Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Орталық Азия Ынтымақтастығы" Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Теледидар және радио бағдарламаларын өзара тарату туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ "Орталық Азия Ынтымақтастығы" Ұйымына мүше мемлекеттер
арасындағы Теледидар және радио бағдарламаларын
өзара тарату туралы келісімді бекіту туралы
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2004 жылғы 28 мамырда Астана қаласында жасалған "Орталық Азия Ынтымақтастығы" Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Теледидар және радио бағдарламаларын өзара тарату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
"Орталық Азия Ынтымақтастығы" Ұйымына мүше мемлекеттер
арасындағы Теледидар және радио бағдарламаларын
өзара тарату туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, "Орталық Азия Ынтымақтастығы" Ұйымына (бұдан әрі - ОАЫ) мүше мемлекеттер,
2002 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы мемлекеттері басшыларының Бірлескен мазмұндамасының және 2003 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесінің ережелерін назарға ала отырып,
бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саяси маңыздылығын түсінушілікті негізге ала отырып,
Тараптар халықтарының мәдени-ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру, ОАЫ-ға мүше мемлекеттер арасындағы дәстүрлі байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында,
бірыңғай ақпараттық кеңістік және Тараптар аумағында теледидар және радио бағдарламаларын тарату үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,
ОАЫ-ға мүше мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына маңызды мән бере отырып,
ОАЫ-ға мүше мемлекеттердің ұйымдық-техникалық, экономикалық, технологиялық мүмкіндіктерін және пайдалану талаптарын ескере отырып, сондай-ақ Халықаралық Электрбайланысы Одағының ұсынымдарын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар, өздерінің ұлттық заңнамаларының талаптарына сәйкес өз аумақтарында теледидар және радио бағдарламаларын трансляциялау мен таратуды қамтамасыз ету үшін қолайлы құқықтық, ұйымдық және экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі ынтымақтастықты дамытады.
2-бап
Тараптар өз аумақтарында мазмұны жағынан ұлттық заңнамаға қайшы келмейтін, ОАЫ-ға мүше мемлекеттер халықтарының ұлттық дәстүрлеріне, дүниетанымына және өмір салтына, қоғамдық және ізгілік құндылықтарына сәйкес келетін теледидар және радио бағдарламаларын алмасуға және таратуға ықпал етеді.
3-бап
Тараптардың телерадио хабарларын таратушы және телекоммуникация ұйымдары хабар тарату тілдерін, ауқымын, тарату өңірінің қамтылуын және теледидар және радио бағдарламаларымен алмасуды ұйымдастыру тәртібін айқындайтын, қосымша екі жақты шарттар (келісім-шарттар) жасасады, сондай-ақ өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде қажетті ұйымдық-техникалық іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар теледидар және радио бағдарламаларын бірлесіп жасауға, телерадиофорумдар өткізуге, телерадио хабарларын таратудың құқықтық, ұйымдық-техникалық және шығармашылық мәселелері бойынша тәжірибелерімен жүйелі алмасуға ықпал етеді.
5-бап
Тараптар өз аумақтары арқылы өзге Тараптардың теледидар және радио бағдарламаларының екі жақты шарт негізінде жүзеге асырылатын еркін транзитіне кедергі келтірмейді.
6-бап
Осы Келісім бойынша Тараптардың уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы атынан - Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігі;
Қырғыз Республикасы атынан - Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадио хабарларын тарату корпорациясы, Қырғыз Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі;
Тәжікстан Республикасы атынан - Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі комитеті, Тәжікстан Республикасының Байланыс министрлігі;
Өзбекстан Республикасы атынан - Өзбекстанның телерадиокомпаниясы, Өзбек Байланыс және ақпараттандыру агенттігі.
Жоғарыда көрсетілген уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.
7-бап
Теледидар және радио бағдарламаларын өзара тарату шарттары, сондай-ақ есеп айырысу және төлемдер тәртібі Тараптардың телерадио хабарларын таратушы және/немесе телекоммуникациялық ұйымдары арасында жасалған шарттарының (келісім-шарттарының) ережелерімен айқындалады.
8-бап
Осы Келісім шеңберіндегі жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
9-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушы болып табылатын өзге халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Осы Келісімді қолдануға байланысты туындайтын даулы мәселелерді Тараптар келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.
11-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісім депозитарийдің Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және одан кейінгі бір жыл мерзімге автоматты түрде ұзартылатын болады. Тараптардың кез келгені депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнен шыға алады.
Бұл Тарапқа қатысты осы Келісімнің күші депозитарийдің осындай хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін жойылады.
14-бап
Осы Келісімнің ережелері негізінде іске асырылатын, оның қолданысы тоқтаған сәтке аяқталмаған барлық жобалар, бағдарламалар, сондай-ақ шарттар (келісім-шарттар) аталған жобалар, бағдарламалар мен шарттардың (келісім-шарттардың) аяқталуына дейін осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жалғастырылатын болады.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін осы Келісімнің депозитарийі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде сақталады.
2004 жылы 28 мамырда Астана қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Қазақстан Қырғыз Тәжікстан Өзбекстан
Республикасының Республикасының Республикасының Республикасының
Президенті Президенті Президенті Президенті