2001 жылғы 4 шiлдеде Қазақстан Республикасы ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк хаттаманың 8-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк хаттаманың ережелерiн жүзеге асыру жөнiнде Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы баяндама бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi белгiленген тәртiппен Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтік хаттаманың ережелерiн жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы баяндаманы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөнiндегi комитетiне жiберсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
БIРIККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ
Бала құқықтары жөнiндегі комитет
Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы
жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтік хаттама
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы
жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк
хаттаманың ережелерiн жүзеге асыру жөнiнде
Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы
баяндама
Осы баяндама 2001 жылғы 4 шiлдеде Қазақстан Республикасы
ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенцияға
балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты
Факультативтiк хаттаманың 8-бабының 1-тармағына
сәйкес ұсынылған
Астана қаласы
2005 жыл
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 15 қазандағы
N 1033 қаулысымен
бекiтілген
Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы
жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк
хаттаманың ережелерiн жүзеге асыру жөнiнде
Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы
баяндама
Кiрiспе
1. Осы баяндаманы мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрлiгi (бұдан әрi - ҚР БҒМ) дайындады.
Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк хаттама жөнiндегі баяндаманы (бұдан әрi - Факультативтiк хаттама) Бала құқықтары жөнiндегі комитеттiң күтiлетiн ұсынымдарымен бiрге көрсетілген мемлекеттiк органдар тарататын болады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк хаттама ұлттық заңнаманың алдында басымдыққа ие, өйткенi Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес:
"Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады".
3. Факультативтік хаттаманы жүзеге асыру жөнiндегі құзыретке мына мемлекеттiк органдар ие: Білiм және ғылым министрлiгi, Сыртқы iстер министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Бас Прокуратура, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi ұлттық комиссиясы.
4. Ата-аналарды қоса алғанда, жұртшылық арасында факультативтiк хаттаманың epeжeлepi туралы ақпарат Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықаралық, республикалық конференцияларда, дөңгелек үстелдерде, семинарлар мен тренингтерде таратылды.
Қазақстанда Факультативтiк хаттама ережелерiне қатысты мәселелерде құзыреті жеткілікті мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бар.
Факультативтiк хаттаманың жүзеге асырылуы барысын кезеңдiк бағалауды жүргiзуге арналған тетiктер мен рәсiмдер әлi толық жасалмаған. Қазақстан Республикасында Факультативтік хаттаманың ережелерiн Қорғаныс, Iшкi iстер, Бiлiм және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлiктерi iске асырады.
1-бап
Қатысушы мемлекеттер өздерiнiң қарулы күштерiнiң 18 жасқа толмаған әскери қызметшiлерiнiң соғыс iс-қимылдарына тiкелей қатыспауын қамтамасыз ету үшiн барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
5. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345-II Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында 18 жасқа толмаған балалардың соғыс қимылдарына қатысуын болдырмау жөнiндегi шаралар айқындалған.
___________________________
41-бап. Баланы соғыс қимылдарына қатыстыруға тыйым салу
Баланы соғыс қимылдарына, қарулы жанжалдарға тартуға, балалардың әскерилендiрiлген құрамаларын құруға тыйым салынады.
2-бап
Қатысушы мемлекеттер 18 жасқа толмаған адамдардың олардың қарулы күштерiне мiндеттi түрде шақырылмауын қамтамасыз етедi.
6. Әскери мiндет халықты республиканы қорғауға дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленедi.
___________________________
36-бап.
1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндеті.
2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
7. "Әскери мiндеттілiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 74-ІІІ ҚРЗ Заңына сәйкес он сегiз жастан жиырма жеті жасқа дейiнгі, кейiнге қалдыру немесе шақырудан босатылу құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларды жасақтау үшін қажетті санда Қазақстан армиясына шақырылуға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке заңсыз түрде шақырғаны үшiн жауапкершілік көзделген.
___________________________
23-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметінiң қаулысы негізiнде жүргізіледi. 18-ден 27 жасқа дейінгі шақыруды кейiнге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар мерзiмдi әскери қызметке шақыруға жатады.
8. Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңына сәйкес мiндетті әскери қызметке қабылдау үшiн жас шамасын белгiлейтiн құжаттар (Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 3 қазандағы N 2477 Заң күшi бар Жарлығымен енгiзiлген өзгерiстермен бiрге) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi не паспорты болып табылады.
