Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы N 63 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Кодексімен

      Ескерту. Осы Заңның күші жойылды – ҚР 20.04.2023 № 224-VII Кодексімен (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі).

      МАЗМҰНЫ

      ЗҚАИ ескертпесі!
      Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібін 13-баптан қараңыз.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ауыл (село), ауылдық (селолық)", "ауылдың (селоның), ауылдық (селолық)" деген сөздер тиісінше "ауыл, ауылдық", "ауылдың, ауылдық" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "мүгедек баланы", "мүгедек балаларды", "Мүгедек баланы", "мүгедек бала", "мүгедек балаға", "мүгедек балалары" деген сөздер тиісінше "мүгедектігі бар баланы", "мүгедектігі бар балаларды", "Мүгедектігі бар баланы", "мүгедектігі бар бала", "мүгедектігі бар балаға", "мүгедектігі бар балалары" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң балалы отбасыларға мемлекеттiк жәрдемақылар түрiнде әлеуметтік қолдау көрсетуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар (бұдан әрi - жәрдемақылар):

      бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала туғанда берілетiн жәрдемақы);

      бала бір жарым жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын және төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала күтімi жөнiндегі жәрдемақы);

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы);

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – көп балалы анаға берілетін жәрдемақы);

      мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы) түріндегі ақшалай, оның ішінде электрондық ақшамен төленетін төлемдер;

      2) жәрдемақылар тағайындау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерi;

      3) алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3-1) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі – уәкілетті мемлекеттік органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;

      4) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысанынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;

      5) алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      6) алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      7) өтiнiш берушi - жәрдемақылар тағайындату үшін өтiнiш беретін адам;

      8) алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.02 № 211-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2022 № 168-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және қандастарға қолданылады.

      Көп балалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей жәрдемақы алу құқығын пайдаланады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 13.05.2020 № 327-VI ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-1-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті

      Уәкілетті мемлекеттік орган:

      1) балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау мен төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) қаржылық және өзге де есептіліктің тізбесін, нысандарын және Мемлекеттік корпорацияның оны ұсыну мерзімдерін айқындайды;

      3) құзыреті шегінде Мемлекеттік корпорацияның қызметін тексеруді жүзеге асырады;

      4) балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелерді қолдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5) балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      Ескерту. Заң 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 20.06.2017 № 76-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-2-бап. Мемлекеттік корпорацияның құзыреті

      Мемлекеттік корпорация:

      1) уәкілетті органға беру үшін құжаттар қабылдауды және олардың жинақталуын тексеруді жүзеге асырады;

      2) құжаттарды қабылдау, жәрдемақыларды тағайындау, тоқтата тұру, тоқтату, қайта бастау және қайта есептеу істерінің макеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) жәрдемақылардың, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен уақтылы төленуін қамтамасыз етеді;

      4) балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелердің деректерін толтыруды және жаңартып отыруды жүзеге асырады;

      5) жәрдемақыларды төлеуге қажеттілікті есептеу бойынша болжамды деректерді қалыптастырады;

      6) жәрдемақы төлемдеріне ай сайынғы қажеттілікті және оны төлеу графиктерін қалыптастырады, жәрдемақыларды төлеуге қаражат қажеттілігі туралы өтінімдерді уәкілетті мемлекеттік органға жібереді;

      7) балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық жүйелерден алынған ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органға береді.

      Ескерту. Заң 3-2-баппен толықтырылды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 20.06.2017 № 76-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Жәрдемақылар алу құқығы

      1. Туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:

      1) бала туғанда берілетін жәрдемақы;

      2-1) көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы;

      2) мынадай жағдайларда:

      бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтын;

      2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жағдайларда бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;

      3) алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

      5) алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2. Алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған адамдардың көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны алуға құқығы бар.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.02 № 211-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Жәрдемақыларды тағайындауға өтініш жасау

      1. Жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш жасау жәрдемақы алу құқығы туындағаннан кейін жүзеге асырылады.

      2. Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын құжаттар қоса беріле отырып, осы Заңның 4-бабында көзделген жәрдемақыға құқығы бар отбасының (адамның) тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға беріледі.

      Адамдар жәрдемақылар тағайындау үшін "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы өтініш жасауға құқылы.

      Балаға мүгедектік бастапқыда белгіленген кезде өтініш беруші мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы тағайындау үшін тұрғылықты жеріндегі медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне өтініш жасауға құқылы.

      Жеке өзінің өтініш жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда, өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен берілген сенімхат негізінде жәрдемақылар тағайындау туралы өтініш жасауға басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.

      Жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті беру "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындаған кезде талап етілмейді.

      3. Алып тастау көзделген - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде өтініш беруші туралы сұратылып отырған мәліметтердің жоқ екендігін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асырған Мемлекеттік корпорация ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық жүйелердегі өтініш беруші туралы мәліметтерді сәйкес келтіру үшін құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі туралы өтініш берушіні хабардар етеді.

