Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 сәуірдегі N 320 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1223 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.28 № 1223 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 193-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2008 жылғы 4 сәуірдегі
N 320 қаулысымен  
бекітілген    

Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 193-1-бабына сәйкес әзірленген және стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару тәртібін айқындайды.
      2. Ережеде пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер:
      1) Комиссия - Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы стратегиялық объектілер бойынша консультативтік-кеңесші орган;
      2) уәкілетті орган - Комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мемлекеттік орган;
      3) стратегиялық объект иесі - стратегиялық объектінің меншік иесі болып табылатын не мұндай объект Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген және осы стратегиялық объектіні үшінші тұлғалардың құқықтарымен иеліктен шығару не ауыртпалық салу бойынша мәміле жасауға ниеттенген жеке немесе заңды тұлға;
      4) кепіл ұстаушы - кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындамаған жағдайда кепілге алынған мүлік тиесілі тұлғаның басқа кредит берушілер алдында басым осы мүлкінің құнынан қанағаттануына құқығы бар кредит беруші.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.

2. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың
құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару тәртібі

      3. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін стратегиялық объектінің меншік иесі уәкілетті органға мынадай құжаттарды жібереді:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - заңды тұлға жарғысының және оның мемлекеттік тіркегені туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) стратегиялық объектіні иеліктен шығару не оған ауыртпалық салу бойынша мәміле жасалатын негіздегі шарт жобасы;
      5) стратегиялық объектіге меншік құқығын растайтын құжаттың нотариалды расталған көшірмесі;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, нарықтық құнын анықтайтын стратегиялық объектіні бағалау туралы есеп;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалар, соңғы қаржылық жыл үшін аудиторлық есептің түпнұсқасын немесе оның нотариалды куәландырылған көшірмесін береді. Егер өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде берілген жағдайда, онда соңғы қаржылық жылдың алдындағы қаржылық жыл үшін аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі ұсынылады. Аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі, егер заңды тұлға ағымдағы қаржылық жылда құрылған не заңды тұлға өткен қаржылық жылы құрылған және өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде ұсынылған жағдайларда берілмейді.
      Шетелдік заңды тұлға, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтініш жасаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарды талап ете алады.
      4. Тиісті құжаттармен бірге өтініштерді қараудың және олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдаудың жалпы мерзімі уәкілетті органға құжаттар түскен күнінен бастап елу бес жұмыс күнінен аспауы тиіс. Құжаттардың түскен күні болып осы Ережеге сәйкес өтініштерді қарау үшін берілуі қажет құжаттардың толық пакетін уәкілетті органның алған күні есептеледі.
      5. Уәкілетті орган құжаттардың түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде материалдарды Комиссия мүшелерінің, салалық мемлекеттік органдардың және өзге мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жібереді.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
      6. Комиссия жиырма жұмыс күн ішінде өтініштер мен өзге де материалдарды қарайды, хаттамамен рәсімделетін стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару мәселесі бойынша тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, ол Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.
      Хаттама осы Ереженің 7, 8-тармақтарында көрсетілген Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын әзірлеуші - салалық мемлекеттік органды анықтау жөніндегі ұсынымдарды қамтуы тиіс.
      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі Комиссия ұсыныстарының негізінде ұсыныстарды алған сәттен бастап, отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі дәлелді болуы және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделерін объективті ескеруі тиіс.
      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы шешім шығарылған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде стратегиялық объектінің меншік иесін жазбаша хабардар етеді.
      8. Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тартқан және стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануға ынта білдірген жағдайда, сатып алу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану ережесінде көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.
      Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға не иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тартқанда, стратегиялық объектінің меншік иесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шағымдана алады.
      9. Шарт негізінде ауыртпалық салынған стратегиялық объект міндетті түрде тараптардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ стратегиялық объектінің сақталуын және оның ұқыпты пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қамтуы тиіс.
      Кепіл ұстаушының соның негізінде стратегиялық объект оқшауландырылған шартқа сәйкес кепілге алынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруды жүзеге асыру ниеті болған жағдайда кепіл ұстаушы кепілге алынған мүлікті иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін уәкілетті органға жүгінеді.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
      10. Стратегиялық объектіні оқшаулау жөніндегі не оған ауыртпалық салуға әкеп соққан мәміле жасауға негіз болған шарт талаптарын өзгерту ниеті болған жағдайда, стратегиялық объектінің меншік иесі осы Ережеде белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қайта өтініш жасайды.
      10-1. Сот актісінің негізінде жария сауда-саттықтан стратегиялық объектіні сату кезінде сауда-саттықтан шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар, бейрезиденттердің және олармен аффилиирленген тұлғалардың қатысуы бар заңды тұлғалар жіберілмейді.
      Ескерту. Ереже 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.
      11. Стратегиялық объектінің меншік иесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің орналастырылатын акцияларының санын көрсете отырып, рұқсат беру туралы шешімінің негізінде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығына жарияланған акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдайды.
      Стратегиялық объектінің меншік иесі жарияланған акцияларды орналастыруға рұқсат алу үшін уәкілетті органға осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ жарияланған акциялардың шығуын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларымен бірге акциялардың шығарылым проспектісінің көшірмелерін ұсынады.
      Өтініш және Ереженің осы тармағына сәйкес ұсынылған құжаттар осы Ереженің 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарында белгіленген тәртіппен қаралады.
      12. Стратегиялық объектілерге жатқызылған акциялармен бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында мәмілелер жасау кезінде осы Ереженің 13-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты талап етілмейді.
      13. Стратегиялық объектілерге жатқызылған акциялармен бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығындағы, эмитенттің дауыс беруші акцияларының жалпы санының жиырма және одан да көп пайыз көлеміндегі мәмілелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде жасалады.
      Стратегиялық объектілерге жатқызылған акциялармен мәмілелер жасауға рұқсат алу үшін меншік иесі уәкілетті органға осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      Өтініш және Ереженің осы тармағына сәйкес ұсынылған құжаттар осы Ереженің 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарында белгіленген тәртіппен қаралады.
      14. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы иеліктен шығарудың ерекше шарттарын және стратегиялық объектіні сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгілей отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде кепілге алынған мүлікті иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды.
      Сот актісінің негізінде кепілге алынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен белгіленген кепіл мүлікті иеліктен шығарудың ерекше шарттары мен сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар бойынша жүзеге асырылады.
      Кепілге алынған мүлікті иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы уәкілетті органға осы Ереженің 3-тармағының 1), 2), 4), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын, кепілге алынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжамды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды береді.
      Сот актісінің негізінде әрекет ететін сот орындаушысы уәкілетті органға осы Ереженің 3-тармағының 4), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын, кепілге алынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжамды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды береді.
      Ереженің осы тармағына сәйкес берілген өтініш пен құжаттар осы Ереженің 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарында белгіленген тәртіппен қаралады.
      Иеліктен шығарудың ерекше шарттары және стратегиялық объектіні сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар жөніндегі ұсыныстарды Комиссияның қарауына ұсыну үшін салалық мемлекеттік орган және өзге мүдделі мемлекеттік органдар уәкілетті органға береді.
      Ескерту. Ереже 14-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.

Стратегиялық объектілерге үшінші 
тұлғалардың құқықтарымен     
ауыртпалық салу және оларды   
иеліктен шығару ережесіне   
қосымша            

      Ескерту. Қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.19 № 448 Қаулысымен.

Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың
құқықтарымен ауыртпалық салуға және иеліктен шығаруға
рұқсат беруге өтініш

____________________________________________________________
  (Стратегиялық объектінің меншік иесінің атауы, орналасқан жері)
 
Мәміле жасауға жоспарланып отырған тұлға туралы деректер (акцияларды
қаржы нарығында сатуды кепілге алынған мүлікті (стратегиялық
объектіні) иеліктен шығаруды қоспағанда):_________________________
__________________________________________________________________
               (тұлғаның атауы, орналасқан жері)
__________________________________________________________________
(азаматтығы туралы, ал ол болмаған кезде тұрақты орналасқан жері,
      тұратын мекен-жайы (жеке тұлғалар үшін) туралы мәлімет)
__________________________________________________________________
(заңды тұлға ретінде тіркелген жері және іс жүзінде орналасқан жері
              (заңды тұлғалар үшін) туралы мәлімет)
__________________________________________________________________
      (стратегиялық объектілер түрлерін көрсете отырып мүдделі
тұлға меншігінде стратегиялық объектілердің болуы туралы мәлімет)
__________________________________________________________________
(тұлғада стратегиялық объектілерге (стратегиялық объектілерді және
   сатып алушының соңғы - бенефициарларды көрсете отырып) меншік
   құқығының (өзге де заттық құқықтарының) болуы туралы мәлімет)
 
Иеліктен шығару (үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу)
жөніндегі жасалатын мәміленің негіздемесі:________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________

Қосымша___________________________________________________________
(Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен
ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесінің 3-тармағында
көрсетілген құжаттар (акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдастырылған
нарығында сатқан жағдайда, Стратегиялық объектілерге үшінші
тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен
шығару ережесінің 11, 13-тармақтарында, кепілге алынған мүлікті
иеліктен шығарған кезде - 14-тармағында көрсетілген құжаттар).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады