Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.28 № 1223 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 193-1-бабына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының 11-бабының 3-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
1. Қоса беріліп отырған Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 2 сәуірдегі
N 312 қаулысымен
бекітілген
Стратегиялық объектіні сатып алудың басым
құқығын пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 193-1-бабына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының 11-бабының 3-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығын пайдалану тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
2. Ережеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер:
Комиссия - Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы стратегиялық объектілер бойынша консультативтік-кеңесші орган;
уәкілетті орган - Комиссияның жұмыс органы ретінде Үкімет анықтайтын мемлекеттік орган;
стратегиялық объектінің меншік иесі - стратегиялық объектінің меншік иесі болып табылатын және осы стратегиялық объектіні иеліктен айыру жөнінде мәміле жасауға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға;
сатып алушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған, стратегиялық объектіні сатып алу жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісін білдіретін мемлекеттік орган не Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға;
бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган - орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын жоспарлау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
кепіл ұстаушы - кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындамаған жағдайда кепілге алынған мүлік тиесілі тұлғаның басқа кредит берушілер алдында басым осы мүлкінің құнынан қанағаттануына құқығы бар кредит беруші.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
2. Стратегиялық объектіні сатып алудың басым
құқығын пайдалану тәртібі
3. Стратегиялық объект жеке меншікте болған және меншік иесі осы объектіні сатуға не кепіл ұстаушы кепілге алынған мүлікті соттан тыс тәртіппен сатуға, не сот актісінің негізінде стратегиялық объектіге өндіріп алуды айналдыруға ниет білдірген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі оған уәкілетті орган арқылы стратегиялық объектіні нарықтық құнымен сатып алуда басым құқыққа ие болады.
Стратегиялық объектінің нарықтық құны бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес анықталады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпашылық салу және оларды иеліктен айыру ережесіне сәйкес стратегиялық объектіні иеліктен айыруға рұқсат алу үшін берілген құжаттар түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануы жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін қажетті материалдарды Комиссияның қарауына енгізеді.
5. Комиссия жиырма жұмыс күні ішінде өтініштер мен өзге де материалдарды қарайды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануы мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілетін хаттамамен ресімделетін тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.
6. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануы туралы ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеген жағдайда сатып алушы, егер ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік орган болса, қажетті бюджет қаражатын бөлу негіздемесімен бірге бюджеттік өтінімді құрайды және оны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік өтінім мен осы өтінім бойынша қорытындыны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
7. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік өтінімді қарағаннан және бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысынан кейін тиісті шешім қабылдайды.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі Комиссия ұсыныстары мен ұсынымдарының және Республикалық бюджет комиссиясы шешімдерінің негізінде ұсыныстарды алған сәттен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануы туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі дәлелді болуға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделерін объективті түрде ескеруге тиіс.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімнің қорытындылары туралы уәкілетті орган шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде стратегиялық объектінің меншік иесін жазбаша түрде хабардар етеді.
10. Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдаланған жағдайда сатып алушы стратегиялық объектінің меншік иесімен не кепіл ұстаушымен келіссөздер процесіне бастамашылық етеді.
Стратегиялық объектінің меншік иесі, сондай-ақ кепіл ұстаушы өзінде кепілге алынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруға құқық туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тарта алады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
11. Бюджеттік рәсімдерді ескере отырып, стратегиялық объектілерді сатып алу мерзімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануы туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған сәттен бастап екі жылдан аспауға тиіс.