3-бап
1. Қатысушы мемлекеттер Баланың құқықтары туралы конвенцияның 38-бабының 3-тармағында қамтылған қағидаттарды ескере отырып және Конвенцияға сәйкес 18 жасқа толмаған адамдардың ерекше қорғалуға құқығы бар екендiгiн тани отырып, осы бапта көрсетiлген жаспен салыстырып қарағанда, олардың ұлттық қарулы күштерiне ерiктi түрде шақырылатын адамдардың ең төменгi жасын ұлғайтады.
2. Осы Хаттаманы ратификациялау немесе оған қосылу кезiнде әрбір қатысушы мемлекет оның ұлттық қарулы күштерiне ерiктi түрде шақыруға жол берілетiн ең төменгi жас мөлшерi көрсетілетiн және мұндай шақыруда күш қолдану немесе мәжбүрлеу сипатының болмауын қамтамасыз ету үшін мемлекет қабылдаған кепілдiктер жазылатын мiндеттi сипаттағы өтiнiштi сақтауға тапсырады.
3. 18 жасқа толмаған адамдарды олардың ұлттық қарулы күштерiне ерiктi түрде шақыруға жол беретiн қатысушы мемлекеттер тым болмағанда, мыналарды:
мұндай шақыру шынында да ерiктi сипатта болуын;
мұндай шақыру осы адамның ата-анасының немесе заңды қамқоршыларының саналы түрдегi келiсiмiмен жүргiзiлуi;
мұндай адамдар осындай әскери қызметтi атқаруына байланысты мiндеттерi туралы толық деңгейде мағлұмат алуын;
мұндай адамдар оларды ұлттық әскери қызметке қабылданғанға дейiн өздерiнiң жасы туралы шынайы куәлiктердi ұсынуын қамтамасыз ететiн кепілдіктер береді.
4. Әрбір қатысушы мемлекет кез келген сәтте Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының атына тиiстi хабарлама жiберу жолымен өз өтiнiшiнiң жағдайын жақсарта алады, ол бұл туралы барлық қатысушы мемлекеттердi хабардар етедi. Мұндай хабарлама оны Бас хатшы алған күннен бастап күшiне енедi.
5. Осы баптың 1-тармағында қамтылған жас мөлшерiн ұлғайту туралы талап Баланың құқықтары туралы конвенцияның 28 және 29-баптарына сәйкес қатысушы мемлекеттердiң қарулы күштерiнiң қарамағында немесе бақылауында болатын оқу орындарына қолданылмайды.
9. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345-II Заңына сәйкес баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы регламенттелген.
___________________________
10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетіне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы
1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкімнің тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетін қатыгездiкпен, дөрекілікпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық іс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
10. "Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (2005 жылғы 8 шiлдедегі N 74-III ҚРЗ) Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери мiндетi мен әскери қызметіне қатысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.
11. Қазақстан заңнамасында әскери қарулы күштер қатарына тек 18 жастан бастап шақыру көзделген және азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке заңсыз түрде шақырғаны үшін жауапкершілiк көзделген.
12. Қазiргі уақытта Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының атына тиiстi хабарлама жiберу қажеттілігі жоқ.
13. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң Кадет корпусын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 шiлдедегi N 3049 Жарлығына және "Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы республикалық "Жас ұлан" мектебi" мемлекеттік мекемесiн құру мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 наурыздағы N 309 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің бақылауымен 11 жастан бастап және одан үлкен жастағы балалар оқитын білiм беру ұйымы жұмыс iстейдi.
Осы ұйымдардың негізгі мiндеттерi тегiн міндетті жалпы орта білiм беру, әскери iстiң негіздерiн тереңдете оқыту, адам құқықтарын және негізгі бостандықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, жеке тұлғаны, таланттарды, балалардың ақыл-ой және физикалық қабілеттерiн дамыту, сондай-ақ бейбiтшiлiк, төзiмшiлдiк, теңдік рухындағы саналы өмiрге даярлау.
4-бап
1. Мемлекеттiң қарулы күштерiнен өзгеше қарулы топтар қандай жағдайда болсын 18 жасқа толмаған адамдарды соғыс қимылдарына тартпауға немесе пайдаланбауға тиiс.
2. Қатысушы мемлекеттер осындай практикаға тыйым салу және оны қылмыстық сипаттан арылту үшін қажеттi құқықтық шараларды қабылдауды қоса алғанда, мұндай тарту мен пайдаланудың алдын алу мақсатында барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
3. Осы Хаттамаға сәйкес осы бапты қолдану қарулы жанжал тараптарының бiр де бiрiнiң заңды мәртебесiн қозғамайды.
14. Қазақстан Республикасында 18 жасқа толмаған адамдарды жұмысқа тартуға және жалдауға тыйым салу жөнiнде құқықтық шаралар айқындалған. Қылмыстық сотта iс жүргізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң "Бейбiтшілік пен адамзат қауiпсiздігіне қарсы қылмыстар" деген 4-тараудың нормаларына негiзделген.
___________________________
162-бап. Жалдау
1. Жалдамалыны жалдануға азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе оны өзге материалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ оны қарулы жанжалда немесе соғыс қимылдарында пайдалану - 4 жылдан 8 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінiң қызмет бабын пайдаланып немесе кәмелетке толмағанға қатысты жасаған дәл сол әрекеттер -
мүлкi тәркiленіп, немесе онсыз 7 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жалдамалының қарулы жанжалға немесе соғыс қимылдарына қатысуы - үш жылдан жетi жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың үшінші бөлiгінде көзделген, адам қазасына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан iс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, oн жылдан жиырма жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға не мүлкi тәркiленiп, өлiм жазасына немесе мүлкі тәркіленiп, өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
15. Қазiргі уақытта мұндай проблема жоқ.
5-бап
Осы Хаттамадағы ештеңе де баланың құқықтарын жүзеге асыруға неғұрлым жоғары дәрежеде ықпал ететiн қатысушы мемлекеттердiң заңнамасында немесе халықаралық шарттарында және халықаралық гуманитарлық құқықта қамтылатын ережелердi жоққа шығару ретiнде түсiндiрілмейдi.
16. Балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасында "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345-II Заң қабылданды.
Осы Заң балаларды қоғамдағы толыққанды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру қағидаттарын негізге ала отырып, бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясында, Қазақстан Республикасының Конституциясында баланың кепiлдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.
17. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында балалардың жағдайын жақсартуға арналған стратегиялық бағдарлар айқындалған.
Атап айтқанда, "Диспансерлiк есепте тұратын және амбулаториялық деңгейде жеңiлдiк шарттары қолданылатын балалар мен жасөспiрiмдердi дәрi-дәрмекпен тегiн қамтамасыз етуге, жоғары оқу орындары студенттерiнiң, кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдары оқушыларының стипендияларының мөлшерiн ұлғайту, бiлiм беру гранттарының санын ұлғайту тұлғаны және әрбiр адамның бостандығын құрметтейтін, өзiн-өзi асырауға жағдайы жоқтарға қамқорлық жасайтын, ана мен баланы қорғайтын қоғамды құрудағы стратегиялық маңызды мәселе болып табылады" деп көрсетiледi.
6-бап
1. Әрбiр қатысушы мемлекет өзiнiң заңдық құзыретi шеңберiнде осы Хаттаманың ережелерiн тиiмдi жүзеге асыруды және қолдануды қамтамасыз eту үшiн барлық қажеттi құқықтық, әкiмшілiк және өзге де шараларды қабылдайды.
2. Қатысушы мемлекеттер ересектер мен балалар арасында осы Хаттаманың қағидаттары мен ережелерiн тиiстi құралдармен кең ауқымда таратуды және насихаттауды қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
3. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамаға қарамастан соғыс қимылдарына тартылған немесе пайдаланылып жүрген өздерiнiң заңдық құзыретiндегi адамдардың әскери қызметтен қайтарылуын немесе өзгеше жолмен босатылуын қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал шараларды қабылдайды. Қатысушы мемлекеттер қажет болған жағдайда осы адамдардың тәнi мен психологиялық жай-күйiн, сондай-ақ оларды әлеуметтiк керi ықпалдастыру мақсатында оларға барлық тиiстi көмектi көрсетедi.
18. Қазақстан Республикасында осы Факультативтік хаттаманың ережелерiн тарату мен насихаттау жөнiнде жұмыс жүргiзілуде.
Факультативтiк хаттаманың ережелерi қазiргі уақытта "Тұрмыс -тiршiлiк қауiпсiздігінiң негіздерi" атты мектеп курсында зерделенедi, төтенше жағдайлардың алдын алу және ондағы iс-әрекеттер, терроризмдi, дiни экстремизмдi болдырмау жөнiнде арнайы тақырыптар көзделген. Мысалы, "Терроризм - қазiргі заманның жаһандық проблемасы", "Дiни және экстремистiк ұйымдар мен олардың терроризммен байланысы", "Төтенше жағдайларда өзiңдi қалай ұстауың керек".
Осы құжатты тарату және насихаттау мақсатында әдiлет органдарының, сот, құқық қорғау органдарының өкiлдерiн, белгiлi қоғам қайраткерлерiн, мәдениет пен өнер қызметкерлерiн тарта отырып, оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндiрулер, әңгiмелер, дөңгелек үстелдер өткiзіледi.
2005 жылғы ақпанда Ақмола облысында "Балдаурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткiзілген "Еуразия шеңберi" халықаралық форумында, республиканың әртүрлi өңiрлерiнен 300 баладан астам - жас журналист балалар жұртшылықтың назарын балалар мен жасөспiрiмдер проблемаларына аудару жөнiндегi өздерiнiң шығармашылық тәжiрибесiмен алмасты.
Осы форумда балалар мен жасөспiрiмдер құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерiн нысаналы талқылау, әскери жанжалдар және халықаралық терроризм трагедиясын болдырмау үшiн бейбiтшiлiк пен зорлық-зомбылық көрсетпеу қағидаттарын жұртшылық санасына енгiзу белгiлi қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының ұйымдастырушылық-ақпараттық қолдауы арқылы жүргiзiлдi және "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда", "Новое поколение", "Экспресс-К", "Новости недели", "Аргументы и факты" және т.б. республикалық басылымдарда өзiнiң жалғасын тапты. Мысалы, "Новое поколение" газетінде "Yлкен қоңырау" атты арнаулы айдары бар, онда балалардың құқықтарын бұзу, балаларды сату, отбасы үлгiсiндегi балалар үйлерiнiң жай-күйi, балалар мен жасөспiрiмдердiң жазғы демалысы және тағы басқа проблемалар қозғалады.
Қазақ радиосынан "Алақай", "Балалық шаққа саяхат", "Кешкi ертегі", "Почемучка", "Это целый мир" және басқа танымдық-ойын-сауық, дамыту және оқыту бағдарламалары ұдайы берілiп тұрады.
Республикалық телеарналарда бiрқатар тұрақты түрде жұмыс істейтiн "Контекст", "Собственное мнение" хабарлары бар, оларда балалардың жағдайын жақсарту, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiк мәселелерi кеңiнен жария етiледi.
Бiлiм және ғылым министрлiгi Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiмен бiрлесiп, мемлекеттiк жастар саясаты шеңберiнде балалар, жастар мен жасөспiрiмдердiң азаматтық тұрғыда қалыптасуы және әлеуметтiк тұрғыдан өзiн-өзi iске асыруы үшiн құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға және нығайтуға бағытталған жұмыс жүргізуде. Сан алуан республикалық және өңірлiк конкурстарды, олимпиадаларды, "Ашықтық, бейбiтшiлiк және үмiт нышандары", "Мен - Қазақстан Республикасының азаматымын", "Бiздiң планетада бейбiтшілiкті сақтаймыз" акцияларын өткiзу дәстүрге айналды.
Республиканың барлық мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, осы мәселе бойынша мүдделi органдармен бiрлескен жұмысты қамтамасыз ету үшiн әр түрлi қоғамдық ұйымдар және ата-аналар директордың тәрбие жұмысы жөнiндегі орынбасары, психолог, әлеуметтiк педагог, мектеп инспекторы лауазымдарын енгiздi. Бұл оқушылар мен жастар арасындағы ғана емес, сондай-ақ конференциялар, дәрiстер өткiзу жолымен ата-ана жұртшылығы арасында ағартушылық қызметті жандандыруға мүмкiндiк бердi.
БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына сәйкес балалардың құқықтарын нақты қамтамасыз ету, елдiң балалары мен ересек халқын құқықтық ағартуды жүзеге асыру, олардың білiмiн көтеру үшiн Қазақстанның көптеген өңiрлерiнде "Ата-ана университеттерi", "Балалардың қоғамдық қабылдау бөлмелерi", "Отбасылық педагогикалық қонақ үйлер", "Сенiм телефондары" сияқты жұмыс нысандары құрылды.
Республиканың бiлiм беру ұйымдарында әр түрлi ұлт өкілдерi арасында үрей мен соқыр сенiмдердi таратудың алдын алу; халықтар арасындағы бейбiтшiлiк пен достықты нығайту жөнiндегi iс-әрекеттерге жастардың қатысуын көтермелеу жөнiнде белсендi жұмыс жүргiзiлуде.
19. Осындай норма Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында көрсетiлген: "Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады".
7-бап
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы жүзеге асыру iсiнде, оның ішінде Хаттамаға қайшы келетiн кез келген қызметтiң алдын алу iсiнде және осы Хаттамаға қайшы келетiн iс-қимылдардың құрбандары болған адамдарды оқыту және оларды әлеуметтiк ортаға қайта ықпалдастыру iсiнде, оның iшiнде, техникалық ынтымақтастық пен қаржылық көмек көрсету арқылы ынтымақтасатын болады. Мұндай көмек пен ынтымақтастық мүдделi қатысушы мемлекеттермен және тиiстi халықаралық ұйымдармен консультацияда жүзеге асырылатын болады.
2. Осындай көмектi жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар қатысушы мемлекеттер мұндай көмектi қазiргi көп жақты, екi жақты немесе өзге де бағдарламалар шеңберiнде немесе, атап айтқанда, Бас Ассамблеяның ережелерiне сәйкес құрылған ерiктi жарналар қоры арқылы көрсетедi.
20. Қазақстан Республикасын қарулы жанжалдардың балаларға кең ауқымды әсер етуi алаңдатып отыр және ол балабақшалар, мектептер, ауруханалар сияқты объекттерге қол сұғу әрекеттерiн айыптайды.
Қарулы жанжалдар кезеңiнде балаларды қорғау бүгiнгі күнi ерекше көкейтесті болып отыр.
Қазақстан Республикасы қарулы жанжалдардың құрбаны болған балаларға құқықтық және шұғыл көмек көрсету бойынша Көшi-қон жөнiндегі халықаралық ұйыммен белсендi ынтымақтасуда.
2005 жылы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң деректерi бойынша республикада 600 босқын тiркелген, олардың 248-i-балалар.
Қазақстан босқын балаларды қорғау және оларға қажеттi көмек көрсету жөнiнде шаралар қабылдауда. Мысалы, Ауғаныстанның босқын балалары үшiн Алматы қаласында балабақша және мектеп ашылған.
___________________________
Қазақстан Республикасының Конституциясы. 12-бап . II бөлiм "Адам және азамат".
1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк беріледi.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.
5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.
21. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345-II Заң босқын балалардың және амалсыз қоныс аударушылардың құқықтарын қорғау мәселелерiн реттейдi.
"Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң 2005 жылға арналған тiзбесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 21 желтоқсандағы N 1348 қаулысына сәйкес шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, оның iшiнде балаларға кепiлдендiрiлген тегiн медициналық көмек көрсету көлемiнiң тiзбесiне шұғыл айғақтар бойынша, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, сондай-ақ айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулар кезiнде, медициналық көмек көрсету кiредi.
___________________________
47-бап. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың құқықтарын қорғау
1. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың өз мүдделерiнің қорғалуына құқығы бар.
2. Баланың тұрып жатқан жеріндегi қорғаушы және қамқоршы органдар, аумақтық көшi-қон қызметтерi ата-ананың не өзге де заңды өкілдерiнің бар екендiгi және олардың тұратын жері туралы мәліметтер алуға жәрдемдеседі, қажет болған жағдайда баланы емдеу-профилактикалау немесе бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларын жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға орналастырады.
22. Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты Факультативтiк хаттама ережелерiн сақтаудағы өзiнiң мiндеттемелерiн растайды.