Стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1223 Қаулысы.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1197 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 188-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1197 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 сәуірдегі № 312 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 19, 168-құжат);

      2) "Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 сәуірдегі № 320 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 19, 171-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне стратегиялық объектілер мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы № 448 қаулысының 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 34, 270-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 28 қазандағы
№ 1223 қаулысымен
бекітілген

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1197 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң
(құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты
басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны
иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң) оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттiк мүлiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер:

      1) банкроттықты басқарушы – банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган тағайындаған тұлға;

      2) кепіл ұстаушы – мүддесі кепілге салынған мүлікпен қамтамасыз етілетін тұлға;

      3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын және өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде:

      жеке адамның және қоғамның қауіпсіздігін, елдің конституциялық құрылысын, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғауды қамтамасыз етуге;

      Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасын, Қазақстан Республикасының Үкіметін және басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарды шешімдер қабылдау үшін барлау ақпаратымен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметін жүзеге асыруға және үйлестіруге, сондай-ақ мемлекет басшылығының саяси, қаржы-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстанның ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салалардағы саясатын іске асыруға жәрдемдесуге арналған арнаулы мемлекеттік органдар;

      4) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы;

      5) оңалтуды басқарушы – "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен оңалту рәсiмi кезеңiнде борышкерді басқару жөнiндегі өкiлеттiктер жүктелген тұлға;

      6) стратегиялық объектінің меншік иесі – стратегиялық объектінің меншік иесі болып табылатын және осы стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару бойынша азаматтық-құқықтық мәміле жасасуға ниетті жеке немесе заңды тұлға;

      7) стратегиялық объектiлерге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға не оларды иелiктен шығаруға рұқсат беруге өтiнiш (бұдан әрі – өтініш) – стратегиялық объектілер бойынша негізгі ақпаратты қамтитын, оларға ауыртпалық салудың не оларды иеліктен шығарудың негізділігін және орындылығын ашатын құжат;

      8) тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы – Заңның 114-бабының 3-тармағына және 188-бабының 1 және (немесе) 2-тармақтарына сәйкес тиісті саланың уәкілетті органына ұсынылған стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінің), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың құжаттарын стратегиялық объектілердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын айқындауды ескере отырып жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiленiң саланы дамытудың басымдықтарына сәйкестігі, өтініш беруші мен оның осы саладағы бiр елден шыққан үлестес тұлғаларының құқықтарының шоғырлануын анықтау, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп-қатерлерлердің болуы не болмауы тұрғысынан бағалау.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Стратегиялық объектiлер меншiк иелерiнiң
(құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты
басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны
иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау тәртібі

      3. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иесі), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы не кепіл ұстаушы тиісті саланың уәкілетті органына Заңның 188-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтінішті және тізбесі Заңның 188-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген құжаттарды жібереді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.07.2023 № 585 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Өтініш:

      1) стратегиялық объектiнiң меншiк иесi туралы ақпаратты;

      2) азаматтық-құқықтық мәмiле жасаcу жоспарланып отырған тұлға туралы деректерді;

      3) стратегиялық объектіні құру туралы ақпаратты;

      4) стратегиялық объектiнiң жалпы сипаттамасы және оның техникалық сипаттамаларын;

      5) иелiктен шығару (үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу) бойынша жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiленiң негiздемесiн қамтиды.

      5. Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарына сәйкес келмеген жағдайда тиісті саланың уәкілетті органы құжаттар топтамасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды стратегиялық объектiлердің меншiк иелеріне (құқық иеленушiлеріне), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыларға не кепіл ұстаушыларға қайтарады.

      6. Тиісті саланың уәкілетті органы өтініш пен осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген тиісті құжаттарды түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде олар сәйкес болған жағдайда, ұлттық қауiпсiздiк органдарына мәміле жасау бойынша ақпарат беру үшін жібереді.

      7. Ұлттық қауiпсiздiк органдары өтініш пен құжаттар түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылып отырған мәмілені жасасу бойынша ақпаратты тиісті саланың уәкілетті органына жібереді.

      8. Тиісті саланың уәкілетті органы ұлттық қауiпсiздiк органдарының ақпаратын ескере отырып, өтiнiш пен тізбесі осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде салалық қорытындыны дайындайды.

      9. Салалық қорытынды:

      1) отандық, шетелдік және бірлескен кәсіпорындардың үлесін айқындауды қоса алғанда, саланың қазіргі жай-күйін бағалауды;

      2) иеліктен шығарылатын объекті құнының негізділігін;

      3) стратегиялық объектіге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару бойынша жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiленiң негiздемесiн;

      4) стратегиялық объектіні сатып алушының құрылымын нақ осы саладағы оның үлестес тұлғаларымен өзара байланыста бағалауды;

      5) стратегиялық объектіге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару жөніндегі азаматтық-құқықтық мәмiленi жасаудан күтілетін болжамды әсерді бағалауды;

      6) стратегиялық объектіге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару жөнiндегi азаматтық-құқықтық мәмiле жасалған жағдайдағы болжамды тәуекелдерді (Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сын-қатерлерді) бағалауды;

      7) тәуекелдер (Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сын-қатерлер) болмаған жағдайда тиісті есептер мен негіздемелерді;

      8) жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға тиесілі стратегиялық объектіні сатып алуға Қазақстан Республикасының басым құқығын қолданудың орындылығын (меншік иесі жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға болған жағдайда толтырылады) қамтиды.

      Қажет болған жағдайда салалық қорытындыда жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiле бойынша шешім қабылдау үшін маңызды өзге де бөлімдерді, бастапқы деректер мен алғышарттарды қамтылуы мүмкін.

      Салалық қорытынды осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Салалық қорытындыға мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды және бес жұмыс күні ішінде ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келісіледі.

      11. Тиісті саланың уәкілетті органы салалық қорытынды ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келісілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулы жобасын әзірлейді және заңнамада белгіленген тәртіппен оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      12. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды және ол қаулы түрінде ресімделеді.

      13. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға өтініштерді қарау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің олар бойынша шешім қабылдауы тиісті саланың уәкілетті органына құжаттар түскен күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Осы Қағидалардың 3-тармағында айқындалған құжаттардың топтамасын тиісті саланың уәкілетті органы алған күн құжаттардың түсу күні болып саналады.

      14. Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тартқан және стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануды қалаған жағдайда, сатып алу Заңның 192-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      15. Тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған күннен бастап бес күн мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы өтініш берушіні жазбаша түрде хабардар етеді.

  Стратегиялық объектiлер меншiк
иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң),
оңалтуды немесе банкроттықты
басқарушылардың стратегиялық
объектіге ауыртпалық салу не оны
иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн
қарау қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Стратегиялық объектiлерге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен
ауыртпалық салуға немесе оларды иелiктен шығаруға рұқсат беруге
өтiнiш

      1) Стратегиялық объектiнiң меншiк иесi туралы деректер

      (стратегиялық объектiнiң меншiк иесiнiң атауы, орналасқан жерi)______

      _____________________________________________________________________

      (стратегиялық объектiнiң кадастрлық нөмірі)

      2) Азаматтық-құқықтық мәмiле жасаcу жоспарланып отырған тұлға

      туралы деректер (акцияларды қаржы нарығында сатуды, кепiлге салынған

      мүлiктi (стратегиялық объектiнi) иелiктен шығаруды қоспағанда)_______

      _____________________________________________________________________

      (азаматтық-құқықтық мәміле жасасу жоспарланып отырған тұлғаның

      атауы, орналасқан жерi)

      _____________________________________________________________________

      (азаматтығы туралы, ол болмаған кезде тұрақты орналасқан жерi,

      тұратын мекенжайы (жеке тұлғалар үшiн) туралы мәлiметтер)

      _____________________________________________________________________

      (заңды тұлға ретiнде тiркелген жерi және нақты орналасқан жерi

      (заңды тұлғалар үшiн) туралы мәлiмет)

      _____________________________________________________________________

      (стратегиялық объектiлер түрлерiн көрсете отырып, мүдделi тұлғаның

      меншiгiнде стратегиялық объектiлердiң болуы туралы мәлiметтер)

      _____________________________________________________________________

      (тұлғада стратегиялық объектiлерге (стратегиялық объектiлердi және

      сатып алушының түпкілікті бенефициарларын көрсете отырып) меншiк

      құқығының (өзге де заттық құқықтарының) болуы туралы мәлiметтер)

      _____________________________________________________________________

      (стратегиялық объектіні сатып алушының нақ осы саладағы оның үлестес

      тұлғаларымен өзара байланыстағы құрылымы)

      3) Стратегиялық объектіні құру туралы ақпарат__________________

      _____________________________________________________________________

      (стратегиялық объектінің қызмет саласы)

      4) Стратегиялық объектiнiң жалпы сипаттамасы және оның

      техникалық сипаттамалары_____________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (стратегиялық объектінің құны (оның нарықтық құнын айқындайтын

      бағалау туралы есепке сәйкес)

      5) Иелiктен шығару (үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық

      салу) бойынша жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiленiң негiздемесi

      _____________________________________________________________________

      Иелiктен шығару (үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу)

      жөніндегі азаматтық-құқықтық мәмiленi жасаудың артықшылықтары мен

      кемшіліктерін салыстырмалы талдау

      Қосымша: _____________________________________________________________________

      ("Мемлекеттiк мүлiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының

      188-бабының 1 және (немесе) 2-тармағында көрсетiлген құжаттар).

  Стратегиялық объектiлер
меншiк иелерiнiң (құқық
иеленушiлерінiң), оңалтуды
немесе банкроттықты
басқарушылардың стратегиялық
объектіге ауыртпалық салу не
оны иелiктен шығару туралы
өтiнiштерiн қарау қағидаларына
2-қосымша

Тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1) отандық, шетелдік және бірлескен кәсіпорындардың үлесін айқындауды қоса алғанда, саланың қазіргі жай-күйін бағалау

      __________________________________________________________________;

      2) иеліктен шығарылатын объект құнының негізділігі

      __________________________________________________________________;

      (стратегиялық объектінің құны (оның нарықтық құнын айқындайтын бағалау туралы есепке сәйкес)

      3) стратегиялық объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару бойынша жасалатын азаматтық-құқықтық мәміленің негіздемесі

      ___________________________________________________________________;

      4) стратегиялық объектіні сатып алушының құрылымын нақ осы саладағы үлестес тұлғаларымен өзара байланыста бағалау

      ___________________________________________________________________;

      5) стратегиялық объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару бойынша азаматтық-құқықтық мәміле жасасудан күтілетін болжамды әсерді бағалау

      __________________________________________________________________;

      (үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару бойынша азаматтық-құқықтық мәміле жасасудың артықшылықтары мен кемшіліктері)

      6) стратегиялық объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару бойынша азаматтық-құқықтық мәміле жасалған жағдайда болжамды тәуекелдерді (Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп-қатерлерді) бағалау

      ___________________________________________________________________;

      (болжамды тәуекелдердің алдын алу жөніндегі шаралар)

      7) тәуекелдер (Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп-қатерлер) болмаған жағдайда тиісті есеп-қисаптар мен негіздемелер

      ___________________________________________________________________;

      8) жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға тиесілі стратегиялық объектіні сатып алуға Қазақстан Республикасының басым құқығын қолданудың орындылығы

      ___________________________________________________________________.

      (меншік иесі жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға болған жағдайда толтырылады)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады