардағы және басшы құрамдағы адамға қолданылған тәртiптiк жаза алынып тасталды деп саналады. Тәртiптiк жаза тiкелей бастықтың ұсынуы бойынша мерзiмiнен бұрын алынуы мүмкін.
80. Арнаулы атақты (лауазымды) төмендету түрiнде тәртiптiк жаза қолданылған жағдайда арнаулы атақ (лауазым) төмендетiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн бұрынғы арнаулы атақ (лауазым) қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
Арнаулы атағынан төмендетiлген басшы құрамдағы адамдар тәртiптік жаза алынуымен бiр мезгілде бұрынғы арнаулы атағындағы лауазымына қарамастан қалпына келтiрiледi.
81. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар оларға қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-қимылдарға жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шағым беруге құқылы.
ӨҚҚ қызметiнiң ерекшелігіне байланысты тәртiптiк практика ережелерiн iске асырудың жекелеген мәселелерi Министр белгiлеген тәртiппен регламенттеледi.
7. Қызметтен босату
82. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызметтен босату:
1) егер босатылатын адамдар "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттілiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шекті жасқа жетпесе, запасқа (әскери есепке қойып) шығару, тиiсті әскери атақтары бар және денсаулығының жай-күйi бойынша әскери қызметке жарамды адамдарды запасқа қою; Z050074
2) егер босатылатын адамдар "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттілiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектi жасқа жетсе, әскери есептен шығарып, запасқа қою, тиiстi әскери атақтары бар немесе әскери-дәрiгерлiк комиссия денсаулығының жай-күйi бойынша әскери қызметке жарамсыз деп таныған адамдарды запасқа қою жағдайларында жүргiзiледi. Z050074
83. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар мынадай жағдайларда:
1) зейнетке шығуға құқық беретiн қызмет өткеру жылдары (қызмет мерзiмi) бойынша;
2) осы ереженiң 11-тармағында белгіленген қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
3) денсаулығының жай-күйi бойынша - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі әскери-дәрiгерлiк комиссиясының қызметке жарамсыздық немесе iшiнара жарамсыздық туралы қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
4) штаттың қысқартылуына байланысты;
5) келiсiм-шарттың бұзылуына байланысты;
6) өз еркi бойынша;
7) сынау мерзiмi iшінде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
8) қызметтік тәртiпті ұдайы бұзғаны үшiн;
9) аттестаттау тәртiбiнде белгіленген қызметтiк сәйкес келмеуi бойынша;
10) беделiне кiр келтiретiн терiс қылық жасағаны үшiн;
11) заңды күшiне енген соттың айыптау үкiмi шығарылуына байланысты запасқа (әскери есепке қойып) қызметтен босатылады.
84. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар мынадай жағдайларда:
1) жасы бойынша - "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттілiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектi жасқа жетсе, тиiсті әскери атақтары бар адамдарды запасқа қою үшiн; Z050074
2) ауруы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздық туралы қорытындысы негізiнде әскери есептен шығарылып, қызметтен босатылады.
85. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты ӨҚҚ-дан босатылады.
86. Осы Ереженiң 83-тармағының 10) тармақшасына сәйкес беделiне кiр келтiретiн терiс қылық жасаған, оның iшiнде қызметтік мiндеттер атқарумен байланысты емес, бiрақ азаматтардың көз алдында мемлекеттік қызметтiң қадiр-қасиеті мен беделiн көпе-көрiнеу түсiретiн, бiрақ қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқпайтын, атап айтқанда: қасақана құқық бұзушылықтар; мас күйдегі, нашақорлық мас күйiндегi; қызметтік тергеу жүргізу кезiнде жалған ақпарат берген; қызмет өткеруге кедергі келтiретiн өмiрбаяндық және өзге де нақты сипаттағы деректердi қызметкердiң жасыруы не бермеуi; пайдакүнемдiк мақсатта қызмет бабын пайдалануы; оқу орындарының қызметкерлерiмен, курсанттарымен және тыңдаушыларымен жарғыдан тыс қатынастар жасауға жол беруi, сондай-ақ "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңының талаптарын бұзғаны үшiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдар қызметтен босатылады.
87. Зейнетке шығуға құқық беретiн, қызмет өткерген жылдары бойынша (қызмет мерзiмi) қызметтен босатылатын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олар қабылдаған шешiм туралы жоспарланған қызметтен босату күнiнен бiр айдан кешiктiрмей ӨҚҚ-ғы тікелей бастығын өз еркiмен ескертiп, бұл туралы пәрмен бойынша рапорт бередi.
Осы ереженiң 83-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қызметтен босатылатын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар қызметтен босауға дейiн бiр ай бұрын бұл туралы хабардар eтeдi.
88. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызметтен босатуды оларға осы құқықты Министр берген бастықтар жүргізедi.
Ерекше жағдайларда босату құқығы бар орган басшысының шешiмi бойынша, егер қызметкерлер ӨҚҚ-дан босату күнi туралы белгіленген тәртiппен ескертiлмесе, лауазымдағы адамдарға iстердi тапсыруға 20 күнге дейiн және қарамағындағы адамдарға 5 күнге дейiн уақыт берiледi. Босату туралы ӨҚҚ-дан бұйрық алу күнiне емделiп жатқан, белгіленген тәртiппен алдағы уақытта босатылатыны туралы ескерту алған қызметкерлерге қызмет орнына оралған күнi бойынша қоса алғанда, бiрақ ӨҚҚ-дан босату туралы бұйрық алған күнiнен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде, ал кезекті демалыстағыларға - демалыс аяқталған күнiн қоса алғанда, ақшалай үлес төленедi.
Бiржолғы немесе жұмыстан шығу жәрдемақысының берiлген сомасы туралы қаржы органы берiлген жәрдемақының сомасы туралы қызметтік тiзiмiнде белгі соғу үшiн қызметкердiң жеке iсi орналасқан жердегi кадрлар аппаратына хабарлайды.
89. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды әскери есепке қойып және әскери есептен шығарып босатуды:
1) iшкi қызметтiң подполковнигіне дейiн қоса алғанда, - мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының бастықтары;
2) iшкi қызметтің полковнигіне дейiн қоса алғанда, сондай-ақ жоғары басшы құрамның адамдарын - Министр жүргізедi.
Ескерту. 89-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.
90. ӨҚҚ-дан босатылған, қайтыс болған, хабарсыз кеткен немесе хабар-ошарсыз жоғалған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар Министр белгiлейтiн тәртiппен ӨҚҚ жеке құрамының тiзiмдерiнен шығарылады.
91. ӨҚҚ-дан босағаннан кейiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдар заңнамаға сәйкес белгiленген тәртiппен әскери комиссариаттарда әскери есепке тұрады.
8. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың
жекелеген санаттарының қызмет өткеру
ерекшелiктерi
92. Қазақстан Республикасының депутаттары болып сайланған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар ӨҚҚ қызметiнен босатылады. Олар депутаттық өкiлеттігiнiң мерзiмi аяқталғаннан кейiн белгіленген тәртiппен ӨҚҚ-ға қызметке қайтадан қабылдануы мүмкiн.
93. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігінде, Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң органдарында, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгінде (қаржы полициясы), сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң осындай құрылымдары мен құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеру үшiн (халықаралық шарттар негізiнде) жазбаша өтiнiш негізiнде ӨҚҚ қызметкерлерi Министрдiң бұйрығымен ӨҚҚ-ның кадрларынан шығарылып, iссапарға жiберiлуi мүмкiн. Iссапарға жiберу жеке тәртiппен тиiстi мемлекеттік органдармен келiсiм бойынша ӨҚҚ қызметкерiнiң рапорты бойынша жүргізiледi.
Көрсетiлген ведомстволардың қызметкерлерi ӨҚҚ-ға қызметке ауыстырылған кезде олар қатардағы және басшы құрамдағы тиiстi лауазымдарға тағайындалғаннан кейiн, оларда бар әскери және арнаулы атақтар ӨҚҚ қызметкерлерiнiң арнаулы атақтарына теңестiрiледi, оларға әскери және арнаулы атақтар берiлуi көзделетiн лауазымдарда жұмыс iстеген уақыты ескерiле отырып, оларға ӨҚҚ-дағы қызмет өткерген жылдары есептеледi.