      Ақпараттық жүйелер өтініш беруші туралы бұрын болмаған мәліметтердің бар екендігін белгіленген тәртіппен растаған кезде өтініш берушінің тиісті жәрдемақы тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасаған күні бала туғанда берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы, көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы тағайындалған күн деп есептеледі.

      5. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақы мен бала күтiмiне байланысты жәрдемақыны тағайындауға өтiнiш жасау мерзiмдерi бала туған күннен бастап он сегіз айдан аспауға тиiс.

      6. Өтiнiш берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық және анық мәлiметтер ұсынуға мiндеттi.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2022 № 168-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Жәрдемақыларды тағайындау мен төлеудің тәртібі

      1. Жәрдемақыларды тағайындау мен төлеуді уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган жүргізеді.

      1-2. алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Уәкілетті орган өтінішті қажетті құжаттарымен, оның ішінде электрондық құжаттарымен қоса – ол Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күннен бастап, ал осы Заңның 5-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері өтініш беруші туралы мәліметтерді растаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарайды.

      Проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақылар тағайындалған кезде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға өтініш берушінің келісімін алған күн қызмет көрсетуге өтініш жасалған күн және оның Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күні болып есептеледі.

      Уәкілетті орган өтініш берушіге жәрдемақылар тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту (себептерін көрсетіп) туралы қабылданған шешім туралы жазбаша не Мемлекеттік корпорация арқылы электрондық құжат жіберу арқылы бес жұмыс күнінен кешіктірмей, ал "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде бір жұмыс күні ішінде электрондық нысанда хабарлайды.

      3. Алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Өтiнiш берушiнiң уәкiлеттi органның әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және шешімдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

      5. Мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға жәрдемақылар тағайындалмайды.

      6. Төлемдi тағайындайтын немесе төлеудi жүзеге асыратын органның кiнәсiнен уақтылы алынбаған жәрдемақылар сомалары өткен уақыт үшін мерзiмiне шек қойылмай төленедi.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.02 № 211-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақыны тағайындау мен төлеу

      1. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақы өтiнiш берген күннен бастап тағайындалады.

      2. Екi және одан да көп бала туған кезде бала туғанда берiлетiн жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленедi.

8-бап. Бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақыны тағайындау мен төлеу

      1. Бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы бала туған күннен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейiн тағайындалады.

      Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар болып табылатын және 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адамдарға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы баланың туған күнінен бастап 2007 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы мерзімге тағайындалады.

      2. Бір жарым жасқа толмаған екi және одан да көп балаға күтімдi жүзеге асырған жағдайда бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленедi.

      3. Асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасыларға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.

      4. Бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақыны тағайындау кезiнде отбасы құрамындағы ата-анасы өздерiне қатысты ата-аналық құқығынан айрылған балалар есепке алынбайды.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.02 № 211-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2022 № 168-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-1-бап. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу

      1. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасау кез келген уақытта қандай да бір мерзіммен шектелмей жүзеге асырылады.

      2. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны төлеу барлық растаушы құжаттар болған кезде өтініш жасалған күннен бастап ағымдағы айға және осы жәрдемақы тағайындалған шарттар сақталған кезеңге жүргізіледі. Осы Заңның 11-1-бабына сәйкес жәрдемақы алушы өзгерген жағдайларды қоспағанда, алушы қайтыс болған жағдайда көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы қайтыс болған айды қоса алғанда, ал жәрдемақы алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кеткен жағдайда – кеткен айды қоса алғанда төленеді.

      3. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы растаушы құжаттарды ұсынбаған немесе анық емес деректері бар құжаттарды ұсынған адамдарға тағайындалмайды.

      4. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындау кезінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалар бірге тұру фактісіне қарамастан отбасының құрамында есепке алынады.

      5. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындауға негіздер жоғалған жағдайларда, оны төлеу тоқтатылады.

      Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Көп балалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу

      1. Көп балалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасау қандай да бір мерзіммен шектелмей кез келген уақытта жүзеге асырылады.

      2. Көп балалы анаға берiлетiн жәрдемақыны төлеу ағымдағы ай үшін және барлық растайтын құжаттар болған кезде өтініш жасаған күннен бастап осы жәрдемақы тағайындалған жағдайлар сақталған кезеңге жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда көп балалы анаға берiлетiн жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді.

      3. Көп балалы анаға берiлетiн жәрдемақы растайтын құжаттарды табыс етпеген немесе анық емес деректер қамтылған құжаттарды табыс еткен адамдарға тағайындалмайды.

      4. Көп балалы анаға берiлетiн жәрдемақыны төлеу оны тағайындау үшін негіздер жойылған немесе алушы қайтыс болған жағдайларда тоқтатылады.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

9-1-бап. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу

      1. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы өтініш жасалған күннен бастап баланың мүгедектігінің барлық кезеңіне тағайындалады.

      2. Отбасында екі және одан да көп мүгедектігі бар бала тұрған жағдайда жәрдемақы әр мүгедектігі бар балаға тағайындалады және төленеді.

      3. Асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алған мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.

      Ескерту. Заң 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.02 № 211-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-2-бап. Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау және төлеу

      Ескерту. 9-2-бап алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Жәрдемақылар мөлшері

      1. Осы Заңға сәйкес жәрдемақылар мынадай мөлшерде белгіленеді:

      1) бала туғанда берілетін жәрдемақы:

      бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 айлық есептік көрсеткіш;

      төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 айлық есептік көрсеткіш;

      2) бала күтімі жөніндегі жәрдемақы:

      бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш;

      екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш;

      үшінші балаға – 7,85 айлық есептік көрсеткіш;

      төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш;

      2-1) көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы:

      төрт балаға – 16,03 айлық есептік көрсеткіш;

      бес балаға – 20,04 айлық есептік көрсеткіш;

      алты балаға – 24,05 айлық есептік көрсеткіш;

      жеті балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш;

      сегіз және одан көп балаға – әрбір балаға 4 айлық есептік көрсеткіш;

      3) көп балалы анаға берілетін жәрдемақы – 6,40 айлық есептік көрсеткіш;

      4) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы – 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      5) алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жәрдемақылар республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің немесе ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып төленеді.

      2. Өтініш беруші жәрдемақының мөлшерін өзгерту немесе оны төлеуді тоқтату үшін негіз бола алатын мән-жайлар туралы Мемлекеттік корпорацияны он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.

      Өтініш беруші бала күтіміне байланысты жәрдемақының, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақының, көпбалалы анаға берілетін жәрдемақының, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақының мөлшерлеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабар бермеген жағдайда, жәрдемақылардың мөлшері көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап қайта қаралады, бірақ олар тағайындалған күннен ерте емес қайта қаралады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.02 № 211-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2014 N 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 326-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Жәрдемақылар төлеуді тоқтату немесе тоқтата тұру

      1. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақылардың төленуін тоқтату үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) баланың қайтыс болуы;

      1-1) осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2-1) тармақшасында көрсетілген жәрдемақыны төлеу үшін, кәмелеттік жасқа толғанынан кейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын баланың оқудан шығуы;

      2) баланы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне беру;

      3) өтініш берушінің жәрдемақының (жәрдемақылардың) заңсыз тағайындалуына әкеп соққан анық емес мәліметтер ұсынуы;

      4) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою, қорғаншыларды (қамқоршыларды) өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету;

      5) жәрдемақы алушыға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы.

      Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2-1) тармақшасында көрсетілген жәрдемақыны тағайындау үшін негіздер сақталған кезде, оны төлеу осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 1-1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда тоқтатылмайды.

      1-1. Осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген жәрдемақыны төлеуді тоқтату үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) өтініш берушінің жәрдемақының заңсыз тағайындалуына алып келген, анық емес мәліметтер ұсынуы;

      2) жәрдемақы алушыны "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан айыру;

      3) жәрдемақы алушыға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы.

      2. Жәрдемақыларды төлеу осы баптың 1 және 1-1-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      Жәрдемақылардың артық төленген сомалары – ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде сот тәртібімен қайтарылуға жатады.

      3. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 4) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген жәрдемақыларды төлеу мынадай мән-жайлар басталған кезде тоқтатыла тұрады:

      1) жәрдемақы алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуі;

      2) жәрдемақы алушының сот бас бостандығынан айыру түрінде тағайындаған қылмыстық жазаны өтеуі;

      3) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ақылы негізде ұсынылатын адамды қоспағанда, жәрдемақы алушының мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемеде (ұйымда) тұруы;

      4) баланың осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2-1) тармақшасында көрсетілген жәрдемақыны төлеу үшін кәмелетке толуы;

      5) жәрдемақы алушыға қатысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы немесе хабар-ошарсыз жоғалу фактісі туралы растайтын құжаттың болуы;

      6) жәрдемақы алушы – шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өтуі.

      Жәрдемақыларды төлеу жәрдемақылардың төленуін тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар өткен соң қайта басталады.

      4. Бала (балалар) қайтыс болған жағдайда, осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды төлеу бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң тоқтатылады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-1-бап. Жәрдемақыларды алушының өзгеруі

      1. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды алушы қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған), ата-ана құқықтарынан айырылған немесе оның ата-ана құқықтары шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген жағдайларда, жәрдемақыларды төлеу баланы (балаларды) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне белгілеу жағдайларын қоспағанда, баланың (балалардың) заңды өкіліне жүргізіледі.

      2. Жәрдемақыларды алушыны өзгерту үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар осы Заңның 5-бабына сәйкес тиісті өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жүгінеді.

      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

12-1-бап. Өтпелі ережелер

      2018 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған, құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылардың көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасауы және растаушы құжаттарды ұсынуы талап етілмейді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген отбасыларға көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде тағайындалады және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап төленеді.

      Ескерту. 12-1-баппен толықтырылды – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 4-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын, 8-бапты, 10-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады